Норвегиядан Түргенге дейін: Қазақстанда балық бизнесімен айналысу қаншалықты тиімді?

49900

Балық шаруашылығы қаншалықты табысты, сұраныс қандай? Жалпы, Қазақстанда балық шаруашылығымен айналысу тиімді ме? Бұл бизнестің негізі қалай қаланды?

Жанат Алтынғадыс, Fresh Fish компаниясының басшысы
Жанат Алтынғадыс, Fresh Fish компаниясының басшысы

Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде біз Fresh Fish компаниясының басшысы, кәсіпкер Жанат Алтынғадыс мырзамен әңгімелескен едік.

F: Жанат мырза, балық бизнесін қалай бастадыңыздар, бұл идея қай кезде пайда болды?

-  2019 жылы Скандинав елдеріне барып, арнайы бизнес-тур жасадық. Норвегия дегенде көз алдымызға викингтер мен қатал мұздықтар және балық елестейді. Бұл рас, Норвегия – балыққа бай мемлекет, балық өндіруде әлем бойынша көшбасшы елдің бірі. Сол сапарымызда ондағы балық шаруашылығымен айналысатын алпауыт компаниялардың тыныс-тіршілігімен таныстық. Қарап тұрсақ, Норвегияда өсірген балықты, бізде де өсіруге толық мүмкіндік бар екен. Қысы да, жазы да біздікіне ұқсас. Ойлана келе, Алатаудың етегінде де балық өсіруге болатынына көз жеткіздім. Осылайша, 2019 жылы сонау Норвег теңізінің жағасында тұрып, Қазақстанда балық өндірісін бастау туралы идеяға тоқталдым. Жалпы, қазақ баласы балыққа аса жуық емес қой. Төрт түлік малдан басқаның етіне жоқпыз, өйткені, құрылықта туып-өскен халықпыз. Ал теңіз жағасын жайлаған жұрт тек балықпен күнелтеді, сөйте тұра, олардың денсаулығы біздікінен кем емес. Бойына қажетті қоректің бәрін балықтан алып отыр...

Келе сала, Алматы облысындағы суы балыққа жарамды, ауа-райы сай дейтін біраз жерді шарлап көрдік. Ақыры, Түрген шатқалынан 4 гектар жер алып, іске кірістік. Таза ауа мен тұнық су – осы екеуі табылса, кез келген жерде балық өсіруге болады, бұған өзім куәмін. Біз, алдымен, инкубаторлар салдық. Оларға уылдырықты Норвегиядан, Даниядан әкелдік. Осылайша, түк жоқ жерде басы бар, аяғы бар бүтін кешен пайда болды. Аз уақытта компания аяғынан нық тұрды. Қазір енді еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдегі балық сүйер қауым да біздің компания туралы естіп, біліп отыр.

F: Инвестиция көзі қайдан? Бастапқыда қанша қаражат салдыңыздар?

 - Бастапқыда кешен құрылысы мен инкубаторды сатып алуға 400 млн теңгеге жуық қаржы құйдық. Алғашқы инвестиция өз жеке қаржымыз. Жалпы, ауыл шаруашылығы – бүгін салған қаржың, ертең қайтады дейтін сала емес. Үлкен өндіріс қашанда қыруар қаржыны талап етеді. Осы күнге дейін біздің компанияға жалпы көлемі 1 млрд 280 млн теңге инвестиция салынды. Оның ішінде 600 млн теңгедейі өз қаражатымыз, қалғаны «Қонаев» ӘКК арқылы қаржыланды. Бұл корпорация әлеуметтік маңызы бар өндірісті қолдап, бізге пайыздық үстемесі жеңіл кредит берді.

F: Қандай балық түрлерін өсіресіздер? Қайдан алып келесіздер?

- Біздің компания екі түрлі балық өсіреді. Өнімнің басым бөлігін қамтитын балық, ол – бақтақ, яғни «форель». Құбылмалы бақтақ – «радужный форель» деп жүрміз ғой. Жалпы, тұщы суда өсетін «форельге» сұраныс өте жоғары. Біз өсіретін балықтың екінші түрі – ақсерке, яғни «атлантикалық семга». Оның ұрығын 130 жыл тарихы бар Норвегия холдингінен алдық. Теңіздің ащы суында ғана өсетін ақсеркені, ғалымдар бірнеше рет будандастырудан өткізіп, тұщы суда өсетін балық қылып шығарған. Қазір біз 4–5 келіге дейін жететін ақсерке өсіреміз. Оны қатырып, қаптап, дүкен сөрелеріне жібереміз. Ал бақтақтың, яғни «форельдің» уылдырығын Даниядан, АҚШ-тан ұшақпен алдыртамыз. Уылдырық, яғни «икра» күйіндегі балықтан инкубаторда шабақ жасаймыз, әрі қарай бетон бассейндерде өсіреміз. Мейрамханалар бізден порциялық орта көлемдегі балықтарды көп сұрайды. Ал, жалпы саудаға арналған балықтарды, біздің кәсіби тілмен айтқанда, «бордақылау бассейндеріне» жібереміз. Сол жерде, семіріп, жетілген кезде сатамыз.

F: Қандай технологияларды қолданасыздар?

- Соңғы кезде балық өңдеуге жапон технологиясын пайдаланып жүрміз. Әлбетте,  Норвегия, Дания, Түркия елдерінің технологиясы да бар, олар мыңдаған жылдық тәжірибеге сүйенеді. Балық биологиялық актив, жанды болған соң, арасында ауырып та қалады. Мысалы, балық салмақ жинамай қалады. Сондай кезде біз Норвегия, Даниядағы әріптестерімізді шақырамыз не өз мамандарымызды Данияға жібереміз. Жұмыс оңай емес. Уылдырықтан бастап, сауда сөресіне жеткенше жұмыс көп. Қысқаша айтсақ, уылдырықтан температуралық режим сақталған инкубаторда 20–25 күн ішінде шабақ шығарамыз. Сол шабақ 1 граммдық деңгейге жетіп, өкпесіне өз күшімен оттегін жинап, жүзіп үйренген кезде бассейнге жібереміз. Шамамен 45–60 тәулік сол жерде жүзеді, ал 10–15 грамм салмақ жинағанда, порциялық балық өсіретін бассейнге саламыз. Ол жерде күнделікті 10–12 рет жемделеді. Балықтың жемін Еуропадан әкелеміз. Ай сайын әр балыққа түрлі ауруларға қарсы вакцина егіледі. Үшінші сатыда стейкке арналған балықтар бордақылау бассейндеріне жіберіледі. Өндірісте балықтың басы бөлек, филесі бөлек, уылдырығы бөлек кетеді. Уылдырық көлеміне сай жіктеледі. Ал балық етін әртүрлі деңгейде мұздатып әзірлейміз. Ысталған балық сұрайтындарға бөлек балық ұсынылады.

F: Қазіргі көрсеткіштеріңіз қандай? Өндіріс көлемі қаншалықты артты?

- Былтыр 2450 тонна балық өндірдік. Мақсатымыз – өндіріс көлемін жылына 3 мың тоннаға дейін жеткізу. Біздің өнімнің басты бөлігі жанды балық. Оларды мейрамхана, қонақ үй, супер-маркеттерге жібереміз. Ал іш-сырты тазаланбаған балықты мұздатқыштарда сақтап, әрі қарай тұтынушыға жібереміз. Сол сияқты, тазаланып, басы алынған балық, балықтың филесі, стейк ретінде өңдеуден өтіп, пісіруге дайын өнім, т.б. өнімдер де бар.

F: Қазір сіздерде қанша адам жұмыс істейді? Мамандар кімдер? 

- Бүгінде 56 адам жұмыспен қамтылған. Негізгі мамандарымыз – ихтиолгтар мен технолог-инженерлер. Одан басқа – балықты жемдейтін, жүк артатын жұмыскерлер бар. Басты ихтиологымыз Түркиядан келген. Балықтың бабын білетін негізгі маман сол кісі. Оның екі көмекшісі өзіміздің қазақ жігіттері. Біз оларды Түркияға оқуға жіберіп, үйреттік.

F: Бүгінгі күнгі сұраныс қандай? Экспорт бар ма, әлде тек өз елімізде саудаға шығарасыздар ма?

- Көрші елдегі геосаяси ахуалға байланысты Ресей жақтан сұраныс өте көп. Өнімнің көбісі сол жаққа кетіп жатыр. Ішкі нарыққа да бөлінген арнайы квотамыз бар. Ол бөлек. Көбіне Алматы, Шымкент, Тараз қалаларына жібереміз. Алдағы уақытта жылына 5–6 мың тоннаға дейін өнім өндірсек деген жоспарымыз бар. Ол үшін өндірісті кеңейту керек. 

F: Балық өсіру табысты сала ма? Бизнес өзін қай кезде ақтауы мүмкін?

- Кез келген бизнес – ол тәуекел. Болашақты болжау мүмкін емес. Біз балық өндірісін қолға алғанда, елдегі көп адам бізге күле қарады. «Қазақтар жылқы мен қойдың етін, әрі кетсе тауықтың етін жейді. Балықты кім алады?» деген сұрақты жиі естідік. Бұл бизнес бізге бірден табыс әкелген жоқ. Бизнеске салынған инвестицияның ақталатын өз уақыты бар.Ауыл шаруашылығы, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық маңызы бар сала. Керемет табыс тауып, екі-үш еселеп саудалауға ешкім рұқсат бермейді. Бірақ мемлекет тарапынан көмек берілсе, шығынның орнын толтыруға мүмкіндік бар. Бұл бір. Екіншіден, елімізде өндірілетін отандық өнім болған соң, ішің жылиды. 50-ден астам адам нәпақасын осы жерден тауып, қазынаға салық төлеп отырмыз. Ауызды қу шөппен сүртіп, «мүлдем табыссыз» дей алмаймын. Есеп-қисабын дұрыс жүргізсе, орташа пайдасы бар. Ерінбей еңбек еткен адамды аш қалдырмайды.

F: Түрген шатқалын  бекер таңдамаған боларсыздар?  Оның сыры неде?

- Түрген кеңес кезінде ғылыми сараптамадан өткен аумақ. Бұл жерде бақтақ өсіруге болады деген тұжырым бұрыннан бар. Ихтиолог ғалымдар оң бағасын бергендіктен, Түргенді таңдадық. Бұл жердің суы оттегіне бай әрі ауа-райы да балықтың өсіп-өнуіне қолайлы. 1969 жылы кеңес өкіметі осы маңда балық шаруашылығын салған. Тәуелсіздік жылдарына дейін сол шаруашылық жұмыс істеп тұрған. Біз өндірісті сол кешеннің жанынан салғанды жөн көрдік.

F: Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Жоспар көп. «Армансыз адам, қанатсыз құс болмайды». Мақсат – шетелдік нарықтарға шығу. Біз Қазақстанда да қызыл балық өсіруге болатынын дәлелдеп, көрсеттік. Алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінен осындай шаруашылық салсақ деген жоспарымыз бар.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить