Қазақстан экономикасына ресейліктердің араласуы қалай артып барады?

36444

Таза қазақстандық заңнамадағы компанияларда Ресей Федерациясының азаматтары барған сайын ортақ меншік немесе тіпті толық меншік иелеріне айналуда

Фото: © Анатолий Устиненко

«Қалыпты» деуге келетін соңғы 2019 жылмен салыстырғанда (пандемия мен Ресейдің Украинаға басып кіруіне дейін) Қазақстандағы шетелдік компаниялардың саны екі еседен сәл көбейді. Яғни 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19 мыңнан 41,4 мыңға дейін өсті. Бірақ сонымен бірге ресейлік компаниялардың саны 3 есеге жуық өскен — 6,7 мыңнан 18,6 мыңға дейін (белсенділерін алып отырмыз). Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, бұл өткен жылдың тура сол күнімен салыстырғанда 36%-ға артық. Былтыр наурыз айынан бастап Қазақстанда ресейлік заңды тұлғаларды тіркеу күрт көбейген еді.

Елдегі ресейлік бизнестің үлесі де өзгерді. Егер 2019 жылы ресейлік компаниялар барлық шетелдіктердің шамамен үштен бірін құраса, қазір шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындардың жартысына жуығын, яғни 45%-ды құрайды. Ресейлік компаниялардың 42%-ы көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу, 14%-ы — ақпарат және байланыс, 9%-ы — кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында жұмыс істейді. Алайда олардың тек 0,27%-ы ғана жұмысшылар саны 101‑ден 250 адамға дейін құрайтын ірі компаниялар болса, 99,21%-ы — шағын кәсіпорындар.

Бұдан бөлек елімізде 4000‑ға жуық қазақстандық-­ресейлік бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, бұл да барлық жұмыс істеп тұрған 8560 кәсіпорынның жартысына жуығы. Таза қазақстандық заңнамадағы компанияларда Ресей Федерациясының азаматтары барған сайын ортақ меншік немесе тіпті толық меншік иелеріне айналуда. Қазақстандық Forbes тізіміне қатысушылардың ірі активтерін сатып алған соңғылардың барлығы дерлік Ресей азаматтары болып шықты.

Владимир Ким және «Қазфосфат»

2023 жылдың маусым айында «Қазфосфат» ЖШС құрылтайшысын ауыстырды. Adata.kz қызметінің хабарлауынша, жаңа иесі — АХҚО-да тіркелген CAF Holding Ltd. жеке компаниясы. Оның төрт иесі бар — Kazakhmys Resources B. V., Нұржан және Нұрхан Нұрлановтар, сондай-ақ KP Fertilizers Ltd жеке компаниясы.

Владимир Ким (Forbes Kazakhstan ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде № 1) мен Нұрлановтар бұрын «KAZ Chemicals» ЖШС арқылы құрамында фосфоры бар өнімдер (тыңайтқыштар, жем, шикізат) шығаратын қазақстандық ірі өндірушінің бенефициарлары болған. 80% үлесі бар мажоритарлық иеленушісі «Kazakhmys Resources B. V.» болды, оның соңғы бақылаушы тұлғасы Владимир Ким еді. Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұржан мен Нұрхан Нұрлановтардың әрқайсысында 10%-дан болды.

Сәйкесінше, «Қазфосфат» ЖШС-нің жаңа тең иесі ХАҚО-да тіркелген KP Fertilizers Ltd. ғана. Оның иесі Дмитрий Стрежнев пен «Kazchemprom Holding LLC» ЖШС. Стрежнев 2021 жылы Forbes Russia ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде № 167 орында болған, «Еурохим» ресейлік компаниялар тобының бұрынғы тең иесі.

Kazchemprom Holding LLC — «Казхимпром Холдинг» ЖШҚ ресейлік компаниясының ағылшынша атауы, оның бенефициарлары 33,33% үлесімен «Уралхим» компаниясының азот өндіру бағыты бойынша директоры Сергей Момцемлидзе, 33,34% үлеспен «Уралхим Холдинг» АҚ бас директоры Евгений Шавель және 33,33% үлесті иеленетін Михаил Генкин.

«Қазфосфат» ЖШС-нің төрт жаңа ортақ иелерінің барлығы да Ресей Федерациясының азаматтары. Ескі және жаңа иелерінің қазіргі үлестері әлі белгісіз.

Еске салайық, 2021 жылдың мамырында «Қазфосфат» ЖШС-нің 100%-на иелік ететін ағылшындық Kazphosphate Limited құрылтайшылар құрамынан шықты. Оның соңғы бенефициарлары акциялардың 50%-ын иеленетін Ғалымжан Есенов (Forbes Kazakhstan ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде № 18) пен 50%-на ие Айжан Есім еді. Ағылшын компаниясының 2021 жылғы қаржылық есебінен Айжан Есім «Қазфосфат» ЖШС үшін $612 874 000 алғаны белгілі болды.

Тимур Құлыбаев және «Қамқорлар»

2022 жылдың шілдесінде «Қамқор Локомотив» ЖШС және «Қамқор Вагон» ЖШС меншік иелерін ауыстырды — компаниялар «Қазақстан көлік технологиялары» ЖШС-не өтті. Біріншісінде құрылтайшылар құрамынан «Joint Technologies» ЖШС мен «Қамқор Менеджмент» ЖШС, екіншісінде «Қамқор Менеджмент» ЖШС шықты. «Қамқор Менеджмент» ЖШС құрылтайшылары: Андрей Ким, Әлібек Құлыбаев (Тимур Құлыбаевтың жиені), Диас Сүлейменов (Тимур Құлыбаевтың бизнес серіктесі) және «Joint Technologies» ЖШС. «Joint Technologies» ЖШС өз кезегінде Раушан Сағдиева мен «Кипрос» ЖШС иелігінде, ал соңғысы Тимур Құлыбаевқа тиесілі (Forbes Kazakhstan ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде №2).

Жаңа меншік иесі «Kazakhstan Transport Technologies» ЖШС-ның екі құрылтайшысы бар: «Вектор Технологических решений» ЖШҚ және «Дискус» ЖШҚ. Мәміледен бір ай бұрын құрылған бірінші компанияның бенефициары ресейлік Алексей Лебедев. Ол туралы интернетке іздеу салғанда «Ресей темір жолдары» ААҚ (РЖД) құрылымдарында ұзақ уақыт жұмыс істегені туралы ақпарат шығады. Сонымен қатар, Лебедев 2021 жылдың 28 маусымынан 2022 жылдың 30 маусымына дейін «Трансмашхолдинг» АҚ директорлар кеңесінде болды. Осылайша, ол мәміледен бірнеше апта бұрын директорлар кеңесінен кетті, бұл кейбір күдік тудырады (бұған дейін БАҚ ресейлік локомотивтер мен вагондарды шығаратын ірі өндіруші «Трансмашхолдинг» Қазақстаннан екі ірі локомотив және вагон жөндеу кәсіпорнын және депо сатып алуды жоспарлап отырғанын жазды).

Фото: © Андрей Лунин

Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміне сәйкес, Алексей Лебедев «R-Alliance» ЖШҚ негізін қалаушы және басшысы болып табылады. Бір қызығы, бұл компанияда одан басқа құрылтайшылар бар. Олар — «Трансмашхолдингтің» мажоритарлы иелері Искандер Махмудов (Forbes Russia 2023 тізімінде №21) және Андрей Бокарев (тиісінше №47), «Трансмашхолдинг» бас директоры Кирилл Липа және директорлар кеңесінің мүшелері Дмитрий Комиссаров пен Михаил Хромов. «Трансмашхолдинг», Искандер Махмудов пен Кирилл Липа батыстың Ресейге қарсы санкцияларына ұшыраған.

«Қамқорлардың» жаңа иесінің екінші құрылтайшысы «Дискус» ЖШҚ-ның өз кезегінде екі құрылтайшысы бар: Николай Филиппов пен «Виктория» ЖШҚ. Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміне сәйкес «Виктория» ЖШҚ Сергей Пустомельникке және жалғыз құрылтайшысы Юлия Кузахметова делінген «Алендо» ЖШҚ-ға тиесілі.

Еске салайық, 2015 жылы жекешелендіру аясында кәсіпкер Яков Цхай «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің 51%-ын 4,97 млрд. теңгеге және «Қамқор Вагон» ЖШС 431,3 миллион теңгеге сатып алған болатын. 2016 жылдың ақпанында қалған 49%-ы бенефициарлары көрсетілмеген «HARAD OPERATION UK LIMITED» АҚ оффшорлық компаниясына, ал сол жылдың тамыз айында Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Technologies компаниясына өтті. 2017 жылдың қаңтарында соңғысы жалғыз иесі болды.

Александр Клебанов және «Буденовское» БК

Осы жылдың көктемінде, мәмілеге қатысқан компаниялардың есептерінен 2022 жылдың желтоқсан айының соңында ресейлік миллиардер Василий Анисимовқа және Александр Клебановтың отбасына (Forbes Kazakhstan тізімінде №20) тиесілі болған, Қазақстандағы ең ірі уран кен орны «Буденов-скоены» игерумен айналысатын жекеменшік «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» (СТХК) ЖШС-ны Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы толығымен сатып алғаны постфактум белгілі болды.

Бизнесмендер Ұлыбританияда тіркелген Ganberg UK Ltd, Gexior UK Ltd және олардың бас компаниясы Degevol UK Ltd. арқылы СТХК-ны басқаратын еді. 2016 жылы СТХК «Буденовское» бірлескен кәсіпорнының 49%-ын («Қазатомөнеркәсіпте» — 51%) иеленді, оған кен орнының №5, 6 және 7 учаскелерін игеру құқығы берілді. «Буденовское» БК 6 мың тонналық толық қуаттылыққа 2026 жылы шығуы керек. Осылайша, Ресей уран өндіру бойынша әлемде екінші орынға шығуы мүмкін (қазір әлемдік өндірістің 40% үлесін беріп отырған Қазақстан бірінші орында). Салыстыру үшін: 2022 жылы Қазақстанда 21,2 мың тонна уран өндірілді, оның 4,4 мың тоннасын «Росатом» өндірді.

Бір қызығы, «Росатом» осы кен орнының басқа учаскелерін «Қаратау» ЖШС-дағы үлестер (№2 және «Ақбастау» БК-дағы №1, 3, 4) арқылы осыдан 13 жыл бұрын, 2009 жылы Василий Анисимовтан, дәлірек айтсақ, оның Нидерландта тіркелген Effective Energy B. V. компаниясынан сатып алған («Коммерсантъ» газеті бұл туралы «Василий Анисимов уранды мемлекетке тапсырды» деген тақырыппен мақала жариялады). Ал бұдан үш жыл бұрын Василий Анисимов Қазақстанда уран өндіруге рұқсат алған алғашқы ресейлік жеке инвестор болды. Бірақ ол өз бетімен емес, ресейлік «Техснабэкспорт» мемлекеттік компаниясымен бірігіп, «Ақбастау» бірлескен кәсіпорнындағы ресейлік үлестің екінші 25%-ын алды.

Қазіргі мәміленің бір айырмашылығы, оған қазір қазақстандық кәсіпкер де қатысып отыр. СТХК қаржылық есептеріне сүйенсек, компания бірнеше жыл бойы шығындарды жинақтап, Буденовсктегі тек осы жылдың наурызында басталған өндірісті дайындауға инвестиция құйған.

Бизнес тұрғысынан алғанда, инвестициялар қайтарыла бастайын деп тұрғанда, тіпті уран бағасының көтерілу кезеңінде сату оғаш көрінеді, бірақ егер бұл бастапқы стратегия болса, бәрі түсінікті бола қалады. 2009 жылғы мәміле сияқты бұл мәмілені де Газпромбанк қаржыландырды (сомасы $1,6 млрд, оның ішінде Қазақстан шамамен $330 млн СТХК-тен жинақталған салық түрінде және $50 млн. Василий Анисимовтың «Қазақстан халқына» қорына қосқан үлесі түрінде алды).

Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап, кеніштің сатылуы 2021–2022 жылдары «Қазатомөнеркәсіптен» топ-менеджерлердің кетуіне әкеп соқты деп мәлімдейді. «Жабық есіктер арқылы мәмілені аяқтауға тырысу 18 айдан аз уақыт ішінде екі бас директордан, қаржылық директордан, бас операциялық директордан және бас коммерциялық директордан айырылуға әкеп соқты» деп жазды агенттік. Александр Клебановтың бұрынғы серіктесі Еркін Әмірханов (Forbes Kazakhstan 2017 жылғы тізімінде №40) ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында «Буденовское» БК құру кезінде Клебанов пен Анисимов консорциумы №6 және 7 учаскелерді игеру құқығын тегін алғанын мәлімдеді. Оны «Қазатом-өнеркәсіптің» жарнасы ретінде және геологиялық барлауды қаржыландырудың орнына алған.

2023 жылдың тамызында Владимир Путинмен кездескен «Росатом» компаниясының бас директоры Алексей Лихачев мәміленің сәтті аяқталғаны үшін оған жеке алғысын білдірді: «…Қазақстандағы Буденовское кен орнын сатып алуға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді. Біз қор бойынша сенімді түрде екінші орынға шықтық».

«Енді, мәміле түпкілікті аяқталғаннан кейін, «Росатом» артық шу қылмай, әлемдегі ең көрнекті уран кен орындарының бірінің тең иесі болды және алдағы ұзақ жылға өзінің шикізат қажеттілігін қамтамасыз етті», — деп түсіндірді ресейлік «Профиль» басылымы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Куралай Нуркадилова: письмо Токаева, политические амбиции Смотреть на Youtube