Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының әкімі тағайындалды

 Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаттарына ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген әкім лауазымына кандидатты ұсынды.

Өңір басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан әкімі лауазымына жаңа кандидат Ержан Күмісқалиев болды. Ержан Күмісқалиев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Жаңаөзен қаласындағы № 3 орта мектептің тарих және құқық пәнінің оқытушысы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастады.

2008-2016 жылдары Маңғыстау облысы ішкі саясат департаментінің бас маманы, басқарма бастығы, ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

2016-2019 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылдан 2021 жылға дейін Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2021 жылдың 11 ақпанынан қазіргі уақытқа дейін - Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары болды.

Депутаттар облыс әкімі ұсынған кандидатты қолдады. Осыдан кейін аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Ержан Күмісқалиевке ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.