Сенатта Қазақстанның бітімгершілік күштерінің жұмысы талқыланды

2209

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары еліміздің Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесті. Қазіргі замандағы қауіп-қатер мен нақты ахуал аясындағы Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік қызметі талқылау тақырыбы болды.

Кездесуді ашқан комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед біздің еліміз тұрақтылық пен қауіпсіздікті әрқашан қолдап келе жатқанын, сондай-ақ көптеген қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу бастамаларымен бүкіл әлемге танымал екенін атап өтті.

«Еліміз Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастыққа ерекше мән береді, БҰҰ-ның мақсаттары мен міндеттерін ұдайы қолдайтын атап көрсетті, ұйым аясындағы операцияларға біздің әскери қызметшілердің қатысуы Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы саясатын нақты көрсетеді», - деді сенатор.

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Қазақстанның бітімгершілік күштерінің қызметі туралы айтып берді. Ол БҰҰ мамандандырылған бөлімшелердің, әскери бақылаушылар мен штаб офицерлерінің бітімгершілік операцияларына қатысу мәселелерін министрліктің пысықтап жатқанын хабардар етті. Одан басқа, осы айтылған ұлттық бітімгершілік бөлімшелердің дайындығын тексеру үшін Қазақстанға БҰҰ сарапшыларының бағалау-консультативтік сапары болатыны белгілі болды. Қорғаныс министрлігі жанындағы бітімгершілік дайындық орталығының бастығы Бауыржан Нығметуллин өз кезегінде осы мекемені дамыту және бітімгершілік қызметтің келешегін жан-жақты таныстырды.

Депутат Дана Нұржігітова Қазақстан өзге мемлекеттер арасындағы қақтығыстардың алдын алу және тоқтатуға ықпал ететін моральдық қағидаттарға нық ұстанымын халықаралық қоғамдастыққа дәлелдегенін атап өтті. Сенатордың пікірінше, еліміздің ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы, сондай-ақ Қарулы Күштердің БҰҰ-ның бітімгершілік бастамаларына белсенді қатысуы соның көрсеткіші болып табылады. Бұл өз кезегінде қақтығыс аймақтарындағы жағдайды тұрақтандыруға көмектеседі және бейбітшілікті жедел қалпына келтіруге ықпал етеді.

Мәселені талқылауға комитет мүшелері Талғат Мұсабаев, Нұржан Нұрсипатов және Сергей Ершов та қатысты. Олар ұлттық контингентті тек Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы есебінен ғана емес, ІІМ, ТЖМ және азаматтық ұйымдар есебінен де жинақтау ерекшеліктеріне министрліктің назарын аударды. Сенаторлар сондай-ақ Мемлекет басшысының министрліктердің қызметін бюрократиядан арылтуға бағытталған 2022 жылғы 13 сәуірде қабылданған Жарлығынан туындайтын жаңа мүмкіндіктерге және нормативтік, сондай-ақ ұйымдастырушылық-өкімдік сипаттағы кез келген проблемалық мәселелерді жедел шешу қажеттігіне назар аударды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
КАК ДЕЛАЛИ РЕЙТИНГ БОГАТЕЙШИХ БИЗНЕСМЕНОВ КАЗАХСТАНА Смотреть на Youtube