Раиса Қадыр: Қазақстанның кітап нарығын Ресей еншілеп отыр

25736

Раиса Қадыр – қазақ оқырманына қазақша жарық көрген Жоан Роулиңтің әйгілі «Хәрри Поттер» кітаптарын ұсынушы ретінде танылған Steppe & World баспасының негізін қалаушы

ФОТО: © Данияр Асылбек

Мамандығы саясаттанушы-қаржыгер бола тұра, Моңғолиядан атамекенге қазақ тілінде кітап шығару арманын арқалап келген. Forbes Kazakhstan баспагермен сұхбаттасып, нарықтағы жағдай, Ресейге салынған санкциялардың баспа саласына әсері, оқырман сұранысы туралы пікірлерін білген еді.

F: Steppe & World баспасы жұмысын бастағаннан бері қаншалықты өстіңіздер? Нарыққа қандай дүниелер ұсынылды?

— Баспа ісіне келу аяқ астынан, бірақ жүректің қалауымен болды. Өмірімде еш уақытта баспагер боламын деп ойлаған жоқпын. 2016 жылы Алматыға қыдырып келдім. Сол кезде кітап дүкендеріне өзіме, балаларыма кітап алайын деп бас сұқтым. Кіргеннен кейін таңғалдым, қазақша кітап жоқ екен. Классикалық авторлар бар, олардың кітабы толып тұр. Алайда, кішкентай оқырмандарға арналған әдемі безендірілген кітаптар жоқтың қасы. Олардың өзі балаларымды қызықтырмайтыны анық еді.

Содан кейін, ішім алай-дүлей болды және бойымдағы бұл қынжылыс мүлде басылмай қойды. Кейде бір идеялар келеді де, ұзақ уақыт өтпей оларды ұмыта бастайсың. Бірақ қазақ тілінде балаларға арналған сапалы кітап шығару керек деген идея ойымнан шықпай қойды. Содан кейін, бір күні осы істі қолға аламын деп бел буып, баспа үйін тіркетіп, алғашқы құқықтарды алу үшін 2017 жылы Франкфурт көрмесіне бардым. Содан кейін, «Ақын қоян» деген алғашқы кітабымызды 2018 жылы наурыз айында басып шығардық. Сол уақыттан бері елуден астам кітап басып шығарыппыз, әр түрлі жанрда, әр түрлі жастарға арналған.

F: Әу баста, баспа ашудағы мақсатыңыз бұл саладан пайда табу емес, қазақ тіліндегі контентің көбеюуіне үлес қосу болды ма?

— Иә, қазақ тіліндегі кітап санын көбейту, сосын қазақ тіліндегі контентке деген көзқарасты өзгерту. Қазақстанға келген кезімде айналамнан көп еститін пікірдің бірі: «Қазақша кітаптар түсініксіз, оларды ашып оқығаннан кейін, бір-екі беттен соң не жазылғанын түсінбейсің. Ал, аудармалар мүлдем сапасыз». Тағы бір көп еститін сөзім: «Орысша кітаптар тұрған кезде, несіне қазақ тілінде оқимыз? Қазақша аудару кімге керек?»

Мен бұл пікірлерді мүлдем түсінбейтін едім. Өйткені өзіміздің ана тілімізде кітап жоқ деген сөз, ол — трагедия! Біз қоғамда кітап оқу мәдениетін жоғалтып алдық. Соны қайта жандандыру үшін, үлкен серпіліс әкелу керек болды.

Дегенмен, алғашқы шығарған кітаптарымыз үлкен резонанс тудырған жоқ, өйткені әлемде танымал авторлардікі болса да, бізде көпшілік біле бермейтін еңбектер еді. Ал үлкен резонанс тудырған «Хәрри Поттер» сериясы болды.

Әу бастағы мақсатымыз — балаларға арналған кітап шығаратын баспа ретінде қалыптасу. Дегенмен, қазір біз тек балалардың әдебиетімен шектеліп отырған жоқпыз. Ересектерге де арналған кітаптар бар, нон-фикшн санаттағы да әдебиет бар. Дегенмен, баспамыздан шыққан кітаптардың 70%-ы балаларға арналған.

F: Баспа үйі Хәрри Поттер туралы топтамасын аударып болды ма?

— Иә, біздің баспа үш жылда «Хәрри Поттер» топтамасының 7 сериясын толық қазақ тіліне аударып, басып шығарды. Сонымен қатар, «Хогвардс» кітапханасының үш кітабын аударып шығардық. Енді биыл Хәрри Поттердің «Сиқырнама альманах» кітабы шығады қазақ тілінде. Айта кету керек, бұл кітап алғаш рет ағылшын тіліндегі нұсқасымен бір уақытта жарыққа шығады. Бұл ұсынысты бізге осы кітапқа лицензиясы бар баспаның өзі ұсынды. Сондықтан, мұндай мүмкіндіктен бас тарта алмадық.

Бұл кітаптың ішінде «Хәрри Поттер» туралы барлық ақпарат бар. Тағы бір ерекшелік, бұл «Сиқырнама альманах» кітабы орыс тілінде басылмайды. Түпнұсқамен бірге бір уақытта басып шығаруға бізге жасалған ұсыныс, ресейлік баспаларға жасалған жоқ. Оған санкция шектеулері кедергі болған болуы керек.

F: Нарықтағы өзге баспа үйлері де қазір шетел әдебиетін аударуға баса мән беріп жатыр. Бұл сіздер үшін шағын ғана нарықтағы бәсекелестікті шиеленістіріп отырған жоқ па?

— Керісінше, біздің нарықты толтыру үшін қазақ тілінде кітап шығаратын әлі көптеген баспа үйлері керек. Өйткені, біздің жасап жатқанымыз теңізге тамған тамшыдай ғана. Оның үстіне кітап шығару — өте баяу жүретін процесс. Жылдам кітап шығаруға болмайды, олай ету мүмкін емес те. Ал жылдам шығаруға ұмтылған кезде сапа жағынан олқылықтың бар екені көріне бастайды. Сондықтан, кітап шығаратын баспа үйлер сапаға қарауы керек.

F: Бір кітапты аударуға кеткен қаражатыңыз ақтала ма? Ең қымбат, ең арзан кітабыңыз қандай бағада?

— Бір кітапқа кеткен шығынды ақтау үшін шамамен 2000 тираж сатылуы керек. Дегенмен, мұнда сауда тез жүрмейтінін ескеру қажет. Кітаптар ұзақ уақыт сатылады, бірақ тұрақты бизнес деп айтуға болады. Тұрақты табыс әкеліп тұрады. Өзінің маусымдық кезеңдері бар.

Ең қымбат кітабымыз 13 мың теңге, ағылшын тілінің оқулығы. Ал, жалпы орташа баға 3–4 мың аралығында. Кітаптарымыз оқырмандарға ерекше эмоция сыйлайды. Сол эмоцияны қайта бастан кешіру үшін адамдар сенім артып, қойған бағамызға сатып алады.

F: Баспа үйі шетелдік және отандық кітап жәрмеңкелеріне жиі қатысып жатады. Мұндай шаралардан нені байқайсыз? Әсіресе шетелде ұйымдастырылатын кітап шараларының айырмашылығы неде?

— Шетелде өткізілетін мұндай ең ірі шара — Франкфурттегі кітап көрмесі. Ол жылына бір рет қазанның үшінші аптасында өтеді. Оған дүние жүзінің барлық елдерінен баспа үйлері, баспагерлер, әдеби агенттер келіп қатысады. Одан кейінгі ең ірі көрме — Лондонда, Абу-­Даби, Ыстанбұлда болады. Ал, балалар әдебиетінің ең үлкен көрмесі Болонияда өтеді. Биыл наурыз айында өтті, мен бара алмадым, бұрын барып тұратынмын. Ол жерде тек балалар әдебиеті дәріптеледі.

Шетелдегі бұл көрмелердің барлығы да — оқырмандар үшін емес, кәсіби көрме. Онда баспагерлер кітап шығаруға құқық сатып алады, қаншама семинарлар, лекциялар, жаңа трендтер туралы дискуссия өтіп жатады. Аудиокітап, диджитализация, келешекте не болады: сондай тақырыптар талқыланады. Авторлармен кездесу болып жатады. Содан кейін, мұнда кітапханашылар, баспа үйлерінің өкілдері, мектеп кітапханашылары, жазушылар, журналистер барады. Соңғы екі күнде оқырмандар үшін көрме есігін ашады. Ал, онда келген адамның санында есеп болмайды. Сол кезде ғана кітап сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Жыл сайын Франкфурт бір елдің кітап нарығын таныстырып отырады. Өткен жылы Испания көрменің құрметті қонағы болды. Испанияның королі келді және сол елдің барлық авторлары келді. Испания, Латын америкасымен біріккен кезде, әлемдегі үлкен нарық қой.

Біздің елімізде мұндай көрме өтіп жатқан жоқ, тек жәрмеңкелер өтеді. Кәсіби ортаның өкілдері өзара бас қосып, трендтер, басқа да маңызды мәселелерді талқылап, саланы дамыту туралы пікірталас өткізіп, дискуссия жасайтын болсақ, өзіміз үшін көп нәрсені айқындап алатын едік. Оқырмандардың сұранысы қандай, қай бағытта жұмыс істеу керек екені талқыланар еді. Ал, жәрмеңкелерде тек оқырманмен ғана тілдесеміз.

F: Орысша кітаптар нарығы қатты дамыған ғой, бәсекелесу оңай емес болар?

— Қазақстанның кітап нарығы — Ресей нарығының еншісінде. Қазақ тіліндегі кітап басу нарығы — бос. Өзіңіз «Меломан» секілді кітап дүкендеріне кіріп көріңіз. Онда кітаптардың 90%-ы орыс тілінде. Бұрын бұл көрсеткіш 95% еді. Сондықтан біздің негізгі бәсекелесіміз Ресей нарығы болып қала береді. Алайда, орысша білмейтін де қазақтар бар екенін естен шығармау керек. Сонымен қатар, қазақ тілінде оқудан алатын әсер, эмоция ерекше болады.

F: Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін өткен жылы қағаз тапшылығы болды. Бұл да кітап басу ісіне кері әсер еткен болар?

— Өткен жыл өте қиын болды. Тіпті, Франкфуртке барған кезде де барлық баспагерлер осындай проблемамен бетпе-бет келгенін айтты. Қағаз жоқ, бояу қымбаттап кеткен. Сондықтан, баспалардың көпшілігі тираж санын азайтқан.

Біз сияқты шағын баспалар бұрын 3000 тиражбен шығарса, мың тиражға дейін азайттық. Өткен жылдың сәуір айынан бастап, биылғы жылдың басына дейін осындай қиындыққа тап болдық. Жаңа жылдан бастап Қытаймен сауда қайта жандана бастады. Сондықтан, қағаз тапшылығы да біртіндеп жойылып келеді.

Ресейге санкция салынған кезде ондағы көптеген баспа үйлеріне де санкция салынды. Бұл тұрғыда ол бізге пайдалырақ. Өйткені жаңадан шығып жатқан кітаптар орысша басылып шықпайды.

F: Баспаның жылдық айналымы қандай? Кітаптың өзіндік бағасы қалай есептеледі?

— Жылдық айналым туралы қазір айта алмаймын. Десе де баспа үйіне салған қаражатымды шығарып, бірнеше есе көбейтіп алдым. Ол енді өзіміз шығарған кітаптың санынан да байқалады. Әрбір кітап — менің активім. Кітаптың өзіндің құнына қатысты айтсам, бір кітапқа жұмсалатын қаражаттың 26%-ы кітапты аудару мен редакциялауға кетеді. 14% лицензия, 60%-ы типографиялық шығындар. Жалпы, кітап шығару арзан бизнес емес.

F: Қанша қызметкер бар? Олардың жалақысы орта есеппен қандай?

— Редакцияда, кеңседе отырып жұмыс істейтін 11 қызметкер бар. Олардың жалақысы 350 мен 600 мыңның аралығында. Ал, фриланста жұмыс істейтін қызметкерлер саны жиырмадан асып қалады.

F: Мемлекеттен тапсырыс түсе ме?

— Нақты бір кітап шығаруға мемлекеттен тапсырыс түскен жоқ. Бірақ, қазір кітапханаларға кітаптарымызды мемлекет тапсырыс беріп, сатып алып жатыр. Бұл өкімет тарапынан бізге жасалған үлкен қолдау деп санаймын.

«Хәрри Поттер» топтамасына оқырманның ықыласы ерекше болды, көп жақсы пікірлер айтылды. Сондықтан, осы кітапқа кітапханалар тарапынан сұраныс көп болды. «Ғажайып», «Анна Франк күнделігі» деген жалпы жасөспірімдерге арналған кітаптарға тапсырыс көп беріледі.

Астананың кітапханалары алды, шалғай облыстардағы кітапханалардан тапсырыс түсті. Алайда, Алматы қаласындағы кітапханалардан тапсырыс түскен жоқ.

F: Кітап шығарып, бизнес жасауға бола ма?

— Әрине, егер жазушылар өздері тәуекелге бел буып, моральді тұрғыда, қаржылай да дайын болса, өзі басып шығаруға болады. Ешкімге тәуелді болмайды. Ол жазушыға да, баспаға да пайдалы. Өз басым кітап шығарғым келеді деген адамдарға оны қалай және неден бастау керек екенін айтып, жол көрсетіп бере аламын. Егер ол жоба қызықты болып жатса, өзіміз де шығаруымыз ықтимал.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить