Қазақ тілі. Жасанды интеллект. Стэнфорд

Ана тілін ақылды алгоритмдерге қалай үйретеміз?

Дулат Тастекей
Дулат Тастекей
Фото: баспасөз қызметінің мұрағаты

Абай облысының 100-ден астам студенті «Жасанды интеллект» негіздері бойынша тегін білім алуда. Assyl AI жобасы тек жастардың технологиялық білімін көтеріп қана қоймай, қазақ тілінің дамуына да тың серпін береді деп есептейді «Assyltas» қоғамдық қорының құрылтайшысы, TAS Group негізін қалаушы Дулат Тастекей.

Дулат мырза, бұрын сіздің қайырымдылық шараларыңыз дәстүрлі ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталса, соңғы жылдары жаңа сала – жастарды жаңа, озық білім алуға ынталандыруға бет бұрыпсыздар. Мұндай трансформацияға не түрткі болды?

– «Assyltas» қоғамдық қорының негізгі миссиясы өзгерген жоқ. Бұрыннан айтылғандай, бұл – инновацияға ден қойып, қазақ тілін қалың бұқара, іскерлік ортаның тіліне айналдыру, қайырымдылық жасау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлттық мүдде жолында еңбек ету. Инновация – жаңару мен жаңа технологияларды қолдану тәсілі. Оны айту оңай болғанымен, жүзеге асыру күш-жігерді талап етеді. Біз осындай жобаларды жасауға бұрыннан талпынып келеміз.

Ал жасанды интеллект – қазіргі таңдағы әлемдік трендке айналып, өмірдің барлық саласына жылдам еніп жатыр. Бірақ әлемдік деңгейде алғанда біздің елдегі ЖИ қолдану көлемі cалыстырмалы түрде әлдеқайда төмен. Әрине, бұл – бір күнде жүзеге асатын дүние емес. Сондықтан әркім өзі тарапынан қолынан келгенше жаңалыққа құштар жастардың озық технологиялармен таныс болуына үлес қосуы маңызды.

«Мен жастарға сенемін…»

Жалпы Assyl AI жобасының идеясы қалай пайда болды?

– Былтыр Гарвард университетінде оқып жүрген кезде Бос­тондағы қазақ азаматтарымен жиі бас қосып, пікір алмасатынбыз. Біз сонда: «Ауылдағы қазақ мектептеріндегі балалар ертең өз мақсаттарын жүзеге асыруда қазіргі заманауи технологияның көшбасшысы – ЖИ қолдана ала ма?» деген сұрақты талқыладық. Өйткені ЖИ платформаларында қазақ тілі жақсырақ қамтылса, қазақша сөйлейтін азаматтардың осы технологияларды өз өмірінде қолдануына көбірек мүмкіндік туады. Ал қазақ тіліндегі контент, мәліметтер базасы жеткіліксіз болса, қазақтілді азаматтардың әлемдік технологиялық бәсекеде артта қалатыны түсінікті. Сондықтан Бостондағы алдыңғы қатарлы университеттерде оқып, тәжірибе жинап жатқан азаматтармен осындай жобаны ұсынып, «Assyltas» қоры аясында оны қолдауға, өз миссиямызға сәйкес оны жүзеге асыруға келіскен едік.

Assyl AI деген атау алған бұл жобаны біз Абай облысында сынақ форматында бастадық. Мақсатымыз жастарды ЖИ бойынша оқытып қана қоймай, алған білімдері негізінде олардың жаңа бастамалар көтеріп, стартаптар жасауларына серпін беру және оларды хакатон сияқты алаңдарда басқаларға таныстыру. Бәлкім сондай алаңдарда стартаптар инвестор тартып, өз өміршеңдігін көрсетсе, бұл инновациялық прогресске де қосқан үлесіміз болар еді. Егер алғашқыда ЖИ «иісін» қазақ жастарына таныту деген ғана ойымыз болса, қазір бұл жоба қарқынды жүзеге асуда. Басқа азаматтар осы бастаманы қолдап, өз облыстарында дамытқысы келсе, эстафетаны оларға ұсынуға даярмыз. Себебі барлық аймақтардағы мектеп пен орта және жоғары оқу орындарында оқитын жастардың жаңа технологияларды көбірек меңгеруіне ынталымыз.

Бұл – қоғамдық жоба, одан жеке пайда көрмейміз. Бізге жастардың нейрожелілермен танысып, оларды қолдану арқылы өз өмірін де, өзгенің өмірін де өзгертуге мүмкіндік алатындығы маңызды. «Көш жүре түзеледі». Жоба жыл сайын жақсарып, өміршең болатынына, оған қызығатын кәсіпкерлер де, жастар да көбейетініне сенеміз.

Аssyl AI – ұлттық құндылықтар мен интеллектуалды технологиялардың тоғысуы дейсіз ғой.

– Ұлттық болмысымызды жоғалтып алмау үшін қазақ тілі төңірегінде жұмыс жасауымыз қажет. Қазір мысалы, ChatGPT-ге қазақ тілінде сұраныс, яғни промпт жасалса, олар бұл тапсырманы түсіне алады, бірақ оның орысша нұсқасын жақсырақ, ағылшыншасын одан да жақсы түсінеді. Ол қай тілді жақсы түсінсе, тапсырысты орындау сапасы да соғұрлым жоғары болады.

Яғни, ЖИ беретін ақпараттың дәлдігі мен тереңдігі біз сол жерде қай тілді қолдануымызға байланысты…

– Әлбетте. Айталық, LLM (Large Language Model) сияқты үлкен тілдік модельдерде тілдерді көбірек түсінуі белсенді қолданыстағы сөздік қорына сәйкес қалыптасады. Мысалы, қазір Zoom платформасында сөйлесіп отырмыз. Бұл бағдарламаның да өз жасанды интеллектісі бар. Алайда, ЖИ осы сұхбатты жазып, мәтінге айналдырып, оған сараптама жасап беруі үшін оның қазақтілді мәліметтер қоры жеткілікті болуы тиіс. Онсыз жүйе сапалы қызмет көрсете алмайды, өйткені қазақ тілін толық түсінбейді, қазақ тіліндегі деректері мардымсыз. Ал егер біз Zoom-да орыс немесе ағылшын тілдерінде тілдессек, біздің сөзіміздің мәтіні мен қорытындысын әдемілеп жасап берер еді. Осының өзі озық технологияны өз тілімізде қолдануда кешігу барын көрсетеді.

Қазақ тілінің автоматтандырылған жүйедегі мүмкіндігін кеңейтуге Assyl AI қалай ықпал етеді?

– Ең алдымен, қазақ тілінде білім алатын жастардың ЖИ туралы түсінігі, олардың қолдану мүмкіндігі жақсара түседі. Сосын 100 баланың кемінде бірнешеуі қазақтілді контентті арттыруға өз үлесін қосуы мүмкін. Өйткені олардың ойлауы мен креативі біз топшылағаннан өзгеше. Жаңа технологияларды қолдана алатын қазақтілді жастардың саны неғұрлым көп болса, олар қазақ тілінің ЖИ-де мол болуына әсер ететін факторға айналады.

Гарвардтан… Стэнфордқа

Осы жоба туралы идея былтыр Гарвард университетінде оқыған кезіңізде туыпты. Биыл Стэнфорд университетіне оқуға түсіпсіз…

– Соңғы ЖИ технологиялары, осы саладағы компаниялардың көпшілігі әйгілі Силикон алқабында пайда болса, Стэнфорд жоғарғы бизнес мектебі – соның дәл жүрегінде орналасқан бірден-бір заманауи бизнес оқу орны. Бұл жерге әлемнің әр түкпірінен бизнесін озық технологиялар арқылы дамытқысы келетін кәсіпкерлер жиналады. Гарвардта бірге оқыған шетелдік достарымның арасында да бұған дейін Стэнфордта тәлім алғандар бар. Олар да осы шешімді құптап, «енді кәсіпкер ретінде технологияға жақындығың одан сайын жақсарады» десті.

Негізі, оқуды тоқтатпай, жалғастыру – өмірлік ұстаным­ым. Технологиялар күнде дамып, күнде жаңарып жатыр. Ал «білгенімді қазір пайдаланып алайын, қалғанын кейін көремін» десек өмірде артта қалып қоюға болады. Қазірдің өзінде еліміздің, тіліміздің бұл бағытта кешігіп жатқанын ескерсек, Стэнфорд тек маған және TAS Group компаниялар тобына ғана емес, күллі Қазақстанға да пайдалы болады деген сеніммен АҚШ-қа аттанып барамын. Сонымен бірге адамдар осындай озық оқу орындарына тек білім аламыз деп бармайды, таныстықтың яғни нетворкингтің өзі – үлкен олжа. Өйткені мұнда қатаң іріктеуден өткен, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылармен тәжірибе алмасу өте қызық.

Әлемдік топ университетте оқу бизнесті кеңейту, масштабтандырудың тетігі бола ала ма?

– Әрине. Қазір байқасақ, Қазақстандағы кәсіпкерлер, оның ішінде YPO Kazakhstan клубы мүшелері арасында әлемдік жоғарғы бизнес мектептерінде білім алу жақсы трендке айналып келеді. Қазақ кәсіпкерлері неғұрлым заманауи білім алып, ғаламдық трендтерді қабылдаса, басқа елдердегі алдыңғы қатарлы кәсіпкерлермен серіктес болып, байланысты нығайт­са, осының бәрі еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қосады.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте