Смайылов МАЭК-тегі жұмыстарды тексеру үшін Ақтауға барды

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Маңғыстау атом энергетика комбинатында (МАЭК) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексеру үшін Ақтауға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, 3 шілде күні №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын.

Салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстарындағы абоненттер жарықсыз қалды. Жергілікті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі электр қуатының өшу себебін айтты. Сағат 21.30-да Атырау облысы әкімдігі жарықтың жанғанын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетика комбинатында туындаған жағдай бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

МАЭК Ақтау қаласының және Маңғыстау облысының басқа да елді мекендерінің тұрғындарын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кәсіпорынның тұщыландыру кешені ауыз су, ыстық және техникалық су береді.

МАЭК-тің негізгі энергетикалық жабдықтары өткен ғасырдың 60-90-шы жылдары пайдалануға берілген, оның тозу деңгейі бүгінгі күні 80% асады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы кәсіпорынды жаңғырту туралы тапсырма берген болатын. Аталған жұмыс аясында әкімдік резервінен электр станциясының әбден тозған жабдықтарын, тұщыландыру қондырғыларының сорғы жабдықтарын және тағы басқасын ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді.

Үкімет басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, комбинатты аралау барысында Әлихан Смайылов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен «МАЭК» ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншәлиевтің мекеменің қазіргі ахуал туралы, сондай-ақ болған апаттың салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдады.

Жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатқаны атап өтілді. 7 шілдеде энергия блогын толық жұмыс режиміне шығару жоспарланып отыр.

Премьер-Министр МАЭК-тің энергетикалық жабдықтарының тозуынан жабдықтар жиі істен шығып, апатты жағдайларға әкелетінін атап өтті.

«Үкімет энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын арттырады. Әкімдік барлық өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тез арада қалпына келтіруі қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте