Қазақстандық Арай Сабыржан Google компаниясына қалай орналасты?

58314

Google компаниясында қанша қазақстандық жұмыс істейді, онда мамандарға қандай жағдай жасалған? «Кремний алқабында» жұмыс істейтін отандасымыз Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында осы және өзге де мәселелерге тоқталды

Арай Сабыржан, ІТ маманы
Арай Сабыржан, ІТ маманы

F: Арай, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қайда білім алдыңыз, қай саланы меңгердіңіз?

- Кезінде Алматы облысының Жаркент қаласында шаңырақ көтерген әкем мен анам, мен беске толғанда Алматыға көшіп келді. Жалпы, ата-анам менің білім алуыма барынша жағдай жасады. 11-ші сыныпты Алматының №39 физика-математика лицейінде бітірдім. Математика біздің үйде ең маңызды сабақ болып есептелетін. Мектептен кейін көп адамнан «қыздардың қолынан «бағдарламалау» келмейді» дегенді жиі естіп, қатты намыстандым. Содан бағымды сынап, сәтін салғанда IITU университетіне оқуға түстім. 2017 жылы «Computer Science and Software Engineering» факультенінде оқуды бастап, бағдарламалау саласын сәтті меңгеріп шықтым.

F: АҚШ-қа алғаш рет 2018 жылы тәжірибе алмасу үшін барған екенсіз. Бұл қандай бағдарлама?

- Университетте оқи жүріп, тәжірибе жинақтау үшін, жұмыс іздей бастадым. Тіпті, тегін болса да жұмыс істеуге дайын едім. Алдымен бірер компания мен ЖОО сайттарын, платформаларын жасаудан бастадым. Кейін Ш. Есенов атындағы қордың шетелде тәжірибе алмасу бағларламасын тауып, сонда тапсырдым. Іріктеу кезеңінің барлық сатыларынан өткен соң, бағдарлама бойынша АҚШ-тағы стартаптарды тауып, оларға тәжірибе алмасу бойынша хат жазу керек болды. Жүздеген хатқа небары бес стартаптан жауап келген шығар. Әйтсе де барлық сынақтан сәтті өтіп, 2018 жылы Сан-Франциско қаласындағы «Amplify Life» атты стартап компаниясында «full stack engineer intern» ретінде жарты жыл жұмыс істеу бұйырды. Бұл компанияның мақсаты – Facebook-тағы messenger-де chatbot арқылы түрлі шаралар мен концерттерге билет сату еді. Сол кезде «Bay Area» аумағындағы («Кремний алқабы») ірі технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген отандастарымыз бізге ғимараттардың ішін таныстырып, аралатты. Тур барысында әлемнің әр жерінен келген мамандар қалай жұмыс істейтінін көріп, шабыттанып, биік мақсатқа қол жеткізуге болатынына көз жеткіздім.

F: «Кремний алқабы» сізге не берді? Алғашқы тәжірибе қалай басталды?

- «Кремний алқабы» – әлемдегі ең жоғары технологиялық даму көрсеткішімен ерекшеленген аймақтың бірі. Маған бұл жер әлемдік дәрежеде білім, тәжірибе алуға мол мүмкіндік берді. Себебі, онда ғылыми тұрғыда зерттеліп, тәжірибе ретінде іске асып жатқан идеялар мен оларды қолдап жатқан инвесторлар өте көп. Бұл жердегі алғашқы тәжірибем «Amplify Life» стартапынан басталды. Оған дейін біраз сайттарды құрып, базада өзгерістер жасап, бірнеше бағдарламалау тілдерін үйреніп алған едім. Бұл компания стартап болғандықтан, менің міндетім кең тарапты болды. Бағдарламашы ретінде интернеттен керекті деректерді жинап, базадағы ескі мәліметтерді жаңасына ауыстырып, сол деректерді оқуға ыңғайлы болу үшін менеджерлерге «admin panel» құрдым. Сол тұста, компаниялардың бірін-бірі сатып алуына байланысты «Кремний алқабында» өзгерістер жүріп жатты. Кейін жұмысымды ауыстырып, «Vedom» компаниясында «search engine» архитектурасын құруға жауапты болдым. «Search engine» – «Google» компаниясындағыдай іздеу жүйесімен айналысады. Деректер көп болған сайын, іздеу уақыты да ұзаққа созылады. Осы жүйені бағдарламалау кезінде ауқымды жүйелердің құрылымына қарап, тәжірибем әлі де болса аздау екенін, әлі де көп үйрену керек екенін түсіндім.

F: Ал Google компаниясына қалай орналастыңыз?

- Иә, мен қазір «Bay Area» аумағындағы Google компаниясында виртуалды машиналардың бағдарламашысы болып жұмыс істеймін. Компьютер саласында бес жылдан астам тәжірибем бар. Стартапта жұмыс істеп жүрген кезімде LinkedIn-дегі парақшама көбірек көңіл бөлдім. Өйткені жергілікті рекрутерлер әр адамның түйіндемесіне уақыт бөлмей-ақ, LinkedIn-ге белгілі бір кілт сөздерді теріп, соның нәтижесі бойынша мәлімет жинайды. Кілт сөздер дегеніміз, өз мамандығыңызда қолданылатын құралдар, тілдер, түсініктемелер, тақырыптар, т.т. Сөйтіп, LinkedIn-дегі профиліме кілт сөздерді енгізіп, өзгерту жасап едім, біраз уақыттан кейін Google рекрутері маған өзі хабарласты. Хатты көргенде қатты қобалжыдым. Сонда да мүмкіндікті жоғалтпай, бағымды сынап көргім келді. Бірінші сұхбат телефон арқылы өтті. Дұрыс дайындалып үлгермей, сұхбатта берілген есепті толық шығара алмадым. Біраз көңілім түскенімен, артынша өз-өзіме келіп, көздеген мақсаттан қайтпайын деп, дайындықты қайта бастадым. Маған сонда жолдасым қатты қолдау көрсетіп, жігерлендіріп жүрді. Дайындық толыққанды болуы үшін адамға уақыт, жігер және керекті ресурстар қажет екен.

F: Google компаниясына жұмысқа орналасу қиын ба?

- Компанияға өту талаптары бірнеше сатыдан тұрады. Бағдарламашы жүріп өтетін жолды сипаттасақ, басында танысу мақсатымен қоңырау алмасып, үміткердің және жұмыс берушінің барлық талаптары алдын ала айтылады. Кейін үміткердің білімі мен тәжірибесін сынау үшін 45–60 минуттық техникалық сұхбат өтеді, 1–2 есеп беріледі. Үміткердің мақсаты – есепті дұрыс түсініп, қосымша сұрақтар қойып, сұхбаттасушымен тіл табысып, таза әрі дұрыс шешімді код түрінде жазып беру. Қосымша баға алу мүмкіндіктері де жоқ емес. Бұдан кейін онсайт деген 5–6 сағаттық сұхбаттар бар. Онда техникалық сұрақтардан басқа, system design және behavior interview атты сұхбат түрлері қосылады. Жалпы, дайындық кезеңі тәжірибеге қарай үш айдан бір жылға дейін уақыт алуы мүмкін. Бірінші талпыныстан кейін барынша дайындалып, қайта тапсырмақ болып жүргенімде, маған рекрутер өзі хат жазды. Сөйтіп, Google-дан жұмысқа тұру жөнінде ұсыныс алдым.

F: Қазір қандай жобалармен айналысасыз? Олардың артықшылығы неде?

- Менің қазіргі позициям Sotware Engineer, жұмыс атқарып жүрген жобам Google Cloud. Бұл бөлімде инженерлермен қосылып, виртуалды машиналардың (Virtual Machine) жағдайын жасаймыз. Бағдарламашы ретінде, мен C++ тілінде тапсырмалар орындаймын. Бұл жерде біздің командамыздың және айналысып жатқан жобамыздың жеке бөліп алар артықшылығы не кемшілігі жоқ. Толыққанды Backend жүйесі болғандықтан, керекті бөлшек ретінде бізге келген сұрауларды қамтып, оған қатысты деректерді базада ауыстырып, дұрыс жауабын қайтарамыз.

F: Компаниядағы еңбегіңіз қалай бағаланады? Көңіліңіз тола ма?

- Компания ішінде жасаған еңбегімді кез келген жұмыскер ашып көре алады. Бұл жағынан жұмысымызды бағалау жолы өте ашық әрі ыңғайлы. Барлық тапсырмаларды менеджерім өз бөліміміздегі мамандарға бөліп береді. Ол тапсырмалар жұмыстың қиындығы мен уақытына қарай бағаланады. Әр апта сайын сол тапсырмалардың орындалу дәрежесі туралы ой бөлісіп, проблема болса шешім іздеп, талқылаймыз. Тапсырмалардан бөлек кезекшілік апталары болады, онда біз кез келген уақытта ноутбукті ашып жұмыс істеуге, проблеманы шешуге дайын болуымыз керек. Мұның бәрі қосымша бағаланып, бонус ретінде төленеді. Жұмыс ақысы екі апта сайын тұрақты түрде төленеді, оған қоса бонустар мен жыл сайын акция түрінде де ақы аламыз.

F: Команда кімдерден құралған? Олардың ішінде өзге де қазақстандықтар бар ма? «Кремний алқабында» жерлестеріміз қаншалықты көп?

- Біз Backend командасы болғандықтан, бөлім тек инженер бағдарламашылар мен менеджерлерден құралған. Бізде тәжірибесіне қарай бірнеше дәрежеде: кіші, орта және аға бағдарламашылар жұмыс атқарады. Google Cloud бөлімінде менен басқа екі-үш қазақстандық жұмыс атқаруда. Жалпы, Google компаниясында әлем бойынша 120 қазақстандық жұмыс істейді. «Кремний алқабында» істейтін, тәжірибеден өтіп жатқан қазақстандықтардың санын нақты айту қиындау, бірақ ортақ чаттарда отыратын 400-ге жуық адам бар. Негізі, олардың нақты саны одан да көп дегенге сенімім басым.

F: Компаниядағы жұмыс тәртібі қандай, қандай мүмкіндіктер бар?

- Компанияда қатып қалған жұмыс уақыты жоқ, өз ыңғайымызға қарай, ұйқымызды қандырып барамыз, дәрігерге, анда-мында баратын едім деп сұранбаймыз. Менің бөлімімде ең бастысы онлайн кездесулерге кешікпей келу керек, сол талапты сақтаймын. Жұмыстан басқа ойыңызға келген кішігірім проблемалардың бәріне компания сіз үшін шешімін тауып қойған. Мәселен, тегін әрі дәмді тамақ әрдайым алдыңызда, кез келген спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Қажет десеңіз – массаж да дайын, басыңыз ауырып, демалам десеңіз – ойын бөлмесінде тыныға аласыз. Тіпті, ластанған киіміңізді тазартуға да бас ауыртпайсыз, бұл қызметтердің бәрі жолға қойылған. Егер жұмысқа келгенде ноутбугіңізді немесе кез келген жұмысқа керек затты ұмытып кетсеңіз, оны да өздері береді. Мұның бәрі адамның миын тынықтырып, жақсы жұмыс істесін деген оймен жасалған қолдаулар. Одан бөлек офисте табылмайтын, жұмысқа қатысты қосымша курстар болса, компания сол курсты толықтай немесе жартылай төлеп беруге дайын.

F: Сізге ел президенті тарапынан Қазақстанға келіп жұмыс істеу туралы ұсыныс болғанын білеміз...

- Ия, 2022 жылдың тамыз айында ҚР президенті Нью-Йорк қаласына іс-сапармен келді. Бұл кездесу туралы біз DNK (Digital Nomads Kazakhstan) чатын ашқан ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мырзадан естідік. Министр сонда президентке IT саласы бойынша сыртта жұмыс істеп жүрген жастармен кездесу туралы ұсыныс жасады. Осылайша Америкада ІТ саласында жүрген 400 қазақстандықтың ішінен 30 белсенді жиналып, Нью-Йоркте алдын-ала министрмен кездесу өткізіп, өзара ақылдастық та, әр нәрсені босқа қаузамайық деп, төрт тақырып бойынша төрт спикерге сөз беретін болып келістік. Біріншісі – «Болашақпен» оқыған жастарға өз саласы бойынша жұмыс орындары жетпей жатқандығы туралы. Екіншісі – «Venture Capitalist» ретінде Қазақстанда стартаптарды қолдайтын инвестиция мүмкіндігін дамыту қажеттігі. Үшінші мәселені өзім көтеріп, онда әлемдік дәрежедегі алып компанияларда жұмыс істеп жатқан қазақстандықтар туралы, «Kazakh Google Community» және оның көрсетіп жатқан көмегі туралы, «Women in Tech» түсінігі туралы тақырыптарды қозғадым, яғни IT саласындағы әйелдерді ерекше қолдау керектігін атап өттім. Айтпақшы, сол кездесуде ұсынылған төртінші тақырып қазіргі күні өз шешімін тауып та үлгерді. Бұл – спорттық бағдарламалау федерациясын ашу мәселесі болатын. Сол кездесуден кейін, осы салада жүрген бірнеше тәжірибелі қыз бен жігіт жиналып, мәселені тоғыз айда талқылап, іске асырды.

Президент сонда біздің идеяларды қолдап, елге шақырып, жұмысқа тұру туралы ұсыныс жасады. Әрине, Қазақстанға қайту әрқашан ойымда бар, бірақ нақты қашан екенін айта алмаймын. Себебі, келешекте өз еліме қолымнан келгенше көмек беру үшін, алдымен, әлемдік дәрежеде тәжірибе жинауым керек. Сол үшін де біз қазір DNK қауымының мүшелерімен жиналып, Қазақстан мектептерінде онлайн негізде «қонақ дәрістерін» өткізудеміз. Тағы бір айта кетерлік бастама, ол – техникалық кітаптарды қазақ тіліне аудару. Келешекте бұл тұрғыда жақсы жаңалықтар еститін боласыздар деген сенімдемін. Мақсатымыз – ел ішіндегі барлық мектептерді қамтып шығу. Осылайша балалардың оқуға деген ынтасын арттырып, биік мақсатқа жетулеріне ықпал етсек дейміз.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Куралай Нуркадилова: письмо Токаева, политические амбиции Смотреть на Youtube