Алмаз Альсенов: бизнестегі даңғыл жол

Алмаз Альсенов халықаралық агротрейдинг пен логистиканы Швейцарияда жүріп қалай дамытты

Алмаз Альсенов
Алмаз және Анель Альсеновтар
Фото: © Юрий Чичков

43 жастағы Алмаз Альсенов (ең дәулетті 75 бизнесмен тізімінде №53) соңғы он жылдан бері өз бизнесін Қазақстаннан шалғайда, яғни шетелде дамытып жүрген бизнесменнің бірі.

Біздің елде Алмаз мырзаны көбіне спорт қайраткері ретінде жақсы таниды, 2023 жылы ол Халықаралық дзюдо федерациясының кеңесшісі болып сайланды.

Альсенов құрған Harvest Group SA трейдинг компаниясы ауылшаруашылық өнімдерінің халықаралық логистикасымен және дистрибуциясымен айналысады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның айналымы 450 млн АҚШ долларынан асатын деңгейге жетті. Кәсіпкердің бизнестегі қадамдары туралы қазақстандықтар тек 2023 жылы ғана естіп білді. Сол тұста Алмаз Альсенов қарындасы Анель Альсеновамен бірге (бизнестің операциялық бөлігімен айналысады) Швейцариядағы «ЕҮ «Жыл кәсіпкері 2023» байқауында «Қызмет көрсету және сауда» санаты бойынша номинант атанды.

Женева маңындағы Морж қаласында тұрып жатқан бизнесменмен онлайн негізде сұхбат алуға тура келді: Альсеновтер отбасы мұнда 2015 жылы көшіп келді, қазір олар ата-ана болуға қызу дайындық үстінде. Әке болу бақытымен қуана бөліскен бизнесмен, дәл қазір жарын тастап ешқайда шыға алмайтынын баса айтты.

Чемпион тәрбиелеу

Алмаз Альсенов қазақ интеллигенция­сы отбасында дүниеге келген, мұндай ортада фортепианода ойнап, бірнеше тіл білу – тәрбиенің міндетті өзегі саналатын. Ал жекпе-жекке негізделген спорт түрлеріне тіпті тыйым да бар-тын. Соған қарамастан сол кезде он бір жастағы Алмаз ойламаған жерден дзюдодан жаттығу сабағына тап болады. «Бірде досымның әкесі бізді өзін-өзі қарусыз қорғауға үйрететін жаттығуларды көрсетпек оймен, дзюдо залына алып келді. Спортқа бірден тәнті болдым, музыка мектебінен шыға сала дереу жаттығу залына асығатынмын», – деп еске алады бизнесмен.

Альсеновтың әкесі Қарағанды техникалық университетінің «Тау-кен жабдықтары» кафедрасында өмір бойы жұмыс істеген білікті маман, техника ғылымдарының докторы, доцент – ұлының бұл әуестігін қолдай қоймайды, әйтсе де Алмаз спорттан бас тартқан жоқ, уақыт өте тіпті жоғары нәтижелерге де қол жеткізе алды. Ал анасы (ол да ғылым кандидаты) – Техникалық лицей директоры, профессор, керісінше, ұлының бұл ұмтылысын қолдағанды жөн көрді. Сөйтіп, үш жыл бойғы жаттығулардан кейін Алмаз Альсенов ұлттық құрама командасына мүше болады. Өзінің айтуынша, бұл «сәті түскен кездейсоқ жағдай» болса керек: үнемі ауыр салмақта күресіп келген 14 жасар спортшыны жарақат алған жеңімпаздың орнына спартакиадаға қатысуға шақырады. Сол жолы ол спартакиаданың күміс жүлдесін жеңіп алып, отандық құрама команда қатарын толықтырады. Кейіннен жастар мен ересектер арасында бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанып, Универсиада ойындарына да қатысады. А. Құсайынов атындағы Еуразия­лық гуманитарлық институтта «қаржы және кредит» мамандығы бойынша оқып жүріп те әлемдік деңгейдегі көптеген спорт ойындары мен жарыстарға қатысқан.

Әйтсе де 22 жасында ауыр жарақат алған олимпиадалық құрама мүшесіне үлкен спорттан бас тартуға тура келді. «Дзюдодан көп нәрсені үйрендім. Өз өмірімде және бизнесте әлі күнге дейін қолданып жүрген үш қағидат бар, олар: бейімделу; қара күш пен ой-сананы дұрыс қолданып, пайдалану; командалық жұмыс – бұл менің спорттан алған сабағымның бірі», – дейді ҚР спорт шебері, дзюдодан 5-дан қара белбеу иегері Алмаз Альсенов.

Алғашқы миллион

Спорттағы мансабынан бас тартқан жас кәсіпкер – кезінде немере бауырымен бірге бастаған бизнесін дамытуға ден қояды. «Олимпиада құрамасында мен айына 100 доллар айлық алатынмын, сол кезде бұл тәп-тәуір ақша-тын. Албырт жаспыз, бұдан да көп табыс тапқымыз келді, сөйтіп Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындарға металды қайта сатумен айналысып бастадық, бұл үшін ағайынның бірінен алғаш рет 50 мың доллар қарыз алдық. Біздің бойымызда спортшыларға тән амбиция көп болғанымен, бизнес әлемінен мүлдем хабарсыз едік, әйтеуір сатып алып, бағаны асқақтатып белгілей салатынбыз», – деп күледі ол.

Сату ауқымы артқан сайын қызмет аясын кеңейту қажеттілігі көрініс берді. Уақыт өте жас кәсіпкерлер Қарағандыдағы орталық металл қоймасы сатылымға шығарылғанын естиді, ал оның аумақ алаңы 45 га, онда металл сынықтарына арналған барлық керек-жарақ ескерілген. «Оның құны 600 мың доллар болатын, ол кезде бұл қыр­уар ақша, ал бізде 200 мың доллар шамасында капитал жинақталып қалды және біз мұндай алаңды қалай қолдану керектігін жақсы түсіндік. Ақшаның жетпеген бөлігін Казкоммерцбанктан алған кредитпен жаптық, бұл жолы да бізге жақын ағайымыз көмектесті», – деп әңгімелейді спикер. Осылайша Альсеновтер отбасының Karaganda Engineering серіктестігі негізінде ағайынды екі жігіт өз компаниясын құрады.

Бизнес адымдап жүріп жатты, тіпті көрші елдерден сатып алушылар да табылды, осылайша экспорт бағыты қалыптаса бастады. Бизнесменнің айтуынша, сол кезде бұл кәсіпорын елдегі ең ірі төрт компанияның бірі болатын, сонда жүріп ол өзінің алғашқы миллионын, яғни 1 млн доллар табыс тапқанын еске алады. Артынша бұл нарық іріленіп, кәсіпорындар тендер өткізе бастады. 300 %-ға дейін жететін ауқымды табысқа үйреніп қалған кәсіпкер жігіттер үшін кірістердің бұлайша төмендеуі тартымсыз көрінді. «Бұл база біздің иелігімізде 2009 жылға дейін болды. Біз бұл бизнестен шыққан тұста оның құны – банк бағалауынша, 5,5 млн долларды құрады», – дейді бизнесмен.

