Қазақстандық туынды «Аватарға» бәсекелес атанды

Отандық «Дәстүр: Теріс бата» фильмі алғашқы күннен бастап «Аватарды» кейін қалдырып, ішкі нарықта әлемдік блокбастерлермен тең дәрежеде бәсекелесе алатын қазақ киносының жаңа деңгейін көрсетті

«Дәстүр: Теріс бата» фильміне арналған постер

Қазақ киносы үшін 2025 жыл кинотеатрдағы табыс тұрғысынан да, жанр әралуандығын кеңейту тұрғысынан да «прайм» жыл болды. Мұндай қарқынды дамудың алғышарты ретінде фильм мен анимацияға инвестиция салатын Dasco Capital басқаратын елдегі алғашқы жеке қор — Tolqyn Film Fund пайда болғанын атап өтуге болады. Жаңа жыл қарсаңында елдің бүкіл кинотеатрына шыққан Қордың алғашқы жобасы «Дәстүр: Теріс бата» туындысы прокатта шамамен 2 млрд теңге жинаған 2023 жылғы хоррордың сиквелі.

Brave Talents пен Tartaria Films түсірген жаңа «Дәстүр» коммерциялық қазақ киносының маркетиң стратегиясы өзгергендігінің белгісі іспетті. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі бәсекелестер атағы жер жарған «Аватар» блокбастерімен ашық бәсекелестікке шығудан қашып жатқанда, алғашқы қазақстандық мистикалық хоррор түсірген ұжым Джеймс Кэмеронға дес бермей, аяқ тартып қалмады. «Tolqyn» қорының ұжымы атышулы қазақстандық туынды экспорттық экспансияға алғышарт жасап жатса, онда ішкі нарықта әлемдік көшбасшылармен тең дәрежеде бәсекелесуі керек деген дұрыс шешім қабылдады. Осылайша, екі жобаның да прокат мерзімі бір-біріне тұспа-тұс келді.

Алғашқы нәтижелерге қарасақ, тиімді стратегия өз жемісін берді. 25 желтоқсанда тұсаукесер күні «Дәстүр: Теріс бата» «Аватарды» шаң қаптырып, Кэмеронның туындысы 59 млн теңге жинаса, қазақ туындысы екі есе көп қаржы — 109 млн теңге жинады. Келесі күні көрсеткіштер теңесті, алайда «Дәстүр» Жаңа жыл қарсаңындағы қарбаласқа толы дәстүрлі жұмыс күндері де тұрақты табыс жинауды жалғастырды.

Алғашқы демалыс күндерінің нәтижесінде отандық хоррор 400 млн теңгеден астам ақша жинап, Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақ Әлемі 2» және Диснейдің «Аңдар шаһары 2» фильмдерінен төрт есе көп, ал Джек Блэк пен Пол Радд түскен «Анакондадан» алты есе табыс тапты. Өзге бәсекелес туындылар көш соңында қалып қойды. Нәтижесінде, «Аватардың» өзі басты қазақстандық қарсыласынан алысқа ұзай алмады — шамамен 60 млн-ға көп жинады.

«Дәстүрді» аудиторияға тартымды еткен себептер — бүгінде танымал режиссер Әлішер Утев бастаған туынды мен оны жасаушылардың елге кеңінен танымалдығы, қазақ көрермені үшін жаңа мистикалық этнохоррор жанры, күрделі әрі шым-шытырық сюжет, күн тәртібінде өзекті болған әлеуметтік тақырып, Ascar Cinema (Meloman entertainment) сияқты мықты прокатшы, түрлі жастағы актерлердің дарынды ойыны мен креативті индустрияның көптеген танымал өкілдері қатысқан агрессивті маркетиң. Туындыға арқау болған тақырып, жасырын месседжі мен оның астары төңірегіндегі әлеуметтік желілердегі қызу пікірталастар да қызығушылықты арттыра түсті. Желіде жазылған пікірлер әртүрлі — «Дәстүр: Теріс батаны» көрген әрбір оқырман өз пікірін қалыптастырғаны анық.

Алдағы жаңажылдық демалыс күндері кинопрокат нарығының көлемін айтарлықтай ұлғайтпақ. Бұл көрермен үшін бәсекелестікті түбегейлі жаңа деңгейге шығарады. Ал мұндай аса жоғары бәсекелестікте «Дәстүр» әр қадамын нық басып, түрлі жанрдағы отандық туындыға ынтығы ауған киносүйер қауымның қолдауына арқа сүйейді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте