ЖИ және педагогика

Білім теңсіздігін жоюдың инновациялық шешімі

Фото: © Ерсұлтан Қуанышов

Қазіргі таңда отандық білім саласындағы жеке бизнес өкілдері өз бетінше ізденіп, жасанды интеллектіге негізделген EdTech платформалар ашуға ден қоюда. Соның бірі — Robi платформасы. Жобаның негізін қалаған JOO High School мектептер желісінің басшысы, білім саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар педагог-сарапшы Қанат Өксікбаев.

Ізденістер үйлесімі

Robi — мектептерді тиімді басқарып, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге арналған білім беру платформасы. Қанат Өксікбаевтың айтуынша, бұл оның алғашқы EdTech жобасы емес. Өзі информатика және математика пәндерінің мұғалімі болғандықтан, ол білім беруді IT-жобаға айналдыру ерекшеліктерін жетік меңгерген. Пандемия кезінде үлкен сұранысқа ие болған JOO.kz қосымшасының негізін қалаған да осы кісі.

«2019 жылы біз оқушыларға ҰБТ-ға дайындалуға және мамандық таңдауға көмектесетін JOO.kz қосымшасын әзірледік. Үш жыл ішінде 8 мыңнан астам оқушы біздің платформада білім алды. 2022 жылы жеке мектептер ашқанда, осы EdTech саласындағы тәжірибемізді пайдаланып, мектептерді басқаруға арналған IT жүйе құруды қолға алдық. Нәтижесінде, learning management system (оқытуды басқару жүйесі) деп аталатын IT-шешім жасадық. Бұл платформа ERP (Enterprise Resource Planning — кәсіпорын ресурстарын жоспарлау) жүйесінің негізінде құрылған, яғни ірі корпорациялардың өз ресурстары мен ішкі процестерін тиімді басқаруға қолданатын жүйесінің үлгісімен жасалған. Біздің мектеп жүйесіне арналған ERP шешіміміз — Robi. Жобаның негізгі мақсаты — мұғалімдердің жұмысын жеңілдету, оларды кәсіби тұрғыда дамыту, оқушыларды тіркеу, кәсіби бағдар беру, тұлғалық даму, HR және қаржылық түсімдер мен шығындарды басқару. Барлық ақпарат осы жүйеде сақталып, барлық процес сол арқылы басқарылады», — дейді Қанат Өксікбаев.

Білім саласындағы процестерді басқаруға арналған IT-шешімдер әлемнің басқа елдерінде де бар. Бірақ олардың әрқайсысы белгілі бір салаға басымдық береді: бірі клиентті басқаруға, екіншісі оқу процесіне бағытталған. Robi платформасы күнделікті сабақтағы оқу барысына назар аударады. Себебі оқушы үшін де, мектеп үшін де ең құндысы — сапалы оқу процесі.

Кері байланыс маңызды

Қазақстанда білім теңсіздігін жою үшін жоғары стандарттар қойылғанымен, нәтиже әлі де көңілдегідей емес. Қанат Өксікбаев бұл мәселенің негізгі себебін кері байланыс жүйесінің әлсіздігімен байланыстырады.

«Білімге жауапты мекемелер белгілеген стандарттардың мектептерде қалай орындалып жатқанын түсіну үшін кері байланыс жүйесін құру қажет. Сонда ғана талаптардың орындалу деңгейін көріп, оған ықпал етуге болады. Бізде бұл жүйе әлсіз. Қазір тек комиссия тексеру жүргізеді, бірақ оның бағасы толыққанды көрсеткіш бола алмайды. Біз оқу процесін цифрландыру арқылы оқыту сапасы туралы нақты кері байланысқа қол жеткіздік. Robi арқылы мұғалімнің сабаққа дайындығын, сабақ жоспарын және оқушының үй тапсырмасын қалай орындағанын тексере аламыз. ЖИ көмегімен сабақ жоспарын жасайтын конструктор әзірледік, оның көмегімен мұғалімге сабақ жоспарын жасауға бар-жоғы төрт минут жеткілікті. Бір сыныптағы білім деңгейі әр түрлі, яғни барлық оқушыға жеке сұрақтар мен тапсырмалар құрастыруға болады. Мектеп басшысы ретінде мен сонау Шардарадағы мұғалімнің қаншалықты дайындалғанын Robi арқылы көре аламын. Сабақ соңында оқушылар да сабақтың қаншалықты қызықты өткенін бағалай алады. Бұдан бөлек, мамандарымыз күнделікті 5–6 ата-анамен және оқушымен кері байланыс орнатады. Оқу процесін бақылауды жақсарту үшін биылдан бастап сыныптарға камералар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл мұғалім мен оқушының сабақ кезіндегі әрекетін бақылауға және буллинг сияқты жағдайлардың алдын алуға көмектеседі», — дейді Қанат Өксікбаев.

Оның айтуынша, елімізде баланың білімі ҰБТ-дан төмен балл алғанда ғана бағаланады. «Әдетте ата-аналар кері байланысты 11 жылдан кейін береді. Бұл тым кеш. Тіпті бір жылдан кейінгі бағалау да кеш. Егер әр сабақтан кейін білім сапасын бағалап отырсақ, бұл әлдеқайда тиімді. Ең маңыздысы — сол бағалау нәтижесінде білім сапасын көтеру үшін қандай әрекеттер қабылдайтынымызда. Біз қазір Robi арқылы апта сайын, ай сайын балалардың білімі мен белсенділігіне қатысты ЖИ негізінде кері байланыс жасап, одан әрі қалай оқыту керектігі туралы автоматты түрде ұсыныстар береміз», — дейді ол.

Қанат Өксікбаев
Фото: © Ерсұлтан Қуанышов

Әдістемелік айырмашылық болмайды

Қазір ЖИ мен digital мектептер туралы мемлекеттік деңгейде де көп айтылуда. Платформа авторы Қанат Өксікбаев оқу процесін цифрландырумен үш жылдан бері айналысып келеді. «Мемлекеттің бағыты мен біздің бастамамыздың сәйкес келуі — дұрыс жолмен келе жатқанымызды дәлелдесе керек. Қазір бізде шалғай ауылдарда шағын құрамды мектептер бар. Оларда сыныптар толмайды, мұғалім жетіспейді. Сол жерлердегі білім сапасын көтеру үшін Robi секілді технологияларды қолдануға болады. Технологияның көмегімен орталықтағы мықты мұғалімдердің білімін алыстағы ауылдарға жеткізе аламыз. Өз тәжірибемізді мысалға келтірейін.

Бүгін біз Алматы, Ақтау, Атырау, Шардара, Жетісай сияқты әр түрлі өңірлерде мектептер аштық. Оларда мұғалімдердің деңгейі бірдей емес. Әсіресе, батыс өңірде мұғалім тапшылығы бар, ауылдық жерлерде тіпті сарапшы деңгейіндегі педагог табу қиын. Мектеп басшысы ретінде, біз жергілікті мамандармен оқытуға мүмкіндік беретін білім жүйесін ұйымдастыруымыз керек. Ол үшін орталық қалалардағы білікті мұғалімдердің әдістемелерін шалғайдағы мұғалімдерге үйретіп, олардың сол білімді балаларға жеткізуіне жағдай жасаймыз. Мысалы, оқушылардың жұмыс дәптерлерін орталық кеңсе мамандары дайындайды. Толық қолдау орталықтан жүзеге асырылады. Осылайша, біз қазірдің өзінде өңірдегі мұғалім тапшылығын платформаның қолдауы арқылы шешіп отырмыз. Менің ойымша, болашақта оқыту жүйесі толығымен технологияның көмегімен жұмыс істейтін болады», — дейді мектеп басшысы.

Мұғалімнің «супер күші»

Қазақстанда мектеп тапшылығын азайту үшін жаңа оқу орындары салынып жатқанымен, бұл мәселені толық шешпейді. Мәселен, биыл 83 мектеп ашылса, соңғы бес жылда 1200 мектеп қолданысқа берілген. Бұл үш ауысымды мектептердегі жүктемені азайтқанымен, мұғалім тапшылығы, әсіресе, ауылдық жерлерде әлі де өзекті. Білім беру жүйесіндегі қағазбастылық та мұғалімдердің уақытын зая кетіреді.

«Мұғалім тапшылығын азайту үшін олардың күнделікті жұмыстары автоматтандырылып, ЖИ-ға жүктелуі керек. Жасанды интеллект кейбір жұмыстарды адамға қарағанда сапалы әрі тез орындайды. Біз Robi арқылы педагогтардың қайталанатын күнделікті жұмысын жеңілдетуге тырысып жатырмыз. Платформада баланың сабаққа қатысуын, білімін бағалау, үй жұмысын тексеру, сабақ жоспарын дайындау, емтихан және тест сұрақтарын құрастыру сияқты жұмыстарды орындауға болады. Сондай-ақ, Kahoot және «Аңыз бен шындық» сынды ойындардың алгоритмдерін платформаға енгіздік. Мұғалімдер оларды сабақ тақырыбына қарай қолдана алады. Мемлекеттік білім стандарттары мен оқулықтар да платформаға енгізілген. Оқушылар үй тапсырмасын платформа ішінде орындайды. Қазір жазуды түсінетін ЖИ енгізілуде, оның дәлдігі 90%-дың үстінде. Критерийлерді бағалау да ЖИ арқылы жасалған. Мұғалімге бұл жұмыстарды өз бетінше орындауға көп уақыт кетеді, ал ол өз уақыты мен энергиясын үнемдесе, барлық назары сабақта болады. Технологияның көмегімен қарапайым мұғалім де «сарапшы» деңгейіне көтеріле алады. Сондықтан біз Robi-ді мұғалімнің «супер күші» деп атаймыз. Осылайша, ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігі төмендейді деп үміттенеміз», — дейді Қанат Өксікбаев.

Әр балаға — жеке әдіс

Білім беруге жаңаша көзқараспен қарайтын педагог, мұғалім баланың тұлғалық ерекшеліктері мен көңіл-күйін де ескеруі керек деп отыр. «Мұғалімдер баланың үлгерімі мен мінез-құлқының ерекшеліктерін платформаға тіркеп отырады. Мысалы, бала тұйық па, басқа балалармен араласа ма, тапсырманы шапшаң орындай ма деген тәрізді. Психологтың жазбалары мен медициналық көрсеткіштері де ескеріледі. Бұл мәліметтер мұғалімге әр балаға жеке әдіс қолдануға көмектеседі. Жоғары сыныптар үшін кәсіби бағдар беруге қатысты ерекшеліктер қосылады. Яғни, Robi тек сабаққа ғана емес, баланың жалпы дамуына үлес қосады. Біз мына жайтты түсінуіміз керек: білім сапасын көтеру деген — барлығына бірдей білім беру емес, әр баланың ерекшелігін ескеріп, білімін көтеру. Кей балаға мотивация көбірек керек болса, алғыр балаларға жоғары деңгейдегі тапсырмалар беру қажет. ЖИ әр баланың деңгейіне сай тапсырмаларды автоматты түрде ұсынады. Бала бақытты әрі еркін болғанда оның академиялық көрсеткіштері де жақсарады. Сондықтан біз баланың көңіл-күйіне мән беріп, сабаққа деген құштарлығын арттыруды көздейміз. Бала мектепке өз таңдауымен келуі керек», — дейді Robi платформасының авторы.

Жаңа технологиямен — сапалы білімге

Қазіргі таңда Robi платформасына 10 мектеп пен 5500 оқушы тіркелген. Жоба жетекшісінің айтуынша, платформаның тиімділігі туралы қорытынды жасауға әлі ерте.

«Біз бұл шешімді әзірше тек өз мектептерімізде қолданамыз, бірақ биылдан бастап оны IT-шешім ретінде сатуды бастадық. Дамушы елдерде, әсіресе, білім теңсіздігі жоғары елдерде сұраныс барын байқап, шетелге де шығаруды ойластыра бастадық. Болашақта жиналған деректерді зерттеп, даму мақсатында қолдануды көздейміз. Менің арманым — зерттеу орталығын құру. Ұзақ мерзімді болашақта Robi-ді ұшақтың «қара жәшігі» тәрізді білім беру процесін басқаратын, ЖИ негізіндегі анықтамалық орталыққа айналдырғым келеді. Ол мектепті басқаруға, педагогика мен әдістемелерге, бала психологиясына және академиялық білімге қатысты әлемдегі ең жоғары стандарттар мен зерттеулерге негізделген шешімдер ұсынатын болады», — дейді новатор ұстаз.

Robi жеке мектептерді кәсіп ретінде тиімді басқаруға, шығындарды оңтайландыруға және жоспар құруға көмектеседі. «Жаңа мектеп ашқанда бізде артық шығын болмайды. Бір балаға кететін шығын мен мұғалімдердің жалақы қорын алдын ала көріп отырамыз. Соңғы үш жылда біз өз стандарттарымызды қалыптастырдық, соның арқасында жаңа мектеп ашу қиындық тудырмайды және бизнесті тез масштабтауға мүмкіндік береді», — дейді Қанат Өксікбаев.

Сарапшы-педагог осынау ІТ шешім халық игілігіне жараса деген ниетте. «Біз еліміздегі білім теңсіздігін шешу, білім беруді басқару және бизнес процестерді оңтайландыру бойынша мемлекетпен жұмыс істеуге дайынбыз. Тәжірибемізбен бөлісіп, бірнеше мектепке пилоттық негізде енгізуге ашықпыз. Біздің мақсатымыз — қысқа мерзімді пайда емес, ұзақ мерзімде еліміз бен өскелең ұрпаққа пайдалы нәрсе жасау. Шалғай өңірлерде мектеп ашу кәсіп ретінде табысты емес, оқу ақысы да төмен. Бірақ халық ең көп шоғырланған жерлерде сапалы мектептер болуы керек. Барлық бала сапалы білім алуға лайықты. Біздің моделіміздің кішкентай ауылдарда да жұмыс істейтінін және технология арқылы сапалы білімді бәріне қолжетімді етуге болатынын дәлелдегіміз келді», — дейді ол.