Қазақстан мен Еуропалық одақ ортақ құқықтық кеңістік құру жолында

3101

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Еуропа Кеңесінің адам құқықтары және құқық үстемдігі жөніндегі директоры С.Дикман, Орталық Азиядағы ынтымақтастық бағдарламасы мен HELP жобасының үйлестірушілері О.Фрейштетер мен К.Хохлова, гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі сарапшы Л.Манн құрамындағы делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында адам құқықтарын қорғау саласында тәжірибемен алмасты. Тараптар құқық қорғау органдарының қызметінде азаптауға байланысты құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау жөніндегі нақты шараларды талқылады. Гендерлік теңдік, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және азаматтардың сөз бостандығына құқығы мәселелері қозғалды.

Уәкіл Қазақстан адам құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудың ұлттық жүйесін озық еуропалық практика қағидаттарына сәйкес келтіру процесіне маңызды мән беретінін атап өтті.

Ластаев делегация мүшелерін елдегі адам құқықтары саласындағы жағдаймен және ұлттық құқық қорғаушы институтының қызметімен таныстырды. Азаматтар үшін бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және осындай бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа мүмкіндіктерді айқындайтын «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және «Конституциялық Сот туралы» заңдар қабылданған конституциялық реформа туралы айтып өтті.

Директор Дикман Еуропа Кеңесі Қазақстанға жоғары қызығушылық танытып отырғанын, оның шеңберінде барлық құқық қорғау қызметі мен ұлттық құқық қорғаушы жүйесін қайта құру қарқынды жүріп жатқан Конституциялық жаңғырту туралы оң пікір білдірді. Делегация басшысы Еуропа мен Қазақстан арасындағы ортақ құқықтық кеңістікті құруға одан әрі жәрдемдесуге дайын екендігіне сендірді.

Кездесу соңында омбудсмен институтының сараптамалық әлеуетін нығайтуды және оның қызметін адам құқықтары, құқық үстемдігі және демократия саласындағы еуропалық стандарттарға сәйкес келтіруді қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша екіжақты ынтымақтастықты арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить