Аудан әкімдіктері Мемлекеттік туды пайдалануда қателікке жол берген
Алматы облысында екі аудан әкімдігі Мемлекеттік туды орнатуда қателікке жол берген. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу комитетінен мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың 6-9 қыркүйегі аралығында Алматы облыстық Техникалық реттеу департаменті Кеген, Райымбек аудандарының мемлекеттік органдарына Мемлекеттік рәміздердің қолданылуына мониторинг жүргізді. Іс-шараға аудан әкімдіктері мен мәслихаттардың аппараттары, ішкі саясат, экономика және бюджеттік жоспарлау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімдері қатысты», - делінген Техникалық реттеу және метрология комитетінің хабарламасында.
Мониторинг нәтижесі бойынша Кеген ауданы әкімдігінің ғимаратына Мемлекеттік ту дұрыс орнатылмағаны, Райымбек ауданы әкімдігінің ғимаратындағы Мемлекеттік ту тозып тұрғаны анықталған. Райымбек ауданы әкімдігі кемшілікті бірден түзеткен.
«Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша кәсіпкерлер жеткізетін мемлекеттік рәміздерді ұлттық стандарттарға сәйкестендіруді жүргізу мәселелері бойынша аудандардың ішкі саясат бөлімдерімен түсіндіру жұмысы жүргізілді», - деді комитеттен.
Вам может быть интересно: «Қазақстанда түсті металлургия өндірісінің көлемі 7,6 пайызға артты»