Президент тапсырмасы: Астанада жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие қолжетімді

1479

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті несиелендіруге қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несиелеу тетігінің арқасында жастарға стартап ашу мүмкіндігі қолжетімді. Елорда жастары Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие ала алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.

«Шағын несиелер агронесиелік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Бұл шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге конкурстық негізде беріледі. Жеңілдетілген несиенің шарттары: номиналды сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 2,5%; несиенің максималды сомасы – 5 млн теңге (кепілдікпен). Мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығында – 7 жыл», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов.

Өтініш берген кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі бес жылдан аспауы керек. Сонымен қатар микрокредит беру мерзімінің үштен бір бөлігі үшін негізгі борышты өтеу және сыйақы төлеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған. Міндетті шарт – кепілзаттың болуы. Кепіл ретінде жылжымалы да, жылжымайтын мүлік те қабылданады. Олар болмаған жағдайда кепіл берушіні тарту көзделеді — ата-аналары, туыстары және басқа да сенімді адамдар болуы мүмкін.

Жастарға шағын несие беру туралы шешімді бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, түрлі бизнес салаларының, сондай-ақ оқу орындары мен БАҚ өкілдері кіреді.

Өтінімдерді қабылдау осы жылдың 6 наурызында Аграрлық-несиелік корпорациясының Астана қаласы бойынша филиалында қабылданады.

«Биыл 562 микрокредиттік қызмет алушыға республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылған», - деп қосты Ерлан Жүсіпов.

Сұрақтарға жауап бере отырып, ол кепілге қойылған мүліктің Астана қаласының аумағында болуы міндетті емес екенін және оны Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тіркеуге болатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жас қазақстандықтарға жеңілдетілген шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілген болатын.

Қаржы ресурстары өз кәсібін ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын, оның ішінде тауар өндіру немесе сату, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, өндірісті жүзеге асыруға ниет білдірген 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтарға конкурстық негізде ұсынылады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить