Отандық криптоиндустрия нарығы: майнерлерге салынатын салық ұлғаюы ықтимал

28556

Қазақстан хешрейт (ағылш. hashrate) бойынша әлемдегі жетекші позициясынан айырылып қалды, деп жазады Ranking.kz отандық криптоиндустрия нарығына жасаған кезекті шолуында

ФОТО: © Depositphotos/micrologia

Қазақстандық сарапшылар өз зерттеуінде – еліміз майнингке қажет құрал-жабдықтың өнімділігі бойынша 2021 жылдың басындағы көрсеткішке қайта оралды деп отыр.

Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығы (ҚБТҚ) мәлім еткен деректерге сілтеме жасаған Ranking.kz, жаһандық хешрейт бойынша Қазақстанның үлесі «18,3%-дан 6%-ға құлап түсті» деп жазады.

Сарапшылар өз зерттеуінде, бұл құбылысқа ықпал еткен өзіндік маңызды себептің бірі – ішкі нарықты «сұр» майнерлерден «тазартып», нарықты заңдастыру деп жазады.

ҚБТҚ басқармасының төрағасы Сапар Ахметовтың айтуынша, елімізде жүргізілген рейдтік тексерулер барысында криптомайнерлердің 70%-ы электр энергиясынан ажыратылған. Сөйтіп, ішкі нарықтағы «сұр» майнерлер сыртқы нарықтарды жағалап кетсе керек.

«Бұл арада мәселе өз қызметін еш жариясыз, яғни криптовалютаны заңсыз өндіріп, электр қуатын кең ауқымда тұтынуға жол берген жасырын майнерлер туралы», - деп жазады өз зерттеуінде Ranking.kz.

Айтқандай, сарапшы қауым, 2022 жыл тек «сұр» майнерлер үшін ғана емес, Қазақстан аумағында криптомайнингпен заңды түрде айналысып жүрген кәсіпкерлер үшін де оңай соққан жоқ деп отыр. Олардың айтуынша, былтырғы жылдың басында 41,5 мың АҚШ долларына бағаланған биткоин бағасының, жыл соңында, атап айтқанда, желтоқсан айында 16,6 мың АҚШ долларына дейін омақаса құлауы жаһандық криптоиндустрия үшін бұрын-соңды болмаған елеулі стресс-фактор болған.

«Қазақстандық криптомайнерлер үшін цифрлық монетаның дәл осы түрі ең танымал болып табылады: ҚР аумағындағы майнинг-фермалардың 98%-ы биткоинның дәл осы түрін өндіреді», - деп жазады өз зерттеуінде отандық сарапшылар.

Естеріңізге сала кетсек, отандық майнинг-фермалардың иелеріне былтырдан бері салық салу ескерілген: 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап майнерлер пайдаланатын 1 кВт электр энергиясы үшін салық мөлшерлемесі 1 теңге деңгейінде деп белгіленген болатын. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (Министрлік) сілтеме жасаған Ranking.kz өз зерттеуінде, «алғашқы үш тоқсанда майнерлер бюджетке 2,3 млрд теңге (немесе Ұлттық банктің жылдық орташа бағамына сай 5,08 млн АҚШ доллары түрінде) салық төледі», - деп жазады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап майнерлер үшін салықтық мөлшерлеме сараланған, яғни дифференциалды деп белгіленіп, айтарлықтай ұлғайды. Министрлік мәліметіне сай, ендігі кезеңде салық мөлшерлемесіне тек жұмсалған электр энергиясының мөлшері ғана емес, оның бағасы да әсер етпек. «Сатып алынатын электр энергиясының құны неғұрлым жоғары болса, оған салынатын салық та біршама төмен болмақ. Тариф 1 кВт үшін, шамамен, 1 теңгеден 25 теңгеге дейінгі аралықта (орташа тариф 1 кВт үшін 10 теңге)», - деп түсіндіреді сарапшы қауым өз зерттеуінде.

Ranking.kz мәліметінше, Қазақстанда қазір 300 мыңдай адам криптовалютаға иелік етеді. Отандық майнерлердің 98%-ы блокчейн өндірумен айналысады. Майнинг инфрақұрылымы мен майнинг өндіруге қажет құрал-жабдыққа инвесторлар 200 млрд теңге бағыттаған. Бүгінде елімізде биткоин және эфириум сататын 1 криптомат, криптомайнингпен айналысуға лицензия алған 8 криптобиржа және өнеркәсіптік 4 ірі дата-орталық бар.

Айта кету керек, бүгінгі таңда ҚР президентіне қол қоюға «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер» туралы заң жобасы ұсынылған. Аталған заң жобасына сай, 1 сәуірден бастап майнерлер өз қызметін заңдастырып, қосымша құн салығын төлеуге міндеттелмек. Егер мемлекет басшысы бұл заңға қол қойып жатса, онда криптомайнерлер «өзге де тауар өндірушілер секілді тапқан табысына қарай салық төлеуге тиіс болады» деп көрсетеді Ranking.kz сарапшылары өз зерттеуінде.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить