Қазақстанға Ақпараттық доктрина не үшін керек?

18362

Ол құжаттың маңызы неде, оны қабылдағаннан кейін не болады

ФОТО: Depositphotos/SIphotography

Тоқаев 20 наурызда ақпараттық доктринаны бекітіп, үкіметке үш ай ішінде оны жүзеге асыру бойынша жоспар құруды тапсырды. 

Менің білуімше, мемлекеттік пропаганданың негізін, мемлекеттік ақпараттық саясаттың жетекші қағидаларын қалыптастырып, медиа кеңістікті реттейтін осындай құжат Қазақстанда бірінші рет қабылданып отыр. Дегенмен де, өзінің маңыздылығына қарамастан, қазақстандық редакторлар мен қоғам белсенділерінің тарапынан аталған құжаттың терең талқыланып, сараптама жасалғанын байқамадым. Бұған дейін көптеген саясаттанушылар ұзақ жылдар бойы елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шара қабылдау керек деген мәселені көтеріп келгені тағы бар, өйткені отандық ақпараттық кеңістікті өзге елдің пропагандасының жаулап алғаны айдан анық.

Сонымен, жаңа ақпараттық доктрина не дейді? Егер қысқа айтатын болсақ, бұл құжаттың мақсаты «елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету…». Бұл дегеніміз — Қазақстанда қоғамға іріткі салып, әлеуметтік шиеленіс тудыратын, қоғамды жұмылдырудың орнына дау-жанжалды қоздырып отырған шетелдік пропаганданың ықпалына қарсы тұру.

Доктринаның негізгі өзегі не, зейінді неге қоюды ұсынады? Бірінші кезекте қазақтың дәстүрлі рухани құндылығына қолдау білдіруді мақсат еткен, тұрақты құндылықтар иммунитетін қалыптастыру қажет дейді, ең бастысы, бірінші рет формалды түрде болса да, ақпараттық кеңістікті сыртқы қауіптерден қорғау қажет екенін айтады.

Ұлттық мүддені қорғау үшін ішкі және сыртқы ақпараттық алаңда бәсекеге қабілетті отандық БАҚ-тарды дамыту шараларын қолға алу, ақпараттық шабуылға, жалған ақпарат пен деструктивті идеологияның таралуына белсенді түрде қарсы тұру көзделеді.

Мемлекет пен БАҚ арасында серіктестік қалыптастыру да, отандық журналистиканы дамыту үшін әртүрлі реттеуші және заңнамалық актілер қабылдау да маңызды міндет.

Ақпараттық кеңістіктікті құндылықтармен қанықтыру үшін қазақстандықтардың және мемлекетіміздің ішкі және сыртқы сұрақтарына жауап беретін идеялар мен дүниетанымдық көзқарастарды көбірек насихаттау керек. Сонымен қатар, пікір алуандығы, ашықтық пен жан-жақтылық та қамтамасыз етіледі. Ал басты құндылығымыз әрі лейтмотив тәуелсіздігіміз бен патриотизм болып қала бермек.

Жалпы алғанда, жаңа доктринаның маңызы — ең алдымен оның дәл қазір пайда болуында. Қазақстандық биліктің ақпараттық импотенциясы, оның әрекет етуінің реактивті сипаты дәл осындай жетекшілікке алатын қағидаттарды қамтыған әрі негіз болатын құжаттың жоқтығының салдары болып отыр. Ал доктринаның қағидаларына келетін болсақ, бұл жерде алып-қосарым жоқ. Тек бұл құжаттың қажеттілігі халықаралық қатынастарда шиеленіс пен радикалдану болып жатқан кезеңде арта түсті деуге болады. Қазақстан бір-біріне қарсы тұрған екі лагерьдің арасында қалса да, егемендік пен аумақтық тұтастық бойынша әлемдік және БҰҰ-ның негіз болатын қағидаларын адал ұстанып келеді.

Соңғы он жыл ішінде есігі айқара ашулы болған ақпараттық кеңістік кейбір азаматтарымыздың миын улап, оларды бөтен елдің пропагандасының қолдаушысы мен құрбаны еткені жасырын емес. Олардың көпшілігі біреудің аумағын басып алу, агрессия саясатын ақтау жолында өзінің көзқарасын қалыптастырып алды, мұндай ойлаудың өзі үшін де, өмір сүріп жатқан қоғам үшін де қандай қаупі бар екені бастарына кіріп шықпайды да. Кейде сондай азаматтар радикализмді, импершіл реваншизмді ашық түрде қолдап, өздері де сепаратистік көңіл-­күйлерді ары қарай таратады.

Бұл құжатты қабылдау қажеттілігінің туындауының себебі де нақ осы. Ол отандық ақпараттық кеңістікті қорғау үшін үкіметтің проактив әрекеттеріне бағыт-­бағдар беріп, негіз болады.

Атап өту керек, құжат отандық медианың қазіргі әлсіздігіне дұрыс акцент қойып отыр. Автократиялық басқару үлгісі, тәуелсіз әрі күшті отандық БАҚ-тарды басып-­жаншып тастау бұл жағдайға әкеп соққан болатын. Тағы басқа да себептері болды, атап айтқанда, қазақ тілді және қазақстандық медианың дамуына пайдасын тигізетін нарықтық реттеудің болмауы, тұтастай алғанда журналистиканың тарихи тұрғыдан әлсіз болуы (кейбір жекелеген медиаларды санамағанда). Мемлекеттің басқа медиаларды тікелей қаржыландыруы да дұрыс емес, өйткені бұл масылдықты қалыптастырды. Рейтингтер нарығын тапсырыс берушілермен байланысы бар жеке бір компанияның монополиялап алуынан ұзақ жылдар бойы жарнамалық бюджеттер орыс тілді медиаларға қолдан беріліп отырды.

Енді президент нақты параметрлер мен бағыт-­бағдарды беріп отыр, бұдан кейін ақпарат министрлігі оянып, өзінің жұмысына келгенде реактивті немесе аморфты болғанын қою керек. Меніңше, нақты үш бағыт анықталды.

- Отандық медианың позициясын нығайту, бұл тек медиаарналарды мемлекеттің қолдауының және жарнама ағындарын қайта бағыттаудың арқасында ғана мүмкін.

- Қазақстандық құндылықтар мен халықаралық ресми ұстанымдарға сәйкес келмейтін, радикализм, агрессия мен төзбеушілікке жол беретін шетелдік медианың таратуын шектеу.

- Отандық журналистердің кәсібилігін арттыру. Бұл жерде тек ақпарат не жаңалық таратуды ғана емес, бүкіл таратуды, ең алдымен ойын-сауықтық, танымдық контентті өндіруді, сондай-ақ шетелде оқытуды да ескеру керек.

Қорытындылай келе, тағы бір маңызды сұраққа тоқтала кеткім келіп отыр. Қазақстанның ақпараттық доктринасы тек медиа саласын қамтумен ғана шектелмеуі керек. Доктрина ең бірінші кезекте дәстүрлі және бірегей қазақстандық сәйкестікті, патриотизмді әрі өзіндік құндылықтар тізбегін қалыптастыруы тиіс екені сөзсіз. Тиісінше, мәдениетті таратудың барлық құралдарын қамтиды. Ал бұл дегеніміз — кино мен кітаптар, театр мен өнер, себебі мемлекеттің құндылықтары мен елдің дүниетанымы дәл осы мәдени құндылықтарға негізделеді.

Бұл жерде мәселе тек «ұлттың үңгірге» кетіп қалуында емес, ұлттық мәдениеттің дүниежүзілік мәдени мозаикаға еніп, мәдени тұрғыдан өзара байытудың ортақ трендінде болып, инновациялардың авангардында жүруінде. Соңғы міндет К-pop топтардың «бумға» айналған концерттері арқылы жүзеге асты десек те болады, бірақ Кореядағы аналогтарға қарағанда бізде пайда болған жұмсақ күшті экспорттауда мемлекеттік қолдау мүлде жоқ болып отыр.

Мәдени пропаганда саласында үлкен құрдым, тіпті вакуум бар десек те болады. Мұндағы жағдай тіпті медиа саласынан да нашар, кез-келген кітап дүкеніне кірсеңіз, қазақстандықтардың отандық кітаптарды қажет етуінің арасындағы сұмдық диспропорцияға куә боласыз. Мәселен, жиырма беске дейінгі қазақстандықтардың 70%-ы қазақ тілді болғанына қарамастан, кітап сөрелеріндегі қазақ тіліндегі кітаптардың үлесі 10%-ға да жетпейді. Олардың ішіндегі заманауи қазақ әдебиеті барлық сатылып жатқан кітаптың 1%-нан да аз. Мұндайға мүлде жол берілмеуі керек еді, бұл — Мәдениет министрлігінің көңіл көншітетіндей анық мемлекеттік саясатының һәм жұмысының болмауының салдарынан.

Кинотеатрларды алсақ та осы мәселе. Жыл сайын шығатын жүздеген картинаның тек ары барса оны ғана қазақ тіліне дубляждалады. Алматы мен Астанада тілдік орта аралас болса, ал Шымкент пен Атырау сияқты қалаларда мұны қазақтарды тілдік жағынан кемсіту деп қабылдау керек.

Бізде жаңа үкімет қалыптасты, Мәдениет және ақпарат министрінің ең бастапқы міндеті — жаңа доктринаны қабылдау болуы керек. Тоқаевтың қай заманда тиімді болайық деп алға қойған тапсырмасы орындалады деп сенейік.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить