НАТО Ресейге қауіп төндірді ме?

Ресейдің Украинаға қарсы соғысындағы басты нарратив — НАТО тарапынан туындаған қауіп-қатер дегенге саяды

Фото: © unsplash.com/Marek Studzinski

РФ басшылығының айтуынша, Батыс Ресейді қалайда әлсіретіп, күйрету үшін соққы беру жолдарын іздеумен келеді және мұндай мүмкіндіктерді әрі қарай іздес­тіре береді-мыс. В. Путин мен оның насихатшылары бұған Ресей халқының басым бөлігін сендіре алды да және дәл осындай позицияны ұстанатындардың қатары Қазақстанда да аз емес. Бірақ, Ресей басшылығының бұл нарративі қаншалықты шындыққа жанасады? Бұл тұрғыда объективті мәліметтер не дейді?

КСРО ыдырап кеткен сонау 1991 жылдан бері НАТО-ға мүше елдердің саны өскенімен, НАТО құрамындағы елдердің қарулы күштері қысқарып келді. 1991 жылы НАТО-ға мүше елдердің қарулы күштерінде 5 013 750 адам болған. Бұл арада тек Еуропа елдерін мысал етсек (Түркияны есепке алмаймыз), ресми түрде қару таққан адамдардың саны 2 318 350 болған, оған Еуропада дислокацияланған 303 120 америкалықты қосамыз. Ал арада өткен отыз жыл ішінде НАТО-ға мүше елдердің қарулы күштерінің саны 3 293 860 адамды құраған (1991 жылдан бергі қысқару көрсеткіші 1 719 890 адам немесе 34,3 %). Түркияны есепке алмағанда, Еуропа елдеріндегі қарулы күштердің саны 1 476 810 адам (қысқару көрсеткіші 841 540 адам немесе 36,3 %). Еуропадағы америкалық контингент те қысқарған: 73 411 адамға (76 %-ға). Әскери техника саны да қысқарып қалған — 1991 жылы қару-жарақ арсеналында 15 744 танк болса, 2021 жылы олардың саны 4019-ды құраған (қысқару көрсеткіші 11 725 танк немесе 74,5 %).

«НАТО елдерінен келетін әскери қауіптің» барынша азая түскенін көзі ашық, көкірегі ояу адам ядролық күштердің қысқаруынан да байқай алады: 1991 жылы НАТО қарауындағы ядролық оқтұмсығы бар құрылық аралық баллистикалық зымыран саны 1770 болса, 2021 жылы 864-ке дейін екі есе қысқарған. Бұл арада АҚШ, Ұлыбритания, Франция сынды іргелі елдерге тән құрлықтағы және теңіздегі зымырандар есепке алынған. НАТО елдері ядролық қаруды алып жүруге қабілетті стратегиялық ұшақтардың санын да 289-дан 66-ға дейін қысқартқан (76 %-ға). (Жоғарыда қолданылған барлық мәліметтер Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты жария етіп отыратын Military balance жинағынан алынды).

Ресей басшылығы таратып отырған нарративтің тағы бір қисынсыз тұсы — Батыс елдері соңғы уақытқа дейін РФ экономикасына инвестиция салуда көшбасшылар қатарынан көрінді. Ресей экономикасындағы инвестиция ауқымының 60 %-дан — 80 %-ға дейінгі үлесі осы елдерге тән болды. Батыс компаниялары өнеркәсіптің барлық дерлік салаларында жұмыс істеді, оның ішінде жоғары технологияларға негізделген салаларда да. Ал бұл Ресей басшылығының Батыс Ресейді күйреткісі келеді дегендей позициясына мүлдем кереғар. Байыппен қарасақ, соңғы жылдары Батыс, керісінше, Ресей экономикасының күшейіп, нығаюына күш салып келді.

Қазір енді Украинадағы соғыс аясында НАТО құрамына Швеция мен Финляндия келіп қосылды, ал олар әу бастан бейтарап елдер. Өз кезегінде бұл альянс елдерінің Балтық теңізін толықтай дерлік бақылауға алуына жол ашты. Сол сияқты, Бундесвер Литвада бір бригада орналастырып, алғаш рет Германиядан тыс жерге өз әскерін жіберді.

Иә, Батыс елдері енгізген ауқымды санкциялар Ресей экономикасын бірден күйрете қоймаған да шығар, бірақ орта және ұзақ мерзімді перспективада оның дамыған елдерден технологиялық тұрғыда әлдеқайда артта қалуы әбден мүмкін. Ал Қытай болса жоғалтқан инвестицияның орнын қайта толтыра алмайды. Аспан асты елі қазір өз проблемаларын шешуге ден қойған.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресей басшылығы шынымен де, Батыстан «төнген қауіп бар» деп өз-өзін күні-түні сендірді ме, әлде бұл нарративті Украинаға қарсы шабуылын ақтау үшін қолданды ма, кім білсін, бірақ нәтижесінде дәл қазір солтүстік көршіміз өзіне қарсы шынымен де қауіп тілеп алған түрі бар.