Тасадағы тіл: қазақ ғылымының жаңа траекториясы
Мәселе тілдің өзінде емес, оның ғаламдануына кедергі келтіретін жүйелі үш тосқауылда
Қазақстанның білім беру саласында қазақ тілі басым болса да, әзірге толықтай ғылыми жаңалықтар мен инновация тіліне айнала қойған жоқ. Ал жасанды интеллектінің дамуы мен цифрлық трансформация қазақ ғылымының үнін ғаламдық деңгейге шығара ала ма?
Қазір елімізде студенттердің 60%-дан астамы қазақ тілінде білім алады, мектептерде осы тілде сабақ беріледі, PhD диссертациялардың тең жартысы қазақ тілінде қорғалады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тіл білім беру саласында басымдыққа ие болғаны рас. Әйтсе де осындай оң үрдіске қарамастан, ана тіліміздегі ғылыми еңбектер әлем назарынан тысқары қалып отыр. Мемлекет басшысының бағдарды «жасанды интеллект дәуіріне» қарай бұруы бұл тақырыптың өзектілігін одан сайын екшелеп, оның шешу жолдарын іздестіруге түрткі болды. Біздіңше, мәселенің түп тамыры — тілдің өзінде емес, оның ғаламдануына кедергі келтіретін жүйелі үш тосқауылда.
Тосқауыл № 1: озық контент тапшылығы
Басты кілтипан — қазақ тілінде әлемді елең еткізер ғылыми ерекше жаңалықтардың жасалмауында. Web of Science деректері бойынша, жарияланатын қазақстандық ғылыми жұмыстардың жартысынан көбіне тіпті елдің өз ішінде сілтеме жасалынып, үзінділер келтірілмейді. Зерттеушінің ықпалы мен өнімділігінің өлшемі — Хирш индексіне алсақ, бізде бүкіл елдің h-индексі бір ғана мықты америкалық профессордың көрсеткішіне пара-пар. Оның себебі — шынайы эксперименттер орнына құрғақ есептермен толтырылған «зерттеусіз ғылым» феноменінде жатыр. Осындай формализм мәдениеті еліміз бағыт алған жаңашылдық бағытына тіптен қарама-қайшы. Ал озық идеялар туғызбайтын тіл ішкі есеп беру құралы болып қана қала береді.
Тосқауыл № 2: маман тапшылығы
Тілдің жаны — адамда. Қазақ тілін ғылыми тілге айналдыратын — ана тілінде сөйлеп, ғылымды әлемдік деңгейге көтеретін ғалымдар. Ал олардың саны бізде тағы да мардымсыз. ЖІӨ сәйкес келетін елдермен салыстырғанда Қазақстанда жан басына шаққанда олардың саны бізде бірнеше есеге төмен.
Мәселе қайдан шығады? PISA деректері көрсеткендей, 15 жасар қазақстандық оқушылардың 60%-ы функционалды сауаттылықтың ең төменгі шегіне де жете алмайды, яғни академиялық оқулықтарды былай қойғанда, күрделілігі орташа мәтіннің өзін дұрыс түсінбейді. Сондықтан «елге білікті отандық мамандарды қайтару механизмдерін жасап, енгізу» шешуші мәнге ие. Ал біздің әлеуетіміз зор: Қазақстаннан кеткен биолог Шухрат Миталиповтен — 8000, физик Жұмағали Шыңғыстың еңбектерінен — 2000 үзінді жасалған. Осындай қалыптағы бірнеше ғалымды елге қайтарудың өзі қазақ ғылымының «үніне» айналатын тұтас бір ғылыми мектептер құруға қабілетті.
Тосқауыл № 3: қолдаушы экожүйелер тапшылығы
Тіпті сапалы контент жасалған күннің өзінде оны тарататын инфрақұрылым жоқ. Ғылымға бөлінетін қаржы көрсеткіші ЖІӨ-нің небәрі 0,14%-ын құрауы және ғалымдар арасындағы бытыраңқылық біртұтас академиялық «сахнаны» қалыптастыруға жол бермей отыр. Ал лайықты қаржыландыру мен ортақ платформа болмаған жағдайда тіл тек жергілікті қолданыс құралы болып қала береді.
Шешім кілті — цифрлық трансформация
Мемлекет басшысы жариялаған жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект бағыты — Қазақстан үшін тарихи мүмкіндік. Осы маңызды сәт бетбұрыстар бастауы бола алады. Біріншіден, жасанды интеллект тіл тосқауылын жояды. Қазіргі таңда, іс жүзінде, «барлық ғылыми мәтіндер барлық тілде жазылады». DeepL және ChatGPT технологиялары арқасында қазақ тіліндегі кез келген мақала, басқа тілдердегі сияқты әлемнің кез келген бұрышында бір мезетте оқылуы мүмкін. Қазіргі сұрақ «қалай аударамыз?» емес, «нені аударамыз?» дегенге келіп тіреледі.
Екіншіден, ғалымдарға қойылатын талаптар өзгеруде. «Промтинг», яғни жасанды интеллектіге нақты тапсырма бере білу ғылыми сауаттылықтың жаңа формасына айналуда. Егер бұрын әлемдік ғылымға араласу үшін шет тілдерін меңгеру — алынбас қамалдай көрініп, оған жауап ретінде «үш тілді білім беру» тұғырнамасы жасалса, енді ана тілін меңгеру тереңдігі мен дәлдігіне талап жоғарылай түседі. Қазақ тілі үшін әлемдік деңгейдегі ғылыми ойлау жүйесінің құралына айналудың бірегей мүмкіндігі туды.
Цифрландыру бағыты аясында Ғылыми жарияланымдар ұлттық платформасын құру идеямыз айрықша мазмұнға ие болды. Осындай жоба қазір даярланып жатқан Цифрлық кодекс ауқымында жаңа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үшін флагмандық міндеттердің бірі бола алар еді. Қытайдың CNKI не бразилиялық SciELO цифрлы ғылыми базалары секілді мұндай жоба — ғалымдарды біріктіріп, ашықтықты қамтамасыз етіп, қазақ тілінің дауысын ғаламға жаңғыртатын «сахна» тәрізді. Ал сапалы индексациясыз өте қызықты ғылыми контенттің өзінің «көрінбей» қалу қаупі бар.
Қазақ тілінің әлемдік ғылымдағы траекториясы елдің жаңа экономикалық мәртебесіне сай қуатты ғылыми экожүйе құра алуына байланысты болмақ. Оның негізі қаланды да: биыл Қазақстан экономикасы жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша посткеңестік кеңістікте (Балтық елдерін қоспағанда) ең жоғарғы көрсеткішке жетсе, білім беру жүйесінде қазақ тілі үстемдік құрады.
Енді жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып, мемлекеттік цифрландыру бағытына сүйеніп, үш қазық — сапалы контент, мықты кадрлар және қолдаушы инфрақұрылым арқылы іргемізді нығайта түскеніміз абзал. Егер осы қадамдар бірізділікпен жасалса, ұлттық ғылымның «перифериялық» келбеті Еуразия интеллектуалды орталығы мәртебесіне ауысары сөзсіз.