Қайтарылған жер жергілікті шаруалардың арасында әділ бөлінуі тиіс - президент

Мемлекет меншігіне қайтарылған жер шаруалар арасында әділ бөлінуі тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды  Ақорда.

«Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор. Табиғаты – жайлы, жері – құнарлы. Мұнда жер де, су да жетеді. Тек оны тиімді пайдалану керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Біз осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесін шешеміз. Қайтарылған жер жергілікті шаруалардың арасында әділ бөлініп, берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам болады», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталғанына тоқталды. Соның жартысы мемлекет меншігіне қайтарылған.

«Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет», - деді Президент.