Инвестор болам десеңіз

Байқап отырмыз, соңғы уақытта бөлшек инвесторлардың қор нарығына деген қызығушылығы барынша артып келеді

Фото: © Depositphotos/Tumisu

Дәл қазір инвесторлар үшін нарық жағдайын дер кезінде бағамдап, бағалай білу өзіндік өнер, өйткені ағымдағы аумалы-төкпелі экономикалық және саяси оқиғалар легімен нарық іші де жылдам өзгеріп, құбылуы ғажап емес. Біздіңше, қаржы нарығы мынадай аспектілерге тәуелді болады:

1. Құбылмалылық. Экономикалық көрсеткіштердің, орталық банктер саясатының және геосаяси тәуекелдердің өзгеруі нарық ішінде жоғары құбылмалылыққа әкеліп соғуы мүмкін.

2. «Бұқа» және «аю» нарықтарында: өсу (бұқа нарығы) және құлдырау (аю нарығы) фазалары байқалады, олар көбінесе экономикалық циклдардың өзгеруімен байланысты.

3. Секторизация. Кей секторларда өсу екпіні мықты қарқын алып, басқалары диверсификацияға, инвестициялау үшін нақты секторларды таңдауға мүмкіндік береді.

Айтқандай, дәл қазір қор нарығында бірнеше негізгі тенденция анық байқалуда. Оларды шартты түрде былайша бөліп, қарастырайық:

Технологиялық сектордың өсуі. Технологиялық компаниялардың акциялары әлі де сұранысқа ие, әсіресе, ЖИ, киберқауіпсіздік және бұлттық есептеулер салаларындағы компаниялар. Қазір технологиялық сектор белсенді дамып келеді, бұл қор индекстеріне де әсер етеді. 2021 жылдағы дүрлігіс қайталана қоймас, бірақ ұзаққа негізделген инвесторлар технологиялық компаниялар акцияларының өсіміне сенім артып, позитивті көзқарасты ұстануда.

Шикізат нарығы. Шикізат нарықтары сұраныс пен ұсыныстың өзгеруі, геосаяси оқиғалар мен климаттық жағдайлар секілді жаһандық экономикалық және саяси факторларға байланысты едәуір құбылмалылықты көрсетеді. Мұнай, табиғи газ, металдар мен ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы маусымдық үрдістерге, сауда соғыстарына және орталық банктер саясатындағы өзгерістерге орай өзгеруі мүмкін.

Экологиялық тұрақтылық. Жасыл және тұрақты инвестицияларға деген сұраныс өсіп келеді. Инвесторлар экологиялық, әлеуметтік және басқару (ESG) аспектілерін ескеретін компанияларға көбірек көңіл бөлуде. Жаңартылатын энергия көздерімен айналысатын компаниялар да инвесторлардың назарында.

Цифрландыру және орталықсыздандыру. Криптовалюта және блокчейн технологиялар нарығы да инвесторлар назарынан тыс қалып жатқан жоқ, бірақ бұл сала жоғары құбылмалылыққа ие. Биткоинның бағасы сұраныс пен ұсыныс деңгейіне, саяси-экономикалық тұрақтылыққа, жаңа қолданушылардың көрсеткіштеріне және т. б. бірқатар факторларға тәуелді болып келеді.

Жаһандық экономика. Көшбасшы экономикалардың сауда саясатындағы өзгерістері немесе жаһандық экономикалық дағдарыстар секілді саяси және экономикалық оқиғалар қор және крипто нарықтарына айтарлықтай әсерін тигізеді.

Пайыздық мөлшерлемелер және инфляция. Ақша-кредит саясатындағы өзгерістер, әсіресе, пайыздық мөлшерлемелер мен инфляцияға қарсы шаралар инвестициялық шешімдерге де, қор нарығына да әсер етпей қоймайды.

Яғни, қор нарығына көз тіккен инвесторлар бүгінгі таңда нарыққа әсер етуі мүмкін жаһандық экономика мен саясаттағы соңғы үрдістерді, өзгерістерді ескеріп, бақылаумен қатар тәуекелдерді бағалап, кездейсоқ өзгерістерді есепке алуды да ұмытпағаны жөн. Дәл қазір біз бөлшек инвесторларға ескерту ретінде мынадай кеңес бергенді дұрыс санаймыз: көпшілікке ермеңіз, қауесетке, эмоцияға негізделген шешім қабылдамаңыз; барлық ақшаңызды бір активке немесе бір салаға салмаңыз: қаржыны тым шоғырландырып ұстаудың қажеті жоқ; тәуекелдерді басқару және капиталды қорғау қажеттілігі туралы есте сақтаңыз; инвестициялар пайда да, шығын да әкелуі мүмкін, қор нарығына аяқ басқан тұста осы екеуін есепке алып, қадам жасауды ұмыптаңыз.