1,2 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар әзірлеген астаналық сотталды

4 қазанда Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты жалған шот-фактуралар жазып беру фактісі бойынша И-ге қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды елордалық соты.

И 2020 және 2022 жылғы 1 тоқсанда контрагент – кәсіпорындар салық түрінде төлемеген 1 млрд 217 млн теңге сомасында мемлекетке аса ірі залал келтіре отырып, бақылаудағы 10 кәсіпорынның атынан іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды жөнелтпей шот-фактуралар әзірлеуді ұйымдастырған.

«И қылмысты ұйымдастырушы ретінде кәсіпорындарды сатып алып, тіркеген және олар арқылы жалған шот-фактуралар әзірлеген. Осындай қызметтерге мұқтаж контрагенттерді іздеп, олармен мәміле шарттарын талқылап, содан кейін қолма-қол ақшаға айырбастап отырған», - деп жазды ведомство.

Сотталушы кінәсін толық мойындады. Бұдан басқа, оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, қосылған құн салығының нәтижелерімен, сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен, Мемлекеттік кіріс департаменті мамандарының қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

ҚК-нің 216-бабы 3-бөлігінің санкциясы 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауы мен шын өкінуін таныды.

И-дің әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы жауапкершілікті ауырлататын жағдай болып табылады, өйткені ол бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған және қайтадан ауыр қылмыс жасаған.

Көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескерген сот И-ға коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарды атқаруға, оның ішінде 6 жыл мерзімге шот-фактураларды әзірлеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салды. Сонымен қатар ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Мүлікті тәркілеу оған қолданылмады, өйткені сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталған адамның қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алынған мүлкінің болуы анықталмады.

Іс бойынша азаматтық талап қойылған жоқ.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.