Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі нұсқасы жарық көрді

16428

Жаңа шығарылымды оның бас редакторы Бақытжан Бұқарбай ұсынады

Бақытжан Бұқарбай
Бақытжан Бұқарбай
Фото: © Данияр Асылбек

Пандемия және Украинадағы соғыс көптеген өзгерістердің триггері болғаны анық, бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер жаһандық деңгейде тек логистика, e-commerce, сатып алушылардың мінез-­құлқы сынды дүниелерге ғана әсер етіп қоймай, құндылықтардың ауысуына да алып келді. Атап айтқанда, әлемнің алпауыт елдерінде протекционизмнің күшеюі қатты көрініс тауып жатыр. Өзгеріп жатқан трендтердің қатарында демографияға, дәстүрлі құндылықтарға, тіптен жасыл экономика сияқты бейтарап мәселелерге де қатысты парадигмалардың ауысуы байқалады. Бизнес шешім қабылдауда кез келген экономикалық емес аргументтерді шетке ысырып, прагматикалық жолды көбірек таңдауда дейді сарапшы Олжас Құдайбергенов.

Иә, болашағын ойлаған мемлекеттер қазірден бастап көптеген өзгерістерге алдын-ала дайын болудың қамын жасап жатыр. Ал Қазақстан трендтердің ауысуына қалай бейімделмек? Тіптен бұл туралы ойлап жүрміз бе? Біз «Жаңа Қазақстан» боламыз деп жүргенде «Ескі Қазақстанның» кебін қалай кигенімізді байқамай қалған сияқтымыз. Досым Сәтбаев оқырманға ұсынып отырған кезекті талдауында президенттің соңғы жолдауына қатысты сыни көзқарасын жасырмайды: «Тоқаев ұзақ жылдар бойы Назарбаев жасап келген ескі қателіктерге бой алдырды, бұрынғы басшы өзінің жыл сайынғы жолдауларын адресаты белгісіз құжатқа айналдырып жіберген еді».

Ескі Қазақстан демекші, қоғамда бұрыннан келе жатқан «ескі ауруларға» жаңа емнің ұсынылып жатқаны да неғайбыл. Халықтың несиеге батуы тұрмыс пен кәсіпке тікелей әсер етуде. Жұмысқа қабылдау кезінде жұмысшының несие тарихына назар аударатын бизнес-­құрылымдар саны артып келеді, өйткені жұмыс берушілер бұл тәсіл арқылы болашақ қызметкердің дисциплинасын анықтап, маманның сұғанақтық жасау тәуекелдерін мойнындағы несиеге қарап бағалауға тырысады.

Рубль құлдыраған сайын теңгенің жағдайы да мәз емес. Forbes Kazakhstan басылымының қазанда жарық көретін ең беделді бизнесмендер дәстүрлі тізімінің жаңа қатысушысы экономист Алмас Чукин Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты «бес минут ішінде ешкім оны тарата салмайды, бірақ аздап тежегішін басу қажет» деген пікір білдірсе, сарапшы Гүлбану Пазылхаир бұл ұйымнан шығу үшін қазірден бастап BREXIT кейсін зерттей беру керегін алға тартады. Ал Бауыржан Рүстемов болса, Қазақстан деректер қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін шетелдік компанияларға тәуелділікті азайта отырып, жеке такси қызметін құрғаны дұрыс дейді. «Әр жұмыс күні бүкіл сапардың 80%-ын» қамтитын «Яндекс.Такси» қызметі, естеріңізге салатын болсақ, 1 қыркүйектен бастап тұтынушылар туралы мәліметтерді Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметіне беріп отыруға міндеттеледі деген ақпар тараған-тын.

Журналдың осы санында Қазақстандағы ең беделді 50 кәсіпкердің тізімі жарық көрді. Бірнеше жаңалық бар: 2011 жылы жария болған алғашқы рейтингтен бастап бірінші орынды Тимур Құлыбаев пен Болат Өтемұратов кезекпен иеленетін. Бұл жолы көшбасшы ауысты. Топ‑50‑ге жаңадан бес адам қосылды. Бірақ соған қарамастан бас редактор ретінде осы санымыздың мұқабасына беделділердің тізімінде бұрыннан жүрген Арманжан Байтасовты шығаруды жөн көрдім. Әрине, танымал медиаменеджер Қазақстандағы Forbes-тың шығарушысы әрі акционері екені көпшілікке мәлім, қаласа өзін әр шығарылымның мұқабасына қоя алады деп тұжырымдайтындар да табылар. Бірақ олай емес. Арманжан Мерекеұлы орыс басылымының бетіне алғашқы саны жарық көрген соң он жыл өткеннен кейін шықса да, арманы қазақ нұсқасының мұқабасында тұру екенін жасырмайтын. Бұл жолы сәті түсті — биылғы жылы бизнесмен «Азия дауысы» фестивалі, Бибігүл Төлегенова атындағы мектеп және Parasat клубы сынды көптеген бастамаларға мұрындық болып, өзі жетекшілік ететін жобалардың миссиясында ағартушылықтың орнын бір сатыға көтерді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить