«100 миллиард доллар» клубы

Әлемде он екі таңбалы сомамен өлшенетін байлық иелерінің саны артып келеді

Иллюстрация: © BEN KIRCHNER

Қалай десек те, бұл өмірде тек ақшаға ғана сатып алуға болатын нәрселер де бар, солардың бірі — он екі таңбалы капиталға ие миллиардерлердің элиталық жиыны — «100 миллиард доллар» клубына мүше болу. Биыл бұл клубтың құрамында 14 адам бар — рекордтық көрсеткіш. Ал былтыр оған алты адам, 2020 жылы тіпті бір ғана адам мүше болған-ды. Бұлардың біразы өздеріне тиесілі технологиялық компаниялардың дамуы негізінде байып кетті.

Осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, Жер планетасындағы миллиардерлер 120 %-ға байи түскен. Ал осы кезең аралығында 255 %-ға байыған клуб мүшелері — орта деңгейдегі миллиардерлерге қарағанда әлдеқайда мықты нәтиже көрсетуде. Олардың иелігіндегі капиталдар инфляция деңгейі (+32 %) мен бағалы қағаздар нарығынан (S&P 500 +182 %) да жылдамдап өсіп, Ұлттық футбол лигасы франшизаларымен (+257 %) иық тіресті. Осы 14 бизнесменнің байлық-дәулетінің жиынтық көрсеткіші 2 трлн АҚШ долларын құрайды. Яғни, әлемдегі барлық миллиардерлер қарауындағы байлықтың 14 %-ы тізімдегі 2781 адамның 0,5 %-на ғана тиесілі деген сөз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана 100 млрд АҚШ доллары дегеніңіз миллиардерлер де қол жеткізе бермейтін елестей көрінетін. 1987 жылы Forbes әлемдегі ең дәулетті адамдардың ең бірінші тізімін әзірлеп, жария еткенде, онда тек екі адам болды (екеуі де Жапониядан), олардың байлық көрсеткіші 10 млрд АҚШ долларынан сәл асатын (бүгін бұл сома 27 млрд АҚШ долларына тең, 2024 жылдың рейтингінде мұндай ауқымға ие бизнесмен тек 69 орыннан көрінер еді).

Дәулет байлығы 100 млрд АҚШ долларын құрайтын бай адамның пайда болуына «Dot-com bubble» оқиғасы септік етті деуге болады. 1999 жылы Microsoft акцияларының арқасында Билл Гейтс аздаған уақытқа болса да он екі таңбалы капиталдың әлем бойынша бірінші иегері атанды, бірақ артынша көп ұзамай дағдарыс басталып, ол өз байлығының екі еседей бөлігінен айырылып қалды. Сөйтіп, бұдан кейінгі жиырма жылдың ішінде бұл көрсеткішке ешкім жақындай алмады. Жағдай тек 2017 жылдың соңын ала өзгергендей болды: Amazon-ның нарықтық капитализациясы 1 трлн АҚШ долларына дейін шарықтап өскен тұста Джефф Безос 100 млрд доллар көлеміндегі байлыққа ие тарихтағы екінші адам атанды. Ол 2021 жылға дейін миллиардерлер клубының бірден-бір мүшесі болды, сол жылы бұл қатарға Илон Маск, Бернар Арно және Билл Гейтс келіп қосылды.

Бүгін әлем бойынша капитал атаулы қаулап өсуде, соған қарағанда клуб мүшелігіне өту де біршама жеңілдей түскен сыңайлы. Мысалға, асқан дәулеттілер рейтингінде 15 орында тұрған L’Oréal мұрагері Бетанкур-Майерс (жеке байлығы — 99,5 млрд АҚШ доллары) және техномагнат Майкл Делл (91 млрд АҚШ доллары) осы клубтың табалдырығын аттауға дайын тұр. Ал әзірше назарларыңызға дүние жүзіндегі ең жабық клубтың бүгінгі мүшелерінің тізімін ұсынғымыз келеді.

Триллион — триллионға

Әлемдегі супербайлар әрі қарай байып жатыр. Соңғы жиырма жылда Жер планетасындағы барлық миллиардерлердің жеке капиталы 545%-ға өсіп, қазір 14,2 трлн АҚШ долларын құрап отыр: әлемдік ЖІӨ өсімінен (сәйкес кезең аралығындағы өсім 111%) 4 есе артық.

1. Бернар Арно
$233 млрд • LVMH • Франция

Планетамыздағы ең дәулетті адам өзінің мәртебелі лауазымын осымен екінші мәрте алып отыр. Louis Vuitton, Christian Dior және Sephora сынды жаһандық танымал брендтердің басын қосқан LVМН конгламератының кезекті мықты нәтижесінің арқасында Арно иелігіндегі капитал 10 %-ға өсті. Сән әлемінің алыбы былтыр 94 млрд доллар кіріс аясында 16,5 млрд пайда тапқанын мәлім етті. Қаңтарда Арно ұлдары Александр мен Фредерикті LVМН директорлар кеңесіне енгізіп (қазір онда ересек балалары Антуан мен Дельфина да бар), компанияны басқару жоспарын бекітті — ол LVМН отбасы бақылауында қалғанын қалайды.

2. Илон Маск
$195 млрд • Tesla, • Space X АҚШ

2021 жылдың қарашасында 300 млрд АҚШ долларынан асып түскен (тарихта бірінші рет) Маск қарауындағы дәулет-байлық бүгін енді бұрынғыдай емес. Өзі ұсынған адуынды жобалары жүзеге асып-аспауына қарай Маск әлемдегі ең дәулетті бай деп те танылды, бірақ артынан бұл мәртебесін жоғалтып та жатты. Олардың арасында тартымды жобалары да (SpaceX бағасы 80 %-ға өсіп, 180 млрд АҚШ долларына жетті), аса сәтті еместері де бар (X, бұрынғы Twitter — 2022 жылдың қаңтарында Маск сатып алған бағадан қазір 70 % төмен бағаланады, ал Tesla акциялары 2021 жылдың соңынан бері 57 %-дай жоғалтты). Қаңтарда Делавер судьясы Илан Маскке 2018 жылы Tesla акцияларына төленген опционды (бүгінгі бағамен 46 млрд АҚШ доллары) жарамсыз деп таныды. Өз есебінде Forbes қайтаруға талап етілген соманың тек 50 %-ын ғана ескерді, өйткені Маск бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінбек.

3. Джефф Безос
$194 млрд • Amazon • АҚШ

Бұл жыл Amazon-ның негізін қалаған миллиардер үшін ақшасы да, күн шуағы да мол керемет жыл болды. Amazon акцияларының 93 %-ға өсуімен Безос 80 млрд долларға байыды. Іргесін өзі қалаған әлемдік e-commerce нарығының алыбы нығайып жатқанда, Безос «бункерлер аралы» атанған Майамиден 150 млн долларға жылжымайтын мүлік сатып алды: жауын-шашынды Сиэтлде 30 жыл тұрған ол күншуақты Флоридаға қоныс аудармақ әрі мұнда салықтық жағдай да біршама қолайлы.

4. Марк Цукерберг
$177 млрд • Facebook • АҚШ

Meta-ның бас директоры үшін бұл жыл оңай соққан жоқ. Компания акцияларының 75 %-нан айырылып қалған Цукерберг (2021 жылы шарықтау шегіне дейін жеткен бағаға шаққанда), қарамағындағы қызметкерлердің төрттен бірін қысқартты, бірақ оның жасанды интеллект пен метағаламға деген сенімі өзгерген жоқ. Десек те, былтыр компания акциялары 3 есе өсті, сөйтіп, 39 жастағы Цукерберг бұрынғыдан да байи түсті.

5. Ларри Эллисон
$141 млрд • Oracle • АҚШ

Эллисон Oracle бас директоры лауазымын 10 жыл бұрын тастап кеткенімен, әлі күнге дейін компанияның директорлар кеңесінің төрағасы, техникалық директоры әрі ең ірі акционері (40 % үлесі бар). Соңғы 12 айда Oracle акциялары 34 %-ға өсті, ал Эллисон 1 млрд доллардан астам сомада (салық төлегенге дейін) дивиденд алды. Осы факторларды есепке алсақ, Эллисонның байлығы 34 млрд долларға өскен. Алайда бизнесменнің өзге кәсіпорындарын табысты дей алмаймыз: қазір Эллисонның Х желісіндегі үлесі осыдан екі жыл бұрын өзі сатып алған 1 млрд доллардың үштен бірін ғана құрайды. Ал қатерлі ісік ауруын диагностикалау мен емдеуге арналған программалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысқан Project Ronin стартапы таяу арада жабылуы тиіс.

6. Warren Buffett
$133 млрд • Berkshire Hathaway • АҚШ

Баффеттің бизнестегі бұрынғы серіктесі Чарли Мунгер өткен жылдың қарашасында 99 жасында қайтыс болды. Соңғы жылдары Баффет өзі үшін сирек те ұзаққа созылған бір текетіреске араласуға мәжбүр — миллиардер Джимми Хасламмен арадағы даудың басы кезінде Berkshire Hathaway Хасламға тиесілі жүк көліктеріне арналған Pilot Travel Centers тұрақтары желісіне төлеген бағадан басталды. Қаңтарда екі тарап мәмілеге келіп, нәтижесінде Berkshire компанияның қалған 20 %-ын 2,6 млрд долларға сатып алды. Berkshire акцияларының бағасы рекордтық көрсеткішке жетті: өткен жылмен салыстырған өсім 30 %.

7. Билл Гейтс
$128 млрд • Microsoft • АҚШ

Гейтс қазір өзінің жеке тарихындағы ең ірі капиталға ие, бірақ ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде ол 1992 жылдан бергі ең төменгі позицияға жайғасқан — бұл арада, ең алдымен жоғары бәсекелестікті, қымбатқа түскен ажырасу процесін (2021 ж.) және оның қайырымдылыққа бөлген қаражатын (59 млрд АҚШ доллары) ескеру керек. 1995 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде Microsoft негізін қалаушылардың бірі 18 және 23 жыл қатарынан әлемдегі ең бай адам болды.

8. Стив Балмер
$121 млрд • Microsoft •АҚШ

Los Angeles Clippers қожайыны осы жазда команданы (NВА-дегі ең қымбат командалар тізімінде 5-ші орында) жаңа стадионға, яғни Лос-Анджелес әуежайы маңында жеке қаражатқа салынған Intuit Dome аренасына көшіруді жоспарлап отыр. Балмердің байлығы 40 млрд долларға өсті: ішінара Clippers құнының өсуі арқасында, бірақ негізінен Microsoft акцияларының күрт нығаюына байланысты.

9. Мукеш Амбани
$116 млрд • тараптандырылған активтер • Үндістан

Амбани «100 миллиард доллар» клубына мүше болған азиялық алғашқы бизнесмен. Бұл оның Reliance Industries конгломераты акцияларының қарқындап өскен әсерлі жетістігі арқасында мүмкін болды. Наурыз­да Амбани әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздардың қатысуымен үш күнге созылған шара өткізді — шілдеге белгіленген кіші ұлдарының бірі Анантаның үйлену тойын атап өту үшін. Шақырылған 1600 қонақтың ішінде Марк Цукерберг, Билл Гейтс және Иванка Трамп та болды, оларға арнап ән шырқауға Рианна шақырылды.

10. Ларри Пейдж
$114 млрд • Google • АҚШ

11. Сергей Брин
$110 млрд • Google • АҚШ

Google-дың негізін бірге қалаған екі дос компанияның күнделікті басқару қызметінен кеткелі төрт жылдай болды, бірақ олар техноалыптың ең ірі жеке акционері болып қалуда. Әдетте Пейдж өзін БАҚ пен қалың көпшіліктің назарынан аулақ ұстайды, көбінесе өзіне тиесілі төрт аралдың бірінде (олардың біреуі Фиджиде, екіншісі Пуэрто-Рикода) өмір сүргенді қалайды. Брин болса өткен жылдың соңында жұмысқа қайта оралып, ЖИ қолдану негізінде әзірленген Google чат-ботты жетілдіруге кірісті. Желтоқсанда Gemini жобасын таныстыру барысында Брин туралы «оны жасауға елеу­лі үлес қосқан» тұлға деп айтылды.

12. Майкл Блумберг
$106 млрд • Bloomberg LP • АҚШ

Былтыр тамызда Bloomberg LP бас директоры болып тағайындалған Влад Кличко — Майкл Блумбергтің 2014 жылдан бергі (үш мәрте Нью-Йорк мэрі қызметін атқарып, компанияға оралғанда) алғашқы мұрагері болды деуге тұрады. Блумбергтің өз капиталына қатысты жоспары ауқымды. Медиа және қаржы саласындағы алып компанияның негізін қалаған 82 жастағы бизнесмен былтыр Bloomberg LP-дегі үлесін (88 %) климаттың өзгеруі және қоғамдық денсаулық секілді қайырымдылық мақсаттар үшін Bloomberg Philanthropies ұйымына беруге уәде етті.

13. Амансио Ортега
$103 млрд • Zara • Испания

Zara дүкендер желісіне тиесілі Inditex акцияларының бағасы 43 % қосып, Ортеге компаниясының иегеріне 26 млрд долларға дейін байып, он екі таңбалы капитал иегерлері клубына мүше болуға мүмкіндік берді. Ортегоның Еуропа мен Солтүстік Америкада орналасқан тұрғын үй, қойма және кеңсе кеңістігі түріндегі жылжымайтын мүлік қоржыны қазір 20 млрд долларға бағаланады, ал оларды жалға алушылардың ішінде Apple, Amazon және Walmart бар.

14. Карлос Слим Хелу
$102 млрд • Телекоммуникациялар • Мексика

Слим 2010 жылдан 2013 жылға дейінгі кезең аралығында әлемдегі ең бай адам мәртебесін иеленді, сол жылдары оның дәулет байлығы 74 млрд АҚШ долларын құрады. Бүгін оны 13 миллиардер басып озғанымен, Хелу бұрынғыдан да бай адам болып қалуда. Бұл мексикалық песо мен оның Grupo Carso өнеркәсіптік конгломераты акцияларының 60 %-ға нығаюы негізінде мүмкін болды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте