Жаңа технологиялар қазақ тілінің қозғаушы күші бола ала ма?

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен сұхбат

Рауан Кенжеханулы
Рауан Кенжеханұлы
Фото: © Андрей Лунин

Әлеуметтік желі кезеңінде қазақ тілі нарықта шешуші ойыншыға айнала бастады. Қазақстандық тұтынушылардың 80%-ы — қазақша сөйлейді. Алайда жасанды интеллектпен бірге ойын тәртібі өзгеруде. Алгоритмдер алаңында ана тілі алып тілдер ағымына төтеп бере ала ма? Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, «Bilim Group» негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлымен әңгімеміз осы тұрғыда өрбіді.

Cansel culture, Z буын және ірі бизнес

Соңғы жылдары қазақ қоғамы cansel culture күшімен мемлекеттік тілге селсоқ қараған компанияларды банкроттыққа ұшырататындай күшке ие болды. Мұның сыры неде?

— Бұл — табиғи құбылыс. Елдегі демографиялық жағдай, қоғамның әлеуметтік келбеті, талғамы, сұранысы өзгерді. Қазіргі негізгі тұтынушы — жалпы халықтың 80%-нан асатын қазақтілділер. Мектеп пен жоғары оқу орындарында оқитындардың 75%-ы қазақша білім алады. Ал интернеттің дамуы, ғаламдану, геосаяси және аймақтық жағдайларға байланысты бұл үдеріс соңғы 3–4 жылда қарқын алды. Сондықтан осы ортаның тілдік, мәдени-әлеуметтік талабы мен талғамын ескеру өте маңызды. Ал кейбір кәсіпкерлер оның бизнеске ықпалын дұрыс бағаламаған сияқты. Енді бизнес өкілдері дұрыс қорытынды жасап, оң шешімдер шығаруда деп ойлаймын.

Бұл тенденция күшейе бере ме, әлде уақытша серпіліс пе? Мәселен, Астанада көптеген мейрамхана, дәріхана, сауда орындары әлі де басқа тілде қарсы алып, қызмет көрсетеді…

— Демографиялық процесс тоқтамайды. Біз — өте жас қоғамбыз. Қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақтілді қарым-қатынасқа сұранысы жоғары орта өсе береді. Бұл — объективті процесс. Бірақ олар әзірше шешім қабылдайтын ортаға көптеп енген жоқ. Сондықтан бизнестегі шешім қабылдайтындардың басым көпшілігі әлі де — орыстілділер. Сол сияқты мемлекеттік деңгейде шешім қабылдайтын орта да осы жағынан тез өзгеруде. Бұл процестер әрі қарай күшейе береді. Жалпы cansel culture деген уақытша, бір көрініп, өшіп қалатын құбылыс емес екені анық. Бұл — Z буын деп аталатын, әлеуметтік әділдікті басты құндылық деп танитын жас ұрпаққа тән ерекшелік. Яғни, біз мұндайды алда әлі көп көреміз.

Қазір ірі бизнестегілер де ұлттық жобаларға көбірек мән бере бастағандай. Бұл — олардың арасында қазақтілділердің көбеюінен бе, әлде ұлттық сана-сезімдері өсуінің көрінісі ме? Бәлкім басқа прагматикалық себептері бар шығар?

— ҮРО Kazakhstan ұйымына 2018 жылы келдім. Содан бері байқағаным — бір ғана осы бизнес клуб мүшелері арасында қазақ тілі мен мәдениеті, оның болашағына қатысты көзқарас пен ұстаным өте қатты өзгерді. Бұл — сөзсіз жалғасатын процесс. Оған ықпал ететін факторлар көп, соның бірі — клубқа қазақтілді кәсіпкерлердің келе бастағаны. Солардың ықпалымен бұл ортаның қажеттілігі мен талғамын ескермеуге болмайтыны анық көрінді.

ҮРО Kazakhstan аясында ұлттық киімді насихаттап, компания ішінде қазақ тілін ілгерілетіп, қазақ мектептеріне жәрдемдескендер де аз емес. «Қазақ тілі» қоғамын қолдап, әлеуметтік бастамаларға эндаумент арқылы қаржылай көмектесетіндер де көбейді. Мысалы, Қазақстанда 20 шақты мектеп ҮРО Kazakhstan мүшелері демеушілігімен салынды. Ауыл балаларының сапалы білім алуына арналған IQanat жобасы да осы ұйым мүшелерінің белсенді араласуымен жүзеге асуда. Айдын Рақымбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ана үйі» жобасы тағы бар. Бұл бастамалардың мақсаты — ауылдан келген, көмекке зәру жастарға, ауыл балаларына көмек беру. Осындай жобалар әрі қарай көбейе береді.

Неліктен?

— Себебі, кез келген кәсіпкер азамат белгілі-бір табысқа жеткеннен кейін ойлана бастайды: «Әрі қарай не істеймін?», «Қайда бағыт аламын?», «Қалай дамимын?» деп. Әлемнің кез келген жеріне барып жұмыс істеуіне, өмір сүруіне олардың шамасы жетеді. Бірақ бұл кәсіпкерлер — өз отанында қалуға шешім қабылдаған. Олар — «Елімізге қалай пайдалы боламыз?» деген сұраққа жауап іздейтіндер. Содан да елімізде жаңа ұрпақтың қазіргі заманға сай білім алуына, лайықты өмір сүріп, өсуіне, ана тілімізді, ұлттық спортымызды, ауылдарымызды қолдауға арналған жобалар дүниеге келуде.

Қазақтілді ортаны өсіретін — білім

Жалпы осы бағытта қандай басты кедергілер бар? Жаңа ғана өзіңіз шешім қабылдайтын орта әлі де орыстілді деп айттыңыз…

— Әрине, қазақ тілін білмейтіндерді сөйлету, оларға тіл үйрету қажет. Бірақ қазақтілді ортадағы қарым-қатынас пен коммуникация мәдениетін арттыру, мақсатқа жете білу дағдыларын ұштау, өзін күтуге үйрету, айналасына қамқорлық және мейірімділікпен қарауға бейімдеу — одан да маңыздырақ. Қазақтілді ортаның өмір сүру стандарттары мен сапасын, өмірге деген талғамын жоғарылату амалдарын ойланғанымыз абзал. Егер қазақтілді орта осы тұрғыдан өсетін болса, көп мәселелер әлдеқайда тез, жеңіл шешілер еді.

Оның тетіктері қандай?

— Ең бірінші — білім сапасы. Қоғамда кейде «қазақ мектептеріндегі білім беру сапасы басқа тілдегілермен салыстырғанда төмен» деген пікір айтылады. Бірақ мәселе — сабақ оқыту тілінде емес қой?! Мысалы, халық ең тығыз шоғырланған Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары сияқты өңірлеріміздің барлығы қазақи аймақтар. Үш ауысымды мектептердің ең көбі де — осы өңірлерде. Ал, мысалы, солтүстік аймақтарда үш ауысым мектептер жоқ, тіпті кейде мектептер толмай қалады. Үш ауысымдағы мектептерде мұғалімдер баланың толыққанды тұлға, азамат ретінде өсуіне жағдай жасап үлгере ме?! Мұндай жағдайда баланың спортпен, музыкамен айналысуы, көркем әдебиет оқуы — екінші, үшінші кезектегі мәселе болып қалады.

Қазақтілді ортаның адами капитал тұрғысынан сапасын көтеру, аймақтардағы білім деңгейін арттырып, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта жеткілікті көлемде мектеп сала алмасақ та, олардың жаңа технологияларды көбірек пайдалануларына мүмкіндік беруіміз керек. Бәлкім, сол отбасылардың орталық, солтүстік аймақтарға қарай қозғалуына дұрыс жағдай жасау қажет шығар.

Бұл — айтуға ғана оңай шаруа. Тіл, мәдениет, білім, өмірге дайындық, тұлғалық даму — бір-бірімен астасып, ажырамайтын біртұтас мәселе. Тұлға тілсіз дамымайды. Бірақ тілді білген күннің өзінде сол тілде дұрыс мазмұн болмаса, тағы да кедергіге кезігеміз. Білім сапасын көтеру үшін де негізгі құрал — тіл ғой. Қазақша оқитын жастардың озық білім алуы, қазіргі әлемде бәсекеге қабілетті адам болып өсуі үшін сол мақсаттарға сай қазақ тіліндегі контент қажет. Сол контентті тез арада көбейтіп, қолжетімді ету маңызды. Жалпы, бұл — сан қырлы факторлардан құралатын, мемлекет те, бизнес те, қоғам да бірге жұмылып, шешетін күрделі мәселе.

Рауан Кенжеханулы
Рауан Кенжеханұлы
Фото: © Андрей Лунин

Қазақ тілі онлайнда орнын таба ма?

Қазіргі таңда қазақ тілін ЖИ кеңістігінде дамыту бойынша Қазақстанда қолға алынып жатқан цифрлық жобалар туралы не ойлайсыз?

— Қазақстанда бір емес, бірнеше бағытта жасанды интеллектіні дамыту жобалары іске асырылып жатыр. Біз оларды шартты түрде KAZ-LLM деп атап жүрміз. Артықшылығы — жоғары деңгейде қадағаланады, қажетті ресурстар жеткілікті әрі қомақты түрде бөлініп жатыр.

Мен көріп отырған бір ғана «әттеген-айы» жобамен айналысатын топтарда қазақша ойлайтын, қазақша жазатын, ол жүйелердің өзін қазақша қолданып жүрген мамандардың аздығы. Бұл өте маңызды фактор. Жүйелердің сапалы, дәл, қазақы дүниетанымға сай болуы үшін оны бастапқы кезеңнен қазақ тілінің ерекшелігін ескере отырып құрастыру қажет.

Екінші жағынан бізде миллиондаған адам ЖИ агенттерін орысша қолданады, қазақша жазатындар көп емес. Яғни, орыс тілі қоры цифрлық ортада одан сайын байып, нығая түсуде. Мұндай жағдайда қазақ тілін басым, шынайы қолданыстағы тілге айналдыру — Сизиф тірлігі емес пе?

— Қазақ тілін дамыту, оны көрші елдердің тілдерімен, ғаламдық тілдермен бәсекеде кем қылмау — шынында да өте күрделі шаруа. Бұл бізде ғана емес, басқа да шағын тілдер үшін Сизифтің тірлігі болып көрінуі мүмкін. Бірақ солай екен деп жұмыстан бас тартуға болмайды. Бұл — егемендіктің, цифрлы егемендіктің өте маңызды факторы. Оны барлық деңгейдегі басшылар, ұйымдастырушылар, мамандар жақсы түсінеді.

Қазақ тілінің сан саладағы бүгінгі қолданысы осыдан 5–10 жылмен салыстыруға келмейтін жоғары деңгейге жетті. Қолданыс аясы кеңіп, тілге деген ықылас артып келеді. Әсіресе, аймақтардағы жағдай өзгерді. Алматы мен Астанада да әлдеқайда ілгерілеу бар.

Барлығы — қазақша мазмұнның байлығына және оның күнделікті өмірде қолданысқа ыңғайлы болуына байланысты. Бір жағынан қазақша қолданушылар саны өссе, екінші жағынан онлайн тұтыну көлемі де күрт артуда. Ал оның ішіндегі тілдік баланста қазақ-орыс тілдерімен қатар, ағылшын тіліндегі контентті пайдалану деңгейі де жылдам көтерілуде. Ол тікелей мазмұнға байланысты.

Біз кезінде Wikipedia, Google сынды жобаларды қолға алғанда олардың қазақ тіліндегі үлесі өте аз болатын. Ал қазір Wikipedia-ның өзінде ай сайын 15 млн-ға жуық парақ қаралады. Демек, қазақ тілінде онлайн контентті тұтынатын ортаның саны да, сапасы да артып келеді. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы кез келген қадамымыз қолданушысын тауып, қазақ тілі онлайнда өз орнын нығайта беретіні анық.

Тағы бір ескеретін маңызды жайт — жаңа технологиялардың келуі. ЖИ мен оның негізіндегі тілдік модельдер тікелей тілге байланысты. Олардың реттелуі мен құрастырылуы да тілге тәуелді. Сондықтан еліміздегі ЖИ-ді дамыту жобалары түбінде қазақ тілін дамытуға келіп тіреледі. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ тілі» қоғамы ретінде бізді қуантатыны — жаңа технология толқынының ана тілімізді, мемлекеттік тілді күшейтіп, оны цифрлық трансформацияның өзегіне айналдырып жатқаны. Бұл, өз кезегінде, тілдің қоғамдағы беделін көтеріп қана қоймай, оны әлеуметтік-экономикалық күш ретінде де пәрменін арттыратыны анық.

Қазақ тілі — цифрлық экономиканың драйвері

Яғни, қазақ тілін ЖИ-ге енгізу мәдени жоба ғана емес, экономикалық драйвер, жаңа стартаптар мен цифрлық өнімдер көзі бола ала ма?

— Иә, сөзсіз солай. Қазіргі таңда кез келген технологиялық стартап өзге ғаламдық жүйелермен бәсекеге түскендіктен, өзін ерекшелеудің және артықшылыққа ие болудың негізгі тетігі ретінде тілдік артықшылықтарды, тілдік мүмкіндіктерді алға тартып отыр. Сондықтан ЖИ төңірегіндегі жобалардың барлығы, ең алдымен дербестікке, соның ішінде цифрлық егемендікке арқа сүйейді.

Екіншіден, мемлекеттік шекара аясындағы ұлттық экономиканың қозғаушы күші технологиялық шешімдер болғандықтан, олардың пәрмені барған сайын күшеюде. Кез келген технологиялық шешім, цифрлық трансформация, жаңа бастамалар, солардың ішінде стартаптар мен цифрлық өнімдер экономикалық мүддеге негізделіп, қазақ тіліндегі мүмкіндіктерді қазақтілді аудиторияның әлеуетімен байланыстырады. Бұл қозғалыс ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретіндегі тұғырына көтерілуіне, оның қолданыс аясын кеңейтуіне шын мәнінде даңғыл жол ашып отыр. Ендігі міндет — осы мүмкіндікті дұрыс әрі жүйелі түрде іске асыра білу. Бұл — бәріміздің ортақ парызымыз.

Ғаламдық ЖИ-компаниялармен стратегиялық альянс құрып, келісімдерге келу қазақ тілін цифрлы ортада ілгерілету тетігі бола ала ма?

— Әлбетте, осы саладағы алдыңғы қатарлы компаниялармен тығыз байланыс орнатып, одақтасу аса маңызды. Қазіргі белгілі жүйелер өзара бәсекелесе отырып, қолданушылар назарын аудару үшін қазақша қолданыстың сапасын жылдам арттыруда. Мысалы, ChatGPT-дегі қазақша жауаптардың сапасы, тереңдігі мен дәлдігі осыдан жарты жыл бұрынғы деңгейден әлдеқайда жоғары. Бұған қазақтілді мазмұнның артуы ғана емес, компаниялардың қазақтілді қолданушыларға қызығушылығы да үлкен септігін тигізуде.

Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары кезінде ілгері америкалық компаниялар, соның ішінде OpenAI өкілімен кездесті. Сол кездесулерде талқыланған әріптестік пен серіктестік — сұрағыңызға нақты жауап. Қазір бұл алпауыт компаниялар сала-салаға бөлініп, дамып жатыр. Мысалы, OpenAI-дың ChatGPT Edu деп аталатын білім беруге арналған бөлек тармағы қарқын алуда. Сондықтан біз қазақ тіліндегі қолданыс пен оның түрлі саладағы қолданыс амалдарын тереңдетіп, кеңейту үшін ЖИ жүйелерімен қоян-қолтық жұмыс істеуіміз керек.

Ғаламдық трендтегі бірегейлік

Жаңа технологияларды енгізудің екінші жағы да бар. Қазір неоколонизм, цифрлық тәуелсіздік жайлы ғаламдық дискуссиялар көп. Қазақ тілі қазіргідей цифрлы ортада тасада қала берсе, бұл елдің мәдени және технологиялық дербестігіне, түптеп келгенде мемлекеттің тәуелсіздігіне кері әсерін тигізбей ме?

— Өте жақсы сұрақ. Қазір шынында да, әлемдегі цифрлық дербестік, сонымен бірге, ұлттық құндылықтарға, ұлттық мүддені алға қоюға байланысты талқылар біз үшін өте маңызды. Бұл АҚШ президенті Трамптың «America — First», яғни бәрінен де Америка мүддесін жоғары қою саясатынан шығады.

Біз қазір үлкен ғаламдық контексте дамып келеміз, оны ескеруге міндеттіміз. Әсіресе, біздің геосаяси аймақта мұндай талқылардың маңызы ерекше зор екені түсінікті. Меніңше, бұл талқылардың қазақ тіліне зиянынан гөрі пайдасы көбірек. Себебі бұл қозғалыстың негізгі өзегі — ғаламдық тренд ретінде барлық елдердің өзінің ұлттық мүддесін, бірегейлігін, дербестікті цифрлық егемендік арқылы күшейту амалдары. Ал оның құралы тілдік шекараларды анықтау арқылы сол дербестікті күшейтуге алып келеді.

Сол себепті ұлттық үлкен тілдік модельдерді дамыту, ұлттық жүйелерді күшейту, бөгде жүйелерге тәуелсіз болу мүддесі барлығымызды қазақ тіліндегі жүйелерді дамытуға жетелейді. Біз маман ретінде де, қоғам ретінде де осы талқыларды және олардан туындайтын үлкен қозғалысты ана тіліміздің әлеуетін күшейту үшін дұрыс пайдалана білуіміз керек.

Қазақ тілін цифрландыру бойынша мемлекет тарапынан қандай шаралар қажет?

— Бұл бағытта мемлекет тарапынан, сөзсіз, қыруар шаруа атқарылып жатыр. Біздің аймақта осы салаға ерекше екпін жасап, оны елдегі елеулі өзгерістер өзегі етіп отырған — Қазақстан ғана. Сондықтан біздің ұсынатынымыз әрі сұрайтынымыз — осы қозғалыстың басы-қасында, мүмкіндігінше, қазақша ойлап, қазақша жазатын қыз-жігіттердің көбірек болуы. Сонда кез келген шешім де, құжат та, амал да қазақ тілі мүддесін қорғау тұрғысынан іске аса береді.

Сіз бұған дейін де қазақ тілін цифрландыру бойынша бірнеше ірі жоба жасадыңыз. Осы саладағы басты қиындықтар қандай?

— Мұндағы негізгі қиындық та, басты кедергі де — қоғамдағы қолданушылар арасында қалыптасқан әдет инерциясы. Қазақша сөйлейтін адамдардың өздері әдет бойынша онлайн сервистерді, технологиялық құралдарды орыс тілінде пайдалануды ыңғайлы көреді. Сондықтан бәріміздің ортақ міндетіміз — қазақша сөйлейтін ортаны қалыптастырып, кез келген технологиялық шешім мен қызметті ана тілінде қолдануға үйрету, оны жаңа әдетке, нормаға айналдырып, қоғамға кеңінен сіңіру. Қалған жұмыстың барлығы — қиын болса да, шешілетін мәселелер.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте