Қазақстан нарығында исламдық қаржыландыру үлесін арттыру үшін не істемек керек?

Қазақстанда исламдық қаржыландыру «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) тарапынан реттеледі

исламская женщина в парандже бурке абайе стоит возле банкомата
Фото: © Depositphotos.com/ABCDK

АХҚО аумағында исламдық қаржылық қызметке мүмкіндік беретін екі лицензия бар: исламдық банкинг, яғни депозит ашып, шот жүргізу және исламдық қаржыландыру.

Жалпы, исламдық қаржыландыру саласындағы нормативтік реттеу шаралары Қазақстанда 15 жыл бұрын жолға қойылды: бұл тұрғыдағы арнайы Заң 2009 жылдың ақпанында қабылданған болатын. Кез келген индустрияның толыққанды жұмыс істеуі үшін оның өнімі сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болуы шарт, сондай-ақ сол саланың заңмен реттеліп, оның қызметін реттеуші ұйымның болуы тағы маңызды. Әдетте осы алғышарттар түйіскен жерде, индустрияның дамуы да байқаусыз қалмайды. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда исламдық қаржыландыру аясын кеңейту үшін бұл шарттар жеткіліксіз.

Айта кетейік, 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап қазақстандық қаржы реттеушілері мен АХҚО арасында Валюталық реттеу және ақпарат алмасу ережелері (Валюталық акт) іске қосылды. Оған сәйкес реттеушілер өз юрисдикция­ларындағы компанияларға бір-бірімен араласып, жұмыс істеуге жол ашты. Яғни, исламдық қаржы құралдарына негізделген компанияларға Қазақстан азаматтары мен корпоративтік секторға қызмет көрсетуге рұқсат берілді, бірақ жұмыс валютасы ретінде сол тұста АҚШ доллары белгіленді. Ал Қазақстан азаматтары доллар түрінде кредит алуға әу бастан құлықты емес, олар кредитті теңгемен алғанды тиімді санайды. Тек арада үш жыл салып қана – 2024 жылдың 26 ақпанында реттеушілер Валюталық актіге жаңа өзгерістер енгізді. Әйтсе де ислам бизнесін құрылымдаумен айналысатын сарапшылар бұл арада әлі де бірқатар мәселенің шешімі қажет деп отыр.

Шарттар бірдей емес…

OD Consulting компаниясының негізін қалаушы және басқарушы директоры Азат Өтепбай ислам қаржыландыруы бойынша компаниялар үшін Қазақстан нарығына кіру құны біршама қымбат деген пікірде. «Ислам банкінің дамуына негізгі кедергілердің бірі – дәстүрлі банктерде ислам «терезесінің» болмауы. Қазақстандық банктер өздеріндегі инфрақұрылым негізінде исламдық қаржы құралдарын пилоттық режимде тестілей алмайды. Ал осы нарықты ашуға мүдделі инвесторлар жұмыс барысында әртүрлі қиындықтарға кезігіп жатады. Нарыққа кіру құны қымбат», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін дәстүрлі банктер мен исламдық қаржыландыру саласындағы компаниялар үшін шарттар бірдей емес. «Күні кешеге дейін АХҚО-да ислам банкингі лицензиясын алу үшін пруденциалдық талап 10 млн АҚШ долларынан, ал ислам қаржыландыруы ұйымы үшін 2 млн АҚШ долларынан басталатын. Қазір бұл талаптар ептеп оңтайландырылды. Енді исламдық банкингті бастау үшін 5 млн АҚШ доллары, ал исламдық қаржы ұйымын ашу үшін 100 мың АҚШ доллары (тек өз қаржыңмен жұмыс істеген жағдайда), 500 мың АҚШ доллары (егер өзге тараптың қаржысын пайдалансаң) деңгейінде жеңілдетілді», – дейді сарапшы.

Жалпы, дәстүрлі банк пен ислам банкі арасындағы негізгі айырмашылық –ислам банкі пайыздық үстемемен пайда таба алмайды, исламда бұған тыйым салынған. Сондықтан да исламдық қаржыландыруды «этикалық қаржыландыру» деп сипаттау кең тараған. Ал дәстүрлі банктер қаржының үстінен үстеме салу арқылы пайда табады.

Өз кезегінде Азат Өтепбай, бүгінде елімізде исламдық қаржыландыру нарығындағы лизинг, акция шығару (сукук), бөліп төлеу құралдары бойынша қалыптасқан жағдай да әзірше тең емес деп отыр. «Қазақстандық кез келген ЖШС ескертпе беріп, лизингтік қызметті бастай алады, оған жарна капиталы бойынша талап жоқ. Ал ислам лизингі – иджарамен айналысатын компания өз қызметін бастамас бұрын одан АҚ құру талап етіледі, жарғылық капиталы болуы шарт, корпоративтік басқару бойынша міндеттемесі болады, т.т. Сол сияқты, егер исламдық компания бөліп төлеу құралы бойынша жұмыс істейтін болса, онда оған ислам банкінің лицензиясы қажет етіледі, өйткені кез келген саудаға ҚҚС алынады», – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, бүгінде Қазақстанда ақшаны бөліп төлеу құралы кеңінен сұранысқа ие, бірақ тұтынушы қауым оның тәуекел тұстарына аса көп мән бере бермейді. «Біздің елде осы қаржы құралы аясындағы қарыздың қайтарылмау көрсеткіші жоғары, соған қарағанда бұл тиімді құрал емес. Бәлкім бізге шағын және микробизнесті қаржыландырған дұрыстау шығар, бұл кәсіпкерлікті қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға септік етер еді», – дейді Азат Өтепбай.

undefined
Фото: © Азат Өтепбай: Оспан Әли; Мадина Тукулова: Әсел Тасболатова; Серік Бейсенов: Мирлан Таймурзаев

Мүмкіндіктер жасалып жатыр…

Ислам қаржысы және бизнесі қауымдастығының төрайымы Мадина Тукулова ислам қаржыландыруы саласында 20 жылдан астам қызмет етіп келеді. Ол кезінде ислам қаржыландыруына мүмкіндік беретін Заң жобасын әзірлеуге де араласқан. Сарапшының айтуынша, қазір Қазақстанда ислам банкингі мен исламдық қаржыландыруға негізделген компанияларға бірқатар мүмкіндіктер жасалуда. «ҚР ұлттық экономика, ҚР қаржы министрліктерінің біріккен бұйрығы бойынша қаржы қыз­метін ұсынатын компаниялар (исламдық банктік, банктік емес, исламдық сақтандыру және қайтару сақтандыру компаниялары) корпоративтік табыстан алынатын салық пен қосымша құн салығынан босатылатын болды. Егер бұрын ислам банктері, ислам қаржылық ұйымдары және ислам сақтандыру компаниялары өз қызметтерін Қазақстан резиденттеріне тек доллар күйінде ұсынған болса, қазір енді теңге түрінде де ұсына алады. Бұл Валюталық акт аясында қосылған толықтырулар. Қаржылық қызмет түрлері кеңейіп, бұл тізімге қазір тұтыну кредиттері, бөліп төлеу, ислам лизингі, сауданы қаржыландыру, шариғат принциптеріне сай қаржыландыру да кіреді», – дейді ол.

Әйтсе де сарапшы дәстүрлі банктерде ислам «терезесінің» болмауы бұл нарықтың дамуын тежеуші себептің бірі дегенмен келіседі. «Ислам «терезесі» елдегі исламдық қаржыландыруды барынша дамытуға ықпал ете алады, бірақ ол үшін банктер қажетті пруденциалдық нормативтерді дайындауы қажет, ал олар шариғат талаптарына сәйкес болуы тиіс. Бұл талаптарды қаржы реттеушісінің өзі де жақсы меңгеруі керек. Оның аясында Шариғат Кеңесі құрылуы тиіс», – дейді Мадина Тукулова. Сарапшының айтуынша, өз ішінен ислам банкингі қызметін ашу ниеті бар қазақстандық банктер үшін АХҚО-дағы «ислам қаржылық ұйымы» лицензиясы балама бола алады, онда капиталдық талап біршама төмен әрі салықтық жеңілдіктер де жоқ емес.

Сарапшы сондай-ақ, АХҚО құрамындағы исламдық қаржы компаниялары нарық ішіндегі төлем түрлерінің бәріне бірдей қол жеткізе алмайтынын айтады. «Мәселен, сіз қазақстандық азамат ретінде мобильді телефоныңыздағы қосымша арқылы коммуналдық төлем, біреуге ақша салу, телефон балансын толтыру, т.т. төлемдер мен қызметтерді қазақстандық банктер арқылы жүзеге асыра аласыз. Тіпті сол банктер арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін де қолданасыз, ал исламдық банк клиенттері өз банктері арқылы ондай операцияларды жасай алмайды. Олар бар болғаны банк шоты мен депозит қана аша алады», – дейді Мадина Тукулова. Дегенмен ол бұл саланы дамыту үшін еш қиындық, кедергіге қарамай, алға жылжи беру керек деген сенімде.

«Өзге банктермен бәсекеге дайынбыз»

Alif Islamic Bank Ltd (Alif Bank) АХҚО аумағында ашылған алғашқы ислам банкі. Банк жеке кәсіпкерлерге 5 жылға дейін 10 млн теңгелік кепілсіз кредит беру бағдарламасын жүзеге асырып отыр. «Валюталық акт аясында біз енді қазақстандық банктерде теңге және шетелдік валютада корреспонденттік шот аша аламыз. Екіншіден, АХҚО қатысушылары өз шоттарын кез келген валюта түрінде толтыру мүмкіндігіне ие болды. Үшіншіден, бұрын қазақстандық банктер кез келген операция кезінде (Қазақстан резиденті емес, Қазақстанда тіркелмеген немесе Қазақстанда жұмыс істемейтін компаниялармен арадағы төлем, ақша аударымы кезінде) АХҚО банктерінен қосымша ақпарат сұрататын, ал енді бұл талап алынып тасталды», – дейді банктің директорлар кеңесінің төрағасы Серік Бейсенов.

Ол, сондай-ақ Валюталық актіге енбей қалған мәселелерге де тоқталды. «Мысалы, АХҚО банктері, егер қызмет немесе қаржы аударымы исламдық қаржыландырумен байланысты болмаса клиентке қызмет көрсете алмайды. Бұл ислам банкі клиенттерінің қаржылық қызмет пен өнімге деген құқығын шектейді. Біз Валюталық актідегі осы тыйымды өзгеше құрылымдауды ұсынар едік. Айталық, егер ислам банктері мен ислам қаржы ұйымдары тарапынан исламдық қаржыландыру принциптерін бұзу жағдайлары тіркелсе, онда оларға клиенттердің төлемін жүргізіп, ақша аударымын жасауға тыйым салынсын. Сонда АХҚО аясындағы ислам банктерінің қызметі кеңейіп, исламдық қаржыландыруда «харам» деп есептелінетін принциптер де қадағалауға алынады», – дейді банк басшысы.

Серік Бейсенов, ислам құралдарымен жұмыс істейтін Қазақстандағы банктер өзге де банктермен тең деңгейде бәсекелесе алады деп отыр. Өйткені исламдық қаржы институттары секілді мықты ойыншылар Қазақстанның қаржы нарығына оң әсер беруде. «Бәсеке күшейген сайын банк саласындағы тарифтер де арзандап, клиенттерге қызмет көрсету сапасы да жақсарады. Біз сондай-ақ, өздерінің діни нанымдарына қарай дәстүрлі қаржылық институттардың қызметін пайдалана алмайтын клиенттерге де тиісті қаржы қызметтерін көрсете аламыз», – дейді Alif Bank басшысы.

Ислам қаржыландыруын түсіну оңай емес…

Айтпақшы, 2024 жылдың ақпанында S&P Global Ratings Орталық Азиядағы ислам банкингі бойынша жаңа зерттеуін жария етті. Онда: Орталық Азия елдеріндегі ислам банкингінің дамуы өте төменгі базада, ислам қаржыландыруының көлемі 500 млн АҚШ доллары төңірегінде. Тіпті нормативті-құқықтық жағдай жасалынған елдердің өзінде халық арасында ислам банкі өнімдерінің өтімділігі төмен, деп көрсетілген. Мұның себебі ретінде халықаралық сарапшылар: аймақтағы әлеуметтік ахуал, экономиканың қазба өндірісіне тәуелділігі, банк қызметінің өтімді болмауы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі дегендей факторларды алға тартады. Олар сондай-ақ, исламдық қаржыландыру салыстырмалы түрде алғанда оңай өнім емес деп, Орталық Азия елдерінің зайыр­лы мемлекет екендігіне де м ән береді.

Өз кезегінде АХҚО, Ислам даму банкінің қолдауымен Қазақстандағы жеке және корпоративті клиенттердің арасында ислам қаржысы өнімдерінің сұранысын білу мақсатында 13 мыңдай қазақстандықтың қатысуымен зерттеу жүргізген. Оның 350-і – заңды тұлғалар, 12 мыңы – жеке тұлғалар. Зерттеу қорытындысына сәйкес, сауалнамаға қатысқан респонденттердің дені ислам депозиті мен ислам ипотекасына қызығушылық танытқан. Сол сияқты, діни сенімдеріне байланысты өздерін депозиттік жүйеден тысқары ұстайтын, яғни депозит ашпаған респонденттер исламдық депозит ашуға дайын екендіктерін жеткізген.

АХҚО зерттеуінің авторлары: «Қазір елімізде исламдық қаржыландыру құралдарына деген сұраныс өсіп келеді, елдегі мұсылмандар саны ұлғайған сайын осы саладағы қаржыландыру қызметіне деген сұраныс та арта береді», – деп есептейді. Дегенмен сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың дені исламдық қаржыландыру туралы ақпарат, мәліметтермен аса таныс емес. Мысалға, сұраққа жауап берген жеке тұлғалардың 85 %-ы ислам қаржыландыруы өнімдерін бұрын-соңды пайдаланып көрмеген. Олардың айтуынша, біздің елде аталған өнімге қол жеткізу мүмкіндігі әлі де төмен, оның сыртында исламдық қаржы құралдары туралы ақпарат та, ұсыным да жеткіліксіз.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте