50 Қазақстандағы ең дәулетті бизнесмендер - 2020

24856

2020 жылы қазақстандық кәсіпкерлерге қандай оқиғалар әсер етті

 

Әдіснама

Рейтинг құрамындағылар оларға тиесілі активтердің жиынтық құны негізінде бағаланды. Компанияларды бағалау салыстырмалы түрде «қарағанда кем емес» деген консервативті қағида бойынша жүргізілді. Лонг-тізімге 65 бизнесменнен астам адам енгізілді, ал шорт-тізімде жоғарыдағы 50-і іріктелді. Экономикалық секторларға қарай, компаниялар:

  • нарықтық капиталдануы, меншік капиталы негізінде;
  • дисконтталған ақша ағыны (discounted cash flow) бойынша;
  • қосылу/жұту келісімдері бойынша немесе / P/E не P/S коэффициенттерін қолдана отырып (бұлар компанияның нарықтық капиталдануының таза кіріске не пайдаға қатынасын көрсетеді);
  • EV/EBITDA мультипликаторлары бойынша бағаланды.

Биыл біз жаһандық Forbes үшін жаңа, бірақ мейлінше консервативті ұстанымды қолданғанды дұрыс көрдік, егер компаниялар қаржылық есептерін жария етпесе, бағалау көрсеткіші 10%-ға төмендетіледі.

Рейтинг үшін бастапқы мәліметтер бұқаралық көздерден және рейтингке қатысушылар ұсынған қаржылық ақпараттардан жасақталды. Түпкілікті баға ықшамдалған. Рейтинг құрамындағылардың дәулет байлығының көлемі – оған қатысушылардың меншік ауқымына берілген тек сарапшылар мен журналистердің өз бағасы: бұл бағалауды ресми ақапарт ретінде қолдануға болмайды.

Рейтингтегілердің жасы 2020 жылдың 1 қазанына сай көрсетілді.

   1. Владимир Ким

$4 100 000 000
Металдар, қаржы / 59

Владимир Кимнің дәулет байлығы былтырдан бері 300 млн АҚШ долларына кеміген, әйтсе де ол Forbes сомдаған әйгілі топ-500 әлемдік тізімінде әлі де бар: бірақ былтырғы 424-ші орыннан 494-ші орынға ығысқан.

2020 жылдың 14 қыркүйегіндегі жағдайға сай Лондон қор биржасында (LSE) KAZ Minerals PLC компаниясы (В. Ким ірі акционері болып табылады) акцияларының бағасы 587 пенске жеткен (2019 жылдың сәйкес кезеңінде акция құны 450 пенс болған). 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында түсім 991 млн АҚШ долларын құраған (2019 жылдың алты айында – 1052 млн АҚШ доллары), EBITDA – 559 млн АҚШ доллары (сәйкесінше 620 млн АҚШ доллары). Айтқандай, 2017 жылы мыс-
тың бағасы біртіндеп өсе бастағанымен, 2020 жылы әлем бойынша 11%-ға дейін құлдырап кетті. Себеп: пандемия салдарында сұраныс азайған. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айының нәтижелерін жария еткен компания, мыс сату ауқымын 2%-ға ұлғайтып, алтын сатудан түскен түсімді 16%-ға арттыру негізінде азайған сұраныстың орнын толтыратынын мәлім етті.

2020 жылдың ақпанындағы қаржы есебінде KAZ Minerals PLC компаниясының 3%-дан кем емес үлесіне ие акционерлері қатарында Владимир Ким мен Олег Новачуктан өзге, 4,73% үлесімен Кипрдің Aristus Holdings Limited компаниясы және 3,01% үлеспен ресейлік бизнесмен Максим Воробьев көрсетілген. Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары өз мәліметтерінде Aristus Holdings Limited мажоритары деп Роман Абрамовичке сілтеме жасайды. 2019 жылдың наурызында KAZ Minerals PLС Абрамовичтен Чукоткадағы Баим жобасын 900 млн АҚШ долларына сатып алған болатын: төлем ақшалай және акциялар түрінде жасалды. Жобаның капиталды шығындары шамамен 5 млрд АҚШ доллары деп бағалануда.

Компания мәліметінше, коронавирус пандемиясы салдарында Ақтоғай ІІ жобасының капиталды шығындарын азайтуға тура келген. Бұл жоба 2021 жылдың соңында іске қосылуы тиіс-тін. 2020 жылға белгіленген шығындар көлемі 300–350 млн АҚШ доллары төңірегінде. Бастапқыда 400 млн АҚШ доллары деп жоспарланған болатын. 2019 жылдың соңында Ақтоғай ІІ жобасының капиталды шығындары 663 млн АҚШ долларын құраған. Жалпылай алғанда бұл жобаға 1,2 млрд АҚШ доллары инвестицияланбақ.

Владимир Ким KAZ Minerals PLC компаниясының 31,60%-не, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің 70%-не, сондай-ақ «Bank RBK» және «Қазақалтын» акционерлік қоғамдарының мажоритарлық үлесіне ие.
KAZ Minerals PLC директорлар кеңесінің мүшесі, «Kazakhmys Holding» ЖШС-нің президенті.


   2. Тимур Құлыбаев

$2 900 000 000
Тарапталған бизнес / 54

2020 жылдың тамыз айының соңында S&P Global Ratings агенттігі британдық Nostrum Oil&Gas Plc компаниясының (мұнда Тимур Құлыбаевтың үлесі бар) өтеу мерзімі 2025 жылға белгіленген басымдық облигацияларын шығару рейтингін СС деңгейінен D деңгейіне дейін төмендетті. Себеп: проценттік сыйақылардың төленбеуі.

Эмитенттің кредит рейтингі SD (selective default) деңгейінде мақұлданған. Өз кезегінде Nostrum Oil&Gas PLC, облигациялар бойынша проценттік сыйақы төлеу үшін 30 күндік жеңілдік кезеңін пайдалану туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Алайда рейтинг тағайындаушы агенттік жеңілдік кезеңінде проценттік сыйақы төленбейтінін болжап отыр, өйткені компания өзінің борыш міндеттемелеріне қатысты талаптарды тоқтату жөніндегі келісімге қол қоюға ниет білдіруде.

Nostrum Oil&Gas Plc-дің басты активі Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев кен орны (оператор компания – «Жайықмұнай» ЖШС). Компания есебінде: 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында EBITDА 38,7 млн АҚШ долларын (2019 жылдың алты айында – 110,2 млн АҚШ доллары), түсім – 92,6 млн АҚШ долларын (сәйкесінше 174,2 млн АҚШ доллары) құрады делінген. 2020 жылдың 30 маусымындағы жағдайға шаққанда компанияның таза қарыз көрсеткіші 1063,9 млн АҚШ долларын құраған.

2020 жылдың мамырында TAV Airports түрік компаниясы серіктесі VPE Capital консорциумымен бірлесіп, «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының 100% акциясын сатып алу жөніндегі келісімге қол қойды. Келісім сомасы – 415 млн АҚШ доллары. 2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай Алматы әуежайына тиесілі меншік капиталы 78,7 млрд теңгені (184 млн АҚШ доллары төңірегінде), таза пайда – 2,35 млрд теңгені құрады. Ал әуежай құрылымына кіретін «Алматы ЗТО» ЖШС, бенефициары Тимур Құлыбаев болып табылатын «Joint Technologies» АҚ иелігіне өтті. Айта кету керек, «Алматы ЗТО» серіктестігі құрамында бетондалған алаңның бөлігімен бірге (перрон және тұрақ орны), құрылысы аяқталмаған жолаушы терминалы және жалпы аумағы 14,3 га болатын жер телімі бар.

Бизнесмен «Кипрос» ЖШС, «Joint Resourсes» АҚ және «Каспий мұнай» АҚ сынды компаниялардың 100%-на иелік етеді. Сол сияқты сингапурлық Steppe Capital Pte Ltd, Nostrum Oil&Gas Plc, «Қазазот» АҚ компанияларында оның мажориталық үлесі бар. Жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге пара-пар жағдайда «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ-на иелік етеді.

Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасын және Дүниежүзілік мұнай кеңесінің (World Petroleum Council) Қазақстандағы ұлттық комитетін басқарады. Ресейлік «Газпром» трансұлттық энергетикалық компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі.


   2. Динара Құлыбаева

$2 900 000 000
Тарапталған бизнес / 53

2020 жылдың тамызында «Қазақстан Халық банкі» АҚ (Динара Құлыбаева жұбайымен бірге тең дәрежеде 64,5% қарапайым акция-
ларына иелік етеді) «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның (акцияларының 50%-на «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, 50%-на «Самұрық-
Энерго» АҚ ие) барлық валюталық міндетемелерін жалпылай алғанда 100 млрд теңге сомасында қайта қаржыландырғаны белгілі болды. ГРЭС өкілдерінің айтуынша, аталған мәміле компанияға валюталық тәуекелдердің алдын алуға, сыйақы мөлшерлемесін белгілеуге және кепілге қойылған мүліктерді толығымен босатуға мүмкіндік берген. Бұл жыл сайынғы ілеспе шығындарды 1 млрд теңгеден астам сомада оңтайландыруға ықпал етуі тиіс.

2020 жылдың 12 қыркүйегіндегі жағдайға сай Лондон қор биржасында Халық банкінің жаһандық депозитарлық қолхатының (GDR) құны 11,8 АҚШ долларын құрады. Бұл былтырғы жылдың 14 қыркүйегіндегі 13,3 АҚШ долларынан 13% төмен көрсеткіш. LSE мәліметтері бойынша, соңғы бес жылда GDR құнының шекті көрсеткіші 2020 жылдың 15 ақпанында орын алған – 16,35 АҚШ доллары. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес банктің нарықтық капитализациясы 2,66 млрд фунт стерлингті құраған (шамамен 3,43 млрд АҚШ доллары).

2020 жылдың 1 шілдесіне сай банк активтері 9,34 трлн теңгені құрап (Қазақстан банктері активтерінің жалпы сомасының 32,7%-ы), былтырғы жылмен салыстырғанда 7%-ға өскен. Меншік капиталы 1,4 трлн теңгені құраған (шамамен 3,3 млрд АҚШ доллары). Банк құрамында жалпылай алғанда 17 еншілес кәсіпорын бар, оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан, Грузиядағы аттас банктер және Ресейдегі «Москоммерцбанк» ЖШҚ мен Өзбекстандағы Tenge Bank. Банк, сондай-ақ Қазақстандағы Altyn Bank-тің 40%-на (бұрынғы «HSBC Банк Қазақстан» АҚ) иелік етеді. Қалған 60%-ы Қытайдың China International Trust and Investment Corporation ұлттық корпорациясының еншісінде.

Динара Құлыбаева Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қорының бірден-бір құрылтайшысы. Қор құрамында «Astana IT University» ЖШС (2019 жылы Еxpo нысандары базасында ашылды), «Инновация-
лық және ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС, «Private Сlinic Almaty» ЖШС бар. Қор, сондай-ақ «SOS Қазақстанның балалар ауылы» ұйымы құрылтайшыларының бірі.


   4. Болат Өтемұратов

$2 800 000 000
Тарапталған бизнес / 62

2020 жылдың тамызында ForteBank құрылымында болған Kassa Nova банкі Freedom Holding Corp. компаниясына шамамен 41 млн АҚШ доллары деген бағамен сатылғаны мәлім болды. Жыл соңында Kassa Nova «Freedom Finance» акционерлік қоғамының еншілесі атанбақ. Бүгінгі таңда сатып алушы алдын ала 4,3 млн АҚШ долларын төлеп қойған. Бұдан бөлек Болат Өтемұратовтан 2,4 млн АҚШ долларына Kassa Nova банкінің басымдық акциялары да сатып алынған. Банк негізі 2009 жылы қаланды, бүгінде еліміздің тоғыз қаласында 9 бөлімшесі бар. 2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, Kassa Nova активтері 118,4 млрд теңгені құрады.

Freedom Holding Corp. инвестициялық компаниясының бірден-бір жалғыз иесі – ресейлік бизнесмен Тимур Турлов.

Өтемұратов 87,27%-на иелік ететін «ForteBank» АҚ активтері 2020 жылдың шілде айының басында 1,9 трлн теңгені құрады. Бұл Қазақстан банктерінің активтері бойынша «Сбербанк» АҚ ЕБ және «Халық банктен» кейінгі үшінші орын. ForteBank-тің меншік капиталы 236,3 млрд теңгені құрады.

Өтемұратов Glencore Plc. транс-ұлттық компаниясының 1,16%-на иелік етеді. Бизнесмен «Верный Капитал» тобы арқылы «КаР-Тел» ЖШС-ның 25%-на және «Sky Mobile» ЖШҚ-ның 49,9%-на («Билайнның» Қазақстан мен Қырғызстандағы байланыс операторлары), алтын өндіруші RG Gold компаниясының 65%-на, Нұр-Сұлтандағы, Вена мен Мәскеудегі Ritz-Carlton отельдеріне, Ақмола облысындағы Rixos Borovoe отеліне (100%), Қазақстандағы Burger King франшизасына, Global Development девелопер компаниясына, Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайындағы, Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық интернет порталындағы (100%), «31 канал» ТРК-дегі (80%), Video International Kazakhstan медиажарнама нарығы операторындағы (50%) үлестеріне бақылау жасайды. Оған қазақстандық «Media Management Systems» ЖШС және «Direct Technology Company» ЖШС компанияларының 100%-ы тікелей тиесілі.

Болат Өтемұратов өзімен аттас қайырымдылық қорының құрылтайшысы.


   5. Алиджан Ибрагимов

$900 000 000
Металдар / 67

Алиджан Ибрагимов 20,7%-на ие (40% – ҚР үкіметінде) Eurasian Resources Group (ERG) биыл көктемде «ВТБ Банкі» БАҚ-мен арадағы қолданыстағы келісімге түзету енгізіп, 350 млн АҚШ долларына дейін қосымша транш жөніндегі келісімге қол қойды. 2017 жылы бұл топтың ВТБ Банкі алдындағы негізгі берешегі 3 млрд АҚШ доллары шамасында болатын, бірақ 2018 жылы ERG – ВТБ, Ресей Сбербанкі және ҚДБ алдындағы өз берешегін 2 млрд доллар көлемінде жапты. Сол кезде ERG ВТБ-мен арада 1,7 млрд доллар жөнінде жаңа келісім жасасты. 2019 жылдың желтоқсанында ВТБ 1,7 млрд доллар түріндегі қарызды қайтару құқын Кипр юрисдикциясындағы өзінің RCB Bank LTD деп аталатын еншілес компаниясына табыстады.

Бизнесмен, сондай-ақ International Mineral Resources II B.V. (IMR) акцияларының 33,3%-на, «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ-ның (Еуразиялық банк, «Еуразия» СҚ) 33%-на, «Еуразиялық өнеркәсіптік компания» АҚ-ның 33%-на және «Еуразиялық өндірістік компания» АҚ-ның 33%-на иелік етеді.


   6. Кеңес Рақышев

$890 000 000
Тарапталған бизнес / 41

Кеңес Рақышев «Fincraft» Инвестициялық Үйі» АҚ (Бұрынғы «БТА Секьюритиз» АҚ) 50%-на, «Fincraft Resources» ЖШС (бұрынғы SAT & Company) 95,85%-на, «Fincraft Group» ЖШС (бұрынғы «Novacom Corporation» ЖШС) 100%-на иелік етеді, сол сияқты «Standard сақтандыру компаниясында» өз үлесі бар және акциялары Nasdaq биржасында саудаға шыққан NetElement финтех-компаниясында 18,3% үлесі бар.

Бұрын бизнесмен «БТА Банк» АҚ-ның 98,19%-на иелік етті. 2015 жылдан БТА Банк лицензиясынан айырылды, бірақ Қырғызстан, Беларусь және Украинадағы аттас банктеріне иелік етіп келді. 2019 жылы Қырғызстандағы «БТА Банк» ЖАҚ-ның 93,21%-ы сатылып, «БТА Москва» ЖШҚ-ның еншілес компаниясы тіркелді. 2020 жылдың маусымында «БТА Банк» АҚ-ның 29%-ы жарғылық капиталға жарна ретінде «Fincraft Group» серіктестігіне табыс етілді, ал 68,79%-ы меншік құқығынсыз сенімді басқаруға берілді.

Рақышев – «Fincraft Resources» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. «Атамекен» ҰКП «Қазақстанның жас кәсіпкерлері қоғамдастығы» президиумының төрағасы.


7. Беловичтер отбасы

$690 000 000
Құрылыс, девелопмент

«Базис-А» корпорациясының негізін қалаған Александр Белович ұлы Павел екеуі «Базис-А» құрылыс компаниясының меншік иесі. Бұл отбасының, сондай-ақ Торонтода (Канада) тіркелген Bazis International Inc компаниясында үлесі бар.

Forbes Kazakhstan әзірлеген 2019 жылғы ең ірі рантьелер рейтингіне жүгінсек, корпорация басқаруындағы нысандардың коммерциялық жалпы аумағы 77 000 текше метрді құрайды, кіріс көрсеткіші, шамамен 5,55 млрд теңге. Олардың арасында: Алматыдағы «Нұрлы Тау» бизнес орталығы, «Легур» БО; Q БО, Q-2 БО, Нұр-Сұлтандағы «На Водно-зеленом бульваре» БО, Millenium БО бар.

KazakhExport ақпараты бойынша, аталған топтың Өзбекстанда да жобалары бар, олардың құны 78 млрд теңге сомасында (207 млн АҚШ доллары шамасында). Бұл топқа экспорттық сақтандыру компаниясы қолдау көрсетіп отыр.

Александр Белович – «Базис-А» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Павел Белович – басқарма төрағасы.


   8. Вячеслав Ким

$639 000 000
Тарапталған бизнес / 51

Вячеслав Ким «Kaspi.kz» АҚ-ның 36%-на және «Алсеко» АҚ-ның 90%-на иелік етеді.

«Kaspi.kz» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Magnum-ның бақылаушылар кеңесінің төрағасы, «Алсеко» АҚ-ның бақылау кеңесінің мүшесі.

 

   9. Рашит Сәрсенов

$632 000 000
Тарапталған бизнес / 71

Рашит Сарсенов «Нұрбанк» АҚ акцияларының 90,31%-на («JPFinance Group LLP» ЖШС және «Кастинг» ЖШС арқылы), «Виктория» сақтандыру компаниясының 100%-на және Helios жанармай станциялары желісіне иелік етеді.

Павлодарда бизнесменнің KSP Steel және «Кастинг» зауыттарында үлестері бар, Ақтауда – шыны талшықты құбырлар зауытына және Caspian Riviera отеліне иелік етеді, Ақтөбеде – алтын өндіруші кеніш «AltynEx Company» АҚ-на ие.

Оның сыртында, Сәрсеновтің меншігінде Түркістан облысындағы Chateau Silk Alley шырын жасау кешені, Vita ауыз суын өндіріп, таратушы компания, «Француз үйі», Beautymania, Imperial Home, «Планета красоты» сауда желілері, «Новое поколение» газеті, «Дибек» сәйгүлік клубы, Каспий қоғамдық университеті мен Алматы құрылыс және менеджмент колледжі бар.

«Виктория» сақтандыру компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы.


   10. Қайрат Боранбаев

$519 000 000
Тарапталған бизнес / 54

Қайрат Боранбаев Қазақстандағы, Ресей мен Беларусьтегі McDonald’s франчайзиі болып табылады. Оның иелігінде «Алмалы» активтерді басқару компаниясы» ЖШС, «Кемикал» Қазақстан Мұнай-химия Компаниясы» ЖШС, «Алекс» ЖШС («Алекс-Сарыағаш» минералды суы) бар, сондай-ақ меншігіндегі «КазТурбоРемонт» холдинг компаниясы» ЖШС арқылы «Phystech II» АҚ мұнай компаниясында да үлесі бар.

Сол сияқты, бизнесмен меншігінде Алматыдағы Aparking ақылы тұрақтарын басқаратын «RR2» ЖШС, Fitnation фитнес клубтар желісі, «Рахат Палас» және Comfort Hotel Astana отельдері бар, ол, сондай-ақ Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығының 50%-на, Esentai Tower бизнес орталығының 50%-на иелік етеді және Алматыдағы «Алмалы» сауда үйінде, Латвиядағы Jurmala Golf Club & Hotel-інде үлестері бар.

Ресей миллиардері Виктор Харитонинмен және тағы екі серіктесімен бірлесе «НеоТекФарм» ЖШС меншік иесі болып табылады, оның құрамында «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бар.

«Алмалы» холдингінің президенті.


   11. Айдын Рақымбаев

$514 000 000
Құрылыс / 48

Айдын Рақымбаев BI Group құрылыс холдингінің құрылтайшысы, директорлар кеңесінің төрағасы және бақылаушы акционері. Ол, сондай-ақ Chocofamily Holding акцияларының 10%-на тікелей иелік етеді.

2020 жылдың сәуірінде BI Group, коронавирус пандемиясы аясында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қолға алынған модульдік госпитальдар құрылысын 20 күннің ішінде аяқтап, қолданысқа берді. Маусым айында дәл осындай мерзім аралығында Шымкентте де госпиталь салынды. Бұл үш госпиталь құрылысына мемлекеттік бюджеттен жалпылай алғанда 14 млрд теңге шамасында қаржы бөлінді. YPO Kazakhstan мүшесі.


   12. Нұрлан Смағұлов

$490 000 000
Авторетейл, машина жасау, девелопмент / 55

Нұрлан Смағұлов – «Астана Групп» холдингінің бірден-бір жалғыз меншік иесі әрі президенті. Топ құрамында «Астана Моторс» компаниясы (Қазақстан нарығында 13 автокөлік брендін ұсынушы, Алматыдағы Hyundai, МАЗ және Golden Dragon коммерциялық көлік техникасын жинау кәсіпорны да қосылады), MEGA ойын-сауық сауда орталығы желісі (Алматыдағы MEGA Alma-Ata және MEGA Park, астанадағы MEGA Silk Way) және «Алматы» қонақ үйі бар.


   13. Данияр Әбілғазин

$432 000 000
Тарапталған бизнес / 50

Данияр Әбілғазин отбасының Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуші «Petrosun» ЖШС, «Автогаз Трэйд» ЖШС (көлікке газ құю бекеттері желісі), «Sinooil» ЖШС, «Prime case» ЖШС («ҚазМұнайГаз» жанармай бекеттері желісі) серіктестерінде үлесі бар.

Отбасының, сондай-ақ «Mercury Service Company» ЖШС-да үлесі бар, бұл серіктестік арқылы олар «Petroleum» ЖШС, «Премиум Ойл Транс» ЖШС, «Ертіс сервис» ЖШС, «Batys Petroleum» ЖШС компанияларын басқарады.

Отбасына тиесілі үлестер Алматыдағы Viled Group, Saks Fifth Avenue және Code de vie парфюмерлік-косметикалық дүкендер желісінде де бар. ADD Invest Properties компаниясы арқылы Динара және Тимур Құлыбаевтармен бірлесіп (рейтингте екеуі де 2 орында) астанадағы Keruen city Astana, Keruen, Talan Towers ойын-сауық сауда орталықтарын, «Тұран 18» бизнес орталығын, Атыраудағы Baizaar mall және Keruen city Aktobe сауда орталықтарын басқарады.

Данияр Әбілғазин – «Атамекен» ҰКП мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы.


   14. Еркін Тәтішев

$400 000 000
Тарапталған бизнес / 44

Еркін Тәтішев – Kusto Group мажоритариі. Бұл топтың Қазақстанда, Қытайда, Канадада, Грузияда, Израильде, Ресейде, Сингапурда, Вьетнамда, Украинада активтері бар. Жыл басында Kusto Group сиыр етін өндіретін Tуson Foods америкалық компаниясымен серіктесіп, Алматы облысында қуат көрсеткіші жылына 500 мың бас ірі қара етін өндіру мүмкіндігі бар ет комбинатының болашақ құрылысы туралы мәлім етті (жобаның бағалық құны 300 млн АҚШ доллары).

Бизнесмен United Minerals Group Limited компаниясының бақылау пакетіне ие, оның құрамында «Қостанай минералдары» АҚ және «Оренбургские минералы» ААҚ, бар; ол, сондай-ақ Цинандалидегі (Грузия) Radisson Collection отелінің 50%-на ие.

Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы.


   15. Александр Клебанов

$374 000 000
Тарапталған бизнес / 57

Александр Клебанов «ОАОЭК» АҚ-ның 50%-на иелік етеді, бұл компания арқылы оның «ОАЭК» АҚ, «Каустик» АҚ, «Павлодар Водоканал-Северный» ЖШС, «Астана-БЕО» ЖШС компанияларында үлестері бар.

Оның сыртында, бизнесмен «ОАОЭК Инвест» ТИАИҚ» АҚ-ның 19,24%-на иелік етеді

«ОАОЭК» АҚ және «ОАЭК» АҚ компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы.


   16. Сейітжановтар отбасы

$349 000 000
Мұнай, құрылыс, қонақ үй бизнесі

Сейітжановтар отбасының меншігінде «Оңтүстік» ҚСӨК бар, бұл корпорация арқылы олар «Саутс Ойл» ЖШС мұнай компаниясының 57,16%-ын, Smart-Oil бұрғылау компаниясын, «Стандарт Цемент» зауытын, «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС, «КАС-бетон» ЖШС, «Ақ-жол ТрансСервис» ЖШС (транспорт және складтау), «Стандарт Ресурсис» ЖШС сынды серіктестіктерді басқарады, «Standard Petroleum&Co» ЖШС сауда компаниясында және Talas Investment Company цианидтер зауытында үлестері бар.

Сол сияқты, бұл отбасының меншігінде Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan, Satti Zhol жанармай бекеті желісі,

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы мен Инновациялық-технологиялық колледжі бар.
Серікжан Сейітжанов – «Оңтүстік» ҚСӨК, «Саутс Ойл» ЖШС, «Talap Investment Company» ЖШС төрағасы


   17. Олег Новачук

$287 000 000
Тарапталған бизнес/ 49

Олег Новачук – KAZ Minerals PLС компаниясының басқарма төрағасы және Владимир Кимнен (рейтингте №1) кейінгі екінші ірі акционері (үлесі 7,65%). Бірінші жарты жылдықта компанияның түсім көрсеткіші 991 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы 1052 АҚШ долларынан 5,7% төмен деген сөз. Лондон металл биржасында мыстың орташа бағасы 11%-ға төмендеп кетті. Компания мыс сату ауқымын 2%-ға ұлғайтып, алтын сатудан түскен түсімді 16%-ға арттыру негізінде азайған сұраныстың орнын толтырмақ. Компанияның EBITDA көрсеткіші 559 млн долларды құрады, бұл маржаның 56%-на тең (былтыр бірінші жарты жылдықта: сәйкесінше 620 млн доллар және 59%).

Бизнесмен, сондай-ақ «Agricole» ЖШС 100%-на (Алматы облысындағы май өндіруші кәсіпорын) ие және оның меншігінде «ХайдроТекМеталс» ЖШС (Павлодар облысындағы көмір жағудан қалған күлді кешендік өңдеу және кремнезем, глинозем, темір концентратын шығару) үлесі бар.


   18. Ғалымжан Есенов

$285 000 000
Қаржы, фосфориттер / 38

Ғалымжан Есенов – «АТФБанк» АҚ-ның 99,7%-на иелік ететін KNG Finance холдингінің жалғыз құрылтайшысы. 2020 жылдың шілдесіне сай банк актив ауқымы бойынша Қазақстан банктері арасында алтыншы орында тұрды (1,36 трлн теңге). АТФБанк құрылымында, сондай-ақ: Қырғызстандағы «Оптима Банк», Шымкент сыра қайнату зауыты, инкассациялық «Төбет Group» ЖШС және «АТФ Проект» ЖШС бар.

Есенов минералды тыңайтқыштар шығаратын «Қазфосфат» ірі өндіріс компаниясының 100%-на ие және құм өндіруші «Разрез Приозерный» Қазақ-Ресей компаниясында» үлесі бар.

Бизнесмен «АТФБанк» АҚ және «Альянс Полис» СК директорлар кеңесінің төрағасы, «KNG Finance» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. YPO Kazakhstan мүшесі.


   19. Сергей Кан

$269 000 000
Тарапталған бизнес/ 52

Сергей Кан тең негізде Александр Клебановпен (рейтингте №15) бірге «ОАОЭК» АҚ-на және Яков Клебановпен (рейтингте №41) серіктестік негізде «Circle Maritime Invest» АҚ кеме иеленуші компаниясының 50%-на иелік етеді. «Circle Maritime Invest» АҚ арқылы Rixos Almaty («Solis ltd» ЖШС) отелінде үлесі бар.

«ОАОЭК» АҚ, «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. «ҚазЭнергоөнеркәсіптік ҒЗЖІ институты» АҚ президентінің кеңесшісі, «Каспиан оффшор констракшн» ЖШС атқарушы директоры, Circle Maritime Invest президенті, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.


   19. Нұрәлі Әлиев

$269 000 000
Тарапталған бизнес / 35

Нұрәлі Әлиев – инвестициялық «Capital Holding» ЖШС иесі, «Транстелеком» АҚ акционері және директорлар кеңесінің төрағасы, Darmen Holding және Nd Capital венчурлық қорының акционері.

Zhanartu қайырымдылық қоры мен халықаралық Snow Leopard Foundation қорының құрылтайшысы.


   21. Эдуард Ким

$231 000 000
Ретейл / 55

Эдуард Ким «Technodom Оperator» АҚ құрылтайшысы әрі иесі, оның құрамына Қырғызстандағы осы аттас компания да кіреді. Сол сияқты, оның «Технодом Сервис» ЖШС компаниясында үлесі бар.

 

   22. Эдуард Огай

$228 000 000
Металдар / 50

Эдуард Огай «Қазақмыс Корпорациясының» 30%-на тікелей иелік етеді, сол сияқты, «Қазақалтын» АҚ-да 19%, «Қаражыра» АҚ-да 20,1% үлесі бар.

Биыл маусымда бизнесмен «KazakhmysCopper» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды, бұл компания Нидерландыда тіркелген KCC B.V. арқылы 2018 жылдан бері «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС құрылтайшысы болып табылады. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы.


   23. Владислав Ким

$226 000 000
Металдар / 45

Владислав Ким былтыр KAZ Minerals PLC компаниясындағы өз үлесін 6,89%-дан 2,9%-ға дейін азайтты.

Ол, сондай-ақ «Лафонда Қазақстан» ЖШС (жылжымайтын мүлікті басқару, жалға беру – Алматы), «Энигма Инвест» ЖШС (көкөніс, тұқым өсіру – Алматы облысының Шонжы ауылы), «КазМясо» ЖШС және «Жаңа Ақтасты» ЖШС (ірі қара мал өсіру – Алматы облысы) компанияларында үлеске ие.


   24. Мұқашевтар отбасы

$225 000 000
ТКМК, девелопмент

Мұқашевтар отбасы Rio Tinto Group тобымен бірлесе Ирандағы Сары Гүней алтын кен орнын игеріп жатқан Zar Kuh Mining Company-дің мажоритарлық үлесіне ие.

Бұл отбасы Eurasia RED девелопер компаниясына иелік етеді. Компания портфелінде «Апорт» сауда орталығы желісі және SAT Business БО бар.

Мұқашевтар меншігінде, сондай-ақ: «Agro Land Co» ЖШС, «EMC» ЖШС, «ЕМС Plus» ЖШС, «Hawaii Аквапарк» ЖШС, «Funky World» ЖШС, «Жаубасар Security» ЖШС бар.


   25. Бақытбек Байсейітов

$211 000 000
Банктер, инвестициялар, мұнай сервисі / 62

Мамырда Бақытбек Байсейітов «ЦентрКредит Банкі» АҚ дауыс беруші акцияларының үлесін 47,9%-дан 50,7%-ға арттырды. Акциялар былтыр өткізілген активтер сапасын бағалау нәтижесі (AQR) бойынша банкті қосымша капиталдандырудан кейін сатып алынды. Тамыз айында банк акциялары Astana International Exchange (AIX) саудасына шығарылды. 2020 жылдың 1 маусымына сай ЦентрКредит актив көлемі бойынша Қазақстан банктері арасында бесінші орында болды – 1,64 трлн теңге (былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10% жоғары).

Байсейітов меншігінде «Orient Invest Group» АҚ-ның 100%-ы (оның құрамында «Orient Real Estate» ЖШС және «Art-Commerse» ЖШС бар), сондай-ақ Orient Invest Limited ағылшын компаниясы, «Green Invest» ТИАИҚ» АҚ-ның (құрамында Green Finance, Green Project Management, Nomad Project Management бар) 74%-ы бар.

Бизнесмен Caspian Services Inc. мұнай сервис компаниясының 88%-на, «Petrogaz AG» ЖШС, «Finproject» ЖШС компанияларына иелік етеді және «Ембімұнайгаз» ЖШС, «Future Capital Management» ЖШС, «International Jet Tour» ЖШС компанияларында үлестері бар.

«ЦентрКредит Банк» АҚ директорлар кеңесінің және бақылау кеңесінің төрағасы, ҚР банктері қауымдастығының президенті, «Атамекен» қаржы-өнеркәсіп тобы басқармасының төрағасы, «Банки Казахстана» журналының тең құрылтайшысы.


   26. Айдан Кәрібжанов

$201 000 000
Инвестициялар, жел энергетикасы / 48

Айдан Кәрібжанов – Шоқпар, Софиев, Арқалық жел электр станцияларына иелік ететін «Visor Kazakhstan» ЖШС құрылтайшысы.

Бизнесмен, сондай-ақ China Power International Holding Limited компаниясымен серіктесіп Жамбыл облысындағы Жаңатас жел электр станциясын салып жатқан дубайлық Visor Inernational DMCC компаниясының иесі.

Waterford International Holdings Ltd арқылы «Теңіз Сервис» ЖШС-да, Виргин аралдарында тіркелген Visor Investment Services Ltd арқылы іQ-Solutions және iQS Engineering ІT-компанияларында үлестері бар.

«Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі.


   27. Александр Гарбер

$181 000 000
Ретейл / 58

Александр Гарбер – Қазақстандағы Magnum Cash&Carry ірі бөлшек сауда желісінің негізін қалаған. Жыл басында бизнесмен «Magnum Cash&Carry» ЖШС акционерлері құрамынан шықты (бүгінде жалғыз қатысушысы «Caspian Trading Investment Co. Ltd еншілес компаниясы» ЖШС).

Қазақстан мен Қырғызстанда жұмыс істейтін дистрибьютерлік «Прима Дистрибьюшн» серіктестігінің бақылаушы иесі. Оның, сондай-ақ шай өндіруші «Tea House» қазақ-үнді компаниясында үлесі бар.


   28. Қанат Көпбаев

$174 000 000
Тарапталған бизнес / 44

Қанат Көпбаев – Еркін Тәтішевтің (рейтингте №14) және Дәулет Нұржановтың (сәйкесінше №31) Kusto Group бойынша серіктесі. Бұл топтың Қазақстанда, Ресейде, Вьетнамда, Қытайда, Таиландта, Украинда, Түркияда, Грузияда, Израильде активтері бар.

Қазақстанда Kusto Group компаниясына «ҚазПетролГрупп» АҚ, Compas жанармай бекеттері желісі, «Щучинск сүт зауыты» ЖШС және «KazGrain Feeders» ЖШС-да үлесі бар «KazBeef Group» ЖШС, сол сияқты Eurasian Resources Group компаниясымен Павлодарда бірлесе салып жатқан «KazCenosphere’s» ЖШС тиесілі.

Kusto Group PTE Ltd. Басқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі.


   29. Владимир Джуманбаев

$171 000 000
Металдар / 47

Владимир Джуманбаевқа «Алтыналмас» АҚ акцияларының 30%-ы және «Қаражыра» АҚ акцияларының 20%-ы тиесілі.

Сонымен қатар, ол Ақтөбе облысындағы Бенқала кен орнында темір өндіріп жатқан «VertexHolding» ЖШС меншік иесі. Бұл компанияның Қырғызстандағы Жамгыр кенішінде алтын өндіретін Vertex Gold Company-де 18% үлесі бар.

2006 жылдан 2018 жылға дейін «Қазақмыс Корпорациясында» қаржы-экономикалық мәселелер және корпоративтік дамыту жөнінде вице-төраға, Шығыс Қазақстан бойынша басқарушы директор, коммерциялық директор, стратегиялық даму бойынша директор қызметтерін атқарды.

«Алтыналмас» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақмыс Холдингі» ЖШС директорлар кеңесінің мүшесі және отын-энергетикалық кешенін басқару жөніндегі директоры


   30. Серік Төлбасы

$170 000 000
Құрылыс, девелопмент / 55

Серік Төлбасы TS Development компаниясының иесі және директорлар кеңесінің төрағасы.

Dostyk Plaza және Shymkent Plaza сауда орталықтарының, Алматы мен Шымкенттегі CINEMAX кинотеатрларының, «Көксу Инвест» инвестициялық компаниясының меншік иесі.

Бизнесменге, сондай-ақ «TS Project Systems» ЖШС, «Start Time» ЖШС қаржы компаниялары және жарнамамен айналысатын «Smart Technologies Solutions» ЖШС тиесілі.


   31. Дәулет Нұржанов

$169 000 000
Тарапталған бизнес / 48

Дәулет Нұржанов – Еркін Тәтішев (рейтингте №14) пен Қанат Көпбаевтың (сәйкесінше №28) Kusto Group бойынша серіктесі.

2012 жылы Украинада құрылған Kusto Agro жетекшісі. Агротоп Винница, Житомир, Хмельницкий облыстарында орныққан. Қызмет бағыттары: агрофарминг, трейдинг және логистика. Украиндық БАҚ келтірген мәліметтер бойынша, 2019 жылдың сәуірінде компания AgroGeneration украин холдингі құрамына енген «Аграрный фонд Терещенко» кәсіпорнын, «Лещинское» ЖШБ серіктестігін сатып алып, жер банкін 24 000 гектарға дейін ұлғайтты. Нұржанов топтың Қазақстандағы ауыл шаруа-
шылық бизнесін басқарады.

Kusto Group басқармасының мүшесі, Kusto Agro бас директоры.


   32. Алмас Сұлтанғазин

$165 000 000
Ретейл, ИТ / 56

Алмас Сұлтанғазинға тұрмыс техникасын және электроника сатумен айналысатын Sulpak, Alser сауда желілерінің мажоритарлық үлесі тиесілі.

Сонымен қатар, оның «Sulpak Cinema» ЖШС-да үлесі бар. Warner Bros, Universal және Paramount Pictures халықаралық компанияларының Қазақстандағы өкілі.

Бизнесменнің электроника жеткізуші «ST Networks» ЖШС, «High Tech Commerce» ЖШС компанияларында және ABE MediaGroup жарнама агенттігіндегі үлестері бар.


   33. Бауыржан Исабаев

$164 000 000
Құрылыс / 47

Бауыржан Исабаев – Айдын Рақымбаев (рейтингте №11) және Асхат Омаровпен (сәйкесінше №40) серіктесіп BI Group құрылыс холдингінің тең иесі және тең құрылтайшысы. BI Construction, BI Road Construction бақылау кеңесінің төрағасы, BI Group директорлар кеңесінің мүшесі.


   34. Яков Цхай

$163 000 000
Тарапталған бизнес / 69

Яков Цхай – «Достар» компаниялар тобының иегері. Топ құрылымында: «Достар-Строй» Компаниясы», «Достар-Инвест», «Достар-Коммерц», «Жетісу шарап зауыты», «DostarFreshMarket» ЖШС, «Достар Агро Өнім» Компаниясы» және басқалары бар.

Бизнесменге «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ акцияларының 2,79%-ы, «Mercury Properties» серіктестігінің 5%-ы (негізгі акционері Тимур Құлыбаев, рейтингте 2 орында), Promenade сауда орталығының 50%-ы тиесілі. Сол сияқты FORUM Almaty сауда орталығында, «Агрофирма «Dinara-Ranch» ЖШС, «Agro-Food» ЖШС және т.б. үлесі бар.

«Қазақ мұнай және газ институты» АҚ 50%-на иелік етеді. Оның құрамында: «Казгипронефтетранс» Инжиниринг компаниясы» ЖШС, «Болашақ-Атырау» ЖШС және өзге де 10-нан астам компания бар.

«Достар Компаниясы» ЖШС президенті.


   35. Анатолий Балушкин

$153 000 000
Авторетейл, машина жасау / 50

Анатолий Балушкин – «Азия Авто» АҚ және «БИПЭК Авто Қазақстан» АҚ бақылаушы акционері. «БИПЭК Авто Қазақстан» құрылымына «Азия Авто Қазақстан» АҚ 75%-ы (25% бұғаттау пакеті + бір акциямен «АвтоВАЗ» иелік етеді, Ресей), ресейлік «Азия Авто Усть-Каменогорск» ЖШҚ, «Азия Авто Сибирь» (сауда), «БИПЭК» (жылжымайтын мүлікті басқару), «Р-Моторс Лада» (қосалқы бөлшектер сату және жылжымайтын мүлікті жалға беру) және Кемеров облысындағы Барнаул, Новокузнецк, Новосибирск, Омск, Челябинск пен Қорған облысындағы Шадринскідегі алты сауда компаниясы енеді. «Азия Авто» АҚ құрамында Өскемендегі көлік құрастыру зауыты, 15 өңірлік бөлімше және үш шетелдік өкілдік бар (Мәскеуде, Тольяттиде, Прагада).

2020 жылдың шілдесінде компаниялар тобы Өскеменде толық циклді автоөндіріс құрылысының жаңа кестесі бекітілгенін жария етті. Ол дәнекерлеу және бояу жұмыстарын іске қосуды қамтамасыз етуі тиіс. Ағымдағы кезеңде «БИПЭК Авто – Азия Авто» холдингі жобаға 74 млн доллар өз қаражатын инвестициялап отыр.

Балушкин – «БИПЭК Авто – Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы.


   36. Қайрат Мәжібаев

$148 000 000
FMCG, инвестициялар / 52

Биыл Қайрат Мәжібаев «RESMI Инвестициялық қаржы үйі» АҚ-дағы өзіне тиесілі үлесін сатып, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанда еншілестері бар «RG Brands» ЖШС компаниясындағы үлесін 62,04%-дан 96,65%-ға ұлғайтты.

Resmi Group директорлар кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҰКП президиумы сауда комитетінің төрағасы.


   37. Нұрлан Бизақов

$145 000 000
Спорт сәйгүліктері / 56

Виргин аралдарында тіркелген Swansea Enterprises Corporation басқарушы компаниясы арқылы Нұрлан Бизақов Шығыс Сассексте (Ұлыбритания) орналасқан Hesmonds Stud жылқы зауытына иелік етеді. Былтыр ол Нормандиядағы (Франция) Haras de Montfort & Preaux асыл тұқымды зауытын сатып алды.

Дәулет байлығын Бизақов Қазақстандағы және Қырғызстандағы бизнесі негізінде жинай алды, 2007–2009 жылдары ол: «Қазфосфат» ЖШС-дағы (фосфор өнеркәсібі), «Сүмбе инвест» АҚ-дағы (жер қойнауын игеру, мұнай өнімдері) және «Summer Gold» ЖШҚ-дағы (алтын кен орны) үлестерін сатып жіберді. Әр жылдары ол Қазкоммерцбанк директорлар кеңесінің мүшесі, «ШНОС» ААҚ басқарма төрағасы, Нефтебанк құрылтайшысы болды.


   38. Сержан Жұмашов

$143 000 000
Құрылыс, девелопмент / 53

Сержан Жұмашов – түрік бизнесмені Бурак Ойменмен серіктестік негізде Capital Partners девелопер компаниясының мажоритарлы иесі болып табылады.

Қайрат Боранбаевпен серіктесіп (рейтингте №10) Esentai Mall сауда орталығында, Esentai Tower бизнес орталығында үлеске ие.

Оның, сондай-ақ «Ренессанс Атырау» және «Ренессанс Ақтау» отельдерінде, French Bakery наубайхана және мейрамхана желілерінде үлестері бар.


   39. Дінмұхамет Ыдырысов

$125 000 000
Тарапталған бизнес / 55

Дінмұхамет Ыдырысов – «Ордабасы» басқарушы компаниясының құрылтайшысы және бақылаушы иесі.

Оған Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» энергетикалық компаниясы тиесілі.

Бизнесмен мен оның отбасы меншігінде «ҚазАзот» ЖШС, «Үшқұю» ЖШС (бұрынғы «Аңсаған Петролеум» АҚ), «Ақтөбе мұнай бұрғылау зауыты» АҚ үлестері бар.

Ыдырысов – «Қазақстанның коммуналдық желілері» ЖШС және «Ordabasy Group» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы.


   40. Асхат Омаров

$123 000 000
Құрылыс / 47

Асхат Омаров – Айдын Рақымбаевпен (рейтингте №11) және Бауыржан Исабаевпен (сәйкесінше 33) серіктестік негізде BI Group құрылыс холдингінің тең иесі болып табылады.

BI Group директорлар кеңесінің мүшесі.

 

   41. Яков Клебанов

$119 000 000
Тарапталған бизнес / 36

Александр Клебановтың (рейтингте №15) ұлы Яков, Сергей Канмен бірге (сәйкесінше №19) қазақстандық Circle Maritime Invest кеме қатынасы компаниясына иелік етеді. Компанияның Әзірбайжанда және Түрікменстанда бөлімшелері бар.

Сол сияқты, Circle Maritime Invest арқылы бизнесмен Rixos Almaty отелі («Solist Ltd» ЖШС) құрылтайшыларының бірі.

Оған, сондай-ақ ресейлік миллиардер Василий Анисимовпен серіктестік негізде Degevol UK LTD компаниясының (Англияда тіркелген) 49%-ы тиесілі. Британдық Degevol UK LTD уран және молибден өндіретін Степногорск тау-кен химия комбинатының 40%-на иелік етеді.

Яков Клебановқа құрылыс жобаларын әзірлеу жөніндегі «Prime Business» ЖШС, «Global Advisers» ЖШС үлесі және жылжымайтын мүлік басқарушы «Теңіз Star» компаниясы тиесілі.


   42. Ерлік Балфанбаев

$107 000 000
Құрылыс материалдары / 56

Ерлік Балфанбаев – Alina Group көп салалы холдингінің құрылтайшысы, оның құрамында: Alina өнеркәсіптік тобы (AlinEX, AlinaPaint, «НАШИ», «Батыр», G-EX брендтері), «Домовой» еден жабындары орталықтарының желісі, үйге және бақшаға арналған тауарлардың DOMSAD электронды гипермаркеті, қазақстандық Doctor Green экологиялық тұрмыс химиясы бренді бар.

Балфанбаевқа Алматы маңындағы «Ой-Қарағай – Лесная сказка» тау шаңғысы курорты тиесілі.

Alina Group тобының президенті.


   43. Марат Сәрсенов

$103 000 000
Транспорт / 53

Марат Сәрсеновтың «Исткомтранс» ЖШС темір жол операторында мажоритарлы үлесі бар. 2019 жылдың сәуірінде компания жалпылай алғанда 1 млн АҚШ доллары сомасындағы өз еурооблигацияларының бір бөлігін сатып алатынын хабарлады. Құнды қағаздар 2013 жылы шығарылып, Лондон қор биржасы тізіміне енгізілді. «Исткомтранс» меншігінде және лизингінде 12 000-нан астам вагон бар, вагондардың шығарылғанына 10 жыл бола қойған жоқ. Биыл мамыр айында ЕҚҚДБ жаңа жоба тұжырымдамасын қарауға алды, бұл жоба аясында компания жеті жылға 24 млн доллар кредит алатын болды.

Сонымен қатар, Сәрсенов «Будан» ЖШС (дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіру) 100%-на, «Продресурс» ЖШС және «Тоболтранс» ЖШС (транспортты-экспедициялық қызметтер) компанияларына ие.

«Исткомтранс» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы.


   44. Сайдулла Қожабаев

$99 000 000
Машина жасау / 61

Сайдулла Қожабаев – Қазақстандағы жетекші электротехникалық компаниялар тобы Alageum Group құрылтайшысысы және жалғыз акционері. Оның құрылымында: «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформаторлық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты және Шымкенттегі жоғары кернеулі трансформаторлық құрылғы өндіруші AsiaTrafo зауыты бар.

Бизнесмен Alageum Group бақылау кеңесінің төрағасы.


   45. Бахаридин Аблазимов

$89 000 000
Мұнай және газ / 51

Бахаридин Аблазимовке «ҚазАзот» ЖШС (Қазақстанда аммиак және аммиак селитрасын шығаратын жалғыз кәсіпорын) 15%-ы тиесілі, бұл тұрғыда оның серіктестері: Тимур Құлыбаев (рейтингте №2), Дінмұхамет Ыдырысов (сәйкесінше №39) және Ержан Достыбаев.

Бизнесмен, сондай-ақ «Матен Петролеум» АҚ-ның 5%-на, «Үшқұю» АҚ-ның («Аңсаған Петролеум» ЖШС) 30%-на иелік етеді, сол сияқты, «ТриасМұнайГаз» ЖШС, «KazAeroSpace» ЖШС, «Petro Chemical Company» ЖШС және «Sunrise Development» ЖШС компанияларында үлестері бар.


   46. Берік Қаниев

$88 000 000
Мұнай сервисі, металдар / 50

Берік Қаниев – Lancaster Group акционері. Топ құрамында «ЕР САЙ Каспиан Контрактор» мұнай сервисі компаниялары, SITEK Caspian, DSL Caspian, «Жандиг-С» ЖШС, сондай-ақ «РТС Деко» ЖШС (сыртқы жарнама нарығындағы жетекші JCDecaux француз компаниясымен бірге), Tin One Mining (бұрынғы «Сырымбет» АҚ) тау-кен компаниясы, логистикалық Caspian Jibek Joly, Lancaster Invest басқарушы инвестициялық компания-
сы және Abdi Ibrahim Global Pharm фармацевтикалық компаниясы (Abdi Ibrahim түрік компаниясымен бірге), «Васильевское» Тау-кен металлургия компаниясы» ЖШС бар.

Lancaster Group Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі және YPO Kazakhstan мүшесі.


   47. Қаныбековтар отбасы

$86 000 000
Мұнай, авиатасымал

Қаныбековтар отбасы Сейітжановтар отбасымен (рейтингте №16) серіктестік негізде «Petro Asia» АҚ арқылы «Саутс Ойл» ЖШС мұнай компаниясының 39,17%-на иелік етеді.

Сол сияқты, Қаныбековтарға «Sky Logistics Service» ЖШС тиесілі, бұл компания арқылы олар «Евро-Азия Эйр» АҚ авиакомпаниясының (2017 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-дан жекешеленділген) 100%-на иелік етеді.

Бұл отбасына, сондай-ақ «Нимэкс-Транс» ЖШС, «Әлем-Капитал» кредит серіктестігі және «South Petroleum» ЖШС тиесілі.


   48. Юрий Пак

$82 000 000
Мұнай сервисі, металдар / 50

Юрий Пак – Lancaster Group-тың 25%-на ие. Бұл топтың мұнай сервисіндегі жетекші компания Ersai Caspian Contractor БК-да, «Жандиг-С» ЖШС, «DSL Caspian» ЖШС, «TinOneMining» ЖШС, «Sitek Caspian» ЖШС сынды компанияларда үлесі бар.

Бизнесменнің Қарағанды облысындағы Жатырбұлақ кенішінде өндірілетін рудадан алтын сілтілеу учаскесінде, «Бөке» геологиялық барлау компаниясында және «Васильевское» тау-кен металлургия компаниясында үлестері бар.

Ersai Caspian Contractor директорлар кеңесінің төрағасы.


   49. Қаппаровтар отбасы

$80 000 000
Тарапталған бизнес

Ұлы Нұрсұлтанмен бірге Гаухар Қаппарованың Lancaster Group тобында өз үлестері бар. Бұл топқа «ЕР САЙ Каспиан Контрактор» мұнай сервисі компаниясы, SITEK Caspian, DSL Caspian (мұнай сервисі), «РТС Деко» (JCDecaux француз компаниясымен бірге), Tin One Mining тау-кен компаниясы («Сырымбет» АҚ), логистикалық Senko-Lancaster Silk Road Logistics (жапондық Senko-мен бірлесіп), Lancaster Invest инвестициялық басқару компаниясы және фармацевтикалық Abdi Ibrahim Global Pharm компаниясы кіреді (Abdi Ibrahim түрік компаниясымен бірге).

Бұдан бөлек Гаухар Қаппарова «G and G Гламур» ЖШС, «Fashion Trio» ЖШС сынды бренд киімдер дистрибьютерінде үлеске ие, сол сияқты «Green production» ЖШС (шикі мұнай өндіру) және «Mountain Breeze» ЖШС (қонақ үй қызметтері) компанияларында да үлестері бар.


   50. Алмас Мыңбаев

$79 000 000
Сақтандыру, фосфориттер / 46

Алмас Мыңбаев Nomad Life және Nomad Insurance сақтандыру компанияларының иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.

Ақтөбе облысындағы Шилісай фосфат кенішін игеріп жатқан Sunkar Resources Plc компаниясына иелік етеді. Sunkar Resources тобына «Темір-Сервис» ЖШС және Chilisai Chemicals кіреді.

Бизнесменге, сондай-ақ «Bloomzed.kz» ЖШС (төлем жүйелері сервисі) 50%-ы тиесілі.

Nomad Life және Nomad Insurance директорлар кеңесінің төрағасы.


Рейтинг редакторы: Ардақ Букеева

Авторлар: Әйгерім Тілеубаева, Арайлым Әуелбекова, Батырхан Тоғайбаев

Рейтинг Grant Thornton және RSM Qazaqstan Advisor аудиторлық-консалтинг компанияларының көмегімен әзірленді.

Фотосуретшілер: Андрей Лунин, Талғат Ғалымов, Вадим Соловьев, Сергей Астрелин, Роман Дементьев, Никита Басов, Валерий Аяпов, Виталий Фесков, Елена Сорокина, Владимир Шаповалов, Тимур Эпов, Юрий Олейников және баспасөз қызметтері архиві.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить