Қазақстанда әлі де болса «сақтандырылмау» сипаты байқалуда

63078

«Қазақстанда сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы орташа әлемдік деңгейден төрт есе төмен» деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары

ФОТО: © Depositphotos/AndrewLozovyi

ҚҚҚ талдау орталығы оқырман назарына 2023 жылғы І тоқсандағы Қазақстанның сақтандыру нарығына қатысты кезекті шолуын ұсынады.

Кезең бойынша негізгі тенденциялар

Естеріңізге сала кетсек, сақтандыру компанияларының 2023 жылдың І тоқсанының нәтижелері бойынша есептілігі алғаш рет ХҚЕС 17 (Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары) «Сақтандыру шарттары» талаптарына сәйкес әзірленді.

Күтілетін ақша ағындарын бағалаудан болжамдыға көшудегі қиындықтарға орай, ҚР Ұлттық Банкі сайтында жария етілген сақтандыру секторының 2023 жылдың І тоқсаны бойынша көрсеткіштері алдын ала мәлімет болып табылады және де ол жарты жылдың қорытынды есебін әзірлеу кезінде қайта қаралады деп сеніммен айта аламыз.

2023 жылдың І тоқсаны бойынша сақтандыру компанияларының активтері 6,5%-ға, яғни 2 200,9 млрд теңгеге дейін өсті (2022 ж. І тоқсанына шаққанда +4,4%): негізінен, бағалы қағаздар көлемінің (+3%), ақша және салымдар (+22,4%) мен қайта сақтандыру бойынша активтер (+33,1%) көлемінің ұлғаюы есебінен.

Сектор міндеттемелері 3,5%-ға, яғни 1 199,2 млрд теңгеге дейін өсті (2022 ж. І тоқсанына шаққанда +7,7%), оның ішінде сақтандыру өтемінің қалған бөлігі бойынша міндеттемелердің артуы (+2,6%) және РЕПО операциялары көлемінің өсуі (+12,6%) мен туындаған залалдар бойынша міндеттемелердің ұлғаюы (+4,1%) есебінен де.

2023 жылдың І тоқсанында сектордың сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 23,9%-ға, яғни 287,4 млрд теңгеге дейін өсті, бұл – жалпы сақтандырумен айналысатын компаниялар (ЖСК) мен өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) сыйлықақыларының бірдей дерлік өсуі негізінде қамтамасыз етілді: ЖСК сыйлықақыларының өсімі +23,1%, ӨСК бойынша көрсеткіш +25,5%.

Жалпылай алғанда, ЖСК сыйлықақыларының ұлғаюы автокөлікті ерікті сақтандырумен (+2,7 есе), ал ӨСК сыйлықақыларының ұлғаюы зейнетақы аннуитетін сақтандыруымен (+67,6%) байланысты.

2023 ж. І тоқсанында төлемдердің 36,9%-ға өсуін, негізінен, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі (АҚЖ) төлемдерімен (+41,1%), жалпы сақтандыруға жатқызылатын мүлікті сақтандыру төлемдерімен (+46,9%), сондай-ақ ӨСК тарапынан қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру төлемдерімен (+2,5 есе) түсіндіруге болады.

Аталған кезең аралығында сақтандыру секторының таза кірісі 57,1%-ға, яғни 46,0 млрд теңгеге дейін артты, бұған сақтандыру қызметінен түсетін кірістердің айтарлықтай өсуі (+51,1%) септік етті, өз кезегінде, бұл кіріс – аквизициялық шығындар (+62%) мен сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру шығындары (+52,3%) есебінен және шетел валютасын теріс қайта бағалау (-2,7 есе) негізінде ішінара теңесіп, реттелді.

ҚР сақтандыру нарығы бәсекеге мейлінше қабілетті деңгейде қалуда деп мәлімдеуге толық негіз бар (Херфиндаль–Хиршман индексі – 0,1). Бірақ, сонымен қатар, сектор активтерінің 67,0%-ы нарық ішіндегі негізгі 6 ойыншыға (26 ойыншы арасынан) тиесілі екенін де айта кету керек.

2023–2024 жылдары саланы цифрландыру (иншуртех, рагтех) есебінен сақтандыру сыйлықақылары көлемінің одан әрі өсуі көрініс беруі мүмкін, бұл тұрғыда төлемдер де әрі қарай ұлғаюы ықтимал – жоғары инфляцияның жалғасуы мен эндогендік және экзогендік тәуекелдер аясында.

Кезең бойынша қысқаша түйін

Елеулі экономикалық өсім (4,9%) мен жоғары инфляциядан (16,8%) өзге, сақтандыру секторының барлық негізгі көрсеткіштерінің ұлғаюы өткен жылғы төмен базамен (қаңтар оқиғасы) және оларды қалыптастыру әдістемесінің өзгеруімен (ХҚЕС 17-ге көшу) байланысты болуы мүмкін.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен сақтандыру компаниялары сақтандыру өнімдерін диверсификациялау жолында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанына қарамастан, сақтандыру сыйлықақыларының 67,5%-ы және сақтандыру төлемдерінің 70,3%-ы бұрынғысынша мүлікті сақтандыру мен автокөлік және автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру сыйлықақыларына, өмірді сақтандыру мен зейнетақы аннуитеті бойынша сыйлықақыларға тиесілі болып отыр.

Ұлттық статистикалық бюро мәліметтері бойынша, 2023 жылдың І тоқсанында елімізде тіркелген автомобиль саны 71,5%-ға өскен, ал тұрғын үйді сатып алу және сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,0 есе төмендеген. Бұл тұрғыда автокөлік құралдарына қатысты сақтандыру сыйлықақыларының өсуі сандық сипатқа ие деп болжауға болады, ал мүлікті сақтандыру бойынша сыйлықақылар тұрғын үй бағасының өсуі есебінен өскен болуы мүмкін (2022 ж. наурызға шаққанда, 2023 ж. наурыздағы жаңа тұрғын үй көрсеткіші +9,3%).

Осы арада айта кетсек, 2023 жылғы І тоқсандағы сақтандыру төлемдерінің көлемі, негізінен, сақтандыру жағдайлары санының ұлғаюы есебінен өскен (+35,4%), ал орташа сақтандыру төлемінің сомасы іс жүзінде өзгерген жоқ: 2022 жылғы І тоқсандағы 185,9 мың теңгеге қарағанда 188.

Сонымен қатар, Қазақстанда әлі де болса «сақтандырылмау» сипаты кеңінен байқалуда: еліміздегі еңбекке қабілетті тұрғындардың барлығы дерлік қандай да бір жолмен сақтандырылғанына қарамастан, сақтандыру қызметтерінің енуі әлі де болса төмен деңгейде қалып отыр. 2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша сақтандыру компаниялары активтерінің ЖІӨ-ге қатынасы 2,17%-ды (АҚШ-та 58,7%, Бразилияда 17,2%, Түркияда 5,7%), сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы – 0,79%-ды (әлем бойынша орташа көрсеткіш 2,9%) құрады.

2023–2024 жылдары сақтандыру саласын дамытуда елімізде цифрландыруға әрі қарай баса назар аударылмақ: иншуртех (сатуды кеңейту үшін онлайн-сервистер мен маркетплейстер), регтех (икемді тарифтерді әзірлеу үшін деректерді талдау) және суптех (ҚНРДА тарапынан реттеуді жетілдіру) түрінде. Бұл – COVID-19 пандемиясы мен Түркиядағы жер сілкінісі сынды өзге де залалдардан кейін халық үшін сақтандырудың маңыздылығын арттыру мен таяу болашақта сақтандыру секторының белсенді түрде дамуына ықпал етпек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить