Бәйге, ұлттық киім және интеллектуалдық форумдар

Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталуына санаулы күн қалды

Скриншот видео

Ұлттық сайыс түрлерінің ішінде – аламан бәйгенің орны ерекше. Kusto Group атқарушы директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев ұлттық спорт патриоттық рухты көтереді деп есептейді.

Қанат мырза, сіздің жапон фехтованиесінен 3 даныңыз бар. Неліктен ұлттық ойын түрлері арасынан бәйгеге назар аудардыңыз?

- Ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Исламбек Салжанов бізді – алты кәсіпкерді жинап, ұлттық спортымыздың қазіргі жағдайын баяндады. «Егер ұлттық ойындарымызды біз қолдамасақ, онда оны кім жасайды?!» деді. Әрқайсымыз ұлттық мұрамыз – спорттық ойын түрлерін дамытуға үлес қосуды өз парызымыз деп санадық.

Мен ауылда атқа мініп, бәйгені көріп өстім. Сондықтан осы федерацияға келдім. Бәйге патриоттық рухты көтереді. Біздің елімізде футбол да дәл бәйге сияқты көп адам жинай алмайды. Әрине, бұл салада да көптеген мәселелер бар, бірақ оларды шешуге тырысамыз.

Қандай?

- Мысалы, біз басында «әйелдерді де стадионға бәйге көруге қалай жинаймыз?» деп ойладық. Сосын ақылдаса келе, Англиядағы ат жарысына әйелдердің арнайы костюм киіп келетінін еске түсіріп, «Ұлттық сезім» байқауын жарияладық. Яғни, Бәйгеден республикалық чемпионатқа өз қолдарынан тіккен ұлттық киімімен келген әйелдер арасында ең үздік костюмге жүлде тағайындадық. Бұл бастама көптің көңілінен шықты. Басында конкурсқа 50 әйел қатысса, кейін олардың саны 100-ге жетті. Жүлде көлемін 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге өсірдік.

Ұлттық киім елдің бірлігі мен біртұтастығын, патриотизмді нығайтуға көмектеседі. Сонымен бірге оның туризм мен экономиканы күшейтуде де маңызы бар. Мысалы, біз шетелге шыққанда шетелдік әріптестерімізге ұлттық костюмдерді сыйға тартуға тырысамыз.

YPO Kazakhstan аясында да әр жұма сайын жұмысқа ұлттық киім кию бойынша «Ұлттық сезім» флешмобын ұйымдастырдық. Бұл бастаманы YPO мүшелері компанияларының 15 000-нан астам қызметкері белсенді түрде қолдаған. Біз ешкімді күштемейміз, ұлттық киімді адамдар өздері киіп келгенін қалаймыз. Осы арқылы біртіндеп әр адамның патриоттық сезімі оянып, артады деп сенеміз.

Сіз де қазақша нақышта киініп келесіз бе?

- Әрине, ұлттық нақыштағы 5–6 ұлттық костюмім, көйлектерім бар. Бұл бір жағынан ұлттық дизайнерлерге, отандық тігін индустриясына да серпін береді. Қазір кез келген бюджетке лайық ұлттық киім тігетін отандық компаниялар баршылық.

Патриотизм – абстракты ұғым емес, осындай түрлі элементтерден құралады деп есептейсіз ғой...

- Патриотизм – «Біз кімбіз? Қайдан келдік?» деген сұрақтарға жауап іздеу. Патриотизм – қарттарға құрмет, әйелдерді сыйлау. Бұл – біздің дәстүріміз. Бірақ соңғы 30 жылда қоғам іріп, көптеген ұлттық құндылықтан айырылдық. Ал ұлттық киім кию, домбыраны насихаттау, тарихымыз туралы жақсы деректі фильмдер түсіру, ұлттық ұстанымдарымызды еске салатын билбордтар ілу – осының барлығы патриоттықты жандандандыруға үлес қосады деп ойлаймын. Ұлттық тәрбие мектептен басталуы керек.

Ауыл мектептерін дамыту мақсатында меценанттар IQanat жобасын іске қосып, соның ауқымында өзім туып-өскен Жамбыл облысындағы мектептер желісін қолға алдым. Әлемдегі ең озық ілім, инновация, трендтермен таныстыру мақсатында маусым айында Алматыда New Vision форумын ұйымдастырсақ, қазанда Астанада әлемнің жүздеген ғалымдары, ойшылдары, кәсіпкерлері бас қосатын жыл сайынғы Nobel Fest өткіземіз. Меніңше, өз еліңнің интеллектуалды дамуына үлес қосу да – патриотизм екендігі сөзсіз...