Forbes Kazakhstan қазақша журналының кезекті номері жарыққа шықты

Басылымның жаңа санын журналдың бас редакторы Асия Акишева ұсынады

Асия Акишева
Асия Акишева
Фото: © Андрей Лунин

Стэнфорд университетінің Жасанды интеллектіні зерттеу орталығы жария еткен мәліметтерге ден қойсақ, 2024 жылы ЖИ технологияларына бағытталған жеке қаражат түріндегі инвестициялық салымдар 252,3 млрд АҚШ долларын құраған, бұл, айталық, 2014 жылмен салыстырғанда 13 есе ауқымды көрсеткіш.

Соңғы бес-алты жылда әлем бойынша ЖИ қолданушы компаниялар саны да артып келеді: Стэнфорд университеті мамандары өз зерттеулерінде 55%-дан 78%-ға дейін деп көрсетеді (2019 жылдан бері). Генератив ЖИ қолданушы компаниялар саны 33%-дан 71%-ға дейін артқан. Ал осы бағыттағы жеке капитал ағыны былтырдан бері 33,9 млрд долларға жеткен (+18,7%), бұл — ЖИ технологияларын қамтыған жеке инвестиция ауқымының 20%-ы.

Сарапшылардың айтуынша, 2025 жыл ЖИ үшін айрықша жыл болса керек, қазірдің өзінде бұл технология жаһандық деңгейде экономиканы, білім мен ғылымды, тіпті саясатты қалыптастыруға белсенді араласып кетті деп отыр олар. ЖИ қазір күрделі есептер мен міндеттерді оңай әрі жылдам шешіп берумен қатар, адам баласының күнделікті қарапайым өміріне де дендеп ене бастады.

Құрметті оқырман, өздеріңіз де түсінгендей, бүгінгі номердегі басты тақырып — жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың қазақ қоғамына әсері мен ықпалы хақында. Дұрысырақ айтсақ, жаңа технологиялар мен қазаққа тән ұлттық ерекшеліктің, ұлттық болмыстың өзара синтезі тұрғысында.

Фото: © Андрей Лунин

Бізге сұхбат беріп, пікір білдірген кейіпкерлеріміз бен сарапшыларымыз, ЖИ платформалар қазақ тілінде дұрыс ұсыныс жасауды үйренуі үшін, оған алдымен өзіміз жеткілікті деңгейде «құнарлы азық» дайындап беруіміз керек деп отыр. Дата сарапшы Асхат Еркімбайдың айтуынша, сурет салатын не мәтін құрастыратын ЖИ-дің қайсысы болса да қазақша сұранысты аударма арқылы сомдайды. Ал егер ЖИ бізбен бір тілде сөйлессін десек, жаңа технологияларға өз болмысымызды аудармасыз жеткізуді өзімізден бастауымыз қажет. Осы арада номердің басты кейіпкері, Kusto Group директорлар кеңесінің мүшесі, «Ең дәулетті 75 бизнесмен» рейтингіне енген танымал кәсіпкер Қанат Көпбаевтың: «Жалпы, біз әлемдік трендтерден қалыспауға тырыссақ та, қазақ екенімізді, қайдан шыққанымызды ұмытпаймыз», — деген пікірі ойға оралып отыр.

Пулитцер сыйлығының үш мәрте иегері, тарихшы Артур Шлезингер бір сөзінде: «Ғылым мен технологиялар біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп, төңкеріс жасады, бірақ біздің сезімімізді қалыптастыратын салт-дәстүрлер, мифтер және біздің есте сақтау қабілетіміз» дегені бар. Байыппен қарасақ, қазір қоғам ішінде ұлттық нақышқа деген сұраныс зор, бұған, әсіресе, Наурыз тойын мерекелеу барысында көз жеткіздік. Отандық ритейл өкілдерінің айтуынша, көктем мерекесі барысында ұлттық нақыштағы өнімдерге деген сұраныс өте жоғары болған. Және бұл тенденция әлі де жалғасуда.

«Тренд әрі кетсе бір-екі жылға созылар. Ал қазір біздің елде көрініс берген этноөнімдерге деген қызығушылық халықтың ішкі аңсауынан, шынайы ықыласынан туындаған дүние», — дейді бұл тұрғыда қазақтың дәстүрлі киімдерін этнографиялық негізде зерттеп, қалпына келтірумен айналысып жүрген этнодизайнер Тлек Сұлтан.

Әлбетте, бұл номердің басты тақырыбы — Қазақстандағы ең дәулетті 75 бизнесмен рейтингінен бастау алады. Forbes Kazakhstan әзірлейтін аталған рейтингтің құрамы былтырдан бері жиырма бес адамға толыққан. Биылғы рейтингте «жаңа тұлғалар» қатары кеңейе түсті, онда сондай-ақ үш әйел кәсіпкер бар. Толығырақ Рейтинг бетінен оқып, таныса аласыздар.

Сонымен, бүгінгі номерде біз ұсынған тақырыптар, мақалалар Сіздерді бей-жай қалдырмайды деген үміттеміз. Біздіңше, технологиялар қарыштап дамыған заманда өз тамырыңа, өз болмысыңа деген қызығушылық пен ізденіс — табиғи құбылыс, әсіресе, Қазақстанда. Ал, Сіз қалай ойлайсыз?

Forbes Kazakhstan оқырманы қатарына қош келдіңіз!

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте