Ұлттық экономика министрі президенттік жастар кадрлық резервінің өкілдерімен кездесті

Іс-шараға 100-ге жуық адам қатысты. Өз сөзінде Ә.Қуантыров жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған президенттік кадрлық резервіне енген жас қазақстандықтардың Жаңа Қазақстанның дамуына едәуір үлес қосатынына сенім білдірді.

«Бүгінде министрлікте және ведомстволық бағынысты ұйымдарда 18 резервші жұмыс істейді. Олардың біразы басшылық қызметте. Осылайша, ҰЭМ президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерін жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастап тұр», - деді министр.

Кездесі барысында қатысушылар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша өздерінің ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды. Атап айтқанда, өңірлерді дамыту, экспорт, инвестиция тарту, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, салық саясаты, ШОБ мәселелері қозғалды.