50 мың адамға шай бердік

30535

Биыл қаңтарда Алматы облысынан жеткізілген ең алғашқы киіз үй соғыстан ең қатты азап шеккен, Киев түбіндегі Буча қаласында тігілді

ФОТО: Ашық дереккөздерден

Ресей шабуылы кесірінен жылусыз, жарықсыз қалған қалада жұрт киіз үйде бой жылытып, жүрек жалғап, гаджетін қуаттандыра алады. Бүгінге дейін Украинада жеті қазақ үйі тігілген. Олар Буча, Киев, Львов, Одесса, Харьков, Днепр, Николаев қаласында. Осы бастаманы іске асырған ерікті, Украинада тұратын қазақ Марат Дәрменов пен оны қаржыландырған бизнесмен Дәулет Нұржановпен (рейтингте №42) әңгімелесіп, Қазақстаннан барған көмек жайлы сұрап-білдік.

F: Бұл жобаға қалай тап болдыңыз? Соғыс болып жатқан елде, нағыз ошағында ерікті болып жұмыс істеу қандай екен?

Марат Дәрменов: Мен жиырма жылдан бері осында тұрамын, Қызылорда қазағымын, Украина азаматымын. 1982 жылы үлкен ағам осында әскерге келіп, қалып қойған. Біз соның артынан келгенбіз. Қазір Дәрменовтер әулетінен отыз шақты адам бар. Соғыс басталғанда көп қазақ елге көшті. Басында этникалық қазақтың бәріне елшіліктен хат келді. Онда «этникалық қазақтардың елден шығуына құқығы бар, Қазақстанға қайтуды ойласаңыз құжатыңызды алып, елшілікке келіңіз» деп жазылған. Біздің де кетуге ниетіміз болды. Бірақ 18–60 жастағыларды әскерге жарамды болғаны үшін шекарадан жібермейді.

23 жастағы ұлым өз еркімен соғысқа барды. Аяғы жараланып, ауруханадан жатып шықты. Өзім байкермін, мотоцикл айдаймын.

Соғыс басталғанда көп адам жұмыссыз қалды. Көп досым қолына қару алып, соғысқа аттанды. Біздің қолымыздан келетіні ерікті болып, бір жағынан көмек беру. Гостомель, Буча, Ирпень деген жерлерге барып, қызмет етіп жүрдік. Азық-түлік, дәрі-дәрмек тасыдық. Ресей әскері бейбіт халықты жаппай қырған Буча 31 наурызда толық тазартылды. Содан кейін қалаға бізді кіргізді. Соның өзінде қала ішінде қозғалу өте қауіпті болды, көп жерге орыс әскері мина қойып кеткен. Біздің мақсатымыз адамдарды тамақтандыру болды. Әскерилер жүруге болатын жалғыз аяқ жолды көрсетеді, біз тек сол жерде ғана қозғала алдық. Орыс әскерінің не істеп кеткенін өз көзімізбен көріп, денеміз түршікті. Жанармай бекеттері, үйлерге бомба түсіп, жарылып кеткен, өртенген көліктер көшеде аударылып жатты. Солай соғыстан қатты зардап шеккен ауылдарға барып жүрдік. Соңғы рет қарашада барыппыз, одан кейін күн суытты. Сөйтіп жаңа жылдың алдында Қазақстаннан Дәулет Нұржанов деген кәсіпкер хабарласып, киіз үй туралы айтты. Оның ұсынысын қуана-­қуана қабылдадым. Ол кісімен тек телефон арқылы байланыстық, жүзбе-жүз кездесу әлі бұйырмады.

F: Қазақ киіз үйін украин халқы қалай қабылдады?

Марат Дәрменов: Кірген адамның бәрі бірінші шаңыраққа қарайды. Сосын жан-жағына айнала қарап, «қандай әдемі?!» деп таңданады. Сосын бірінші сөзі «сурет, видеоға түсіруге бола ма?» болады. Көбі басында киіз үйді сыртына, ішіне қарап, киелі жер деп ойлаған екен. Расында үй ақ киізден тігілген, неше түрлі әшекейлермен безендірілген, өте әдемі болды. Тіпті әр киіз үйде қазақтың әндері жазылған флешкасына дейін болды. Басында киіз үй тігудегі негізгі мақсатымыз соғыстан зардап шеккен, үйсіз, күйсіз қалған адамдарға уақытша пана жасау болды ғой. Үйдің ішінде жарық, тоқ тартатын генератор, интернет болды, тегін шай, кофе берілді. Мысалы, қалада жарық сөніп қалса, бізге келіп гаджетін қуаттап, жылынады. Бірақ одан бұрын киіз үй қазақ халқын танытатын көрнекі жерге айналды десек болады. Өйткені кірген адамның көбі Қазақстан туралы сұрап, қызығады. Байқағаным, көп украинның Қазақстанмен бір байланысы болып шығады, бірі «менің әжем сонда туып-өскен» десе, енді бірі «сол жақта әскерде болдым» дейді, тағы біреу құжатын көрсетіп, Қазақстанда туғанын айтады. Киіз үйге кіріп-­шыққан адамның бәрі «қазақ бауырларымызға рахмет» деп алғысын жазып кететін кітапша сұрайды. Сол үшін барлық киіз үйге сондай кітапша қойдым. Іші орысша, украинша алғысқа толды.

Марат Дәрменов
Марат Дәрменов
ФОТО: жеке мұрағаттан

F: Киіз үйге күніне қанша адам келді? Күні-түні жұмыс істеді ме?

Марат Дәрменов: Киевтегі үйге күніне 500–700 адамға дейін келді. Біз оны шай құятын ыдыспен есептеп жүрдік. Қаңтардың басында ашылғаннан наурыздың аяғына дейін Киевтегі киіз үйде шамамен 50 мың адамға шай беріппіз. Бірақ шай ішпейтіндері де болады. Көп жерде киіз үй сағат таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін ашық болды. Өйткені түнгі уақытта қалаларда коммендант сағаты болды. Негізі қалада толық блэкаут болса, күндіз-түні істер еді. Ал коммендант сағатында бәрі үйінде отыруы керек.

F: Қазір киіз үйлер жұмысын жалғастырып жатыр ма?

Марат Дәрменов: Барлығы жеті қалаға киіз үй тіктік. Қазір күн жылынған соң көбі жабық тұр. Тек әзірге Харьков қаласындағы киіз үй ашық. Өйткені қалаға шабуыл оқтын-­оқтын болып тұрады, жарық жиі сөніп қалады. Сондай кезде киіз үйде ине-шаншар жер қалмайды. Киіз үй тек сән үшін тұрған жоқ, нағыз мұқтаж адамдарға біраз көмегі тиді. Басында ашылған кезде палау, бауырсақ пісіріп, 400‑ден астам адамды тегін тамақтандырдық. Ол жер тыныш күндері мәдени орталыққа да айналды. Масленица мерекесінде құймақ пісіріліп, балалар ойнаған, үлкендер бандура деген аспабын алып келіп, ән шырқаған. Одан бос кезде балалар ойнайды. Оларға сурет салудан шеберлік сағаты өтеді. Үй ішінде еріктілер кезекке тұрып, жұмыс істеді. Басында бұл жұмысқа Қазақстанның тарихын білетін, қазақтар туралы сұрақ қойылса, жауап бере алатын адамдарды тартып жүрдік. Бірақ кей қалада ерікті болатын адамды әрең таптық.

F: Сонда Украинадағы қазақ диаспорасы болып қызмет жасадыңыздар ма? Елшіліктен көмек болды ма?

Марат Дәрменов: Киіз үй тігіп, бәрін ұйымдастырып жүргендер қазақтар екені рас. Бірақ диаспора деуге келмейтін шығар. Киевтің айналасында бұрыннан бері араласып тұратын 5–6 отбасы бар. Бұл іске бәріміз жұмыла кірістік. Киіз үйге дейін де соғыс болған аймақтарға барып, үйсіз қалған адамдарға тегін тамақ таратып, көмектесіп жүрдік. Сол үшін елдегі туыс, дос, таныстардан ақша түсіп тұрды. Ал киіз үй тігуде елшіліктен ресми көмек болмады. Тек Бучада болғанда елшілікте жұмыс істейтін азаматтар келіп, қол көмегін берді. Кейін киіз үйге достарын алып келіп, «мұндай үйде ата-бабамыз тұрған» деп таныстырып кететін.

F: Украинада киіз үй тігу ойы қайдан шықты?

Дәулет Нұржанов: Бұған дейін де Украинаға гуманитарлық көмек беріп жүрдік. Күздегі кезекті сапарымда Украина парламентінің депутаты Сергей Нагорнякпен кездесіп қалдым. Ол Украина-­Қазақ-стан парламентаралық достастық тобын басқарады. Сол кезде киіз үй тігу туралы идеяны Сергей Нагорняк салды. Ол киіз үйді Қазақстан-ға барғанда көріп, ұнатқан екен. Сол арқылы гуманитарлық көмек беруге болатынын айтты. Киевте жүргенде су, жарық жиі болмай қалып, қалай қиын болатынын өзім де көрдім. Елге келгенде сол жағдайды киіз үй арқылы сәл де болса жеңілдету туралы ой миымнан кетпеді.

Қазақ үшін киіз үйдің маңызы, рөлі зор. Киіз үйде тұрған адам жалғыздықты сезінбейді, оның ерекше энергетикасы бар. Оның үстіне соғыс болып, адам өліп жатқанда украин халқына моральдық қолдау өте қажет. Киіз үй арқылы оларға жылу сыйлауды шештім. Сол кезде Украинада мызғымастық пункттері ашылып жатты. Онда жылусыз, жарықсыз қалған тұрғындарға көмек беріледі. Ал киіз үй соған сәйкес келді.

F: Идеяны жүзеге асыруды неден бастадыңыз? Қанша шығын кетті?

Дәулет Нұржанов: Ең бірінші достарымның чатына жазып, киіз үй іздедім. Сонда біреу Qazaq yurt деген жобаны ұсынды. Сол жақтан 28 миллион теңгеге алты киіз үй сатып алдым. Расында, олар өте әдемі, әрі сапалы болды. Украинаға жіберер алдында әр киіз үйге қазақ әуенін орнату идеясы келді, сүйікті сазгер Асылбек Еңсеповтың орындауындағы туындыларды қосып салдым. Осының бәрін Украинада келістіретін қазақ Марат Дәрменовті тауып, жолымыз болып кетті. Киіз үй тіге алатын, ақкөңіл, ашық-жарқын қазақты тапқаныма қатты қуандым. Ол мен жіберген киіз үйлерден бөлек, басқа кәсіпкерлер салған тағы екі үйді тіккен. Бізді қолдаған және осы гуманитарлық жобаны жүзеге асыруға көмектескен қазақ диаспорасы мен жергілікті еріктілерге үлкен алғыс айтамын.

Дәулет Нұржанов
Дәулет Нұржанов
ФОТО: © Жанарбек Аманқұлов

F: Украинада қазақтар киіз үй тігіп жатыр деген хабар шыққан соң Ресей билігі тарапынан қарсылық болғанын естідік. Ресми Астана да осыдан кейін «біздің қатысымыз жоқ» деп ақталғаны бар. Тіпті АҚШ мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің өзі осы киіз үйлер үшін ризашылығын білдірген болатын. Осыдан кейін биліктегілердің тарапынан басқа әңгіме болды ма?

Дәулет Нұржанов: Елшіліктен осы жоба бойынша кеңес алғаннан басқа, бұған Қазақстан билігінің еш қатысы болмады. Бірақ расы керек, Ресейдің сырты істер өкілінің сөзінен кейінгі Қазақстан билігінің реакциясы мен үшін өте маңызды болды. Олардың бейтарап көзқараста екенін білгенде қуандым. Мұның өзі қолдау деп білемін. Маған бұл мәселе бойынша ешкім хабарласқан жоқ, қысым болған жоқ. Тек журналистер сұхбат беруімді сұрап, мазалады. Ал мен бұл туралы ең бірінші болып сіздерге жауап беріп отырмын.

F: Украинада ауылшаруашылық саласында кәсіп жүргізесіз. Қазақстан билігі ондағы соғысқа бейтарап қарайды. Ресей басқыншылығын айыптаған да жоқ, Украина позициясын толық қолдаған да жоқ. Мұның сіздер жүргізіп отырған бизнеске қандай да бір әсері болды ма?

Дәулет Нұржанов: Президент Тоқаев Украина аумағында жаңадан құрылған республикаларды мойындамайтынын ашық айтты. Осыдан-ақ көп нәрсені түсінуге болады деп ойлаймын. Десе де, Қазақстан азаматтарының көбісінің Ресей басқыншылығын қолдамауы көңілге демеу. Ал бизнес жүріп жатыр. Соғыстың кесірінен логистика және сату бойынша мәселелер болды. Егіс алқаптары азайды, соғысқа дейін өндірілген негізгі дақылдардың бірі — жүгері өсіру мүлде бәсеңдеп кетті.

Қазақстанның Ресеймен геосаяси, экономикалық тығыз байланысы бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны рас. Мұндай ажырамастай байланысқа жетуіне тәуелсіздік алғалы елімізді басқарып келе жатқан биліктің кінәсі бар, қаншама жылдар бойы іс жүзінде ештеңе істелмеді. Ендігі жерде экономикалық әртараптандыруға шұғыл көшуіміз керек деп есептеймін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить