Несие тарихыңызға мұқият болыңыз

Банктерге несие тарихы туралы сұрап қоңырау шалатындар көп. Несие бойынша төлемді бір апта кешіктірсем несие тарихым бүліне ма? Несие тарихымды қайдан біле аламын? Тіпті, несие тарихы деген не өзі деп сұрайтындар да бар. Несие тарихы дегеннің не екенін білсе де, оған мән бермейтіндер де көп

Фото: sovetclub.ru

Жақында республика аумағында жүгізілген зерттеуге қатысқандардың  43 пайызы ғана «несие тарихы туралы толық білеміз» деп жауап берген. Қалғандары... Солардың бірі –менің Арман досым. Былтыр несие алған. Табысы болғанымен, сәл ұқыпсыздау. Несиені төлеу мерізімі келгенде ақшасы болса да төлемей жүре беруі мүмкін. Уақытында төлесеңші деген ескертуге, әй, қойшы соны, алғанымды кешіктірсем де төлесем болды емес па, деп қолды бір сілтейді. Ылғи кешіктіріп барып төлейді. Өткенде қоңырау шалып, несие алайын десем, бермеді, былтырғы кешіктірулер әсер еткен болуы керек, уақытымен төлеу керек еді деп мұңайған. Енді «қара тізімнен» шығудың амалын іздеп жүр. Біреулерге ақша берсем  де сол тізімнен құтылсам, тез арада несие керек дейді. Амал не, таным-түсінігіміз солай. Несие талаптарына сай емес інімізге, досымыз бен көршімізге өз атымыздан несие рәсімдеп беріп, оның артынан қайтаршы деп жүгіріп жүру де бізге таңсық емес. Алғанын қайтарар-ау, бірақ несие тарихымыз, басқа біреудің кесірінен бүлініп жатыр. Кейде басқаларға алып беріп, қайтарылмаған несиенің салдарынан сотқа дейін барғандар қаншама?!

Несие тарихы деген не?

Несие тарихы өмірбаян сияқты. Несиені алғаннан бастап, қайтарған күнге дейінгі аралықтағы барлық әрекетіңіз жазылады.  Оның ішінде несиенің ай сайынғы төлем уақытын кешіктірген, кешіктірмегеніңіз, кешіктірсеңіз, неше күн кешіктіргеніңіз немесе несиені қайтарып-қайтармағаныңыз т.б ақпараттар бар. Бұл ақпаратты сіз несие алған банк мәліметтер базасына жинап, Бірінші несие бюросына жібереді.  Кейін несие алу қажет болып, бұрынғы немесе басқа банкке барсаңыз, менеджер Бірінші несие бюросынан рұқсатыңызбен несие тарихыңызды сұратады. Несие бюросы банкке бұрынғы несиеңіз бойынша толық ақпаратты жібереді. Егер бұрынғы несиеңізді кешіктірген немесе мүлдем төлемеген, банк алдында борышкер болсаңыз, банк несие бермеу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Иә, мүмкін. Ол туралы сәл кейінірек.

Егер бұрынғы несиеңізді кешіктірмей, уақытында төлеп, банк алдында қарыз болмасаңыз несие тарихыңыз да кіршіксіз деген сөз. Мұндай жағдайда несиені қайта  алуға мүмкіндігіңіз бар.

Несие тарихын тексеріңіз

Өзіңіздің ғана емес, басқалардың кінәсінен де сіздің несие тарихыңыз бұрыс болып шығуы мүмкін. Өткенде бір танысым кеңес сұрап қоңырау шалады. Несие тарихын тексертсе, банктердің біріне 5 млн.теңге несие қарыз деген анықтама беріпті. Анықтай келе, бірінші бетте ол туралы, екінші бетте онымен фамилиялас адамның мәліметтері жазылған екен. Тек ЖБН (ИИН) бөлек. Қате ақпараттық салдарынан несие тарихына өзі алмаған несие туралы жазылыпты.

Жақында тағы бір танысымның оқиғасын естідім.  Ол  3 жыл бұрын банктердің бірінен несие алып, уақытында толық қайтарған. Соңғы төлем жасаған күні, болды төлеп біттім деп рахаттанып үйіне қайтқан. Күндердің күні банктің проблемалық несиелер бөлімінен қоңырау шалып, соңғы 3 айдың несиесін қайтаруды талап етіпті. Анықтай келе, несие төлемін жасап жүрген пошта қызметкерлерінің кінәсінан 3 айлық төлем жетпеген. Салдарынан танысымның несие тарихы бүлінді. Екі оқиға да несие алушының кінәсі жоқ. Бірі несие бюросының қате ақпараты, бірі пошта қызметкерінің кінәсінан болған.  Екеуі де, амал жоқ, несие тарихын тазарту үшін біраз уақыттарын жұмсады.  Несие бюросына келіп жатқан ақпараттар көлемі өте көп. Бұл банктер, сақтандырушы және лизингтік компаниялардан түсіп жатқан ақпарат сапасына әсер ететіні сөзсіз.  Бұл ретте техникалық қиындықтар да бар болуы мүмкін. Сондықтан, несие тарихыңызды міндетті түрде тексеріп тұрыңыз.

Несие тарихын қалай тексеруге болады?

Қазақстанда несие тарихын үйден шықпай-ақ интернет арқылы білуге болады. Мұның бірнеше тәсілі бар. Электрондық-сандық қолтаңба (ЭЦҚ) және банктің төлем картасы болса, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы несие есебін алуға болады. Мұны жылына бір рет тегін, сол жылы қайта алсаңыз, әр алған сайын 400 теңге +100 теңге банктік комиссия төлейсіз. Сондай-ақ, www.myth.kz порталы мен Бірінші несие бюросының www.1cb.kz сайтынан да алуға болады.  

Сондай-ақ, есепті Бірінші несие бюросынан: Алматы,  Самал-3 ш.а, 25 үй немесе Мемлекеттік несие бюросының кеңсесінен: Алматы,  Абай даңғылы,  10а, «A&F» БО алуға болады. Астаналықтар  - Мирзоян к, 25 немесе Республика даңғылы, 43 мекен-жайындағы ХҚО-нан ала-алады.

Егер алыс өңірде тұрып, интернет қолжетімді болмаса, Бірінші несие бюросы мен Мемлекеттік несие бюросына пошта арқылы жеке куәліктің нотариуспен бекітілген көшірмесі мен несие тарихы туралы есепті беру туралы өтініш хат жіберіп алуға болады.

Несие есебінде не жазылады?

Бірінші несие бюросында жеке тұлғаларға бұрынғы және ағымдағы несие бойынша: несие алу күні, қайтару күні мен сомасы, төлемнің толық кестесі бойынша жеке есеп береді. Есеп парақшасын алған соң, несиеңіз туралы өзіңіз білетін деректермен мұқият салыстырыңыз. Егер несие тарихыңыздағы ақпараттармен келіспесеңіз, деректер ақпараттар базасына енгізілген 15 жұмыс күні ішінде жоққа шығаруға құқығының бар. Ол үшін сол деректі жіберген банкке немесе несие бюросына несиенің уақытында төленгенін дәлелдейтін түбіртекті қосып, өтініш жазу қажет. Тексеру кезінде сіздің әрекетіңіз дұрыс болса, несие тарихы түзетіледі.

Банктерден түскен несие тарихының уақытына мән беріңіз. Мүмкін арасында «сіз алмаған» несие туралы ақпарат бар шығар? Есеп қағазында «Стандартты несие» дәрежесі тұрса, онда ақпаратты беру кезінде қарыз несиеңіз жоқ деген сөз. Бірақ, «Соңғы 24 айдағы төлем тәртібі» бөліміне  мән беруді ұмытпаңыз. Мұнда төлем мерізімі кешіктірілген несиелердің күні, сомасы, «Кешіктірілген несиенің шекті сомасы» бөлігінде және «Кешіктірілген несиелердің шекті күні» бөлігінде несие қайтарылғанға дейінгі уақыттағы мәліметтер тұрады. Банктер несие тарихын 15 күнде бір рет жаңартатынын ұмытпаңыз.  Егер, өз кінәңізден «қара тізім» деп аталып кеткендер қатарында болсаңыз, оны түзеймін деп Бірінші несие бюросына жүгінудің қажеті жоқ. БНБ банктер берген ақпараттарды өңдеп, сақтайды, өтініш бойынша банктерге немесе жеке адамдарға береді. Ал, несие тарихын өшіру, түзету, өзгеріс енгізу туралы шешімді олар қабылдамайды. Өйткені бұл ақпараттары БНБ-на қаржы ұйымдары беретінін ұмытпаңыз.

Несие тарихым нашар болса не істеймін?

Нашар несие тарихы – бітті, енді өмір бойы несие ала-алмайсың деген сөз емес. Банктер клиенттерінің несие тарихын көре алады және несие беру кезіндегі тәуекелді өздерінше бағалайды. Кейбір банктер несие тарихында сәл кемшілік болса, несие бермеуі мүмкін. Кейбір банктер бұрынғы несиеңізде бірнеше рет кешіктіріп, бірақ, кейін мерізімінде жауып, басқа банктердегі шағын тұтынушылық несиеңізді уақытымен төлеген болсаңыз,  несие картаңызда қарыз болмаса, сенім білдіруі мүмкін. Бірақ, бұл ретте несие талаптары қатаң болатынын ұымтпаңыз. Банк несие тарихы нашар тұтынушыға несие беріп, тәуекелге барып отыр, сондықтан несие пайызы жоғары, мерзімі қысқа немесе кепілзат талап етуі мүмкін.

Несие тарихының болашағы

Қазірше Қазақстанда бүлінген несие тарихының арқасында қайта несие ала-алмауға ғана болады. Ал, Америкада несие тарихыңыз бүлінсе жұмысқа тұра алмауыңыз немесе жалға пәтер ала-алмайсыз. Мұның Қазақстанға да келуі мүмкін. Сонымен қатар, таяу келешекте несие тарихына шағын несие ұйымдары мен ұялы байланыс операторлары, коммуналдық қызмет ұсынушылардың да ақпараты енгізілуі мүмкін.  Олар қазір де телефонды өшіріп, шетелге шығармай тастай алатын мүмкіндігі бар. Бірақ, Doing Business рейтингінде мемлекетіміздің көрсеткішін өсіру үшін бұл талаптар енгізілуі керек.

Өмірдегі келеңсіздіктердің өмірбаянымызға түспегенін қалаймыз. Кері әсері болуы мүмкін. Несие алған соң да несие тарихыңыз кіршіксіз болуы үшін келеңсіздікті болдырмауға тырсыңыз. Ол үшін бар болғаны банк алдындағы міндетті уақытымен, келісім-шарт аясында мұқият орындау ғана жеткілікті. Несие тарихыңыз таза болсын! 

FЕсли вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Об авторе


«Kaspi Bank» АҚ баспасөз хатшысы

 

Статистика

12203
просмотра
 
 
Загрузка...