Дулат Тастекей: Сенім бар жерде – серіктестік бар
Қазақстанда дәулеттілердің жаңа буыны – «self-made» бизнесмендер қалыптасуда

TAS Group негізін қалаушы Дулат Тастекей ауылда туған, өзінің ғана емес, компаниясының тілі де – қазақша. Кредит портфелі 60 млрд теңгеден асатын халықаралық қаржы тобын басқарады. Биыл Гарвард бизнес мектебін тәмамдайды. Бизнестегі басты құндылығы – адалдық, қазақ кәсібін, қаржы қызметін әлемге таратуды армандайды.
Қарызға бату – қаржылық сауатсыздық
Қазір қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселенің бірі – кредит алу. Оны Президент пен Ұлттық Банк төрағасынан әлеуметтік желідегі блогерлерге дейін көтеруде. Қазақстандықтар алған кредиттер көлемі 18,7 трлн теңгеге жетіпті. Бұл қандай тенденция: экономиканың өсу белгісі ме, әлде қатерлі құбылыс па?
- Кредит деген сөздің өзі «сенім» деген мағынаны білдіреді. Кредит алған адам оны қайтара алатынына сеніп алады, ал кредит беретіндер – борышкердің қайтара алатынына сеніп, береді. Бізде ғана емес, жалпы әлемде кредит ұғымына қатысты теріс пікір қалыптасқан. Ал қаржы – дұрыс қолданса, белгілі-бір мүмкіндіктерге қол жеткізетін құрал. Ақшаны қалай болса, солай жұмсап, қарызға бату – қаржылық сауатсыздық. Бұл тек қазақстандықтарға ғана емес, жалпы адамзатқа тән көрсеткіш. Дегенмен кредиттеудің өсуі – экономикалық тұрғыдан, әрине, өсіп, дамудың бір белгісі. Себебі қаржы айналымы көбейген кезде сауда-саттық айналымы да ұлғайып, экономикалық өсім байқалады.
Алайда, біздегі тұтыну қарыздарының көлемі 12,0 трлн теңге (63,9%), бұл ипотека қарыздарынан екі еседей артық (5,9 трлн теңге (31,4%). Тұтыну кредитін алу қарқынына елдегі жалақы көлемінің өсімі сәйкес келмейді...
- Пандемиядан кейін әлемдік инфляция қарқыны жоғары деңгейде қалып отыр. Долларға тәуелді әлемнің бір бөлігіміз – жоғары инфляцияны да алғашқылардың бірі болып бастан кешеміз. Жақында бір сарапшы «бұрын халық табысының тең жартысы тамаққа кетсе, қазір 70%-ы азық-түлікке жұмсалады» деп жазды. Сонда жұрт киім-кешек, оқуға ақшаны қайдан алады? Яғни, кредит ауқымы көбеюі мүмкін. Әдетте «кредит» дегенде көпшілік жалақы көлемінде кепілсіз кредит беретін компанияларды атап жатады. Ал мысалға, біздің компания – тек кепілзат негізінде берілетін және орташа шегі 6–7 мың долларды құрайтын сома ұсынады. Тұтынушыларымыздың басым көпшілігі – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, микро және орта бизнес өкілдері. Біз олардың кәсібінде туындап жататын белгілі бір қаржылай қиындықтарды жылдам әрі оңтайлы етіп шешіп беруге бағытталған өнімдер ұсынамыз.
Мемлекет басшысы да экономикада ШОБ үлесін арттыру қажеттігіне назар аударды. Бизнес өздігінен өсіп кетпейді. Оның аяқтан тұруы үшін адекватты капитал керек. Қаржы қайдан келуі мүмкін? Банктер қаржыландыруы керек деген түсінік бар, бірақ олардың көпшілігі жаңа жобаларды іске асыруға енжарлық танытуда. Осы тұрғыда, шағын несие ұйымдарына қор құрылып, қаржыландыру арқылы шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосу керек деп ойлаймын. Бұл – кредиттік кәсіпкерлік бағытындағы негізгі мәселелердің бірі. Айтпақшы, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысында біз бірнеше жылдан бері «Assyltas Бизнес Help» жобасын жүзеге асырып келеміз. Бұл – қайтарымды, бірақ тегін көмек көрсету. «Бизнес ашуға кірісейік десек, қаржы жоқ» деп жатады көп адамдар. Мен мұнымен келіспеймін. Кәсіпкердің міндеті – бизнесіне қаржы тарту. Егер ол қаржы тарта алмаса, кәсіпкер бола алмайды. Біздің әлеуметтік жобамыздың мақсаты – кәсіпкерлерге бизнесін дөңгелетіп әкету үшін қажетті қаржы бөлу. Іріктелген кәсіпкерлерге 1–10 млн теңге аралығында көмек көрсетеміз. Бұл олардың қалыптасып, дамып, жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік береді.
TAS Group жас кәсіпкерлерді қолдауға 115 млн теңге бөліпті. Осы жолы қолғабыс алғандар негізінен әйелдер екен. Қазір қоғамда байқалатын әйелдер эмансипациясы аясында қазақ әйелдері бизнеске белсенді араласып жатыр дей аламыз ба?
- Солай деуге негіз бар. Қазақстандағы қыздар өздерінің іскерлігі мен пысықтығын көрсете отырып, бизнеске кірісуде. Біздің гранттарымыз шағын болғандықтан, оны негізінен отбасымен бірге кәсібін жүргізіп отырған әйелдер алады. Сондай-ақ жақында еліміздің ірі кәсіпкерлері мен топ-менеджерлері кіретін YPO Kazakhstan клубының қатарына екі әйел қосылды (бұған дейін тек екеу болған). Яғни, олар – жылдық табысы кемінде 15 млн доллардан асатын компания жетекшілері. Бұл – әйелдердің ірі бизнеске белсенді араласуының бір мысалы.
Байлық пен кедейлік формуласы
Тұтыну қарыздарының қарқынды өсуі инфляцияны ушықтырмай ма? Мысалы, 2021 жылы 5 трлн теңге болған...
- Сіз айтып отырған сома жалпы ішкі өнім деңгейіне тікелей әсер етеді деп ойламаймын. Дегенмен оның ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Тұтынушы мақсатындағы кредиттердің көп болуы халықтың қаржы сауаттылығының төмендігімен байланысты. Қажетсіз дүниені кредитке ала беру деген секілді...
Мысалы, той-томалаққа ма?
- Қазақтың тойы ерекше процесс қой. Қонақтар конвертпен, ақшамен келеді. Егер тойды ұйымдастыруға кеткен қаражат шыққан қаражатпен тепе-тең түссе, той жасауға болатын шығар. Ал тыраштанып жасаған той одан сайын шығынға батырса, ондай тойдың қажеті не? Көрсеқызарлықпен телефонды, гаджетті, киімді, тіпті азық-түлікті кредитке алады. Неге? Өйткені қаражатын басқа нәрселерге жұмсап, тұтынушылық қарызға белшесінен батады. Ондай адамның номиналды табысы болғанымен, оның табысы шығындарынан аспайды. Табыстың шығыннан көп болуы – байлықтың, шығынның табыстан асуы – кедейліктің формуласы. Егер адам өз шығынын азайтып, табысы мен біліктілігін арттыруға қадам жасаса, жағдайын жақсарта алады. Біз осыны мемлекет шешетін мәселе деп қарастырамыз, ал негізінде бұл – әрбір адамның жеке таңдауы. Осыдан бірнеше жыл бұрын халықтың несиесін кешірген сәттер болды. Ал несиесі кешірілген адамдар қарызын жаба сала, басқасын алды.
Сіз әлеуметтік желіде, радиода қаржылық сауаттылықты арттыруға қатысты бірқатар жоба жасадыңыз. Осы мәселені шешудің қандай тетіктері бар екен?
- Мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі десек, адамдардың сапалы өмір сүруін мемлекет идеологиялық тұрғыда қолдауы керек. Бірақ барлығын мемлекетке тіреп қойған да дұрыс емес. Жұртты күштеп, қаржылық сауатын арттыра алмаймыз. Оған олардың өз ішкі сұранысы керек. Онсыз қанша кітап шығарып, бағдарлама жасап, жоба жүзеге асырсақ та, мәселе шешілмейді. Мысалы, көптеген адамдар өздерінің айлық немесе жылдық шығындарын нақты білмейді, келген ақшаны жөнсіз жұмсай береді.
Бұл арада қандай кеңес бересіз?
- Ең қарапайым жолы – телефонға немесе дәптерге күн сайынғы, ай сайынғы, бір жылдағы негізгі шығындарды жазып отыру. Сонда сол шығындарға қарай икемделіп, ішіндегі қажетсіз шығындарды қайта қарастырасыз. Ал табысыңыз шығыннан артқан кезде – байи бастайсыз.
Сарапшылардың айтуынша, біздің халықтың 70%-ның жинақтау салымдары жоқ. 35 жасқа дейінгі тұтынушылардың 87%-ы кредит алу тарихы нашар болғандықтан ипотека ала алмайды екен...
- «Таяқтың екі ұшы бар». Бір жағынан, мемлекеттік саясат бойынша халықтың жөнсіз кредит алуын тоқтатқымыз келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көптеген заңдарға өзгеріс енгізді. Мысалы, азаматтың төлейтін кредиті оның айлық табысының 50%-нан аспауы керек деген талап бар. 90 күннен асқан төленбеген борышы барларға да ешқандай кредит берілмейді. Лудоманияға ұрынған, бәс тігетіндер кредит ала алмайды. Ал екінші жағынан, жақында жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені (кредит пайдаланғаны үшін бір жылда үстінен төлейтін сомасы)56%-дан 46%-ға түсірдік. Сонда бір жағынан «несие алма» дейміз де, екінші жағынан несиенің бағасын азайтамыз. Ал кез келген зат арзандаса, бұл сұранысты өсіреді. Яғни, бір жағынан, азаматтарды кредиттен қорғасақ, екінші жағынан, соған жол ашамыз. Кредиттеу – мемлекеттің құзырындағы мәселе, бірақ мүлдем кредитсіз де қоғам болмайды. Себебі кредит – белгілі-бір мүмкіндіктерге қол жеткізу тетігі. Мысалы, 24 жасымызда біз жолдасым екеуіміз алғашқы екі бөлмелі пәтерімізді Қаскелеңнен ипотекаға алдық. Бұл да отбасымызды нығайтуға көмегін тигізді.
Бизнес қазақшаға қашан көшеді?!
Сіздің қайырымдылық қызметіңіздің ауқымы кең: мешіт салу, ақын-жазушыларға көмек көрсету, ұлттық ойындарымызды, жас кәсіпкерлерді қолдау. Осы салада қандай принцип ұстанасыз?
- Assyltas қоғамдық қорының миссиясы: инновацияға ден қою, қазақ тілін іскерлік орта тіліне айналдыру, қайырымдылық жасау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлттық мүдде жолында еңбек ету. Біз ана тіліміздің тұғырын нығайтуды қалаймыз. Мақсатымыз тек ақша табу болса, ұлттың болашағы, ел азаматтары ретінде жасайтын ісіміз қандай болмақ?! Сонымен бірге бұл жобалар өзіме шабыт беріп, серпілтетін энергияның қайнар көзі: бұл жобалардың қоғамның дамуына, адами капиталдың қалыптасуына қосқан үлесін, нәтижесін көргенде рухтанып, қуаттанып, өзге де игілікті істерді қолға алғымыз келеді.
Өзіме қатты ұнайтын бастаманың бірі – «IQANAT». Бұл – ауыл балаларына заманауи, жоғары деңгейде білім беруге көмектесетін әлем бойынша таптырмас жоба. Осы жобаның Абай облысы бойынша қамқоршысымын әрі оның Алматы чаптерінің президентімін. Біз бұрын бұл жобаны Қазақстанның ауыл балаларына арнасақ, биылдан бастап Моңғолия, Қытай, Ресей, Иран, Түркия, Ауғанстандағы дарынды қазақ балаларын әкеліп, осында оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұл – әлемдегі қазақ балаларының осында сапалы білім алып, кейін көшіп келуіне мүмкіндік беретін жоба. Мені қуантатын тағы бір нәрсе – қазір отандық кәсіпкерлердің арасында қоғамды дамытатын жобаларды қаржыландырып, қайырымдылықпен айналысатын азаматтар көбейіп келеді.
Сіздер компанияда ай сайын «Қазақша сөйле!» деген футболка киіп, іс қағаздарын қазақша толтырасыздар. Ал бизнесте қазақшаға өтуге байланысты қандай да бір өзгерістер бар ма?
- Әрине, бизнесті қазақшаға көшіру әбден мүмкін, бірақ оны айту оңай да, іске асыру қиын. Біз 2020 жылдан бері бизнесімізді қазақшаландыруға, қызметкерлеріміздің бір-бірімен қазақша сөйлесіп, қызметтік жазбаларды қазақша жазуына күш салып келеміз. Компанияның бірінші басшысы ретінде мұны өзім қолданып, басқалардан да талап етемін. Бірақ бұл энергияңды алып, жүйкеңді тоздыратын, қаржылық шығын әкелетін жоба. Басқа кедергілерді былай қойғанда, қазақ тілінде еркін сөйлейтін мықты маман табу да қиын. Бұл – экстенсивті жол. Ал менің ұсынып отырғаным – интенсивті тәсілдеме.
Ол қалай, мысалы?
- Балаларымыз әу бастан өз ойын қазақша жеткізуін қамтамасыз етуіміз керек. «Әлеуметтік желідегі контент орысша, баланың тілі сол тілде қалыптасты» деп өзіміз орысша сөйлеп жүрсек, баладан не сұраймыз? Жалпы, баланы не нәрсе ынталандырады? Бала ата-анасына тәуелді, ол сондықтан олардың көңілінен шығуға тырысады. Ата-анасы өзін түсінетінін сезген бала өзіне ыңғайлы тілде сөйлей береді. Негізі, тіл үйрену – қиын процесс. Мысалы, менің тілім ауылда қазақша шықты, кейін орыс, ағылшын, түрік тілдерін үйренуде қиындық көрдім. Сол сияқты осыған дейін қазақша үйрене алмағандарға ренжудің қажеті жоқ, одан гөрі жаңа буынның қазақша сөйлеуін қамтамасыз ету маңыздырақ. Мен қай жерде болсам да – мейрамханада, дүкенде, әуежайда тапсырысты саналы түрде қазақ тілінде беруге тырысамын. Егер сұраныс қазақ тілінде болса, қызмет көрсетушілер де сол тілде жауап беруге мүдделі болады, өйткені бизнестің мақсаты – өз өнімін сату. Клиент қай тілде сөйлесе, бизнес те сол тілде қызмет көрсетеді. Ал егер сұранысты басқа тілде қалыптастыра берсек, бизнес те сол тілде қызмет көрсетуін жалғастырады. Құдай қаласа, 20 жылдан кейін Қазақстанда халық саны 40 миллионға жетіп, бүгінгі ұрпақ қазақша сөйлейтін болса, бизнес қай тілде жұмыс істейді? Бұл – қарқынды өзгеріс жолы, оған Қазақстанның әр азаматы үлес қоса алады.
Өмірдің мәні және тайм-менеджмент
Сіздер шыншыл қызметкерлерді ынталандыратын «Шындық айнасы» акциясын ұйымдастырасыздар. Экономикалық дамуда, табыс табуда адалдық қаншалықты маңызды?
- Өте маңызды фактор. Адалдық дегеніміз не? Сіз өтірікші адаммен дос болғыңыз келе ме? Кез келген адамнан сұрасаңыз, өтірікті ұнатпайды. Бірақ 99,9% адам өтірік айтады. Соңғы 5–6 жылдан бері тіпті қалжыңдап та өтірік айтпауды принцип ретінде ұстанамын. Өйткені, адам «зияны жоқ әзіл» деп өтірік айтып қойса, тілін, болмысын өтірікке үйретеді. Сосын қысылтаяң сәтте өтірік айтуға бейім тұрады. Ал әр адам өтірік айтпауға күш салса, команданың басым көпшілігі адал болады. Адал адамға сенім бар. Сенім бар жерде серіктестік қалыптасады. Серіктестік болса, бизнес дамиды.
Адамдардың адал жұмыс істеуі компаниядағы ұрлық-қарлықтың, алаяқтықтың алдын алады, тежейді. Адалдық пен сенім – компанияның бес құндылығының бірі. Соны корпоративті мәдениеттің бір бөлшегі ретінде қызметкерлерге сіңіріп келеміз. Сонымен қатар уақыт пен пунктуалдық та – біздің компанияның маңызды құндылығы. Біз адамдарды өз уақытын бағалауға, оны санауға әрі тиімді пайдалануға үйретуге тырысамыз.
Бір сұхбатыңызда «бос уақыт» дегенді түсінбеймін дегеніңіз бар. Сіздің тайм-менеджмент бойынша ұстанатын қағидаңыз қандай?
- Міне, мен сізге көрсетейін. (Телефонда таблицада толтырылған апталық күнтізбесін көрсетті – автор.)
Не істейтініңді күнделікті телефонға жазып жүрген тиімді дейсіз ғой?
- Тайм-менеджменттің қайнар көзі – адамның не үшін өмір сүретінін түсінуі. СІздің өміріңіздің мәні неде? Сіз өмірде не істеп, қандай дүние жасауға тырысасыз? Ол не үшін керек? Соны өзіңізбен адал сөйлесіп, анықтаған кезде өмірде сіз жүзеге асыратын дүниелерді өзіңізге мақсат етіп қоясыз. Мақсатыңыз анық болғанда күніңізді, уақытыңызды сол мақсаттарға жұмылдырасыз. Уақыттың дұшпаны көп. Біреулер телефон шалады, қажетсіз жерлерге шақырады. Ал мақсаттарыңыз айқын болса, соған сәйкес іс-әрекет етіп, уақытты жоспарға сай пайдалану керек болады. Сіз әр сағатыңызды жазып, сол бойынша жұмыс істей бастайсыз. Жоспары жоқ адам жоспары бар адамның жоспарымен өмір сүреді.
Көп адамдар өзінің базалық, материалдық сұраныстарын жапқаннан кейін бір орында тұралап қалады. Сіз Қаскелеңнен үй алып, алғашқы миллионыңызды жасағаннан бері өзіңізді шыңдаумен келесіз: бизнесті масштабтандырып, Гарвард бизнес мектебін бітіресіз. Сізге жаңа деңгейге шығуға мотивация беретін не?
- Өзін жақсы көретін адам бүгінгі Менінен ертеңгі Менінің жақсы болуын қалайды. Адамның дамуы үшін адами құндылықтарды бойына сіңіріп, үнемі біліктілігін арттыруы, жаңа білім алуда табандылық танытуы маңызды. Жаңа білім алу барысында жаңа адамдармен танысу мүмкіндігі де туындайды. Олардың жетістіктері мен жаңалықтарын көру – алға жылжуға мотивация. Мысалы, сіз бірнеше миллион доллар табыс тапсаңыз, танысқан адамыңыз бірнеше миллиард доллар жасаған. Сіз: «Оның да екі көзі, екі қолы бар, өз елінің экономикасына үлес қосып жүр, менің одан қай жерім кем?!» деген ойға келесіз. Ешкім де періште емес, бәрі қателеседі. Бірақ өзін қамшылай алмайтын адамды қанша итерсеңіз де, ол алға жылжымайды.
Менің өмірлік миссияларымның бірі – қазақстандық кәсіпті әлемдік деңгейге шығару, тек табиғи ресурстарды ғана емес, әр түрлі қызмет түрлерін де экспорттай алатынымызды көрсету; Қазақ тілін іскерлік орта тіліне айналдыру және жастардың Қазақ тіліне деген құрметін қалыптастыру. Осы миссияларды жүзеге асыру арқылы басқаларға үлгі болу – маған мотивация. Осының барлығы мені жылдан жылға, нақты миссияма сай, жаңа армандар мен мақсаттарды белгілеп жазуға итермелейді.
Сонда әр мақсатыңызды жазып отырасыз ба?
- Әлбетте. Брайан Трейси Алматыға келгенде оның тренингіне қатыстым. Сол кезде алған ең құнды құралым – жыл бойы маңызды 10 мақсатты күнделікті қағазға қайталап жазу практикасы. Бұл әдіс мақсаттардың ұмытылмауын, жатталуын қамтамасыз етеді және оларды жүзеге асыруға деген сенімді арттырады. Әдетте көп адамдар Жаңа жылда, Наурызда немесе туған күннен кейін белгілі бір мақсаттар қойып, кейін оларды ұмытып кетеді.
Бала кездегі арманыңыз бен бүгінгі шынайылық, жетістіктеріңіз сәйкес келе ме?
- Бала күнімде ғалым болғым келді. Бірақ «қолымды уақытынан кеш сермедім» дегендей, ғалым болмасам да, ғылымды дамытуға үлес қосатын адам болатыныма сенемін.
Қазір байлық пен ақша табуға үндейтін түрлі коучтар да, курстар да көп. Байлықтың еңбек ету дегеннен өзге себептері мен сыры бар ма?
- Әрине, ақша табу – бірінші кезекте бір идеяны жүзеге асырумен байланысты. Кәсіпкер дегеніміз – қоғамда шешімсіз жатқан мәселені шешіп бере алатын адам. Айталық, белгілі бір тұрғын үй кешенінде шай ішетін орынға қажеттілік туындады дейік. Кәсіпкер сол қажеттілікті байқап, технологиялар қолданып, кафе ашты да, мәселені шешті. Бірақ байлыққа жету үшін тек идея мен білім жеткіліксіз. Байлық пен дәулеттің артында үлкен жауапкершілік, табандылық, мойымайтын мінез болуы қажет. Әлемде жүзеге аспай қалған миллиондаған тамаша идеялар бар. Олардың іске аспай қалуының бір себебі – табандылық пен қайсарлықтың, тіпті сату дағдыларының жетіспеуі болуы мүмкін. Кәсіпкердің идеясы аясында өз сенімі, басқаларды сендіре білуі, қаржы табуы, қателесіп, құлап қалса да, қайта тұруы маңызды. Байлық – осы факторлардың жиынтығының нәтижесі...