Оңшылдар мен солшылдар арасында
Америкалық университеттердің профессорларымен жұмыс істей жүріп, мен олардың Дональд Трампты қатал сынға алғандарын жиі естимін

Әдетте олар оны «оңшыл популист», «дөрекі», «екі сөйлейді» деп жатады. Бірақ көпке белгілі факті сол — Трамп 2016 жылы АҚШ президенті сайлауында жеңіп шықты және биыл өтетін президент сайлауында республикашылардың үміткері. Осы арада Трампқа тән «оңшылдық» дегенді қалай түсінеміз, жалпы, соңғы жылдары әлем бойынша «оңшылдардың» алға шығып, саясат алаңында жеңіске жетуіне не түрткі деген сауалдар туындайды.
Тарихқа жүгінсек, «оңшылдар» және «солшылдар» деген терминдер бізге XVIII ғасырдың соңындағы Француз революциясы аясында келді. Конвент отырыстарында қолданыстағы дәстүрлі тәртіптердің сақталуын қалайтын француздар оң жақта, радикалды өзгерістерді күтетіндер — сол жаққа жайғасатын болған. Сөйтіп, оңшылдар дәстүрлі, консервативті құндылықтарды қорғайды, ал солшылдар — прогрессивті өзгерістер мен реформалар үшін күреседі деген көзқарас туындаған.
Әрине, уақыт өте саясат алаңындағы ұстанымдардың бұлайша бөлінуі одан да көпқырлы болып, күрделене түсті. Мысалы, АҚШ-та республика партиясының өкілдері, яғни оңшылдар мемлекеттің ел экономикасына барынша аз араласуын, қару ұстау еркіндігін, салықтардың төмен болуын қолдаумен қатар, құқық қорғау органдарын күшейтуді қажет санайды, әйелдердің аборт жасауына тыйым салуды жақтайды. Олар ұстанатын сыртқы саясатты біршама агрессивті деуге болады, ол ұлттық мүддені қорғауға негізделген, тіпті күш арқылы да. Ал демократ солшылдардың саясаты, керісінше, мемлекеттік реттеуді, әлеуметтік бағдарламаларды күшейтуге, қару-жарақты бақылауға алуға, әйелдердің құқын қорғауға бағытталған, ал халықаралық аренада олар биязы саясат ұстануға тырысады.
Бірақ мұның өзі әншейін шартты ұстанымдар, бүгінгідей жылдам өзгеріп жатқан әлемде саяси партиялар сайлаушылардың дауысы үшін бәсекеге түсіп, заман талабына икемделуге мәжбүр. Айталық, дәл қазір АҚШ-тағы «солшыл» көзқарас Еуропада «оңшыл» сипат алуы мүмкін. Соңғы он жылда демократиялық әлемде оңшыл көзқарастағы идеялар алға шыға бастады. Жұмысшылар мен орта тап өкілдері оңшыл саясаткерлерді қолдап дауыс беруде. Ал университеттер, студенттер, ірі бизнес, әсіресе, цифрлық технологиялар саласы солшыл идеяларды қолдауға бейім. Илон Маск АҚШ-та биыл өтетін президент сайлауында Трампты қолдайтынын ашық айтты, есесіне жастар пір тұтатын әнші Тэйлор Свифт — Камала Харристі қолдайтынын мәлім етті.
Оңшылдарға тән идеялардың дәл қазір кең тарауына не себеп? Біріншіден, солшылдар ұсынған елеулі трансформацияларға әлем жұрты дайын болмай шықты. Клинтон, Обама, Байден дәуірлері АҚШ-та ғана емес, бүкіл әлем бойынша қоғамдық және экономикалық өзгерістерге алып келді. Нарықтарды ашу, жаппай миграция, мультимәдениет, құқық мәселелеріндегі бірқатар жаңа ұстанымдардан кейін көптеген елдердің халқы өздерінің үйреншікті өмір ағынына қауіп төнгендей сезімде қалды. Бұған әркім өз пікірін айта алатын әлеуметтік желілердің өркендеуі мен жаңа медиа арналардың кең тарауын қосыңыз, сонда оңшылдардың «кері қайтамыз» деген бастамасын кім қолдайтынын анық байқай аласыз.
Ал әлем жұртын екіге бөлген оңшыл және солшыл идеялар Қазақстан үшін қаншалықты өзекті? Бірден айтайын — біздің елде сайлаушылардың дәл осылай екі топқа бөліну мүмкіндігі екіталай. Біздегі саяси жағдайда қоғамның «оңшылдар», «солшылдар» деп бөлінуінің еш мән-мағынасы жоқ. Біздің елге тән саяси жүйедегі таңдау сипатының негізгі түрі: бүгінгі режимді қолдаймын, не қолдамаймын дегенге саяды. Экс-президентіміздің кезінде «Без правых и левых» деп жазуы да бекер емес, сірә…