Әлеуметтік дайын технология

«Ана үйі»: Гарвард бизнес мектебін қызықтырған отандық жоба

Фото: © Вероника Ролдугина

Еліміздегі ең ықпалды әйелдер рейтингінде ұсынылған қайырымдылық саласының танымал өкілі Анар Рақымбаева 12 жылдан бері әйелдерге арналған бірегей жобаны ұйымдастырып, жүзеге асыруда және тек біздің елде ғана емес. «Ана үйі»: бұл — қиын жағдайға тап болған жүкті әйелдер мен балалы аналарға арналған дағдарыс орталықтарының желісі. Қазіргі таңда Қазақстанда 20-дан астам осындай орталық бар: әр өңірде кем дегенде бір-бірден, ал ірі қалаларда бірнеше үйден. Осы жылдары «Ана үйі» 8452 нәрестенің анасының құшағында қалып, интернаттар желісіне түспеуіне тікелей септік еткен. Ал қазақстандық меценаттар бұл жобаға 19,5 млн АҚШ доллары көлемінде қолдау көрсеткен. Қоғамдық қордың биылғы бюджеті 1,1 млрд теңгеден асады.

Анар ханымның пікірінше, осы 12 жылдағы жұмыстың басты нәтижесі: 2013 жылы еліміздегі арнайы мекемелерде тастанды балалардың үлесі 10 мыңнан астам болса, қазір бұл көрсеткіш 3700-дің шамасында, бұл арада, сондай-ақ елдегі халық саны 16-дан 20 миллионға дейін артқанын да ұмытпайық.

«Бір үй — бір қамқоршы» қағидасы

Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында акушер-гинеколог болып жұмыс істеп жүрген Анар Рақымбаева перзентханадағы тастанды нәрестелер бөлімін алғаш рет көрген бойда, бұл жүйеде ел бойынша елеулі өзгеріс қажет деген тоқтамға келеді. Оның қайырымдылық саласына бет бұруына тікелей әсер еткен тағы бір оқиға бар. 2000-жылдардың басында қыстың қақаған суығында BI Group компаниясының құрылыс алаңындағы қоқыс контейнерінің бірінен тіршілік белгісі байқалмайтын шақалақтың денесі табылады. «Сол кезде мен шыдамның шегі жеткенін анық түсіндім. Енді бос сөзді қойып, нақты қадам жасау керек деп түйдім. Әйелдерді осындай әрекеттерге итермелейтін не және біз, яғни қоғам оларға қалай көмектесе аламыз деп әбден толғандым», — дейді ол. Сол кезде Анар ханым құрылыс компаниясында сату бөлімін басқаратын. Ол енді өз командасын құрып, дағдарысқа ұшыраған әйелдерге нақты қолдау көрсету үшін практикалық шешімдер әзірлеуге біржолата кіріседі…

«Ана үйі» жобасы өз жұмысын 2013 жылы бастады. Бұл жобаның басты философиясы — қиын жағдайға тап болған әйелдер, жас аналар қандай да бір саналы шешімге келуі үшін оларға біраз уақыт және қауіпсіз орын беру дегенге саяды. Нәрестесінен бас тартуға мәжбүр болған әйелдердің басым бөлігі мұндай шешімге перзентханадан шығардағы бір-екі күнде келетінін айтқан. «Ана үйі» босанғаннан кейін қайда барарын білмей, күйзеліске түскен әйелдерді нәрестесімен бірге үй жағдайына бейімдеп, өз-өзіне келуіне көмектеседі. Мұнда оларды баспанамен, тамақпен қамтамасыз етіп, психологтың, әлеуметтік қызметкердің көмектерін ұсынады, сонымен қатар құжат, жәрдемақы сынды мәселелерін ыңғайға келтіріп, жұмысқа орналасу тұрғысында тиісті қолдау көрсетеді. Ең бастысы — олар баласының және өзінің алдағы өміріне қатысты дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болады. «Ана үйі» орталықтарына жүгінген әйелдер мұнда алты айға дейін тұра алады, кейде одан да артық мерзімге, егер жас босанған ана кәмелет жасына толмаған болса немесе медициналық көмекті қажет етсе. Бір үйге жас босанған 12 ана қоныстана алады, әдетте баспаналар жалға алынатындықтан желі жұмысы оңтайлы да ыңғайлы етіп ұйымдастырылған (мысалға, қажеттілік болмаған соң Астанада бір үй жабылып жатса, осымен бір мезетте Алматыда үш үйді қолдау мүмкіндігі бар).

Бұл желіге «бір үй — бір қамқоршы» қағидасына сүйенетін отандық 20 шақты меценат қолдау көрсетеді. Қордың бюджеті 1,2 млрд теңге шамасында, ол негізінен меценаттардың көмегі, корпоративтік қолдау және цифрландырылған заттай көмек түрінде қалыптасады. Бір үйді ыңғайлы етіп ұстап тұру үшін жылына 30 млн теңге шамасында қаражат керек. 2035 жылға дейінгі стратегиялық жоспар — Қазақстанда балалар үйі болмауы керек деген ұстаныммен ұштасады.

Анар Рақымбаева
Фото: © Рита Смирнова

«Балажан» бағдарламасы 

Араға жылдар салып «Ана үйі» қоғамдық қорының құрылымында Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылды. 2015 жылы Рақымбаевтар отбасы үш бала асырап алады, сонда олар елімізде бала асырап алуға бел буған ата-аналар үшін қандай да бір мәнді қолдау не ақпараттандыру шаралары жоқ екендігіне өздері көз жеткізген. Содан да осы мәселені өздері ескеріп, келешекте өзгелерге көмек көрсетуге мән береді. Ұлттық агенттік бала асырап алғысы келетін ата-аналарға арналған өзіндік мектеп іспетті, онда отбасыларға психологиялық көмек көрсетіліп, қамқоршылық және қорғаныш органдарына арналған әдістемелік материалдар ұсынылады. Бүгінгі күнге дейін қор осы салаға қатысы бар мың шақты маманды оқытып шығарған. Анар ханымның айтуынша, биылғы жылдың тамыз айының өзінде ғана ел бойынша қамқоршылық органдардың 200 маманы оқудан өткен. Сонымен қатар ата-анасынан айырылған 2022 бала жаңа отбастарына бауыр басқан.

Агенттік қолға алған тағы бір бағыт — балаларға арналған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін оқытып, сол мекемелерді түрлендіріп, өзгертуді мақсат етеді. Бұл тұрғыдағы шаралар «Балажан» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады, онда балалар үйлері мен қолдау орталықтарын отбасылық модельдерге икемдеу көзделген, атап айтқанда персоналды үйретіп, оқыту, балаларға арналған кеңістіктерді қайта құру, тұрмыс және қауіпсіздік стандарттарын белгілеп, енгізу; кейс-менеджмент, жарақаттармен жұмыс, т. б. Осы орайда тренинг орталықтары құрылып, оларда құқықтық нысандар мен қаржы есебінің әдістемесінен бастап, психологтардың жұмыс жоспарына дейін толық ескерілген. Басты мақсат — кем дегенде 15 елді қамтитын өкілеттік орталығын құру.

«Ана үйі» ресурстық орталықтары» балалардың жүйеге «түсіп қалмауының», яғни балалар үйінде қалып қоймауының алдын алу үшін өте қажет. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік аясында біз жүйе ішіндегі балалармен жұмыс істейміз, балалар үйінде тек перзентханадан жеткізілгендер ғана емес, отбасыларынан шығарып алып орналастырылған балалар да бар. Оларды жаңа отбасына бірден орналастыра қою оңай соқпайды. «Балажан» бағдарламасы осындай балаларға қамқорлық жасауға негізделген. Біз мекемелердегі ортаны өзгертіп, ондағы қызметкерлерді оқытамыз, баланың айналасын, жалпы кеңістікті мейлінше отбасындағы жағдайға ұқсас болатындай етіп қайта құрып, жасақтауға мән береміз», — деп түсіндіреді Анар Рақымбаева. 

Халықаралық деңгей

Қазақстандағы «Ана үйін» өз көзімен көріп, онымен жақын танысқан шетелдік серіктестер мен сарапшылар ерлі-зайыпты Рақымбаевтарға осы жобаны басқа елдерде де ашу жөнінде жиі-жиі ұсыныс айтатын. Бірақ бұл жобаның жұмысы бір реттік науқанмен шектелмейді, бұл арада толыққанды жүйелі жұмыс қажет. Жобаның халықаралық сипат алуына inDrive басшысы Арсен Томский ықпал етсе керек: ол өздері жұмыс істеп жатқан ондаған елге жол сілтеп, «Ана үйін» сол жерлерде де ашуды ұсынған.

«Әрине, біз бұл тұрғыда барлық қауіп, тәуекелдерді ұзақ уақыт сарапқа салып, талдап, өлшеуге мән бердік. Қалай дегенмен, ең осал топтар саналатын әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік жобамен басқа бір юрисдикцияға аяқ басу өте қиын. Мұндай мәселелерді шешуге сырттан келген команданы кез келген мемлекет құшақ жая қарсы алмасы айдан анық. Ойлана келе, біз алыс та жақын көрші елдерге Арсенмен бірге барғанды жөн көрдік: оның бейтаныс нарықтарға шығып, бизнесті масштабтау тәжірибесі бар, ал бізде — әдістеме және дайын команда бар», — деп әңгімелейді Анар ханым. Оның айтуынша, inDrive өкілдері көрші елдердегі жағдайды талдап, олардағы реттеу саясатын бағамдауға және жергілікті деңгейдегі мүдделі тараптарды картаға түсіруге көмектеседі. Мұндай тәсіл сол елдерге кіру тәуекелдерін азайтып, келісімге келу, жобаны мақұлдау мәселелерін жеделдетеді. Ал қордың басқару командасы мамандар резервін нығайтып, өз тренинг орталықтарын дамытуда, бұл жаңа орында сапаны жоғалтпай, оқыту жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс. Жалпы, бұл тұрғыдағы шектеулер сұранысқа емес, маман тапшылығы дегенге келіп тіреледі, сондықтан да жобаның мүмкіндігін кеңейтіп, масштабтау барысы ұйлестірушілер мен тәлімгерлерді оқытумен қатар жүргізілуде.

Қазір «Ана үйі» дайын әлеуметтік технология ретінде көршілес елдерді де қамтып отыр. Бүгінгі таңда Өзбекстанда осындай бес үй жұмыс істеп жатыр, тағы екеуі ашылады деп күтілуде. Қырғызстан астанасы Бішкекте бір үй ашылған. Украинада пилотты жоба жұмыс істейді және ол соғыс жағдайына бейімделген, онда аналар мен балалардың жарақат алу мүмкіндігі, қауіпсіз орындарға қатысты талаптар толық ескерілген. Анар Рақымбаеваның айтуынша, «Ана үйі» жобасы қазір Малайзияда іске қосылған, таяуда Түркияда да ашылады.

Жобаның халықаралық деңгейдегі жұмысы бір реттік кезеңмен шектелмейді, өзге елдердегі жұмыс та жүйелі негізде ұйымдастырылып, жүргізілуде. Алдымен қор белгілі бір елде бірінші «Ана үйін» өз күшімен ашып, сол елдегі мемлекеттік бақылаушы органдарға отбасын қолдау, қауіпсіздік және есеп үрдістері қалай ұйымдастырылып, орындалатынын көрсетеді. Осымен бір кезеңде команда жергілікті бизнес өкілдерімен байланыс орнатып, сол елдегі меценаттар мен серіктестердің ортасын қалыптастырады, олармен меморандумдар жасасып, тиісті құжаттарға қол қояды. Әлбетте, жобаны жүзеге асыру барысында аса қажет жергілікті мамандар арнайы оқудан өткізіліп, команда оларға тиісті әдістемені табыс етеді. Баспаналар көбіне жалға алынады, бұл жергілікті сипатқа сай тиісті форматқа негізделіп, сұранысқа сай икемделуге мүмкіндік береді.

Гарвардты қызықтырған кейс

2025 жылдың шілдесінде «Ана үйі» жобасы Mother’s Home: Eradicating Social Orphancy in Kazakhstan («Ана үйі»: Қазақстандағы әлеуметтік жетімдікті жою жобасы) деген атаумен Harvard Business School (HBS) мектебінің оқу базасына енді. Профессор Борис Гройсберг және Аннелина Лобб қолға алған бұл кейс қазақстандық қоғамдық қор интернаттағы балалардың санын қалай азайта алды және бұл модельді масштабтау жүйесіне қалай бейімдеп, халықаралық деңгейге шығарды деген сұрақтардың жауабын талдауға мән береді. Гарвард бизнес мектебі «Ана үйін» зерттеп, білім беру бағдарламаларының күн тәртібіне енгізгені туралы жаһандық медиалар да хабарлап, бұл жоба Орталық Азиядағы әлеуметтік ықпалы бар ауқымды бастама ретінде танылып отырғанын мәлім етті. «Біз ұсынған модельдің тиімділігін зерттеу тұрғысында Гарвард университеті тарапынан бөлек талқы жүріп жатыр, яғни біздің жоба негізінде «белсенді компонентті» анықтау жөнінде ұмтылыс бар. Бұл енді алдағы бір-екі жылдың еншісінде жүзеге асуы ықтимал», — деп қосады Анар Рақымбаева.

Жалпы, HBS тарапынан бұл жобаға деген қызығушылық кезең-кезеңімен қалыптасып, фактілерге негізделді. Алғашында «Ана үйі» өлшенетін нәтиже мен есеп-қисап тұрғысында толыққанды ашықтық көрсетті, оның сыртында «үлкен төрттікке» кіретін компанияның бірі ұзақ мерзім ішінде жүргізген аудит те байқаусыз қалмады. Ал кез келген жобаны талдауға аларда академиялық қауымдастық ең алдымен дәл осындай көрсеткіштерге мұқият мән береді. Әрине, қоғамдық алаңдар мен халықаралық сапарлар да септік етпей қойған жоқ: Астанада өткен форумдарда «Ана үйі» жобасы ірі университеттердің зерттеушілерімен бірлесіп таныстырылды. Сөйтіп, жобаға қатысты материалдарға деген сұраныс өсіп, бала асырап алған ата-аналарға арналған мектептің, тұрмыс және қауіпсіздік стандарттарының, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесінің толыққанды әдістемесі оқу кейсінің нақты бір құрылымы етіп жасақталды. Ал үшінші фактор — жобаның inDrive компаниясымен серіктесе отырып, сыртқы нарықтарға шығуы, бұл тұрғыда ол жаңа юрисдикциялар аясындағы масштабтау жолдарын айқындап, экспансия барысында қаржы, сапа және кадрлар мәселесі қалай өзгеретінін көрсетіп берді.

Айтпақшы, HBS профессоры Гройсберг бұған дейін IQanat: Empowering Rural Youth in Kazakhstan (Қазақстандағы ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейту) деп аталатын кейсін жария еткен. Еске сала кетсек, IQanat та ерлі-зайыпты Анар және Айдын Рақымбаевтардың бастауымен қолға алынған еліміздегі қайырымдылық жобаларының бірі. Ол Қазақстандағы білім беру бастамаларын масштабтауға негізделген. Гарвард бизнес мектебін бұл арада қызықтырып отырғаны — дамушы нарықтардағы көшбасшылық пен өлшенетін әлеуметтік әсері бар жобалардың қаншалықты өсіп жатқанын зерттеу.

«Біз Айдын екеуміз Бурабайда мектеп салып, былтыр оны толығымен IQanat жобасына табыс еттік», — дейді біздің кейіпкеріміз. Бүгінгі таңда Анар Рақымбаева белгілі меценат әрі жеке-дара қамқоршы ретінде кең танымал, ол жалпы конкурстан өте алмаған жасөспірімдерге мақсатты гранттар ұсынып, IQanat-та оқудың ақысын төлеп береді. Анар ханым үшін бұл қадам «Ана үйі» жобасының игі жалғасы іспетті: оның мақсаты — еліміздегі балалардың өз отбасында өсуіне мүмкіндік жасаумен қатар, мықты академиялық орта және тәлімгерлік қолдау негізінде кез келген балаға әлеуметтік жолмен жоғары өрлеп, өмірдегі өз жолын таба білуіне септік ету.