Мұғалім — өзгеріс агенті ретінде

Заманауи мектеп қандай болуы керек дегенге әркімнің өз тұжырым-пікірі бар, әдетте біз бәріміз де балалардың жақсы білім алуына жан-жақты жағдай жасалғанын қалаймыз

Мұғалім мектеп оқушы
Фото: © Depositphotos.com/kzwwsko

Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік «Білім-Инновация» лицейлерінде сабақ беріп, тәжірибе жинақтай келе білім саласындағы оң өзгерістің көбі мұғалімге байланысты екеніне көз жеткіздім. Осылайша біздің білім беру саласындағы бастамаларымыздың өзегіне айналған — мұғалімдерге қолдау көрсету идеясы алға шықты.

Меніңше, мұғалімдерді «өзгеріс агенті» дейтін кез келді. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, мемлекеттің, оқу-ағарту министр­лігінің бағдарламасын жүзеге асыратын — мұғалімдер, ұстаздар, педагогтар, оқытушылар. Олардың оқушыға берген білімі ертеңгі күні еліміздің экономикасын, саясатын, ғылымдағы үлесін, көрсеткішін айқындап, айғақтайды емес пе? Олай болса, біз қазір мұғалімнің кәсіби дамуына барынша көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде мұғалімге өз пәнін жетік білу жеткіліксіз. Бүгінгі мұғалім — балаларға өмірде пайдаға жарайтын, тұлғалық дамуына ықпал ететін білім беруді ескеруі тиіс. Ал бұл тұрғыда пәндік білім өз алдына, сонымен қатар, оқушылармен жұмыс жасау­дың заманауи әдіс-тәсілдерін де терең меңгеру қажет. Қазір әлем бойынша құндылыққа негізделген білім беруге (character education) барынша көңіл бөлінуде. Құндылыққа негізделген тәрбие жұмысы мектепке ғана емес, болашақ қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететінін баса айтқым келеді.

Әрине, тәрбие мәселесі, ең алдымен, мұғалімге келіп тіреледі. Өйткені кез келген бастама, тың идея мұғалім, педагог арқылы жүзеге асады. Сол себепті де бүгінде әрбір мұғалімге заманауи білім беру әдістерін меңгеріп, өз білімін жетілдіріп, шыңдап отыру өте маңызды шарт, талап. Осы ретте отандық білім нарығына педагогтарға кәсіби білім берумен айналысатын орталықтардың шыға бастауы қуантарлық жайт. Бұл мұғалімдер арасында кәсіби жетілуге деген сұраныстың пайда болғанын көрсетеді.

Мойындау керек, мемлекеттік білім ордаларында жұмыс істейтін мұғалімдердің дені біліктілікті арттыру курстарына аттестациядан өту үшін қатысады. Алайда біздің арамызда заманауи білім алып, машықтарын жетілдіруге талпынатын ұстаздар да аз емес. Десек те бүгінде мұғалімдердің біразы кәсіби даму тетіктерін игеру үшін өз қалтасынан ақы төлеуге дайын емес. Төлем мәселесі көп жағдайда мемлекет тарапынан шешіледі. Осы ретте мұғалімдердің кәсіби білігін арттыруға негізделген мемлекеттік емес орталықтар мектептерге өз курсын ұсынғанда бірқатар кедергіге тап болып жатады. Яғни, бұл мәселе көбіне мемлекеттік тапсырыс арқылы жасалатындықтан, оған кез келген білім беру ұйымы қатыса алмайды. Былайша айтқанда, нарық реттелмеген әрі шектеулі.

Дегенмен шешілмейтін мәселе жоқ — мемлекет бұл тұрғыда ваучерлік жүйе енгізуді жоспарлап отыр. Егер нарық іші шынымен де осы жүйеге көшетін болса, онда әр мектепте белгілі бір сомада ваучер болады және әкімшілік мұғалімдерді қай орталыққа оқуға жолдағысы келетінін өзі шешеді. Бірақ бұл жүйе заңнамалық және атқарушылық өзгерістерді, нормативтік актілерге түзетулер енгізуді, сондай-ақ саяси ерікті талап етеді.

Жалпы, қазақстандық мұғалімдер өзгеріске әрдайым дайын — көрсетіп түсіндірсең, ұсынған жоба, тақырыпты жылдам игеріп кетеді. Бұл ретте әсіресе, жас мамандар өте ашық, жаңа білім мен машықтарды игеруге құштар. Өз басым Қазақстанның білім беру саласының болашағы зор, алдағы 5–10 жылда білім саласы тұшымды нәтижелер көрсетеді деп нық сенемін. Білім саласында сапалы кадрлардың көбеюіне мемлекет те мүдделі деп есептеймін. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бұл салаға ЖІӨ көрсеткішінің 3,5 %-ы бөлінсе, қазіргі үлес 4,2 %-ды құрайды. Әрине, егер білім саласына ЖІӨ-нің 7 %-ы бөлінетін күнге жетсек нұр үстіне нұр, меніңше, Қазақстан осы көрсеткішке де шыға алады. Қалай дегенмен, ел азаматтарының сапалы білім алып, өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мүмкіндігі болғаны кез келген мемлекет үшін оң әрі қажетті тенденция.

Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте