Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі нұсқасы жарық көрді

25416

Жаңа шығарылымды оның бас редакторы Бақытжан Бұқарбай ұсынады

Бақытжан Бұқарбай
Бақытжан Бұқарбай
ФОТО: © Данияр Асылбек

Журналымыздың осы санын да білім беру тақырыбына арнаймыз деп шештік. Біз қазір екі нәрсеге көзімізді анық жеткізе аламыз: өркениетті әлем жаңа технологиялар мен білімнің арқасында одан әрі озып жатыр, біз болсақ оның шаңына ілесе алмайтын жағдайға жетудің дәл алдында тұрмыз деп айтуға негіз бар, өйткені білім беру саламыз сын көтермейтін жағдайда, мұны халықаралық зерттеулердің нәтижесінен де көріп отырмыз. Ілгері кеткен қоғамдар ұрпағын болашақ экономикасы — креативтік экономикаға дайындап, өмір бойы өзін-өзі оқытып-­дамыта алатындай дағдылар қалыптастыратын білім беру жүйесін жасап жатса, біздің білім беру жүйемізде әлі күнге дейін кеңестік заманның, яғни сол кездің жоспарлық экономикасына бейімделген әдіс-тәсілдер қолданылып келе жатыр. «Білім беру жүйесінде заманауи реформа болу үшін әлі неше ұрпақты «жоғалтуымыз» керек?» деген сұрақ туындайды.

Әрине, шығыс даналығы айтпақшы, өмір бойы түнекке ренжіп жүре беруге немесе кішкентай майшам жағып көруге болады. Неге зейін аударсақ, соның масштабы есейе түседі деген тағы бар. Осыны ескере отырып, қоғамдағы білім беру саласына еңбек етіп жатқан замандастарымыз туралы сөз қозғап, олардың пікірін білгіміз келді.

Біреулер майшам жаға алмай жүргенде, төрт бірдей білім ошағын ашқан бизнесмен Айдын Рақымбаев — бүгінгі санымыздың бас кейіпкері. Онымен болған сұхбатқа «Ағартушы бизнесмен» деген тақырып қойдым. Бұл жайдан-жай емес, мектеп бағдарламасынан ғасырдан сәл асатын заман бұрын ұлтымыздың сол кездегі дәулеттілері қоғамды алға итеру үшін мектеп салғандарын білеміз. Бұл жерде де сондай бір параллельді байқауға болады. Көп жылдардан бері құрылыс саласында көш бастап келе жатқан кәсіпкерлердің бірі Айдын Рақымбаев кедейліктің басты себептерінің бірі — білім беру деңгейінің төмен болуында екеніне сенімді.

Білім беру саласының бүгіні мен ертеңі туралы ойын бөлісіп, осы жолы колумнист болған авторлардың қатарында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек (Forbes-тың қазақ нұсқасына министр болғанға дейін де жазып жүрді), Қазақстанның ең дәулетті бизнесмендерінің қатарында табылған Арманжан Байтасов (рейтингте №49), Еркін Тәтішев (№24) бар.

Өкінішке қарай, ниет білдіріп, ал-дын ала келісім бергеніне қарамастан, уақыт тапшылығына байланысты, еліміздің бұрынғы білім және ғылым министрі мен қазіргі оқу-ағарту министрінің мақалалары бұл санда жарық көре алмады. Оқырманымыз үшін олардың кәсіби пікірі де маңызды, алдағы уақытта міндетті түрде осында шығады деп сенеміз.

Сонымен қатар бұл жолы Қазақ-станды алдағы уақытта күтіп тұрған сын-қатерлер мен тәуекелдерге де көбірек тоқталдық. Билік былтырдан бері саяси реформаларды қарқынды және ойдағыдай өткізіп жатқанына бек сенеді, мемлекет басшысы Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы Конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум, кезектен тыс президенттік сайлау өтсе, биыл Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау болды. Президент оны «ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы» деп сипаттай келе, мемлекет «жаңа дәуірге қадам басып, жаңа саяси келбетке ие болды» деп мәлімдеді. Бірақ Досым Сәтбаев мұнымен келіспейді. «Саяси доминоның барлық тастары ойынға тек бір мақсатта ғана қосылды — суперпрезиденттік жүйені сақтап, Тоқаев пен оның жақтастарының элита ішілік позицияларын нығайту үшін. Авторитарлық басқару үлгісін ары қарай да алып жүре беру үшін президенттің қолында биліктің барлық тетігі сақталды. Ал ондай жүйеде мықты парламент, тәуелсіз сот жүйесі мен сайланбалы әкімдер априори бола алмайды» дейді саясаттанушы.

Журналымыздың көктемгі санында әдеттегідей «Қазақстандағы ең дәулетті 50 бизнесмен» рейтингі жарық көрді. Былтырдан бері топ‑50 қатысушыларының көпшілігі капиталдарын ұлғайта алды. Біз олардың арасында дәстүрлі анонимдік сауалнама жүргіздік. Респонденттердің басым көпшілігі (67%) үкіметтің әлсіздігін, құзырсыздығын, болжап болуға келмейтіндігін және батылсыздығын ең басты қауіп-­қатер деп санайтынын айтты. Екінші және үшінші орындарға қандай факторларды қойғанын журналдан оқып білесіз.

Оңай емес кезеңге қадам бастық. Ірі болайық!

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить