Қорғаныс министрлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге әзір

Әскери қызметшіні әлеуметтік қорғау – мемлекеттің басты міндеті. Бұл тұрғыда, әскери қызметшіні тұрғын үймен қамтамасыз ету негізгі басымдықтың бірі. Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге бірінші кезекте назар аударады, деп хабарлайды ҚР қорғаныс министрлігі.

«2018 жылы тұрғын үй заңнамасына енгізілген түзетулерден кейін Қарулы күштерде 10 жылдан 20 жылға дейін қызмет еткен адамдарға қалдық құны бойынша одан әрі жекешелендірумен тұрғын үйді айырбастау құқығы берілді. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жекешелендіруге жатпайтын тұрғын үйде 742 адам тұрған. Олардың 335-і өз құқығын пайдаланған. Олар қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіретін қалалық пәтерлерге ауыстырды», - делінген министрліктің ақпаратында.

Айтқандай, бүгінгі таңда тұрғын үй айырбастау құқығын пайдаланбаған әскери зейнеткерлердің негізгі бөлігі Алматы, Гвардейск, Сарыөзек, Қапшағай және Жетіген гарнизондарында тұрып жатыр.

«Олармен қорғаныс ведомствосының өкілдері белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуде. Соның нәтижесінде аталған азаматтардың тұрғын үймен алмасу мәселесін шешуде оң өзгеріс байқалуда. Бұл мәселені шешу үшін Алматы гарнизонында 240 пәтерлік екі тұрғын үйдің ауқымды құрылысы басталды. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы түзету бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп хабарлайды ҚР қорғаныс министрлігі.