Бокс пен бизнес. Берік Сұлтан шаруа қожалығының негізін қалай қалады?

58886

Кәсіп қалай және қашан басталды, оның қорасындағы асыл тұқымды қошқарлар қаншаға бағаланады, Арашан және Гиссар тұқымдарынан миллондаған табыс табуға бола ма?

Берік Сұлтан, «Berik Sultan» шаруа қожалығының иесі
Берік Сұлтан, «Berik Sultan» шаруа қожалығының иесі
Фото: жеке архивтен

Бұл туралы кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының PR-менеджері, шаруашылық қожайыны Берік Сұлтан Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

F: Берік мырза, Қазақстан мен АҚШ арасында жүріп, асыл тұқымды қошқар бағуға қалай кірістіңіз?

- Шыны керек, Америкада жүріп, ауылдағы қораны, жылқы мен қошқар иісін аңсайтынмын. Бұны кей замандастарым әлі түсіне алмай жүр. Әсіресе, қалалық достарым: «Жұрт Америкаға барғысы келсе, сен Америкада жүріп ауылға қайтқың келгені қалай?» деп жатады. Біздің кіндік ауылға байланған, шал мен кемпірдің қолында тәрбиелендік. Алып Америкада бес жыл тұрып жатсақ та, қазақылығымыз жұтылып, құндылықтарымыз құртылып кетпеді. Керісінше америкалықтарды қошқар бағуға, атқа мінуге ынталандырып жүрміз. Қазақстанға келіп, қошқарларымды қызықтап, атқа мінгісі келетін америкалық достарым өте көп. Әсіресе, олардың салмағына таң қалады. Бұл хобби. Ал кәсіпқой бокс оңай сала емес. Бірде шаршатып-қажытады, жүйкеге әсер ететін тұстары да көп. Мен сол шаршағанымды елге келіп басамын. Қошқарыңа жем беріп, оларға сәбіз, алма турап беру өз алдына бөлек рақат. Апта сайын таразыға тартып, бойын өлшеп, жүнін тарау да бөлек сезім. Қазір бұл туралы әлеуметтік желіде әңгімелеп, атакәсіпті насихаттап жүрмін. Маған қызығып, қозы, қошқар алып, іс бастаған жастар да баршылық, көбі хабарласып, хат жазып тұрады. Бұның өзі нәтиже.

Фото: жеке архивінен

F: Қошқарлардың тұқымы, тегі қайдан, алғашқы қозыны қайдан алдыңыз? Олардың ерекшелігі неде?

- Мендегі қошқарлар Арашан және Гиссар тұқымы деп аталады. Ет-май бағытындағы асыл тұқымды қошқарлар. Арзан тұрмайды. Қырғызстан, Тәжікстаннан әкеліп, өз шаруа қожалықтарын асылдандырып жатқан шаруалардан сатып алдым. Ауғанстаннан, Қырғызстаннан келген қошқарлардың төлі арқылы өз шаруашылығымды асылдандырдым. Арашан, Гиссар қошқарларының бір ерекшелігі – салмақты келеді. Бір қошқар орта есепен 170–200 келіге шығады. Бір жасқа толмаған төлі 100 келінің үстінде салмақ тартады. Бойы 90–105 см. Одан бөлек, бұлар өте сұлу! Бақсаң да рақаттанып бағасың! Мүйізі жоқ, жүні қылшық, құйрығы көтеріңкі келеді.

F: Бұндай шаруашылықтар Қазақстан бойынша қай жерлерде кең тараған? Өзге елдерде қаншалықты дамыған?

- Бізде Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында жақсы дамып келеді. Қазір Батыс Қазақстан шаруалары қатты қызығып жүр. Маған Орал, Атыраудан қошқар алғысы келетін шаруалар көп хабарласады. Елімізде қорадағы қойын сатып, шаруашылықтарын асылдандырып жатқан шопандар көп. Бұл кәсіп Қырғызстан мен Өзбекстанда да жақсы дамыған. Біздің шаруалар көрші елдерге барып, $20–30 мың қошқарларын сатып алуда. Тіпті, қырғыздардан $50 мың қозы алып келген қазақ жігіттері бар. Бұл еріккеннен немесе ақшаны қайда жұмсарын білмей жүргеннен емес, бұл шаруашылықты асылдандыру мақсатындағы іс. Ертең сол қымбат қошқарлардың қозысы шығынын жауып, үлкен пайдаға кенелтеді. Қозы сату маусымында $500 мың дейін пайда тауып жатқан шаруалар бар. Сондықтан бұл тек хобби ретінде емес, білек сыбана кірісетін үлкен кәсіп!

Фото: жеке архивінен

F: Қошқар мен қойды тек үйде ұстайсыздар ма, әлде көк шыққанда жайылымға шығарасыздар ма?

- Қойыңыз аз болса, үйде ұстап бағуға да болады. Көп болса, әрине, жайылымда жүргені абзал. Мен қазір іріктелгендерін үйде ұстап отырмын. Қазір сақман уақыты. Қой төлдеп жатыр. Көк шыға – жайылымға, қырға жіберемін.

F: Бұл қошқарлар экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді? Шығыны мен пайдасы, орташа бағасы қандай?

- Бұл қошқарлар ерекше күтімді қажет етпейді. Басқа қойлар не жесе, соны қорек етеді. Негізгі азығы бидай, жүгері мен жоңышқа. Қалауыңызға қарай әртүрлі дәрумен беруге болады. Алма, сәбіз, асқабақ турап берсеңіз, тіптен жақсы. Қошқарыңыз тез салмақ қосып, жүні жылтырап тұрады. Бидайды қайнатып берсеңіз сіңімді болады. Мысалы мен Америкадан түрлі витаминдер әкеліп беремін. Сүйегі өсіп, жүнінің жылтырауына, буындары мықты болып, асқазан, бауыр қызметтерін жақсартуға арналған дәрумен көп. Соларды ерінбей беремін. Жақсылап бақсаң, бағасы да қымбат болады. Қозы мен қошқар тегіне қарай әртүрлі бағаланады. Біреулер 300 мың теңгеге сатса, енді біреулер $5 мың сатады. Мен өзім 2023 жылы 5 айлық қозыларымның алдын 2 млн теңгеден саттым. Төлдің сұлулығы мен салмағына қарай баға да өзгере береді.

F: Қателеспесем, алғашқы қошқар $33 мың бағаланыпты. Бұл бағаны кім қойды, кім ұсынды, кім сатып алды?

- Иә, ол қошқар «Асыл тұқымды қошқарлар көрмесінің» екі дүркін чемпионы еді. Бойы биік болатын. Шопандар арасында өте танымал болды. Қозысының өзін 2 млн теңгеден сата бастадым. Сатып алғысы келгендер көп болды. Біразы тіпті үйге келіп тамашалайтын. Ақыры шешім қабылдап, бағасын айттым. Содан Түркістан облысындағы бір шаруа қожалығының басшысы хабарласып, айтқан бағама алып кетті. Онымен қоса бір қозысын және тағы бір қошқарды әрқайсысын 1 млн теңгеден сатып алды. Бұл бағаға таңқалғадар да болды. Бірақ есептеп қарасаңыз, бір қошқардың ақшасын бір маусымда-ақ шығарып алады. Елімізде $110 мың, $40 мың сатылған қошқарлар да бар.

Фото: жеке архивінен

F: Сіз баққан қошқарларды шет елден сұрайтындар бар екен...

- Шынымен де қошқарларымның жарнамасы алысқа кеткен сияқты. Сатып алғысы келетіндердің ішінде белгілі адамдар, депутаттар, кәсіпкерлер бар. Қырғыз ағайындар да хабарласып, жақсы бағаға екі қошқар сатып алды. Мен ешкімнің бетін қайтармаймын, сатылмайды демеймін. Себебі, ол да шаруашылығын асылдандырып, дамытқысы келеді. Бәріне мүмкіндік беру керек. Ал кейде қымбат қошқар алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ аға-інілеріме қалаған қошқарын сыйлап жіберемін. Пайда мен зиянды есептемеймін. Мен қошқарды баю мақсатында, пайда көру үшін асырамаймын. Мен үшін бұл, ең алдымен, хобби.

F: Қазір бұл хобби бизнеске айнала бастаған секілді – қожалық құрдыңыз, мал басы артуда, пайдасын көріп жатырсыз. Алдағы жоспар қалай?

- Мақсатсыз іс алға баспайды. Бір салаға кіріскен соң міндетті түрде сол саланың шыңына шығу керек. Жарты жолдан қайтып кету табиғатымда жоқ. Бір іске кіріссем, нәтиже көрсеткім келеді. Қазір жоспарым айқын. Алдағы бес жылда асыл тұқымды қошқарлар мен жылқылар санын көбейтуді мақсат еттім. «Berik Sultan» шаруа қожалығы сапа, асыл тұқымды деген ұғымдармен үндесіп тұру керек. Бұйыртса, шет елдерден асыл тұқымды қошқар, жылқы алып келу жоспары да бар. Ол үшін алдымен халықаралық деңгейде жайлы қора салуым керек.

Фото: жеке архивінен

F: Байқаймын, бокстан тапқан табысыңызды қазақтың атакәсібіне салып, ал шаруашылықтан түскен пайданы қазақ боксын дамытуға салып жатқандайсыз?

- Осылай айтса да жарасады. Бокстан тапқан қаражатты атакәсіптің дамуына салып жатырмын. Кәсіпқой бокстағы мансабымыз аяқталғанда елде айналысатын, құлшына істейтін бір іс керек. Мен мемлекеттік қызметте істей алмаймын. Табиғатым келмейді. Қазір мал шаруашылығын зерттеп жүрмін. Америкада тек бокс залында ғана жүргеніміз жоқ. Бос уақытта түрлі фазендаларға барып, мамандармен тәжірибе алмасудамыз. Үйренерімі өте көп. Бұйыртса, бұл білім де өз жемісін береді.

F: Жақында аймақта аты шыққан айғырдың тұқымын алған екенсіз. Тұлпардың тегі қайдан?

- Иә, күні кеше ғана алған сол құлын әлеуметтік желіде танымал болып үлгерді. Атбегілердің өзі «елде ешбір құлын сенікіндей хит болған емес» деп күліп жатыр. Америкада оқығанымыз бар, жарнама, бренд қалыптастыру саласында тәжірибеміз жетеді, содан болар құлын әжептеуір «жұлдыз» болып қалды. Таутұмар деп атап, инстаграмнан жеке парақшасын да ашып қойдым, 4–5 күннің ішінде 5 мыңнан астам адам жазылды. Бейнелері 50–100 мыңдап қаралған. Тәжікстан, Қырғыстан, Өзбекстаннан атсүйер ағайын хабарласып, құттықтап жатыр. Таутұмар Азияға танымал Тұмар деген айғырдың құлыны. Талай дүбірлі көкпарларда салымды болған текті тұлпар. Тұмардан шыққан айғырлар қазір көкпар шауып, тектілігін паш етіп жүр. Атты сатып алуға көршілес елдер әрекет жасап, $250 мың дейін қаржы ұсыныпты. Бірақ оның иесі «текті тұлпар елде қалсын» деп сатпай қойыпты. Таутұмардың жанкүйерлері көп. Ауылдағы балалар да «көрейікші» деп үйге келіп тұрады. Қазірдің өзінде «ертең өскенде құлынан алайық» деп жатқан атбегілер көп. Міне, осылайша атбегілікке де кірістік. Көкпар әлемінің есігін қақтық. Нәсіп болса болашақта текті жылқының санын көбейтемін!

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен бірге
Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен бірге
Фото: жеке архивтен

F: Кәсіпқой боксты айналып өтуге болмас. О баста Америкаға қарызданып барған екенсіздер. Кейінгі жеңістер қомақты табыс әкелді ме? Демеушілер бар ма?

- «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» дейтін сөз бар. Алғашқы жылдары қаржыдан қиналғанымыз жасырын емес. Қазір қаржылық мұтаждық жоқ. Белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышев өз қолдауын көрсетіп отыр. Ол кісі үшін көк тудың желбірегені, сол үшін жасалып жатқан еңбек маңызды. Біз де алаңсыз жатығудамыз, біздің жетістігіміз – ұлтымыздың жетістігі. Мықты спарринг қарсыластармен жұмыс жасап, командамызды білікті мамандармен толықтырдық. Нәтижесін рингтен көре аласыздар.

F: Америкадағы кезекті кездесу қай кезге жоспарланған? Келесі қарсыластарыңыз кім болуы мүмкін?

- Дәл қазір келіссөздер жүріп жатыр. Біз промоутерлік компанияға өз талабымызды қойып, қалауымызды айттық. Бізге чемпиондар керек. Лара мен Чарлоға жекпе-жек өткізу туралы ресми хат жолдаңдар дедік. Олар да барынша әрекеттеніп жатыр. Нәтижесін күтейік. Егер чемпиондар келіспесе, екі титулды қорғауымыз керек. Рейтинг бойынша қарсылас кім, солармен жұдырықтасуымыз мүмкін. Қазір жекпе-жек уақыты нақтылануда. Белгілі боласа, бірден Америкаға аттанамыз!

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube