СІМ-де АӨСШК-ке қазақстандық төрағалықтың басымдықтары талқыланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбаймен кездесуі өтті.

Атқарушы директор Аға лауазымды тұлғалар комитетінің шешімдері туралы және АӨСШК-ке мүше мемлекеттерге сапарлардың қорытындылары туралы хабардар етті, сондай-ақ Кеңес шеңберіндегі алдағы іс-шаралармен таныстырды.

М.Тілеуберді АӨСШК-ті халықаралық ұйымға дәйекті түрде трансформациялау жөніндегі жұмысты жалғастыруға қазақстандық төрағалықтың мүдделілігін атап өтті. Ол сондай-ақ 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін 6-шы АӨСШК Саммитіне сапалы дайындық пен оны өткізу қажеттігіне назар аударды. Іскерлік кеңес, бизнес-форум, Жастар кеңесі және т.б. қызметінің болашағы талқыланды.

Тараптар Қазақстан төрағалығының бастамаларын ілгерілету және АӨСШК-тің халықаралық аренада танымалдығын арттыру мақсатында тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру ниетін растады.