Арманжан Байтасов: Креативті ойлауға үйренуіміз қажет
Астанада ұлтымыздың мақтанышы, әйгілі әнші Бибігүл Төлегенова атындағы еліміздегі тұңғыш Креативті мектеп ашылғаны туралы бұған дейін де хабарланды
Инновация мен ұлттық дәстүр үйлесімді түйіскен жаңа мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйегінде алғашқы оқушыларын қабылдағаны белгілі. Жас таланттарды ғаламдық табыстарға жетелейтін бірегей білім ордасы — белгілі журналист, медиаменеджер, Tan Media Group басшысы Арманжан Байтасовтың идеясы.
Әлемдегі «дөңгелектен интернетке дейінгі» ұлы жаңалықтарды өзгеше ойлап, ерекше шешім іздеген өнертапқыштар мен өнерпаздар тапқан.Адамзат прогресінің басты қозғаушы күші — шығармашылықты шыңдайтын Астанадағы бірегеймектеп талантты балаларды жинап, олардың дарынын ұштайтын зертханаға айналмақ. Мектепте оқушылар 1-ден 11-ші сыныпқа дейін қазақ, орыс тілдерінде халықаралық деңгейде білім ала алады. Жаңашыл мектептің миссиясы ұлы Абайдың «өнерпаз болсаң арқалан, сен де бір — кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар, қалан» сөздеріне сәйкес келеді. Яғни бұл — жаһанданған әлемнің бір бөлшегіне айналатын баланың тұлға ретіндег әлеуетін арттырып, дамуы үшін креативті, жағымды орта жасау деген сөз. Инновацияға серпін беретін басты фактор да креативтілікті қолдайтын орта екенін соңғы әлеуметтік зерттеулер көрсетіп отыр.
«Білім беру тек ақпараттық тұрғыда өрбімеуі керек, білім беру — оқушылардың бойындағы шығармашылық қабілетті шыңдап, олардың өз бетінше ойлай білу машықтарын қалыптастыруға шабыт беруі тиіс», — дейді Креативті мектептің құрылтайшысы Арманжан Байтасов. Айта кету керек, креативті мектеп жасау идеясы «ақпараттандыру, ағарту, шабыт беру» деген негізгі идеяларға сүйенетін Tan Media Group медиахолдингінің миссиясына сай келеді. Екі жоба да жоғары этикалық талаптарды, қоғамдағы оң өзгерістерге әкелетін әлеуметтік және мәдени бастамаларды қолдауға ұмтылады.
«Біздің компанияның басты миссияларының бірі ақпарат жеткізу, тарату және сонымен қатар біз ел ішінде, қоғам ішінде ағартушылық миссия ұстануға да түкпілікті мән беріп отырмыз. Креативті мектептің ашылуы — біздің сол ағартушылық миссиямыздың бір жобасы іске асты дегенді аңғартса керек. Кезінде осы мектеп туралы идеямен Бибігүл Ахметқызымен бөліскенімде жаңа мектептің креативтілікке негізделіп құрылуын ол кісі де қолдап, бірден келісті», — деп еске алады Арманжан Байтасов. Медиаменеджер ретінде ол болашақта осы мектептің түлектері еліміздің ақпараттық кеңістігін дамытуға үлес қосып, тіпті өзі басқарып отырған Tan Media Group тобына жұмысқа келіп жатса, осының өзі «идеямыздың жүзеге асқанын көрсетеді» деп отыр.
Білім берудегі креатив дәуірі оқытудың интерактивті тәсілдерін, ойын технологияларын, жобалау жұмыстарын және заманауи цифрлық құралдарды қажет етеді. «Креативті ойлауға үйренуіміз қажет, басқалар кедергі көрген жерде — мүмкіндіктерді байқап, күрделі істің тосын шешімін таба білу де өнер», — дейді Арманжан Байтасов.
Мектептің «үш тағаны»
Технологиялар жылдам дамитын дәуірде бұрынғы білім беру тәсілдері ескірген, сондықтан, жаңа әдістер қажет екенін айтады Арманжан Байтасов. Ал креативтілік — өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, инновациялық шешімдер табуға итермелейтін қабілет. Сонымен жаңа мектеп не ұсынады?
Бұл мектептің үш тағаны — үш ұстанымы бар. Оның алғашқысы — білім берудегі жоғары халықараралық стандарттар. Бұған Кембридж білім беру бағдарламасы сертификациясы, A-Lеvel және CIS сертификаттары кіреді. Яғни, мектеп түлектері келешекте дүниежүзінің үздік университеттеріне қосымша тіл үйрену курстарына бармай-ақ түсе алады.
Ал оқу бағдарламасына негіз болатын эксперименттік типтік оқу жоспарын әзірлеу бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академиямен бірлесе жұмыс жасалып жатыр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі — оқу процесінің практикамен ұштасуы: оқушылар негізгі пәндермен қатар экономика және бизнес, жаһандық азаматтық, этика, экология және креативті технологиялар секілді қосымша пәндер бойынша дәріс алады. Оқу бағдарламасы сынақтан өткеннен кейін мектептің негізін қалаушылар креативті білім беру бойынша тәжірибелерін Қазақстанның басқа да жалпы білім беретін мектептерімен бөлісетінін айтады. Бұл жаңа креативті кластердің қалыптасуына серпін береді деп есептейді Арманжан Байтасов.
Болашақтың мамандықтары қандай?
Білім ордасының екінші ерекшелігі — оқушылар мектепте жүріп-ақ, сұранысқа ие мамандық иесі бола алады. Мектепте дуалды білім беріледі, бір уақытта оқушылар академиялық білім мен кәсіби біліктілікті қатар дамытады, деп түсіндіреді Арманжан Байтасов. Яғни, оқушылар өздері таңдаған бағыт бойынша курсты тәмамдап, халықаралық аттестат алып, пайда таба бастайды. Осы арқылы креативті индустрияның толыққанды қатысушысы ретінде Қазақстан экономикасын дамытуға үлес қоса алады. «Осы орайда келешекте қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын сараптап, қазіргі тенденциялар мен қоғамның ықтималды қажеттіліктерін зерделеу — білім беру мен дамудың лайықты жолын таңдауға мүмкіндік береді. Осы арқылы біз жылдам өзгеріп жатқан әлемге икемделіп қана қоймай, оның шығармашылық дамуына белсенді әрі табысты түрде ат салыса аламыз», — дейді Креативті мектептің құрылтайшысы.
Нобель сыйлығының лауреаты Кристофер Писсаридес ұзақ мерзімді перспективада басқару, шығармашылық және эмпатиялық қабілеттерді қажет ететін мамандықтар басымдыққа ие болатынын айтқаны бар. Экономика профессорының пікірінше, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект жылдам дамып жатқан бүгінгі кезеңде еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп беру үшін креативтілік қабілет қажет.
Айтпақшы, Креативті мектептегі оқу барысы оқушылар өздері таңдап алатын төрт факультеттің бірінде өтеді. Олар — Digital, Art, STEM және Music. Бірақ өмірлік тәжірибесі әлі де қалыптаса қоймаған балдырғандар өздеріне қажет мамандықты қалай таңдайды?! Арманжан Байтасовтың айтуынша, мамандық бойынша бағдар беруші мамандар, коучтар, психологтар әрбір баламен тікелей жұмыс істеп, олардың әрқайсысының қабілетін анықтауға көмектеседі, олар сонымен қатар жеке оқу бағдарламасын әзірлейтін болады. Балаларды әр саланың озық мамандары шағын топтарда және жеке де оқытады. Бұл мақсатта жобаға актерлер, музыканттар, суретшілер, режиссерлер, әншілер, кәсіпкерлер, жазушылар, IT-стартап жасаушылар, инженерлер мен жеке тәжірибесі балаларға үлгі болатын тұлғалар шақырылып, өз тәжірибелерімен бөліседі.
Мектеп қоғамдық интегратор ретінде
«Біздің команда үшін ортақ процеске араласатын оқушы, мұғалім, тіпті ата-ана болсын — үздіксіз білім алып, өзін-өзі дамытуға, ғаламдануға мүмкіндік алатындай мектеп жасау маңызды болды», — дейді Арманжан Байтасов мектептің үшінші ерекшелігі туралы. Сондықтан архитекторлар, жобалаушылар, дизайнерлер, құрылысшылар мен әдістемешілер алдымен нарықты терең сараптап, маркетингтік зерттеулер жүргізіп, балалардың өздерін де тыңдап шыққан. Сонда белгілі болғаны: жас ұрпаққа сұранысқа ие озық қондырғылармен, бағдарламалармен танысып қана қоймай, соларды өздері әзірлеп, жасай алатын жобалық әрекет пен заманауи орта да маңызды екен.
Жаңа мектепте 60 оқу кабинеті, химия, физика, нано және биотехнология бойынша зертханалар, дизайн, ағаш және металл өңдеу бойынша ұстаханалар, қыш құмыра студиясы, аспаздық, IT-сыныптары, коворкингтер мен спорт блогы бар. Мектепті айшықтайтын тағы бір ерекшелік — оның 4 блок ретінде бөлініп, 40 тақырыптық кабинеттерден тұратын Креативті блогы. Онда ұлттық аспаптар, оркестр кабинеті, дыбыс жазу студиясы, фэшн дизайн зертханасы, ART-галерея, анимациалық студия, гейминг-зертхана, VR және жасанды интеллект кабинеттері бар. STEM зертханалары ерекше, онда оқушылар инженерлік және жаратылыстану-математикалық пәндерді оқып, 3D модельдеу мен робот техникасы негіздеріне ден қояды. Сондай-ақ авто, кеме және авиа модельдеу бойынша балалар теория жүзінде алған білімдерін практикада пайдалануды үйренеді.
Талант пен талап
Білім беру ақылы, әрине, бірақ болашақта мектеп құрылтайшыларының жоспарында жас дарындарды қолдап, олардың әрі қарай қалыптасуына жол ашатын Креативті Қор құру да бар. «Бұл жоба — біздің балаларымыздың оқуы мен дамуы үшін ыңғайлы да жайлы мекен жасау туралы ұзақ жылғы жұмысымыз, арманымыз және сол ұмтылысымыздың жемісі», — дейді Креативті мектептің құрылтайшысы.
Мектепке аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенованың есімі берілуі де кездейсоқтық емес. «Бірегей білім ордасын құруға ұлы опера әншісінің шығармашылығы мен таланты, жастарды мәдени дамытуға ұмтылысы қанаттандырды», — дейді мектеп құрылтайшысы. Оның айтуынша, бұл мектеп білім орталығы ғана емес, ол әрбір оқушы өз-өзін тауып, өзінің әлеуетін ашатын және оларды үлкен табысқа жетелейтін мәдени хаб ретінде қалыптаспақ. «Біздің мақсатымыз — еліміздің болашағына елеулі үлес қосатын креативті, рухы мығым ұрпақты, интеллектуалдық жағынан дамыған азаматтарды тәрбиелеу», — дейді Арманжан Байтасов.
Сондықтан мектеп құрылтайшысы білім беруде креативтілікке, инновациялар мен эксперименттерге арналған кеңістік жасауға шақырады. Білім берудегі креативті дәуір жаңа білім мен қазіргі заманның сынақтарын еңсеруде батыл әрі креативті болуға көмектесетініне сенеді. Өйткені бұл жоба — ұлттық экономикадағы шығармашылық индустрияның рөлін нығайтуға бағытталған Қазақстандағы креативті экономиканы дамыту стратегиясының құрамдас бөлігі. Шығармашылық мамандықтарға қызығушылық артып отырған жағдайда осындай бірегей мектептің ашылуы білім беру мен мәдениетті дамытудың жаңа кезеңінің символы іспеттес.
Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова атындағы мектеп жаңа идеялар туындайтын, өнер мен ілім-білімнің «інжу-маржандары» терілетін, әлемді басқа қырынан өзгертетін тұлғалар өсіп-шығатын орталыққа айналмақ. Бұл білім ордасын «талантты ұрпақты тәрбиелеуге барынша жан-жақты жағдай жасайтын, дәстүр мен инновация тоғысатын болашақтың зертханасы» деп есептейді мектептің негізін қалаушылар. Шығармашыл жастардың жаңа кластерін құру, таланттарды ашуды жүйелендіру мен қазақстандық мәдени дәстүрді жаңғырту — тұңғыш креативті мектеп философиясының негізгі тұғыры деп нық сеніммен айта аламыз.