Ақтау теңіз сауда портынан контейнерлік жүк тасымалдайтын Сұңқар кемесі жолға шықты

Ақтау теңіз сауда портынан қазақстандық контейнерлік жүк тасымалдайтын екінші кеме - «Сұңқар» алғаш рет жолға шықты. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.

3 қыркүйек күні шыққан «Сұңқардың» алғашқы бағыты - Әзербайжан Республикасы, Баку қаласының «Алят» порты. «Сұңқар» - «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясына тиесілі мамандандырылған флот қатарындағы кеме.

Транскаспий халықаралық көлік маршрутындағы және жалпы әлемдегі контейнерлік тасымалдарға деген қажеттілік пен сұраныстың жоғары болуына байланысты кеме қайта жасақталып, контейнер тасымалдайтын кеме ретінде модернизацияланған.

«Сұңқар» кемесінің контейнерлік кеме ретінде алғаш жолға шығуын «Қазақтеңізкөлікфлоты» салтанатты түрде атап өтті. Мерейлі шараға «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері, Қазақстандағы «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы, Қазақстан Республикасы порттарының теңіз әкімшілігі, Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері қатысты. Олар «Сұңқар» кемесінің капитанына ақ жол тілеп, шығарып салды», - делінген мәліметте.