Қанат Көпбаев: Мүмкіндік болғанда әрекет жасамау өкінішке әкеледі
Қазақстандағы ең дәулетті әрі ең беделді бизнесмендер қатарына кіретін Қанат Көпбаевты 48 жасында әлемдегі топ университеттердің бірі — Гарвардқа оқуға түсуге не итермеледі? Kusto Group негізін қалаушы серіктестің бірі, осы топтың директорлар кеңесінің мүшесі, «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев стратегиялық шешімдерді 15 минутта қалай қабылдайды? Forbes Kazakhstan тілшісімен арадағы әңгімеде бизнесмен осы және өзге де сұрақтарға жауап берді

Жабылмаған «гештальт»
Сіз жақында Harvard Business School, яғни әлемдегі ең таңдаулы бизнес мектептің біріне оқуға түсіпсіз…
— Иә, Гарвардтың OPM (Owner/President Managment) бағдарламасы бойынша оқу үшін АҚШ-қа аттанамын. Бұл бағдарламаның ерекшелігі — оған тек бизнес иелері мен оның негізін қалаушылар ғана қабылданады. Яғни, біздің топқа әлемдегі әр түрлі экономика мен түрлі саладағы бизнес өкілдері — 150 компанияның жетекшілері жиналады.
Соңғы жылдары Гарвард, Стэнфордта орта жастағы бизнес лидерлері — YPO Kazakhstan мүшелерінің оқу тренді байқалады. Оның себебі неде?
— Гарвард бізге бірегей мүмкіндік береді: біріншіден, сапалы, жақсы білім алу мен халықаралық тәжірибемен танысу болса, екіншіден, connections — басқа қатысушылармен байланыс орнату арқылы өзімізге жаңа көкжиектер ашу.
Мен ауыл мектебінде оқыдым. Кейін «Нархоз» университетін бітірдім. Сол кездерден Гарвардта оқу — арманым еді. Сол «гештальтті» 48 жасқа келгенде жаптым.
Гарвардтың басқа бизнес мектептерінен ерекшелігі — кейстер негізінде оқыту тәсілі, практикалық бағытқа басымдық беруі. Маған әлемдегі ірі компаниялардың шынайы тәжірибелері қызық. Өйткені, өмірден алынған бизнес кейстер стратегиялық шешім қабылдауға көмектеседі. Сондай-ақ Қазақстанда қолдануға болатын озық тәжірибелермен де танысамыз деп ойлаймын. Балаларым менен: «Әке, 48 жаста несіне оқисың?» деп сұрайды. Мен оларға үнемі оқу қажет және оқу үшін уақыттың ешқашан кеш болмайтынын үлгі еткім келеді.
Кейде орта жастағылар: «Енді оқудың қандай қажеті бар?!» деп жатады…
— Уақыт табылса, тоқтамай оқи беру керек. Жасқа қарау қажет емес. Оқудың беретін тағы бір артықшылығы — күнделікті жұмыстан назарды басқа жаққа аударып, жаңа білім алып, қабілеттерді шыңдауға мүмкіндік береді.
Қазір әлем жылдам өзгеруде. АҚШ — әлемдік экономикалық көшбасшы мемлекет: озық технологиялар мен инновациялар алдымен сол жақта шығатыны белгілі. Жаңа нәрсені білудің пайдасы — бір бөлек, бизнес-білім алудың практикалық жағы тағы бар.
Өткен мен бүгіннің, келешектің симбиозы
— Қалай ойлайсыз, қазір қандай бизнес немесе технологиялық трендтерді ескермесе, бизнес алдағы 5–10 жылда бас көтере алмайды?
— Ең алдымен қазір, әрине, жасанды интеллект пен машиналық білімді міндетті түрде бизнеске енгізу керек. Оны жасамағандар құрдымға кетеді деуге келмес, бірақ технологиялық трендке ілескендерден артта қалатыны анық. Қазіргі әлемдегі кез келген көшбасшы компанияны алсақ, оларда жасанды интеллект пен цифрлы шешім қабылдау жүйесі енгізілген. Адам еңбегі жылдан жылға қымбаттап, тауар мен қызмет бағасы өсуде. Зиянды қалдықтардың шығарылуын азайту да — өзекті мәселе. Осы бағытта ЖИ жылдам көмек көрсете алады.
Мысалы, Kusto Group іс жүзінде осы алгоритмдерді пайдаланып отыр ма?
- Біз экономиканың нақты секторында жұмыс істейміз: мал өсіреміз, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарамыз, мұнай өндіреміз, өзімізге тиесілі жанар-жағар май бекеттері бар, құрылыс саласында жұмыс істейміз. Соған қарамастан, біз цифрландыруды бизнеске белсенді енгізіп жатырмыз.
Топ құрамындағы Kusto Home құрылыс компаниясының жұмысына жасанды интеллект пайдалана отырып, B-Model — құрылысты ақпараттық модельдеу жүйесін қолданамыз. Сосын құрылысқа шынайы уақыт режимінде мониторинг жасаймыз. ЖИ арқылы материалдарға кететін шығындарды қысқартып, жұмысшылар қызметін оңтайландырудамыз. Ауыл шаруашылығында дәнді-дақылдарды себу кезінде егін алқабын спутниктерден түсіріп отырамыз. Әртүрлі сенсорлар пайдаланамыз. Келешекте басқарушысы жоқ трактор, сепкіш қолданамыз деген жоспарымыз бар. Биыл Kusto Group-тың KazPetrol кеніші ҚР энергетика министрлігінен «ең цифрландырылған кеніш» деген марапат алды. Әлемдегі тенденцияларды жіті бақылап, содан қалыс қалмау үшін өзіміз де үнемі оқып, шыңдалуға айрықша мән береміз.
Жалпы бизнестің келешекте табысты, масштабты болуы үшін не маңызды: жаңа технологиялар ма, әлде елмен дұрыс тіл табысу ма?
— Екеуі де маңызды: технологиялар да, нетворкинг де. Сонымен бірге бізде әзірге бас тарта алмайтын, қажетті ескі қондырғылар бар. Мысалы, су өтетін құбырлар. Оны немен алмастырамыз? Сондықтан ескі, бүгінгі күнгі, болашақ дүниелер арасында тепе-теңдік, симбиоз болуы тиіс. Кейбір құралдар уақыт өтсе де, бізге қызмет ете береді. Сонымен бірге заманауи және болашақта біз көргіміз келетін технологиялар бар. Егер адамдарға пайдалы зат болса, оны оңтайландырып, жетілдірген жөн. Мысалы, қазіргі тракторларды модернизациялап, уақыт өткенде жүргізушісіз басқарылатын машинаға айналдыруға болады. Яғни, өткеннен бас тартпай, жаңа нәрселер бірін-бірі толықтыруы тиіс.
Кез келген нәрсенің көлеңке тұстары да болады ғой. Қандай технологиялық трендтер сізді алаңдатады?
— Қазір Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең үлкен мәселенің бірі — цифрлық алаяқтық, соған сәйкес киберқауіпсіздікті күшейту қажет. Сайттың серверін сындырып, блоктап, сосын ақша талап ететін фактілер кездеседі. Сонымен бірге әлеуметтік желінің дамуына байланысты жалған ақпарат тарату белең алуда. Енді тіпті технология адамның фейк бейнесі мен дауысына дейін жасап береді, жеке мәліметтер тарап кетеді, ақпараттар ұрланады. Көптеген компаниялар киберқауіпсіздік бойынша жұмыс істеуде, бірақ хакерлер де ұйықтап жатқан жоқ.

«Төменнен — жоғарыға» бастайтын жобалар
Жалпы озық технологиялар, бизнес даму үлгілері біздің елімізге сырттан, жоғарыдан төменге келеді…
— «Жоғарыдан — төмен» үрдісі көп елдерге, оның ішінде Қазақстанға да тән. Бірақ қазіргі жастарымызды алсақ, олардың арасында стартап бастағандар көп. Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Жаслан Мәдиевпен сөйлескен едім. Сонда ол Қазақстанда 40 мыңдай стартап бар екенін айтты. Әрине, олардың барлығы бірдей бас көтеріп кетеді деуге келмес, бұл — қалыпты жағдай. Бірақ соның ішінде 400 стартап ел экономикасына 1 млрд доллар тартса, бұл — Қазақстанға кәдімгідей үлкен пайда. Сондықтан, төменнен жоғарыға бастайтын жобалар өте көп. Олардың арасында нақты бір істің орайын тауып, сол бойынша жылжитындар бар. Сосын оны белгілі-бір деңгейге шығарғанда Google, Amazon сияқты Кремний алқабындағы алпауыт «алтылыққа» сатуы мүмкін.
Батыстық модельдерді көшірмей, «төменнен — жоғарыға», яғни тамырымыздан — қазақ менталитеті мен мәдениетінен өркендейтін бизнес модельдер жасауға бола ма?
— Барлығы — өз қолымызда. Таяуда Гонкогта істейтін бір профессордың сұхбатын оқыдым. Оларда ғылымда бір жаңалық ашса, сол университетте оны өмірге енгізу мәселесімен айналысатын коммерциялық бөлім болады екен. Егер әртүрлі саладағы жүз ғалым болса, бұл бөлім солардың әрқайсысының саласы бойынша келісімдерге келеді. Мысалы, егер фармацевтика болса, сол саладағы компанияларға, машина жасау бойынша жаңалық шықса, сол бағыттағы өндірістермен сөйлеседі. Яғни, олар мәселеге жүйелі қарау үлгісін көрсетіп отыр. Бізге де солай жасауға болады.
АҚШ-та өнер саласында оқитын бір танысым оларды сурет салуға ғана емес, сол суретті сатуға үйрететінін де айтып еді…
— Қазақстан ғылымында бұрын жобаларды коммерциялау болған жоқ. Батыстағы ғалымдар жобаларды бастаған кезде оларды қалай сату жағын да ойлайды. Ақша аспаннан жаумайды. Идея өміршең болуы үшін оны қаржыландыру керек. Кез келген зерттеуді қолданбалы етіп жасау керек.
Бізде әлі «сату — ұят» деген ұғым бар сияқты…
— Жоқ, қазір қоғам ондай стереотиптен кетті. Қазақстанда да көптеген ғалымдар өз жаңалығының практикалық-қолданбалы жағын іздейді.

«Қазақ тілін үйрену үшін ниет керек»
Сіз «Бәйге» федерациясы, ұлттық киім киюді дәріптейтін «Ұлттық сезім» жобасы арқылы ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрсіз. Қазіргі ғаламдық цифрландыру заманында ұлттық ерекшеліктерді декорация бөлшегіне айналдырмай, ұлттық болмысымызды қалай сақтауға болады?
— Бізде бұл бағытта да ескі мен қазіргінің симбиозы бар. Біз бәйгені ипподромда өткіземіз. Көрермендер жиналады. Оның бәрін цифрлы платформада көрсетеміз. Барлық әлеуметтік желілерді қосамыз. Жаңа технологиялардың арқасында ойынды бүкіл әлем көре алады. Бәйге өтіп жатқан кезде «Ұлттық сезім» флешмобы аясында жанкүйерлер ұлттық киім киіп келеді. Осы спорт түрімен қатар басқа ұлттық ойындарды — садақ ату, көкпар тарту, теңге алу, аударыспақ — барлығын бірге өткіземіз. Біз үшін ұлттық мәдениетімізді адамдардың жәй декор, картина ретінде емес, оны тереңірек ұғынып, сезінуі, түйсінуі маңызды. Мысалы, ұлттық киім киюіміздің, Наурыз сияқты мерекелерді өткізудің мәнісі неде?!
Жақында Астанада іссапарда болдым. Сонда барлық ресми кездесулерде ұлттық шапанмен жүрдім. Басқа азаматтар да қазір ұлттық костюмдерді көбірек киеді. Өйткені, бұл бір жағы әдемі, трендке сай болса, екіншіден, ұлттық мәдениетімізді қолдау, үшіншіден, біздің ұлттық болмысымызды ашады. Осыдан үш жыл бұрын жұмысқа біреу шапан киіп келсе, бәрі жатырқай қарайтын, ал қазір қайта ұлттық киім кигенді мақтаныш тұтады. Мақсатымыз — жастардың ұлттық брендтерді қолдануына серпін беру.
«Ұлттық сезім» жобасы да өсіп-кеңейіп келеді. Қазір оған қазақтың 20 шақты дизайнері қосылды. Олардың өнімдерінің сатылымы өсіп жатыр. Қазір жұрттың бәрі ұлттық киім сатып алады. Менің гардеробымда да қазақтың ұлттық стилінде тігілген шапан, костюм, жилет — әртүрлі киім көп. «Ұлттық сезім» арқылы біз отандық дизайнерлерімізді қолдасақ, олар, мысалы, біздің жобамызға келгендерге «ұлттық сезім» промокодымен бағаны түсіріп, киімдерін сатады. Осылай бір-бірімізді қолдап, мәдениетімізді ілгерілету жолында бірге жұмыс істеудеміз.
Қазір үлкен бизнес қазақ тіліне қарай ауыса бастағаны байқалады. Сіз де сұхбаттың қазақша болуын қаладыңыз. Қазақ тілінің қазіргі бизнес трансформациясы мен цифрландыру кезеңіндегі келешегін қалай көресіз?
— Кез келген цифрлы технология — қазақ тіліне де, басқа тілдерді үйрену үшін де үлкен мүмкіндік. Қазірдің өзінде Chat GPT, Gemini, Copilot қазақша сөйлеп, қазақ тілінде мәлімет бере алады.
Барлығы — адамның өз қолында. Қазақ тілін үйренемін деген адамға ресурс жеткілікті: лингвистикалық қосымшалар, youtube, онлайн аудармашы мен онлайн курстар. Кез келген мәтінді ЖИ көмегімен цифрлы формада қазақ тіліне аударуға болады. Бірақ тілді үйрену үшін адамның ниеті болуы керек. Біздің тілімізді жүздеген жылдар бойы басып келді, енді оны бірер жылда, он жылда қайтару қиын шығар. Тілімізді, дәстүрді толық қайтару үшін көп уақыт пен күш-жігер керек. Бірақ жағдайды өзгертуден қорықпаған дұрыс, нақты қадамдар жасай отырып, қазақ тілін барлығымыз бірдей білетін күнге жетеміз.
Тілді дамытудағы цифрлы технологияның орны керемет. Қазіргі интернеттегі ең үлкен бизнес қандай? Білім беру бизнесі. Бұл сала ЖИ көмегімен тілді әрі қарай дамыта береді.
15 минутта шешім қалай қабылданады?
Kusto Group тобы да, кәсіпкер ретінде жеке өзіңіз де халықаралық ауқымда белсенді жұмыс істейсіз. Бірақ осы жаһандық мәдениеттер ықпалы күшті әлемде қандай ұлттық құндылықтар қазақи болмысыңызды сақтауға, маңызды шешімдер қабылдауда тірек бола алады?
— Бізге бала кезден намыс пен патриотизм тән. Шетелде жұмыс істеген кезде де біз не істесек те, оны жақсылап жасағымыз келеді. Әркез ашық әрі адал болуға тырысамыз. Біз арқылы қазақтар туралы пікір қалыптасады. Барлық азаматтарға бірдей құрмет көрсетеміз. Сонымен бірге өзіміздің ұлттық мәдени дәстүрімізді сыйлаймыз. Қазақстандағы ғана емес, басқа елдердегі, мысалы, Вьетнам, Қытайдағы офистерімізде де біз жұма сайын ұлттық киім киіп, Наурыз сияқты мерекелерімізді атап өтеміз.
Қазақ атына кір келтірмеу үшін…
— Иә. Біз әлемдік трендтерден қалыспауға тырыссақ та, қазақ екенімізді, қайдан шыққанымызды ұмытпаймыз. Kusto Group ретінде біз Қазақстанға ең озық технологияларды әкелуге тырысамыз. Осы арқылы да еліміздің дамуына үлес қосқымыз келеді.
Бір көңілге келетін мәселе — мемлекет шетелден келетін инвесторларды шақырып, салық жағынан да жеңілдіктер беріп, жағдай жасайды да, отандық инвесторларға бермейді. Біз: «Неге өзіміздің инвесторларға қолдау көрсетпейсіздер?! Қаншама жақсы инвесторлар бар» дейміз. Мемлекет ұлттық инвесторларды қолдауы керек. Мысалы, АҚШ, Қытай, Вьетнамды қарасаңыз, олар ең алдымен өз кәсіпкерлерін қолдайды. Бизнес пен мемлекет бірге болуы керек, бір-бірін қолдап жүруі керек.
Жақында сіз 15 минутта стратегиялық шешім қабылдауға болады дедіңіз. Жалпы маңызды шешімдерді қалай қабылдайсыз?
— Мынадай сөз бар, оны психологтар да, коучтар да айтып жүр: ең алғашқы импульс — ең дұрысы. Бірінші импульстан кейін әртүрлі ой келеді, күмән шырмайды. Сондықтан, бірінші шешімге жүгінуге тырысамын. Мысалы, Гарвардқа түскім келді, болды, шешім қабылдадым.
Ал бизнесте ше?
— Бұрын да айтып жүрмін, бізде сәтсіз жобалар да болды. Ал іс ойдағыдай сәтті болуы үшін не істеу керек? Білімді жетілдіру керек. Оқып жүріп, жаңа адамдармен танысып, бірге жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Сосын бұзып-жарып жүре бермей, алдымен кәсіпкер қайда және не үшін бара жатқанын білуі керек. Ол үшін талдаулар, зерттеулер қажет. Мақсатқа жету үшін рух керек. Шыңғысханның: «Жасасаң — қорықпа, қорықсаң — жасама!» деген сөзі бар. Бастадың ба, тоқтама. Әйтпесе, мүмкіндік болғанда әрекет жасамау өкінішке әкеледі.
«Тәуекел деген желқайық, өтесің де шығасың» деген қазақ мақалы да бар…
— Бірақ тәуекелге саналы түрде бару керек. Адам не жоғалтатынын да түсінуі тиіс. Мысалы, бір миллион долларын жоғалтса, бұл адамды өлтіре қоймас. Егер жоба сәтті болып кетсе, не ұтады? Осы екі жақты есепке ала отырып, кәсіпкер өзіне лайық шешім қабылдауы тиіс.
«Ауыл — елдің алтын бесігі»
Сіз ауылда туып-өстіңіз. Ауылды еске алғанда бірден ойға келіп, жаныңызды жай таптырып, жылы сезім әкелетін қандай көрініс бар?
— Ең алдымен апам мен атам еске түседі. Сосын ағайынды, ата-бабаларды ойлаймыз. Ауыл — елдің алтын бесігі. Қазақтың ең алдыңғы қатарлы ғалымдары, мәдениет, қоғам қайраткерлері барлығы дерлік осы ауылдан өсіп шыққан.
Біз де ауылға көмек бергіміз келеді, ауыл балаларын оқытқымыз келеді. Осы мақсаттағы ауыл балаларына заманауи, жоғары деңгейдегі білім беруге көмектесетін «IQANAT» жобасына қолдау көрсетудеміз. Сонда ауылда қандай дарынды балалар бар екенін көріп отырмыз. Олар — өмірдің қиындығын көрген қайратты да еңбекқор. Біз де бала кезімізде пешке от жағып, су тасып, өстік.
Ауыл — қазақтың өзегі. Біздің ауылдардың көбінде асфальт, жол болмайды. Әлі күнге дейін суды үйіне флягамен таситын ауылдар бар. Әрине, ауылдарға газ беріп, су құбырларын жүргізіп те жатыр. Бірақ мемлекет ауылдарда инфрақұрылымды дамытуға кешенді назар салуы қажет. Басқа жағдайда ауылдан жастар кетеді. Бұл бір жағы — әлемдік тренд. Аргентинада, халықтың 95%-ы қалаларда, оның ішінде Буэнос-Айресте тұрады. Бірақ сол 5% фермер инновация, робот жасау арқылы бүкіл елді ауылшаруашылық өнімдерімен асырап қана қоймай, оларды экспортқа да шығарады. Яғни, жоғары технологиялар арқылы азғантай жұмыс күшін пайдалана отырып, қарқынды өндіріс өнімділігін көрсетуде.
Сіздіңше, ауылды сақтау үшін не істеу керек?
— Ауылда жұмыс табатындай мүмкіндіктер болса, алдыңғы қатарлы технологиялар әкелінсе, балалар қалар еді. Өйткені, бәріміз де ет жейміз, сүт ішеміз. Жастар ауылда қалуға ынталы болуы тиіс. Ол үшін олардың өмірін жеңілдетуіміз керек: старлинк, интернет, онлайн кинотеатр, Netflix келсе, онда жағдай өзгеруі мүмкін. Менің бауырларым да ауылдан кеткілері келмейді, өздері мал өсіреді. «Қалаға келгенде жұмыс болмаса, несіне қалада қалам?» деп ойлайды. Тіпті қазір экология, жер сілкінісі қаупіне байланысты ауылға көшкісі келетіндер де аз емес.
Егер бизнес-мақсаттар мен стратегияларды ысырып қойсақ, қазір шынымен нені армандайсыз?
— Мен көп балалы әкемін: төрт қыз, екі ұлым бар. Арманым — балаларды жеткізу, патриот етіп өсіру. Балаларым шетелде оқыса да, елге қайтып келіп, өзіне ғана емес, халқына көмек беріп, туған жерінде өсіп-өніп, байып, өркендесе деп тілеймін. Өз династиямды қалыптастыруды қалаймын. Балаларымның, онан кейін немерелерімнің өскенін көргім келеді. Қазір соны ойлай бастадым.
Еліміздің болашағы — біздің, қазіргі ұрпақтың қолында. Дұрыс шешім қабылдасақ, мемлекет де дұрыс дамиды. Шетелдіктер бізге келіп, Қазақстанда тұрғысы келетін күнге жетуіміз керек.
Балаларыңыздың қайда тұрғанын қалайсыз?
— Екі қызым шетелде оқыды. Біреуі оқу бітіріп, Қазақстанда жұмыс істейді, екіншісі биыл бітіріп, елге оралады. Жастар біздің елден кеткісі келмейтіндей жағдай жасау керек. Оларды күшпен ұстап тұра алмаймыз. Жастарға технологиялық, саяси, әлеуметтік, заңды жағдай жасасақ, олар елден кеткісі келмей, қайтып оралады. Менің де арманым — сол.