Бақылаусыз бизнес

2005 жылы Альсенов жаңа білім іздеп МАБ университетінің (бүгінгі AlmaU) МВА бөліміне оқуға түседі. Сол тұста ол Алматы облысындағы кірпіш зауытына қаражат салып үлгерген еді (кейін одан сәтімен шығып кетті). Артынша отбасылық жағдаймен Мәскеуге көшіп, онда макулатура өңдеуге инвестиция салады. «Мәскеуде жүргенімде маған Алматыдан бір туысым хабарласып: «Ферма ішінен мал соятын алаң аштым, қазір сатуға дайын тұрған малдың салқындатылған еті көп» дегені бар», – деп еске алады кәсіпкер. Содан ол Ресейдегі ет өндіруші ең ірі «Черкизово» кәсіпорнына барып, айына 50 мың тонна ет өткізуге келісіп шығады. «Ол кезде тәжірибе аз, біздің нарық үшін бұл өте көп ауқым екенін мен уақыт өте ғана түсіндім. Туысқан­ ым айына тек қойдың етін ғана 200–300 мың тонна көлемінде жеткізе алатынын айтты», – деп әңгімелейді Алмаз Альсенов. Қалған ауқымды ол өзге шаруа қожалықтарынан іздеп табады, сөйтіп жүріп, Қазақстан мал етін өзі де сырттан импорттап жүргеніне көз жеткізеді. Нарық ішіндегі бұл жағдайға дұрыс баға берген ол енді өзге де мүмкіндіктерді қарастыра бастайды. 2009 жылы бизнесмен Жамбыл облысындағы негізгі ет комбинаттарының бірі «Мерке-­Ет» кәсіпорны банкротқа ұшырауға шақ қалғанын көріп, оның базасында Kazakh Beef Company атты жаңа компания құрады. Бұл комбинатқа серіктесімен бірге 400 мың доллар қаражат құйып, ет өңдеу кешенін халал стандарттарына сай етіп қайта жаңартады. 2010 жылдың қыркүйегінде Иранның Diba Sun компаниясымен 15 млн доллар сомаға ұсақ және ірі қара малдың етін экспорттау жөніндегі келісімге келеді. Сол жылдың қарашасында ақпараттық порталдар Kazakh Beef Company Иранға ет жеткізу мақсатында мал сою жұмыстарын қалай ұйымдастырып жатқаны туралы жарыса жазып жатты. «Біз қара малдың салқындатылған етін сатуды ойладық. Мұздатылған етпен салыстырғанда, оның бағасы айтарлықтай жоғары. Негізі, бұл қазақстандық зауыттың 1993 жылдан бергі алғашқы экспорты болатын. Молдован әуе желілерінің ұшағын брондадық. Сөйтіп, Иранға 20-дан астам ұшақ жөнелттік. Ол кезде санкциялар енгізілген жоқ, SWIFT жүйесі ойдағыдай жұмыс істеп тұрды», – деп әңгімелейді Альсенов.

Иранда ет және ет өнімдері сапасына қатысты талап өте қатаң, бастапқыда өнімнің 50 %-на дейінгі ауқымды өткізбей қойған кездер де болды, негізінен салмаққа қатысты сәйкессіздіктер туындап жатты. Осы ауқымды өткізу мақсатында Алматыда жаңа компания құрылды. «Сол кезде мен бизнесті ұлғайтып, кеңейту қажеттігін анық түсіндім, бұл үшін малдың жайылымына ақша салу керек. Ол кезде субсидия деген атымен жоқ. Ал жайылымға қажет инвестиция көлемі 50 млн доллардан да асып түсті», – дейді спикер.

Оған сонда сол кездегі билікке жақындау инвесторлар өздері хабарласып, кәсіпорынның тек 20 % үлесі мен басқару тізгінін сақтап қалу туралы ұсыныс жасайды. Мәміленің көптеген тармақтары өзі үшін мүлдем тиімсіз болса да, Альсенов келіскенді жөн көреді: өзі бастаған бұл жобаны жол ортасында тастап кетуге қимайды. Кейін жоба толықтай қорғалып, мемлекеттен жер алынған кезде жаңа серіктестер Альсеновтың кәсіптен кетуі үшін қолдан келгенді істеп бағады. Ал келісім шарты бойынша ол кешегі серіктестеріне бәсеке де тудыра алмайтын жағдайға келіп тіреледі. «Әлбетте, басында ұсыныс та ыңғайлы, үміт те мол секілді көрінген. Қазір енді түсініп отырмын, бұл сол кезде арнайы әзірленген өзіндік схема болса керек, одан көптеген кәсіпкерлер зардап шекті деп ойлаймын. Мен үшін бұл жақсы сабақ болды. Осы оқиғадан кейін мен бақылауға ие болмай бірде-бір бизнеске жоламайтын болдым», – дейді кәсіпкер.

Дубайдан Женеваға

Ет өндіру бағытын басқарудағы төрт жыл бойғы құнды тәжірибе зая кеткен жоқ, бизнесмен енді шаруа қожалықтарымен, логистикалық компаниялармен байланыс орнатып, астық сатуға көңіл бөле бастайды. Арпаның бірінші партия­сы Иранға теміржол арқылы жөнелтілді. Жалпылай алғанда, табыс жақсы болғанымен, нарық ішінде өсу мүмкіндігі шектеулі еді. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, жеңілдетілген кредит алған ірі кәсіпорындармен бәсекелесу оңай емес. Ол кезде қаржы институттарының жұмысы да әлсіз-тін, ал өзгелермен бірлесіп жұмыс істеуге құлшыныс болмады. Бизнесті дамыту мақсатында әлемдік деңгейдегі ірі нарықтарды аралап шыққан Альсенов компанияның негізгі кеңсесін Дубайда және біреуін Гонконгта ашқанды жөн көреді. Сол тұста ол құрған компания Қазақстанда, Ресей мен Украинада белсенді жұмыс істеп жатты: астық және бұршақ дақылдарын, күнбағыс, мақсары (сафлор) тұқымдары мен майларын сатып алу бойынша. Бұл өнімдер негізінен Таяу Шығыс және Азия елдерінде жақсы сатылды.

2015 жылы Алмаз Альсенов Harvest Group-тың бас кеңсесін Женеваға көшіруге бел буады. «2014 жылы досым Швейцарияға бір шараға шақырды. Тауға деген ықыласым ерекше болғандықтан, бұл ел маған қатты ұнады, артынша қарындасым мен анамды көшіртіп алдым», – деп әңгімелейді бизнесмен. Оның айтуынша, бизнесті дамытуда бұл шешімі дұрыс болғанына ол қазір өзі де көз жеткізген. Әрине, Дубайда салық шарттары тиімді, бірақ халықаралық саудада жетекші алаңның бірі саналатын Швейцарияның орны бәрібір бөлек. Мұнда кадр мәселесі де оңай шешілген. Швейцария банктері трейдинг бизнесін жақсы түсінеді, бизнес процес­терді ілгері жылжыту қиын соққан жоқ. «Дубайда жүргенде нені қажет ететінімізді бірнеше рет түсіндіруге тура келетін, ал мұнда бізді жақсы түсінеді, тіпті белгілі бір жағдайда қалай әрекет ету керектігін де айтып береді, – деп әңгімелейді Альсенов. – Сақтандыру компанияларынан да осындай қызмет алуға болады». Рас, Швейцарияда бизнес жүргізу өте қымбат, салық жүктемесі 40 %-ға дейін жетеді, бірақ көрсетілетін қызметтің сапасы, деңгейі бәрін ақтап береді, деп қосады кәсіпкер. «Бизнесмен ретінде мен дәл осында өсіп, шыңдалдым деп айта аламын, мұнда келгенде бірқатар тетіктерді қайта құрып, өзгертуге тура келді. Бізде мықты шетелдік кеңесші мамандар болды. Консалтингке қаражат аяған жоқпыз», – дейді спикер.

Африкаға ашылған терезе

Қазір Harvest Group 40 шақты елде жұмыс істеп жатыр, әлем бойынша 15 кеңсесі ашылған. Компанияда жүзден астам адам қызмет етеді, мыңнан астам адам қосалқы ұйымдарда жұмыс істеп жүр. Компанияның клиенттік базасы бүкіл әлем бойынша 100-ден астам компанияны құрайды, оның жиырмасы әлемдік деңгейдегі ірі сатып алушылар. Арасында мысырлық GASC мемлекеттік корпорациясы, америкалық Cargill азық-түлік компаниясы, бразилия­лық Amaggi азық-түлік өнімдерін өндіруші ірі компания да бар. 2020 жылы компания Оңтүстік Америка нарығын игеруге кірісті. Ондағы жылдық айналым қазірдің өзінде 250 млн долларға жетеді. Альсеновтың болжамынша, бұл көрсеткішті 1 млрд долларға дейін ұлғайту мүмкіндігі жоқ емес. Ірі өндірушілермен арада жылына 2 млн тоннаға эксклюзивті келісімдер бар, оларды тасымалдау Harvest group тобына тиесілі жүк кемелері арқылы жүзеге асырылады.

undefined
Фото: © Андрей Рындыч

Кәсіпкердің айтуынша, Бразилиядағы бизнес жақсы дамып келеді, Аргентинадағы қарқын да жаман емес. «Біз Аргентина тауарларын Африкаға жөнелтіп бастаған алғашқы компанияның біріміз. Сәйкесінше біздің сауда желісі де айтарлықтай ауқымды және біз оны әрі қарай кеңейте береміз. Food security бағдарламасына қолдау көрсету аясында жұмыс істеп жатырмыз – жүгері, арпа, соя, май сатуды қолға алдық, – деп түсіндіреді кәсіпкер. – Мақсатымыз – жаһандық деңгейдегі ойыншылар қатарына кіру, бұл – Африка мен Таяу Шығыстағы бәсекеге төтеп берудің бірден-бір жолы. Сол себепті де біз үшін әр елге тән тәуекелдерді әртарапты ету өте маңызды. Осының арқасында Оңтүстік Америкада біз Бразилия мен Аргентина нарықтарына бір мезетте қатар кірдік».

Африка нарығындағы перспективалар туралы сөз қозғағанда, кәсіпкер алдымен ондағы халық саны ұлғая түскенін мысал етеді, соған сәйкес бұл құрлыққа азық-түлік жеткізуге деген сұраныс та өсе бермек. «Олар қазір қарқындап дамып жатыр, оның ішінде инфрақұрылым тұрғысында да. Қытайлық, америкалық қорлар қазір сонда жүр. Біз өзіміз әзірше өнім өндірмейміз, біз сатып алу және логистикалық жүйелеріміз арқылы ірі өндірушілер мен өңдеушілерге қызмет көрсетеміз», – дейді ол.

Казір Африкадағы негізгі нарықтар – Нигерия, Кения, Ангола, Сенегал және Конго деп отыр кәсіпкер. Бірақ компания өзге нарықтардағы мүмкіндіктерді де қарастыруда. 2023 жылы Harvest Group Кенияда еншілес компаниясын ашты. «Бас директор жергілікті жігіт – өте білімді. Бізде қазір қатаң талаптар мен күшті бюрократия қалыптасқан деуге болады. Compliance АҚШ-тан жүргізіледі. Біз дамып келеміз, бірақ әр келісім мен әр мәмілені мұқият тексереміз. Кейде ең дұрыс мәміле – сіз бас тартқан келісім болуы да мүмкін», – дейді Альсенов. Кениядағы компания қазір импорт жасауға лицензия алған, сондай-ақ ол жергілікті ұн таратушыларға делдалсыз тауар сатып алуға мүмкіндік беретін өнімді үлестіріп, тарату жобасын да жүзеге асыруда. Айталық, 30 мың тонна өнім бірден бірнеше кәсіпорынға сатылуы ықтимал, сонда олар өздері өңдей алатын ауқымды дұрыс таңдай алады. Осыған ұқсас бағдарлама Ангола үшін де әзірленіп жатыр. Компанияның өз флоты болғаны тасымал құнын бақылауға мүмкіндік береді. «Біз жұмыс барысында заманауи тәсілдерді қолданғанды жөн көреміз, осылайша ұзаққа негізделген қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Біз үшін бұл нарық шынымен тартымды. Еуропада қазір бәсекелестік өте жоғары, ал маржа біршама төмен. Әрине, біз мұнда бұл континенттің осал тұстарын пайдаланып, тек пайда тауып, қайтсақ деген оймен келген жоқпыз. Көптеген компаниялар мұны қазір жақсы түсініп отыр. Бірақ Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бизнеске деген қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар. Кейде, мысалға, жүк тиеген кеме жолға шығып кеткеніне қарамастан, сатып алушы мәміле шартын өзгертіп жіберуі мүмкін. Бұл тұрғыда олар қазір біртіндеп қана дамып келеді, кейде тіпті ептеп оқытып, үйретуге де тура келеді», – деп әңгімелейді кәсіпкер.

Соңғы жылдары Harvest Group бизнес­тің логистикалық бағытын кеңейтуге мән беруде – олар теңіз логистикасына, атап айт­қанда, Африка мен Таяу Шығыс елдерінің айлақ инфрақұрылымына инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бизнесменнің айтуынша, бизнестің логистикалық бөлігінде орташа маржа шамамен 30 %-да, ал саудада – 12 % –15 %-ды құрайды. «Байқауымша қазір трейдинг біртіндеп жылыстап, бизнес негізінен логистикаға қарай ығысып жатыр. Қарапайым трейдерлерге біз секілді жүк кемелері бар компаниялармен бәсекелесу қиын соғады. Біз әншейін сатумен ғана емес, біз тасымалдаумен де айналысамыз. Болашақта орталау компаниялар үшін мейлінше қиын болады. Бұл салада тек шағын және ірі бизнес қалады. Қазірдің өзінде біздің табыстылығымыз тек сауданы ғана емес, сонымен қатар бүкіл жеткізу тізбегін қамтиды, яғни сақтау, тасымалдау, тарату және т.б.» – деп түсіндіреді Альсенов.

Қазір Harvest Group астық өндіруші негізгі елдерден тауар сатып алуды жалғас­тыруда. «Бүгінге дейін Қара теңіз аймағы елдері әлемдік нарықта ең ірі астық жеткізушілері болып қалуда. Бұл ауқымды елемей қалдыруға болмайды», – дейді бизнесмен. Ол сондай-ақ: «Швейцарияда жұмыс істеу – қатаң бақылауды талап етеді, оның ішінде санкциялар аясында да. Швейцария банктерінің жұмысы өте қатаң. Бізде аккредитация бар, сондықтан біз әр компанияны мұқият зерделеп, талдаудан өткіземіз. Біз үшін бұл абырой-бедел тәуекелінің бір көрсеткіші. Жалпы, біздің күнделікті жұмысымыздың барысы осындай», – деп түсіндіреді бизнесмен.

Қазақ паспорты

Ет комбинатына қатысты оқиғадан кейін бизнесмен Қазақстанда инвестиция жасауға аса ниетті болмағаны рас. «Қазір «Жаңа Қазақстан» туралы көп естіп жүрмін. Қазақстанның паспортына деген көзқарас өзгере бастағанын мен Швейцарияда да сезе бастадым. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа деген қатаң «төзімсіз» ұстаным бар. 2015 жылы осында алғаш көшіп келгенімде көптеген тексеруден өтіп, «ақша қайдан келді?» деген сұрақтың астында қалғанмын, кейде тіпті бірқатар фамилияларды атап айтып, онымен байланыс бар-жоғын анықтауға дейін барған. Олар үшін тіпті қазақ жігітінің Швейцарияда бизнес жасап жүргенінің өзі таңсық болатын. Қазір қазақ паспортына қатысты бейтарап көзқарас қалыптасты», – дейді Алмаз Альсенов.

undefined
Фото: © Андрей Рындыч

Бизнесменнің айтуынша, жас өскен сайын адамның бойында – ел үшін бірдеңе жасасам деген қажеттілік туындайды. Сөйтіп, ол 2022 жылы Қазақстанда Harvest Kazakhstan сауда компаниясын ашады. «Әрине, мен үшін өз елім Қазақстан өте маңызды, бірақ біздің бизнес үшін ішкі нарық тым шағын. Әзірше ешқандай инвестиция жасаған жоқпыз, бірақ біздің тақырыпқа қатысты барлық бағытты зерттеп, талдап жүрміз. Асықпай, байыппен әрекет ету – біз үшін маңызды принцип. Қазір, мысалға, әзірше Қазақстанға жете қоймаған заманға сай технологияларды дамыту бағыттарын қарастырып жатырмыз», – дейді ол.

Алмаз Альсенов ел ішіндегі спорт шараларына үзбей қатысуға тырысады. 2022 жылы негізін өзі қалаған «JENYS» атты Қазақстандағы алғашқы кәсіби дзюдо клубына ол 3,5 млн еуродан астам қаражат салды. Қазір онда еліміздің барлық өңірінен келген 50-ден астам спортшы жаттығып жүр. Оларға арнап толық жасақталған кәсіпқой зал салынған, мықты бапкер тартылған. «Мен спорттан ешқашан бас тартқан емеспін, реті келгенде үнемі талантты жастарды қолдауға тырыстым. Өзіме тиесілі уақыттың 10 %-ын спортты дамытуға жұмсап жүрмін деп айта аламын», – дейді кәсіпкер.

Қазақстанда бизнеспен айналысқан жылдары Алмаз Альсенов дзюдо федерациясының халықаралық байланыс бағыты бойынша вице-президент қызметін атқарды. Кейіннен Азия дзюдо одағының атқару комитетінің мүшесі және маркетинг бойынша директоры лауазымына тағайындалды. Ал Швейцарияға көшіп келгенде оны Еуропалық дзюдо одағы президентінің кеңесшісі болуға шақырады. «Елім үшін әйтеуір бірдеңе істей алатыныма қуанамын, әрине. Бірақ мен қазір шетелде жүрген кәсіпкердің бірімін, осы тәуелсіз қалпымды сақтап қалсам деген талпыныс зор. Өйткені, тәуелсіз қалпынан айырылған адамға өзгелердің ыңғайына жығылуға тура келеді», – дейді Алмаз Альсенов.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте