Ғасырлар шырақшысы
Отандық музейлерге заманға сай менеджмент қажет
Алғаш рет 1997 жылы Германияда басталған «Музей түні» шарасы бүгінгі таңда әлем елдерін түгел қамтып, адамдардың музейлерге деген ықыласын арттыруға үлес қосумен келеді. Қазақстан бұл шараға 2005 жылы қосылды – әлемдік деңгейдегі танымал «түнді» өткізуге Алматыдағы Орталық музей мұрындық болған. Ал Астанада Ұлттық музей құрылған жылдары бұл шараға тіпті 30 мыңға жуық адам қатысқан.
18 мамыр – Халықаралық музей күні. Бұл күнді арнайы атап өту әлемнің 150-ден астам елінде дүстүрге айналған. Оның ішінде, әрине, Қазақстан да бар. Дәл осы күні отандық музейлер сала ішіндегі жетістіктерімен, түйінді мәселелерімен бөлісіп, қоғамды пікірталасқа шақырады. Көрермендерге арналған «Музей түні» акциясы да осы датаға негізделген.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазір Қазақстанда 276 музей бар. Көпшілігі Түркістан облысында және Алматы қаласында орналасқан. Ұлытау облысында керісінше, музейлер саны аз – сала ішіндегі мамандар мұны ондағы халық санының аз болуымен түсіндіреді. Әйтсе де бұл облыста еліміз үшін маңызды екі музей бар – жер астындағы қазба байлық қоры сақталған М. Төрегелдин атындағы Жезді музейі және Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-археологиялық музей.
Елі ішіндегі музейлердің басым көпшілігі мемлекеттің қарамағында. Жекеменшік музейлер саны он шақты ғана, мысалы, Ақмола облысында профессор Ж. Артықбаев ұйымдастырған музей, Шымкенттегі «Қылует» этнографиялық музейі, Қарағандыдағы Экология музейі, т.б.
Kazmuseum ақпараттық-әдістемелік орталығының және музей мамандарына арналған kazmuseum.kz сайтының негізін қалаушы Нұрсерік Жолбарысұлының айтуынша, Қазақстанның облыс-аймақтарында өлкетану музейлері көп, бірақ олардың дені сонау 1920 жылдарда қалыптасқан концепция аясынан шыға алмай отыр. «Экспозицияға деген көзқарас бұрынғы қалыпта қалған. Бізге қазір музейлер қорына ревизия жүргізіп, жаңа музейлер құру мүмкіндігін ескеру керек, мысалы, әдебиет, техника, этнография тақырыбында. Біздегі кейбір өлкетану музейлерінің қоры жаңа музей ашуға мүмкіндік береді. Айталық, Семейде сүйектен жасалған заттардың коллекциясы бар, Маңғыстауда киіз үйге қатысты барлық құралдар, Батыс Қазақстанда күмістен жасалған бұйымдар, Солтүстік Қазақстан мен Түркістанда этнографиялық бұйымдардың түр-түрі жинақталған музейлер бар», – дейді ол.
Ол, сондай-ақ бүгін Қазақстан музейлерінде көбінесе тарих, тіл-әдебиет мамандықтары бойынша оқу бітірген мамандар жұмыс істейді, ал музей ісі мамандары сирек кездеседі деп отыр. Музей мамандарын негізінен Астана, Алматы, Қостанай қалаларында орналасқан үш оқу орны дайындайды. Сәйкесінше талапкерлер «Музей ісі» мамандығын таңдай қоймайды. Отандық музейлерді жаңарту үшін бұл салаға «креативті, кәсіби, жас мамандар керек» дейді сарапшы. «Музей басқарушыларын таңдаудың да жаңа әдістерін енгізу қажет. Қазіргі қолданыстағы – конкурс арқылы таңдау жүйесі ескірді. Батыста музей директорлары концепциялар конкурсы арқылы тағайындалады, яғни олар үміткер ұсынған музейдің жаңа концепциясын таңдайды. Ал бізде жаңа концепция емес, жаңа басшы таңдалады. Сондай-ақ, музей мамандарын қайта даярлауға мән беріп, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға жіберген жөн. Бүгін шетелдік музейлерде музей психологы, музей социологы, музей медиаторы, музей заңгері секілді жаңа лауазымдар бар», – дейді Нұрсерік Жолбарысұлы. Сарапшының айтуынша, қазір музейге келетін қонақтарға бұрынғы жаттанды мәтінмен экскурсия жүргізіп, шығарып салған дұрыс емес, қазір музейдің әр қонағының жеке сұранысын ескеру өте маңызды.
Сонымен қатар ол, Қазақстан музейлеріне жаңа леп, жаңа серпін, жаңа ізденіс керек деп отыр. «Заманауи музей менеджментін енгізу өте маңызды. Жаңа менеджментке құрылған еуропалық музейлердің мамандары дәстүрлі бағыттарды өзгертіп жатыр, сол арқылы музейді қала кеңістігіндегі белсенді «форумға» айналдырып, «жанды ағза» етіп көрсетуде. Бүгінгі күннің музейі мәдени құндылықтарды сақтай отырып, өркениеттер арасында диалог орнататын, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын іргелі институтқа айналуы тиіс», – дейді Нұрсерік Жолбарысұлы.
Қазақстан музейлерінің бірқатары Өзбекстан, Ресей, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ секілді елдермен байланыс орнатқан, мысалға, Алматы тарихы музейі, «Ұлы Дала елі» орталығы, Солтүстік Қазақстан облыстық музейі, Торғайдағы музейлер кешені, т.б. Сала мамандарының айтуынша, соңғы жылдары музейлерді арнайы іздеп келетін қонақтар аз емес, оның ішінде шетелдік туристер де көп. Өткен жылы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына 677 мыңға жуық адам келген. Түркі дүниесінің атақты тұлғасы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тағзым етушілер қатары да артып келеді. Астанадағы Ұлттық музей мен Алматыдағы Орталық музей де туристердің сұранысына ие.
Көпшілік біле бермеуі мүмкін – Алматыдағы Орталық музей Орталық Азия бойынша ең алғаш құрылған музейдің бірі, ол бірегей архитектуралық ғимараттар қатарына жатқызылған. Музей директоры Рашида Ерімқызының айтуынша, музей қорында 273 181 экспонат сақталған. 2006 жылдан бері ғылыми-зерттеу мекемесі статусына ие. 2023 жылы Орталық музейге 150 мыңға жуық турист келген. Құрылымдық 25 бөлімшеде 244 адам жұмыс істейді. Музей қызметкерлері археологиялық, этнографиялық, археографиялық зерттеулер бойынша ғылыми экспедициялар мен іссапарлар ұйымдастырып, қазба жұмыстарын да жүргізіп жатады.
Орталық музей көптеген шетелдік музейлермен қарым-қатынас орнатқан: Токиодағы жапон ұлттық музейімен, АҚШ-тағы Пенсильван университетінің Антропология музейімен, Франциядағы Гим – Шығыс халықтары өнері музейімен, Германиядағы тау-кен ісі музейімен, ресейлік музейлермен, т.б. 11 543 музей заттарының цифрлық көшірмелері, оның ішінде 1063 музейлік нысанның 3D нұсқасы жасалса, оның басым бөлігі «Қазақстанның археология лық алтындары» коллекциясынан тұрады. Көрермендер оларды сенсорлы ақпараттық киоск көмегімен тамашалай алады. «Музей түні – 2024» шарасы Орталық музейде 17 мамырдың түніне жоспарланған. Бұл жолы мұнда «Музей – білім беру мен зерттеу үшін» деген тақырып көтерілмек.
Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы Дала Елі» орталығы 2021 жылдың наурызында ашылды. Бұл орталықтың басты ерекшелігі – музей түгел дерлік цифрлық технологиялармен қамтамасыз етілген. Экспозиция мәні арнайы жасалған контентпен сүйемелденіп, толықтырылған. Музейде 7D форматында әзірленген 2000 шаршы метрді құрайтын проекциялық голлографиялық шоу бар. Ол түркі әлемінің даму динамикасын көрсетеді: қола дәуірінен бастап, бүгінгі Қазақстанға дейін. Мұнда жылына шамамен 20 мыңдай адам келеді. Экскурсия жүргізушілер төрт тілде еркін сөйлейді, Францияда арнайы әзірленген үш тілдік аудиогид қызметі де бар. «Биыл «Музей түніне» келушілер саны көп болады деп отырмыз. Жалпы, бұл шара жұрттың музейлерге деген ықыласына дем беріп, қонақтар санын арттыруға септік етуде. Бұл жолы біз «Жәдігер сыры», «Түркі халықтарының анимациясы» секілді тақырыптық жобалар аясында тарихи тұлғаларымызды насихаттауды қолға алдық. Болашақта киелі қала Түркістан туралы 7D форматында контент әзірлеп, шет елдерге көрмелерге шығарғымыз келеді», – дейді «Ұлы Дала Елі» орталығының директоры Гүлжанат Ибрагимқызы.