Жолдау. Реформалар. Және халық

26234

Қоғам іші мемлекет басшысының 16 наурыздағы жолдауын қызу талқыға салуда. Отандық сарапшылар биылғы Жолдауда «қоғамға тың серпіліс беретін бастамалар жоқ емес» дей отырып, әзірше «реформалар тек идеялар түрінде» екендігін ескертеді

Марғұлан Сейсембаев
ФОТО: © Андрей Лунин
Марғұлан Сейсембаев

Марғұлан Сейсембаев: Электораттың жүрегіне жетер «снайперлік» ұсыныс

- Президенттің Қазақстан халқына арналған Жолдауын тыңдай отырып, бірден ойға оралған түйін – біріншіден, Жолдауға баға бермес бұрын, біз бүгінгі геосаяси және ішкі саяси оқиғалардың мәні мен мәтінін дұрыс түсінуіміз керек. Қазір, қандай да бір саяси өткір маневрлердің кезеңі емес. Екіншіден, президент Қ. Тоқаев үшін бүгінде небір шектеулер көрініс беруде, оның ішінде бұрынғы президенттің алдындағы, Путиннің алдындағы міндеттемелер, халық алдындағы міндеттемелер бар. Үшіншіден, қазір Ресейде де, Қазақстанда да экономикалық жағдай қиындап барады, соның салдарында ел ішінде наразылық көңіл-күй басым. Осы сынды бірқатар түйінді шектеулерді есепке алсақ, саясат дегеніміз, бұл – мүмкіндіктер өнері екенін түсінуге болады. Бұл тұрғыда, меніңше, президент Тоқаев қолдан келгеннің бәрін ескеріп отыр.

Жолдауға тоқталсақ, бұл шынында да қомақты шаралар пакеті. Оның ішінде концептуалды идеялар мен идеологиядан бастап, нақты қадамдар да бар: билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, парламентті, жергілікті билік органдарын, азаматтық қоғамды, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту, саяси партияларды тіркеу барысын жеңілдету, конституциялық сот қызметін қалпына келтіру, омбудсменнің өкілеттігін күшейту, т.т.

Концептуалдық тұрғыда Жолдау өте әсерлі. Бірақ...

Еліміздің тәуелсіз тарихында демократиялық реформалар бізге бірнеше рет уәде етілді де, артынша тежеуіш басылып, бәрі де тоқтап тынды. Яғни, кешегі мәлімделген идеялар толыққанды жүзеге аспайынша, мұның бәріне бірден сене қою оңай емес. Иә, бұрынғы Жолдаулармен салыстырғанда, бұл жолы нақты-нақты қадамдар ұсынылды, оны мойындау керек. Дегенмен, айтылған идеялардың басым бөлігі дәл қазір тек идеялар түрінде ғана. Әзірше бізге реформалар ғана уәде етілді. Сол идеялар заңдар мен ережелер түрінде рәсімделген жағдайда ғана біз оларға шынайы баға бере аламыз.

Әдетте көптеген идея мен жоспарларды іске асыру барысында олардың мән-мағынасы жоғалып жатады, сондықтан азаматтық қоғам бұл арада бір сәт те босаңсымауы тиіс. Жолдауды орындайтын біздің шенеуніктер, ал олардың басым бөлігі ескі биліктен шыққан. Оларға тән ерекшеліктің бірі – қай істі қолға алса да, артынан диктатура «мен мұндалап», қол бұлғап тұрады. Яғни, бүгін мәлім етілген идеялардың нақты реформаларға ұласуы, ең алдымен, қоғамның жіті бақылауына тікелей қатысты: бізге қазір немқұрайлық танытып, ілтипатсыз қалуға болмайды.

Тағы бір ерекшелік – президент Тоқаев өз Жолдауында электораттың жүрегіне жетер «снайперлік» ұсыныс айтты. Бұл, әрине, үш облысты қалпына келтіру және сол өңірлердің атауын дұрыс қоя білу деген тұрғыда. Ал халқымыздың дара тұлғасы Д. Қонаевтың елге сіңірген еңбегін ұлықтап, оның құрметіне Қапшағай қаласының атауын өзгерту жоспары мейлінше әсерлі естілді. Мен, тіпті, ел азаматтарының біразының үміті қайта жанып, қуанышқа ұласқанын сезінгендей болдым. Меніңше, бүгінгі тұрақсыз әлемде Қазақстан халқы алдағы болашаққа деген үмітімен қайта қауышқандай болды. Енді Ресей мен Украина арасындағы соғыста екі елмен де бауырластық қатынасты үзбей, бейтараптық сақтауды ескеру қажет, әйтпесе бәрі де құрдымға кетеді.

Әлихан Бәйменов
Әлихан Бәйменов

Әлихан Бәйменов: Насихатқа негізделген мемлекеттік БАҚ-тың заманы өткен

- Жолдауда айтылған маңызды мәселе – бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты. Бұл бағытта жаңа заң қабылдауды қолдай отырып, сол арқылы мемлекеттің БАҚ құру мүмкіндігін шектейтін бағыттар тізімін айкындау керек. Мемлекет құратын БАҚ Конституцияда бекітілген құндылықтарға сай ағартушылықпен айналысқаны жөн: азаматтық ағарту, құқықтық ағарту, дүниетанымды қалыптастыру деген сияқты. Ең алдымен, қазақ тіліндегі білім, ақпарат және дүниетаным көздерін дамыту өзекті. Осы бағытта жұмыс жасайтын кез келген баспаның, аудармашының, медианың, жеке кәсіпкердің еңбегін субсидиялап, оларға салық жеңілдіктерін беру арқылы қолдау маңызды. Қасіретті қаңтарда да, Украинадағы ахуал да насихатқа негізделген мемлекеттік БАҚ заманы өткенін, олардың жұмысының тиімсіздігін дәлелдеп берді.

Мемлекеттің иелігіндегі телеарналар қоғамдық арналарға айналуы тиіс. Олардың басшылығында Қоғамдық кеңес болғаны жөн. Қаңтарда президент экономикадағы монополияның, бүгінгі сөзінде саясаттағы монополияның қатерлі екендігін айтты. БАҚ-тағы монополия да қоғам дамуын тежейтін тетіктің бірі. БАҚ және ақпараттық сала жөніндегі сұрақтар әлі де талқылауды қажет етеді. Бұл тұрғыда бала тәрбиесін желеу етіп, қазір әлеуметтік желілерді бұғаттауға бағытталған заңдар түбінде қазақстандықтарды «ВКонтакте» мен «Одноклассникке» тығудың жолы болуы мүмкін. Осыған сақтықпен қарау керек. Бұл реформаларды қолдайтын қоғамның үлесі артуы үшін мемлекет иелігіндегі БАҚ саясаты өзгерісті қажет етеді. Егер ақпарат құралдары бір жақты ақпарат беретін болса, жұрт наразылығы қайтадан туындауы мүмкін. Осы мәселе шешімін тапса, мемлекетке, билікке деген қоғамның сенімі артады.

Ұсынылған бағыттар ішінде тек Мәжіліс депутаттарының санын азайтуға сақтықпен қарау керек деп есептеймін. Себебі, мәжіліс халықтың атынан үкімет ұсынған заңдарды електен өткізеді. Осы тұста мәжіліс депутаттарының белгілі бір деңгейде маманданғаны дұрыс. Ол үшін олардың саны, мысалы, он комитетке бөлініп, дұрыс жұмыс жасайтындай болуы керек.

Сайлау әділ өтсін десек, түрлі деңгейдегі сайлау комиссияларына сол деңгейдегі бюджеттен жалақы алатын адамдарды кіргізбеу керек. Жалпы сол деңгейдегі бюджеттен жалақы алатын адамдар мәслихат депутаты да болып сайланбауы тиіс. Өйткені олар атқарушы билікке тәуелді болып шығады. Сондай-ақ, электронды сайлау жүйетін енгізетін болсақ, оны Ресей немесе Белоруссиядан емес, сайлау жүйесі әлемдегі ең озық Эстониядан алу керек деп есептеймін.

Жалпы бұл жолдау қоғамға тың серпіліс беретін бастамалармен ерекшеленді, енді президент ұсынған өзгерістерді жүзеге асыру – үкімет пен парламентке сын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить