Екібастұз қаласының жаңа әкімі тағайындалды

2712

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз активі алдында қаланың жаңа әкімін таныстырды, деп хабарлайды  әкімдік.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл лауазымға осыған дейін Ертіс ауданының әкімі болған Аян Бейсекин тағайындалды. Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов қала әкімі алдында тұрған басты міндеттерді айқындап берді.

Павлодар облысының тумасы Аян Бейсекин өзі туған Ертіс ауданын 2019 жылдан бері басқарған. Оған дейін Павлодар қаласы және Железин ауданы әкімінің орынбасары болды. 2015 жылдан 2017 жылға дейін Бейсекин Алматы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Мегаполиске дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттік жүйесі мен жеке меншік секторда жұмыс істеген.

Аян Бейсекин – Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2008 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы бойынша тәмамдап, 2013 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ мемлекеттік әкімгерлік магистрі атағына ие болды.

Әбілқайыр Сқақов Екібастұздың бірегей құрылымды экономикасы мен еңбек дәстүрлеріне ие ерекше қала екендігін атап өтті.

«Екібастұзды басқа қалалардан ерекшелейтін, әрине, адамдар. Мұндағы тұрғындар қала дамуына бей-жай қарамайды, нық азаматтық позициясы бар, саяси белсенді. Екібастұздықтар қаласының тағдырына қашан да жаны ашиды және мен оларды жақсы түсінемін. Мәселен, жол жөндеуді алайық. Қаланың бірнеше көшесін аралап көрдім: жол қазған бойы сол күйінде жатыр. Жөндеу жұмыстарының бітетін уақыты белгісіз»- деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, қала тұрғындары құзыретті қала қызметтерімен байланыстың жоқтығын жиі айтады. Әкімдік пен қала тұрғындары арасындағы тиімді диалогтың жетіспеушілігін тұрғындармен кездескен облыс әкімінің өзі көз жеткізген. Әбілқайыр Сқақов Аян Бейсекинге осы мәселені тез арада түзетуді тапсырды.

«Тұрғындар шынайы ақпаратты уақтылы әрі толық көлемде алып тұруы керек. Шындық қандай ащы болса да, адамдарға дер кезінде жеткізілуі тиіс. Бұл мәселені шешуге уақыт тым аз. Жаңа оқу жылы, жылу беру маусымы таяды – тұрғындардың сауалдары арта түспек. Қазіргі кездегі ең маңызды мәселелердің бірі – алдағы жылу беру маусымы. Бүгін жылумен қамту мәселесіне барлық жауапты тараптардың қатысуымен жеке жиын өткізіледі. Осыған дейін акционерлермен сөйлестім. Бірден айтамын: қаланы жылусыз қалдырмаймыз. Барлық қажетті күшті пайдаланып, мәселені шешеміз», - деді өңір басшысы.

Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік, мәдени және спорт саласында да бірқатар міндеттер қойды. Ол қаланың жаңа басшылығынан бастамашылдықты күтетін айтты.

Оның айтуынша, барлық жұмыс Екібастұз өңірінде тұратын адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Облыс әкімі бұл жұмыстың қаншалықты жүзеге асырылып жатқандығын назарда ұстайтынын айтып, жоспардан тыс сапарлары кезінде де бақылап отыратынына уәде берді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить