Бақыт Сұлтанов «Amanat»-тың қоғамдық қабылдауында азаматтардың жеке мәселелерін тыңдады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «Amanat» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында бірқатар өңір тұрғындарын қабылдады. Бұл туралы primeminister.kz сайтыхабарлайды.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған қабылдауда Премьер-Министрдің орынбасары 6 азаматтың мәселесін қарады. Астана, Алматы, Қызылорда және Петропавл қалаларының, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының тұрғындары өздерін толғандыратын мәселелерін жеткізді. Кездесуде қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін төмендетуді ескере отырып, қоғамдық тамақтану саласындағы салық саясаты, Көкшетау қаласы мен облысты газдандыру жобасын жүзеге асыру және қаржыландыру тетігін анықтау, сондай-ақ Алматыда Қытайдан келетін техника мен қосалқы бөлшектердің көрмесін өткізу және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Бақыт Сұлтанов ШҚО әкімдігіне Өскемен қаласы тұрғындарына арналған, жеке бизнес салып жатқан қысқы ойын-сауық кешеніне өндірістік инфрақұрылым жүргізу және электр беру желісін монтаждау мәселесін қарау мерзімін созбауды тапсырды.

Қаржы министрлігіне «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдауларында қоғамдық тамақтану кәсіпорындары (ҚР МКК) үшін салық салу (арнайы салық режимі және ҚҚС бойынша есепке қою) мәселелері бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ол жұмысқа «Атамекен» ҰКП тарту қажеттігі айтылды.

«Біздің кәсіпкерлер ҚҚС режимі қоғамдық тамақтану саласының барлық қатысушыларына әсер етеді деп қауіптенеді. Бүгін Қаржы министрлігінен бірнеше кәсіпкер ҚҚС-қа көшу шарттары бойынша толық түсініктеме алды. Енді мұны нарықтың барлық қатысушыларына міндетті түрде түсіндіру қажет. Оған салалық қауымдастықтарын, бірінші кезекте мейрамхана бизнесі қауымдастығын тарту қажет», — деді Б. Сұлтанов.

Сондай-ақ, вице-премьер Ақтөбе әкімдігіне қала тұрғыны көтерген мәселені шешу бойынша (орындалған жұмыстың актілеріне қол қою бюрократия салдарынан ұзап жатыр деп шағымданды) берген тапсырмасын партиялық бақылауға алуға шақырды.

Бақыт Сұлтанов барлық өтініштерге толық жауап берді. «Amanat» партиясының қабылдау бөлмесінде көтерілген барлық мәселелер Премьер-Министр орынбасарының жеке бақылауына алынды. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.