«Нұр Астана» мешітіне Әбу Насыр әл-Фарабидың есімі берілді

Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің атауы Әбу Насыр әл-Фараби болып өзгертілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайты хабарлайды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде «Нұр Астана» мешітінің атауын өзгерту жөніндегі Ғұламалар кеңесінен ұсыныс түсті. ҚМДБ бөлім басшылары, облыс имамдары мен Орталық аппарат қызметкерлері мешіт атауының өзгеруін қолдап, дауыс берді. Нәтижесінде 15 жылдық тарихы бар мешіт ендігі таңда ойшыл, ғұлама әл-Фарабидың есімімен аталатындығы туралы шешім қабылданды.

"Жақында ҚМДБ-да ғұламалар кеңесінің ұсынысымен елордамызға талай жылдар қызмет еткен Нұр-Астана мешітінің атауын Әл Фараби бабамыздың атына өзгерту жайында ұсыныс берілген болатын. Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Әбу Насыр Әл Фараби бабамыздың атына өзгерту жайында шешім қабылданды. Жалпы осы елорда төріндегі мешітке бабамыздың аты берілуі тектен тек емес. Өйткені, ең бірінші Әл Фараби деген кезде әрбір мұсылман үшін, әрбір қазақ руханиятына имандылықты, білімге деген құштарлықты, қанағатшылықты, қарапайымдылықты еске түсіреді", - деді Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қабылданған шешім нәтижесінде бүгін ресми түрде бұрынғы мешіт атауы жазылған тақтайша алынып, орнына Әбу Насыр әл-Фараби атындағы жаңа мешіт атауымен тақтайша орнатылды.

Айта кетейік, 2005 жылдың 2 наурызында ашылған мешіт елорданың Есіл ауданында орналасқан. Мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылған болатын. Орталықтың ашылуына сол тұстағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Қағба мен Құран бейнеленген, сүрелер түсірілген жапқышты сыйға тартты.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте