Ким, Ибрагимовтер, Сейтжановтар бизнес-империяларындағы ауыс-түйіс, өзгерістер туралы

     

Вячеслав Ким
Вячеслав Ким
Фото: © Сергей Александров

Вячеслав Ким: «Дала тарланын» сатып жіберді

Былтыр жазда Вячеслав Ким кезінде өзі Нұржан Бекшеновпен бірге иелік еткен «Позитив Инвест» серіктестігіне бақылауды сату жөніндегі мәмілені ақтық мәреге жеткізді. Бұл туралы 2023 жылдың 17 шілдесінде Лондон қор биржасында Positive Invest LLP акцияларының 80 %-ын сатып алғаны туралы мәлім еткен Nostrum Oil & Gas Plc. хабарлады.

«Позитив Инвест» ЖШС Батыс Қазақстан облысындағы «Степной леопард» кен орнында жер қойнауын пайдалану құқына ие. Сол тұста Nostrum Oil & Gas Plc. кеніште игерілетін өнім қорын 50–150 млн ВОЕ (ағылш.: мұнай эквиваленті баррелі) деп бағалады. Мәміле сомасы 20 млн АҚШ долларын құрады, одан Nostrum тобы алдындағы қарыз сомасы алынып тасталды. Мәміле нәтижесі бойынша топтың еншілесі Nostrum Oil & Gas Cooperatief U.A. – Вячеслав Ким және Нұржан Бекшеновпен бірге компанияның үшінші акционері атанды.

Аталған мәміле туралы алғаш рет 2019 жылы Nostrum Oil & Gas Plc компанияны толығымен сатып алмақ болғанда айтыла бастады. 2023 жылғы есебінде компания кенішті игерудің бастапқы кезеңінде бюджет 100 млн АҚШ долларын құрайды және жоба операторы болып Nostrum тобына кіретін «Жайықмұнай» ЖШС тағайындалды деп көрсетті.

Шухрат Ибрагимов
Шухрат Ибрагимов
Фото: © Резеда Небогова

Ибрагимовтер отбасы: Конго бизнесін кеңейтуде, бірақ проблема да жоқ емес

Өткен жылдың күзінде Eurasian Resources Group Конго Демократиялық Республикасында жоғары сапалы кобальт шығаратын байыту фабрикасын салу жөніндегі келісімге қол жеткізгенін жария етті. Құрылыспен қытайлық BGRIMM Technology Group, ал шикізат жеткізумен ERG – Metalkol тобындағы жергілікті компания айналысады делінді (бұл компания Қытайға да кобальт жеткізеді). Жобаға салынған инвестицияның жалпы ауқымы 250 млн АҚШ долларын құрайды.

Былтыр сондай-ақ, топтың Конго еліндегі Comide кәсіпорнында гидрометаллургиялық зауыт құрылысы басталды. Құрылыс барысы үш кезеңге белгіленіп, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланды. Оның алғашқы екі кезеңінде өндіріс көлемі 40 мың тонна катодты мыс пен 7 мың тонна кобальт гидроксидін құрайды деп болжанды. Ал құрылыстың үшінші кезеңінде мыс өндіруді жылына 80 мың тоннаға, ал кобальт өндіруді 14 мың тоннаға жеткізу көзделген. Зауыт құрылысынан бөлек, Comide жобасы аясында кен орнын барлау, бұрғылау және игеру бағдарламасы да бар. Инвестицияның жалпы ауқымы 800 млн АҚШ долларын құрайды.

Десек те, биыл сәуірде бірқатар БАҚ Конго ДР үкіметі ERG жобасында жұмыс істейтін қосалқы тоғыз мердігердің жұмысын тоқтатты деген ақпарат таратты. Үкіметтің мәлімдеуінше, қосалқы мердігер компаниялардың акционерлері жергілікті азаматтар болуы тиіс деген талаппен 2017 жылы қабылданған жергілікті заңдар орындалмай жатса керек. Бұл тұрғыдағы шаралар ERG-дің кобальт өндіруші Metalkol және мыс өндіруші Frontier жобаларын да шарпыды.

Бұған дейін Конго үкіметі Boss Mining жобасы құрамындағы мыс-кобальт кенішінің жұмысын тоқтатты. Былтыр сондай-ақ, Конго мемлекеттік Gecamines тау-кен компаниясы сол елдегі ERG активтерінің бір бөлігін сатып алуға қызығушылық танытқан болатын.

Серикжан Сейтжанов  Серікжан Сейітжанов
Серікжан Сейітжанов
Фото: жеке архивтен

Сейітжановтар және Қаныбековтер отбасы: мұнай өндіруді жалғастырып, ГРЭС салуды ойластыруда

Сейітжановтар отбасы «Оңтүстік» ҚСӨК арқылы «Саутс-Ойл» АҚ-ның 57,16 %-на, ал Қаныбековтер – «Petro Asia» АҚ арқылы 39,17 %-на иелік етеді. Былтырғы наурыз бен мамыр аралығында «Саутс-Ойл» ҚР Энергетика министрлігімен арада мұнай кеніштерін игеру жөнінде алты бірдей келісімшарт жасасты. Бұл компанияның 2022 жылдағы аудиторлық есебінен белгілі болды.

Компанияның қоржыны 25 жылға дейінгі мерзімге Батыс Ақшабұлақ, Бұқарсай, Солтүстік Кеңлік кеніштері мен Қарағансай учаскесіндегі Қарабұлақ дәстүрлі емес кен көзі есебінен толысқан. Солтүстік Ақшабұлақ және Қалжан кен орындары бойынша келісімшарт мерзімі сәйкесінше 2022 және 2026 жылдары аяқталуы тиіс-тін, бірақ ол тағы 25 жылға ұзартылды. Кен орындары Қызылорда және Ұлытау облыстарында орналасқан.

Компания иелігінде мұнай өндіруге негізделген келісімшарттар да бар: Шығыс Ақшабұлақ кен орнында – 2026 жылға дейін, Кеңлікте – 2033 жылға дейін, Қарабұлақта – 2035 жылға дейін, Ақтау және Есжанда – 2042 жылға дейін.

2022 жылдың қорытындысы бойынша «Саутс-Ойл» АҚ кірісі 71,3 млрд теңгені құрады, бұл оның алдындағы 57,2 млрд теңге көрсеткіштен 24,7 % жоғары. Компанияның бір жылдағы таза пайдасы 9,37 млрд теңгені құрады (оның алдында 5,55 млрд теңге болатын).

Былтыр «Саутс-Ойл» АҚ Өген өзенінде қуаты 72 МВт-ты құрайтын гидроэлектростанция мен Түркістан облысында топтық су құбырын салу жобасы бойынша қытайлық Power Corporation of China (POWERCHINA) EPC команиясымен келісімге қол қойды. Жобаның алдын ала есептелген құны 148,7 млрд теңгені құрайды (келсімшарт жасасу күніндегі бағам бойынша 330 млн АҚШ долларынан асады).

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте