Құтқарушылар жыл басынан бері 9 мыңнан астам адамды түрлі қауіптен аман алып қалған

 ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері биылғы 9 айда 9 мыңнан астам адамды түрлі қауіптен аман алып қалған, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері ТЖМ өрт сөндіру қызметі, жедел-құтқару және басқа да бөлімшелері 61 983 рет оқиға орнына шығып, 9 863 адамды құтқарды, төтенше жағдай аймағынан 10 627 адамды эвакуациялап, 3 690 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсеті.

9 727 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелді, онда 1 481 адам зардап шекті.

ТЖМ кезекші-диспетчерлік бөлімшелері SMS-хабарламалардың бекітілген тізбесіне сәйкес ұялы байланыс телефондарына SMS-хабарламаларды жіберу арқылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы халықты хабардар ету жөнінде дереу шаралар қабылдайды.

«Ұялы байланыс операторлары арқылы халыққа ауа райына байланысты ескерту (көктайғақ, қатты жел, боран, қатты аяз, жаңбыр суының қаупі, қар көшкіні қаупі және т.б.), тас жолдарының жабылуы, сабақтардың тоқтатылуы бойынша 4558 смс-хабарлама жіберілді.

Жедел ден қоюды және шешім қабылдауды талап ететін ақпарат белгіленген тәртіпке сәйкес дереу тиісті басқару органдарына жеткізіледі»,-делінген хабарламада.